ҚАЗАҚ ҚАРИЯЛАРЫ ҚАЙДА ЖҮР?
Қарты бар елдің қазынасы бар, Қызы бар елдің базынасы бар. Халық мақалы Алпыстан асқаннан ақыл сұра демекші қазақ халқының мұсылмандық өркениеті мен мәдениетінің сонымен қоса, дәстүрлі діни түсінігінің түпкілікті жойылуына (кешегі Кеңестік дәуірде) жол бермеген біздің дала академиясының академиктері – қарияларымыз болғаны белгілі. Еліміздің егемендік алғанға дейінгі уақытта дінге тиым салса да, аталарымыз мұсылманның баласы екенімізді жадымыздан өшірмей, діни жоралғыларын орындап, санаулы мешіттерге барып жұма намазын оқып тұрғаны белгілі.
Сол атеистік заманда жеке мүфтиятымыз болмаса да, Ташкенттегі бүкіл Кеңестер одағының құрамына кіретін Орта Азия халықтарына ортақ мүфтияттың құрамында Қазақ елінің де қазияты болғанын бәріміз білеміз. Қазият тәуелсіздігімізді алған соң көп ұзамай өз алдына отау құрып, мүфтият болып қайта құрылған еді. Сол қазиятта жүріп ұлтымыздың рухани құндылығын дамытуға атсалысқан діни қайраткерлеріміз, көпті көрген көнекөз ақсақалдарымыз арамызда шүкір баршылық. Сөзімізді қариялардан бастаудың себебі өткен жылдың аяғында көрші бауырлас Қырғыз еліндегі Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасы мен «Ыйман» қоғамдық қорының ұйымдастырған «Исламдағы тасаууфтың орны» атты халықаралық конференция. Конференцияны ұйымдастырғандағы басты мақсат ата-баба салты, халықтың бірлігі мен тыныштығы және дамуы, ең бастысы қазіргі таңда елдегі бізде тиым салынған таблиғи жамағат өкілдері белсенді әрекетіне қарсы тұру болса керек. Бұл жердегі біздің мақсатымыз құдай қосқан көршілес елдегі діни ахуалды талдау емес, керісінше сол қырғыз бауырларымыздан әсіресе, діни тәжірибелерінен алатынымыз бар екенін аңғарту. Жоғарыда аталған конференция барысында жасалған баяндамалардың дені дәстүрлі діни таным негізінде болды. Дегенмен де ішінара басқа бағыттағы азаматтар өз көзқарастарын байқатып жатса, екінші жағынан жарыссөзге Қырғызстан діни басқармасының ғалымдар кеңесінің атынан шыққан жасы үлкен ақсақалдары оларға тойтарыс беріп жатты. Осындай құбылыстардан кейін қоғамдағы діни ахуалдың күннен-күнге күрделене түсуінің бір себебі біздің діни басқарманың ғұламалар кеңесінде бірде-бір қазақтың салт-дәстүрінен хабары бар, өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдардың жоқтығынан емес пе деген ой туындайды.
Мәселен айтар болсақ, алғаш елімізде өз алдына жеке дербес мүфтиятты құрып, онда біраз жыл басқарған Ратбек қажы, бас мүфтидің орынбасары болып, елінің руханиятына адал қызмет еткен Асылбек қажы ағаларымызды неге бүгін мүфтияттың маңайынан көрмейіз? Ратбек қажыдан кейінгі мүфтиятты басқарған аты әлемге әйгілі ғалым Әбдісаттар қажының орны ғұламалар кеңесінде, болмаса ақсақалдар кеңесінде емес пе еді? Бұл аталған тұлғалар діни басқармамыздың төрінде, әрбір іске төрелігін айтып отырса біздің елде діни ахуал мұншалықты дәрежеге төмендемес те еді. Қай ұлт, мемлекет болмасын оның көркейіп, әлемдік өркениеттік жетістіктеріне жетуіне қай заманда да көнекөз қариялары жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырғаны тарихтан белігілі. Мәселен, өзіміздің төл тарихымыздың негізі қазақ хандығының құрылуына ел билері мен ақсақалдарының ықпалдары жоғары болғанын, хан тағына отырған Керей мен Жәнібектің өзі хандықтың негізін қалаған ру, тайпалардың рухани әрі саяси көсемдері екенін, олар билердің қойған шарттарын толық қабылдағаннан соң ғана хан тағына отырғанын неге ұмыт қалдырдық?. Сөзіміз дәлелді болуы үшін халық ауыз әдебиетінің жауһарындай болған аңыздардың бірін айта кетсек артық болмас деген ойдамыз.
Ерте, ерте , ертеде бір қатал патша болыпты. Олардан келетін ешқандай пайда жоқ деп, қарттарды ұнатпапты және «Кім де кімнің ата-анасының жасы алпыстан асса, оны балалары теңізге, не таудың шатқалына апарып тастасын» деген жарлық шығарады. Сол патшалықта өмір сүрген бір мейірімді бала әкесін өте жақсы көреді екен. Жасы алпыстан асып, жетпіске жетсе де, әкесін ешкімге көрсетпей жасырын ұстап, асырай береді. Күнде кешке даладан келгенде не болып жатқанын әкесіне айтып отырады екен. Бір күні қарт даладан күңіренген дауысты естіп, баласы келгенде оның мәнісін сұрайды.
- Балам, жұрт неге күңіреніп кетті?
- Әке, патша аң аулап жүріп, теңіздің жағасына барғанда, оның түбінен жарқыраған бір гаухар тасты көреді де, соны алып бер деп, уәзірлеріне бұйырады. Теңізге сүңгіп тасты таба алмағандарының басын ала береді. Тіпті, ел ішіндегі талай жігітті жұмсап, олардың бәрі суға кетіп өлді. Сондықтан патшаның қатыгездігін естіген ел күңіреніп кетті, - дейді баласы.
- Балам, теңіз жағасында үлкен ағаш жоқ па екен? – деп қайталап сұрайды қарт.
- Иә, патша гауһар тасты көретін тұста теңізге төне өсіп тұрған үлкен бір бәйтерек бар, - дейді баласы.
- Теректің басынды құстың ұясы жоқ па? – деп қарт тағы да сұрайды.
- Иә, бір қыран құстың ұясын көргенмін, - дейді бала.
- Балам, тыңда, - дейді қарт сеніммен.
– Асыл тас теңіздің түбінде емес, ұяның ішінде жатыр. Теңіздің түбіне оның сәулесі ғана түсіп тұр. Келесі күні теңіздің жағасы тағы да у-шу, асыл тасты ешкім таба алмай жатады. Сол кезде бала патшаға жақындап барып:
- Мәртебелі патша, гауһар тасты теңіз түбінен іздемей-ақ қойыңыз, ол ана бәйтерек басындағы ұяның ішінде жатыр, - дейді.
Бір уәзір сол заматта-ақ терекке өрмелеп шығып, үлкендігі қаздың жұмыртқасындай гауһарды алып түседі. Патша қайран қалады.
- Сендер ақылдымыз, білімдіміз деп бөсесіңдер. Шынында мына баладан ақымақ екенсіңдер, - деп уәзірлеріне ұрысады да, балаға қарап:
- Гауһардың құстың ұясында екенін саған кім айтты? - деп сұрайды уәзірлер.
- Оны өзім ойлап білдім, - дейді бала.
Бұл жайға ыза болған уәзірлер қайтсе де баланы сүріндіріп, оның көзін жоюды қарастырады. Патшаға келіп мынадай кеңес береді:
- Бала көп білемін деп, босқа мақтанады. Егер шын білгіш болса, сіз түр-түсі бірдей екі тай таңдаңыз да, оларды балаға алыстан көрсетіңіз. Қайсысының жасы үлкен, қайсысы жас екенін бірден ажыратып берсе, сыйлығын алар. Ал таба алмаса, жазасын тартатын болсын.
Патша баланы шақырып алып:
- Сен ертең таң азанда осында келесің. Мен саған екі тай көрсетемін. Сен олардың қайсысы жас, қайсысы үлкен екенін табатын боласың. Таппасан, басыңды аламын, - дейді.
Бала үйіне мұңлы оралады.
- Балам, неге мұңлысын? – деп сұрайды әкесі. Баласы болған жайды баяндайды.
- Балам, мұңайма, -дейді қарт. – Ол жұмбақтың шешуі қиын емес. Ертең саған тайларды көрсетен кезде, сен олардың жүрістеріне мұқият қара. Жас тай жай жүре алмайды, әр қадамын ойнақшып басады. Жасы үлкендеуі сабырлы келеді. Осына есіңе сақтасаң болғаны. Ертесіне бала патша сарайына келгенде уәзірлер екі тайды алып шығып, оларды балаға алыстан көрсетеді. Әкесі айтқандай, бір тай билей басып, екінші сабырмен келе жатады. Бала олардың жас айырмашылығын патшаға дәл айтып береді.
Баланың тапқырлығына өшіккен уәзірлер тағы бір сұмдықты ойлап, патшаға былай дейді:
- Мәртебелі патшамыз, бір талды кестіріп, оны ортасынан қақ бөліп, бірдей етіп аршытып, оны балаға көрсетіңіз. Сол кезде бала оның қайсысы жоғары жағынан, қайсысы төменгі жағынана кесілгенін табатын болсын. Таппаса, жазасын алатын болады.
Патша арамза уәзірлерінің сөзіне еріп, баланы келесі күнге шақырады. Бала үйіне мұңая келіп, болған жайды әкесіне баяндайды. Әкесі ақылын айтады:
- Қорықпа, балам, оны табу қиын емес. Ол үшін екі бөренені де суға салдыр. Сол кезде жоғары жағынан кесілген бөрене су бетінде түгелдей қалқып жүреді де, төменгі жағынан кесілген бөрененің бір жағы суға батыңқырайды. Осыны есіңе сақтасаң болғаны. Бала әкесінің айтқанындай, патша бөренелерді көрсеткенде, оларды суға салдыруын өтінеді. Осы кезде бала:
- Тақсыр, бөрененің мына жағы ағаштың жоғары жағынан, ал мына жағы төменгі жағынан кесілген, - деп, дәл тауып береді.
Патша баланың бұл тапқырлығына қайран қалып:
- Сен шынынды айт, мұншама тапқырлық жасауға үлкен ақыл керек. Сен болсаң әлі жассың. Егер шындықты айтпасаң, жазаға тартамын, - дейді.
Бала тәуекел етіп, патшаға барлық шындықты айтады.
- Әкемді сондай жақсы көретін әрі қатты сыйлайтын едім. Сондықтан, өлімге қимадым. Ал ол болса қиналған шақта әлгі ақылдарды айтып, жол тауып отырады. Патша ойланып қалады:
- «Алпысқа келгеннен ақыл сұрама» деген мақал қате екен, енді оны «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деп өзгертейік, - деп, қарттарды жазалауға берген жарлығын қайтып алған екен.
Таңжарық Тұрғанқұлов, дінтанушы
Abai.kz