Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6863 0 пікір 21 Қаңтар, 2016 сағат 09:29

ЖАСТАР НЕГЕ ШЕНЕУНІК БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ?

Елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер қазақ жастарының 63 пайызы шенеунік, әкім, депутат болғысы келетінін дәлелдеген. Өйткені, біздің жастар баюдың төте жолы – мемлекеттік қызмет деп біледі. Жеткіншектердің санасында қалыптасқан осы психологияға, осы тенденция бізді қайда апарады?  

Қазір ешкім ғарышкер болғысы кел­мей­ді. Өйткені ғарыш айлағын игеру қазақ үшін – мифология. Аңызбен арбалып, ертегіге еліту нарықтық қоғамда мүмкін емес. Содан болар, жастарымыздың дені бола­шақ­тың үміт жібін мемлекеттік қызметтің мойнына байлағысы келеді. Бұл арман екінің бірінің басына қона салмасы тағы белгілі. Сондықтан да күн санап жұмыссыз жастардың саны артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, біріншіден, еліміздегі 3 млн халық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр екен. Сол 3 млн-ның 700 мыңы – жас­тар. Яғни 700 мың жасымыз такси айдап, әр­бір жерде жалданып, түрлі бейресми жұ­мыс жасап жүр деген сөз. Екіншіден, мұның сыртында 30 мың жұмыссыз ұл-қызымыз бар. Үшіншіден, елімізде жыл сайын 60-70 мыңдай түлек ЖОО-ларды бітіріп шығады. Мұның бәрі дерлік қызмет тізгінін ұстап кетіп жатыр деп айта алмай­мыз. Бүгінгідей дағдарыс алқымнан алған кезде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған­дардың ертеңі бұлыңғыр екені тағы рас.

Жастардың шенеунік болуға талпынуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, олар әлеу­меттік жағдайды жақсартуды ойлай­ды, екіншіден, туыстарға жәрдем еткісі ке­леді, үшіншіден, материалдық құндылыққа оңай жетуді көздейді, төртіншіден, жұрт алдында беделді болуды армандайды... Әрине, өтпелі кезеңге тән бұл құбылысты жою үшін ең алдымен «мемлекеттік қызмет – карьера жасайтын мекеме» деген түсі­ніктен арылуымыз қажет.

Өйткені, қазір кез келген азаматтың карьералық тұрғыда өсуі, яғни әлеуметтік сатыға көтерілуі тек қана шенеу­ніктіктің аясында қалыпта­сып отыр. Тіпті шенеуніктеріміз елдегі кәсіпкерлер­ден ауқатты. Демек, бұл жағдай жастарға баю­дың, материал­дық құндылықты арттыру­дың жолы болып көрінеді. Осындай кезең­де біз олар­ды металлург, машина жасаудың ше­бері немесе т.б бол деп үгіттей ала­мыз ба? Қазір еліміздегі кез келген өндірістік са­ладағы тұрақтылық деңгейі төмен. Жас­тары­мыз әр өндірістік сала біреудің жеке­меншігі екенін біледі. Демек, бұл жерде жастарды кінәлауға болмайды. Себебі жас мамандар қазір бір өндірістік салаға бар­са, ол жердің иесі, яғни басшысы бола алмасын, өмір бойы қатардағы маман болып қа­ла­ты­нын жақсы түсінеді. Біздің елдегі көп­­теген салаларда әлеуметтік қауіпсіз­дік мәселесі жолға қойылмаған. Бүгін­де мем­лекетіміздегі әрбір төрт жас ма­ман ғана жұмыс орнына орналаса ала­ды екен. Бізде мұндай проблемалар көп.

Айтуға оңай, әрине. Сол себепті де бұл түсінікті өзгерту үшін мемқызметкерлердің жемқорлығына түпкілікті балта шабу жол­дарын қарастыруымыз қажет. Жастар­дың шенеуніктікке ұмтылуының бір қырын – парақорлыққа құмарту деп түсінген жөн. «Диплом деген көк қағаз, жұмысқа қа­рым-қабілет керек» деген пікір нық ор­на­лас­қаны жөн. Сонымен қатар әр универ­си­тет өзінің түлектерінің 70 пайызын жұ­мыс­пен қамти алмаса, ол оқу орын­дарын жабу мәселесі қаралуы керек. Бұл жайт­тарды жасай алмасақ, діни экстре­мизм­нің артуы, отбасылық ажырасулар­дың көбеюі, жетімдер санының артуы тоқта­мақ емес. Нақты деректерге сүйен­сек, бүгін­де еліміздің құрылыс саласына 10 мыңға тарта, ауыл шаруашылығында 10 мың­ға жуық, машина және жабдықтау тех­нологиясында – 8 мың, қызмет көрсету саласында 7 мың маман жетіспейді екен. Құр қиялға ерік берген жас жеткіншекті білікті кадр болуға үгіттеп, бетін осы сала­ларға бұрсақ, бір серпін байқалар ма еді?.

 Түйін

Арман алға жетелейді. Жастардың арманына шек қою мүмкін емес. Десе де, өмір ағысына тек арман жетегімен емес, шынайы көзқараспен қарайтын кез жеткен секілді.

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470