ДОС КӨШІМ. ЕКІ ҰСЫНЫС
Әділ сайлаудың бірнеше бұлжымас шарттары бар. Соның бірі – сайлаудың заңда белгіленген мерзімде өткізілуі. Бұл шарт – биліктің сан түрлі сылтау айтып, өздеріне керек кезде Парламентті таратып, кезектен тыс сайлау өткізуге тырысуына немесе өздеріне қолайлы депутаттардың мерзімін ұзартуға қойылған нақты тосқауыл. Жер сілкініп, топан су қаптаса да, сайлау бегілеген мерзімде өтуі тиіс.
Әрине, кейбір жағдайларда, мысалы, мемлекет қанды соғыс жүргізіп жатқан уақытта сайлау мерзімінің өзгеруі мүмкін. Құдайға шүкір, Қазақ елінің аспаны - ашық, өмірі – тыныш... Сондықтан Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлау өткізуге байланысты бастамасын ести сала, олардың уәждеріне құлақ салдым (мүмкін елімізде біз білмейтін ерекше бір жағдай туған болар деген ниетпен). Бастама көтеруші депутаттың сөзіне қарағанда, кезектен тыс сайлау өткізу қажеттілігінің басты дәлелдері («сылтаулар» деген дұрыс шығар) мыналар: «Біріншіден, қазіргі мәжіліс өзінің міндетін толық орындап, ұлт жоспарының заңдық негізін құрды. Парламент 80 заң қабылдады. Қазір жаңа тарихи кезең туып келеді. Елде модернизация басталып жатыр және президент реформасының барлық бағыты бойынша іске асуы үшін партиялардың сайлаушылар тарапынан жаңа мандатқа ие болғаны маңызды».
Енді осы «дәлелдерді» талдап көрелік.
- «Біріншіден, қазіргі мәжіліс өзінің міндетін толық орындап, ұлт жоспарының заңдық негізін құрды». Мәжілістің міндеті – мемлекетке қажетті заңдарды 5 жыл бойы (!) дайындау және қабылдау. Оларда белгіленген жоспар болмайды. Меніңше, біздің Мәжіліс 2012 жылы «Бес жылдықтың жоспарын төрт жылда орындаймыз!» деген соцалистік міндеттеме алған жоқ сияқты. Сондықтан бастама көтерушілердің бұл уәжін «баланың сандырағы» деп қабылдаймын.
- «Парламент 80 заң қабылдады». Бастама көтерушілер халықты бала деп есептейтін сияқты. «Мәжіліс 80 заң қабылдағаннан кейін таратылу керек» деген ережені де еш жерден кездестірмейсіз. Сондықтан бұл уәжге «далбасалық» деген баға беремін.
- «Қазір жаңа тарихи кезең туып келеді». Осы «жаңа кезең» туралы 25 жыл бойы естіп келеміз. Меніңше, жаңа кезең 1991 жылы туды, бірақ коммунист Косыревтің Парламентте отырғанына қарағанда – «жаңа кезеңіміз» ескі кезеңге айналып кеткен сияқты...
- «Елде модернизация басталып жатыр». «Модернизация басталды» деген сөзді естігелі де талай жылдар өтті. Егер «модернизация» басталған уақытта билікке жаңа топтың, жаңа адамдардың келуі міндетті болса (бұл жөнінде мен Косыревті толық қолдаймын), атқарушы биліктің бұрынғы басшысы К. Масимовтың қайтып келуін қалай түсінеміз? Әлде, «модернизация» басталған уақытта тек қана заң шығарушы биліктің ауысуы қажет пе? Айта кету керек, «модернизаця басталған уақытта Мәжіліс депутаттарын қайта сайлау керек» деген бапты да ешқандай заңнан кездестіре алмадым.
- «Президент реформасының барлық бағыты бойынша іске асуы үшін партиялардың сайлаушылар тарапынан жаңа мандатқа ие болғаны маңызды». Ширатыла жазылған, шұбалаңқы сөйлемнен менің ұққаным – қазіргі мәжіліс депутаттарының мандаттары ескіріп, кірлеп қалғанға ұқсайды. Алайда, кірлеп қалса да, бұл – халықтың 5 жылға берген мандаты емес пе? Реформа – қоғам өмірінде перманентті түрде жүргізілетін, саяси-экономикалық жағдайдан туындайтын табиғи мәселе. Президенттердің бастамалары (Реформалары) ешқашан таусылмайды, әрбір реформаны жүзеге асыру үшін мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау өткізу, қанша бай болса да, Қазақ елінің бюджетіне салмақ түсірері анық.
Конституциямызда әр алуан пікірлерге мүмкіндік берілген ел екендігіміз жазылғанмен, кейбіреулер «Сын айту оңай, осы мәселені дұрыстайтын нақты пікір білдіру қиын» деп күңкілдеуі ғажап емес. Сондықтан осы келеңсіз жағдайдан шығу үшін (1991 жылғы Жоғарғы Кеңес 1993 жылы «омақаса құлады», 1994 жығы Парламент 1995 жылы «қайтыс болды», 1996 жылғы Парламент 1999 жылы «өмірем қапты», 1999 жылғы Парламент ғана қалт-құлт етіп Алланың белгіленген өмірін сүрсе, 2004 жылғы Парламент 2007 жылы «дүниеден өтсе», 2007 жылғы заң шығарушы билік 2011 жылы «мерт болыпты», ал 2012 жылғы Парламентке қазір «дем салып» отырмыз), «аман қалса» қазіргі Парламентке, ол келмеске кетсе, жаңа Парламентке төмендегідей екі нақты ұсыныс бергім келеді:
Біріншіден, осы уақытқа дейін біздің Парламенттің заңды мерзімнен гөрі кезектен тыс тартылуының көп болып кеткендігін ескере отырып, ҚР Сайлау туралы заңына «ҚР Мәжіліс депутаттарын сайлау әрқашан кезектен тыс өткізіледі» деген түзету енгізу қажет.
Екіншіден, ҚР Сайлау тарулы заңында Парламент депутаттары өздерін кезектен тыс тарату туралы бастаманы қандай жағдайларда (мысалы, Мәжіліс депутаттарының үштен екісі объективті себептермен жұмыс істей алмай қалғанда, немесе соғыс жағдайында, т.б.) көтере алатыны туралы нақты бап енуі қажет.
Abai.kz