Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 10718 0 пікір 29 Қаңтар, 2016 сағат 17:08

«ТІЗЕСІ ШЫҚҚАН» ТІЗІМ

(фото әлеуметтік желіден алынды)

Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII съезді болып өтті.

Сьезд барысында мерзімінен бұрын өтетін Мәжіліс сайлауы да сөз болды. Әм билік басындағы партияның  дағдарыс дендеген кезіндегі додаға түсіретін  депутаттыққа үміткерлерінің есімдері жария болды. Бұл туралы «Абай-ақпарат»  хабарлайды.


Сонымен, Мемлекет басшысынің өзі тізгінін ұстап отырған билік басындағы бас партия ұсынған үміткерлер  кімдер?

Министрліктен  депутаттыққа екі қадам

Мемлекеттік хатшы – Гүлшара Әбдіхалықова бастаған, Президент әкімшілігінің жетекшісі – Нұрлан Нығматулин қостаған,  ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Дариға Назарбаева, Мәдениет және спорт министрі – Арыстанбек Мұхамәдиұлы, «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы – Ахметжан Есімов, ҚР Қаржы министрі – Бақыт Сұлтанов және т.б. ақ жағалылар бар. Жөн-ақ, екен.

Әкім – депутат – кандидат

Сондай-ақ, бұл сапта қазіргі таңда облыс басқарып отырған ақсақалдар да жоқ емес. Мысалы, Маңғыстау облысы әкімі – Алик Айдарбаев, ШҚО әкімі – Даниял Ахметов, Алматы облысының әкімі – Амандық Батталов, Ақтөбе облысының әкімі – Бердібек Мәшбекұлы және Ақмола облысының олигарх әкімі – Сергей Кулагин де додаға түсуге құлық танытып отыр.

«Түш», оянып кетпесін!

Бесінші шақырылымнан алтынша шақырылымға ауып түсуге мүмкіндігі мол депутаттардың қатарынан Майра Айсина, Ирина Аронова, Нұрлан Әбдіров, Мәулен Әшімбаев, Асқар Базарбаев, Зағипа Балиева, Ерсұлтан Бектұрғанов, Светлана Бычкова, Сергей Дянченко, Қажахан Жабағиев, Бақытжан Ертаев, Қуаныш Сұлтанов, Серік Үмбетов, Мұхтар Тінікеев, Ольга Шишигина,  Мәжіліс спикері – Қабиболла Жақыпов т.с.с бірсыпара депутаттар табылыпты.

Депутат болам, мінеки!

Бұл бұл ма. Үлкен саясаттағы үлкен партия үміткерлері қатарында бұрын-соңды саясатқа араласпақ түгілі,  саясат туралы түс те көріп үлгермеген жап-жаңа кандидаттар да бар.

Олардың бірі спортшы, бірі кино актері, ал енді біреулері эстрада әншілері. Мемлекет байрағын әлем алдында асқақ желбіретіп жүрген спортшылардың ішінен: боксшылар – Геннадий Головкин мен Серік Сәпиев, ауыратлет – Илья Ильин бар. Рас, солардың ішінде әнші – Жанар Дұғалова мен Қайрат Нұртас та депутат боламын деп шауып жүр.  Актер – Нұрлан Әлімжановтың да бағы жанып, бас партия тізіміне қосылыпты. Айтпақшы, журналисттер де депутат болады екен. Мысалы, орыс тілді ортаға кеңінен танымал – Артур Платонов пен қазақ тілді орыс қызы Мая Веронская да додаға түседі.

Бас партияның ұсынған үміткерлер тізімінде барлығы – 127 адам. Олардың қатарында, облыс, қала мәслихаты депутаттары мен Ұлттық холдинг басшылары, түрлі мәнсаптағы орынбасарлар бар.

Бас партия сьездінен кейін тізіле қалған «списокқа» тоқтала кетейік.

Әуелі қазіргі министрлер мен Ақорда жанында жүрген кандидаттар тізіміне үңілейік.  Бұл санатта ел саясатына қанық әм қазіргі ішкі саясаттағы жағдайды сіз бен бізден жақсы түсінетін, әккі саясаткерлер ұсынылған екен. Тек бір ақиқаты – Ахметжан ақсақалдан өзгесінің қызметтік лауазымдары төмендейтінін аңғаруға болады. Демек,  Арыстанбек, Бақыт, Гүлшара, Нұрлан сынды Президент командасындағы шенеуніктер енді Мәжіліс креслоларына жайғасаса, Наурыздан кейін премьер-министр – Мәсімовтің министрлер кабинетінде  ауыс-түйіс болады деген сөз. Алайда, Мәжіліс спикерлігін өткен жылы ғана тапсырып берген Дариға ханымның қайта депутаттыққа сайлануы екіталай ойға қалдырады. Бұл орындықтарға лайық немесе лайық емес екендігін ел іші айта жатар.

Екінші, қазіргі облыс басшылары да бас партияда мүшелікте болған соң, депутаттыққа дәмілі көрінеді. Болсын делік. Егер бес облыс басшысы алда-жалда Мәжіліске ауысатын болса, кадрлық өзгерістер бұл санатта да орын алады. Ендеше, БАҚ назары наурыздағы додадан кейін, Ақорданың тағайындауларына ауысатыны түсінікті. Бұл әкімдердің қатарында зейнетке жасы жетсе де, Президент пәрменімен қызметтік өкілеттіктері бірнеше жылға ұзартылғандары да бар.

Үшінші, бесінші шақырылымда БАҚ алдында бір мәлімдеме жасамаған мәжілсмендердің де додаға түсуге дайындықтары, саяси карьерасының сапасы сын көтеріп тұрғаны шамалы. Мысалы, бесінші шақырылымда депутат болған – Исимбаева, Бычкова, Жарасов, Жабағиев, Дүйсебаев, Бектұрғанов, Ароновалар кімдер? Есімдерін ел білмейтін депутаттар алтыншы шақырылымда не бітіреді деп үміттенеміз?  

Төртінші, партия пәрменімен, алтыншы шақырылымдағы Мәжіліс креслосына үміткерлердің қатарын Қазақстанның спорт және өнер жұлдыздары да толықтырып отыр дейміз-ау. Осының алдында сайтымызда бұл туралы кеңінен баяндап, бажайлаған ек. Алайда, бас партия біздің бажайымызға бас қатырмаса керек. Хош, генерал Қасымовтың  құйтырқы ұсынысынан кейін, боксшы Серік Сәпиев «депутат болуға әбден лайықпын» деп шықты. Әнші Қайрат Нұртас та, «депутат болуға дайынмын. Депутат болсам, әншілікті қоямын» деді бүгін. Ал, әнші қыз Жанар Дұғалованың продюсері Баян ханым Есентаеваның өзі, «Дұғалова депутат болатындай түк бітірген жоқ» дегініне қарамастан, Жанар да жарысқа қатысатынын айтты. Ақылымыздың таяздығы ма, әйтеуір бұл тізімге Артур Платонов пен Мая Веронскаяның қандай қызметі үшін қосылғанын түсіне алмадық.

Бесінші, Мәжіліс мерзімінен бұрын тарқатылып, сайлаудың нақты күні белгіленбестен бұқаралық ақпарат құралдары ішінде «Абай-ақпарат» алғаш болып, сәл ертеректе елге оралып, бүгінде Қазақстан Республикасының толыққанды азаматы бауырларымызға Мәжіліс депутаттығына мандат беру туралы бастама көтердік.  Күні кеше ғана Мемлекет басшысының өзі мақұлдап, ҚР Көші-қоны туралы заңға қол қойды, бекітті. Осы заңның қабылдануына бір кісідей-ақ атсалысып, басы-қасында жүрген азаматтардың «Бас партия» ұсынған тізімге кірмей қалуы ағаттық па, әлде әдейі істелген әрекет пе?

Айтпақшы: «Бізді тарқатыңызшы, шаршап қалдық» деп Елбасына жылаған Мәжілістің ескі «составындағы» депутаттардың көбі қайта депутат болуға ниетті екен. Сонда, өздері тарқатуды сұраған мәжілісмендер, енді өздерін қайта сайлату үшін додаға түспек пе? Оның үсітіне, «Нұр Отан» партиясы ұынған тізімдегі көп көкенің есімі елге бұрыннан таныс, ескі шенеуніктер. Тізесі шыққан тізім бұл.

Қазақстан Тәуелсіздігін алған күннен бастап, елімізге оралған 1 миллионнан астам қандастардың ішінде депутат болуға әбден лайықты азаматтар жоқ па еді? Бар. Бірақ, Бас партия көрмеген, елемеген сияқты оларды. Әйтпесе, бүгінде Елбасының көші-қон саясатын үнемі  қолдауының нәтижесінде Атажұртқа келген қандастар арасында 74 ғылым докторы, 213 ғылым кандидаты, 1600 шығармашылық қызметкер, 12,5 мың білім беру саласының қызметкерлері, 7 мың медицина саласының мамандары, 40 мың 700-ден астам жоғары  білім алған азаматтар бар..  Ал бұлардың қатарында Елбасы тізгінін ұстан “Нұр Отан” партиясына мүше болған азаматтардың қатары да көп еді ғой.

Әнші керек десеңіз – Майра Мұхамеджанқызы, биші керек десең - Шұғыла, боксшы керек десең - Қанат Ислам,ақын керек десең – Ауыт Мұқибек, жазушы Дүкен Мәсімхан, журналист керек болса – Есенгүл Кәпқызы т.б. жетіп жатыр емес пе?!

Платонов пен Веронскаяны ұсынған «Нұр Отан» қаламы қарымды журналист Есенгүл Кәпқызын білмей ме? Әлде, бұл «Нұр Отан» партиясы идеологтарының сауатсыздығы ма?

Хош, «сьез – сьез болды, арты миез болды» деген осы болса керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963