ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ ЖЕРІ БАР МА?
Ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен, дарынды санасымен асты-үсті байлыққа толы Атырау мен Алматының арасында ұшқан құстың қанаты талатын ұлан байтақ даланы аманттап кеткен еді. Ата-бабадан қалған сол киелі де қасиетті жерімізге артында қалған ұрпағы иелік етіп отыр ма? Заң жүзінде жоқ.
Өз жерінде, атамекенінде отырған қазақтың құқығы Қазақстанда тұратын барлық халықпен бірдей. Яғни Қазақстанда тұрмайтын әлем халықтарымен бірдей деген сөз. Бүгін бір қытай көшіп келіп азаматтық алса, ол да сол күннен бастап қазақ жерінің заңды түрде иесі болып шығады. Сондықтан «қазақ жері» деп өзімізді өзіміз алдау ақымақтық. Соның дәлеліндей қай бір жылы журналистер мен билік өкілдері «Кришнаны тану қоғамын» ортаға алғаны бар. «Кришна» сектанттарының салған ылаңы, БҰҰ-ның кеңсесінің алдына тобырларын шығарып, Қазақстанды күйелеп, басына бір бәле болып жабысып еді. Біздің «ұлттар достығын, халықтар ынтымағын» жырлап, жалпақшешей болып, олардың төбесінен құс ұшырмай отырған кейбір билік органдарының ресми өкілдерін кришнаиттар кекесінмен, менсінбей, өктем сөйлеп отырғаны Алматы облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов мырзаның да намысына тиді. Сол жерде ол: «Ұсынған жерді алмай тағы да бас тартатын болсаңдар екінші жер берілмейді. Жергілікті халықтың сендерге деген ашу-ызасы кемеріне келіп тұр» – деп мәлімдеді. Кришнаиттердің Қарасай ауданының «Береке» ауылынан заңсыз басып алған жерлерін сот шешімімен мемлекетке қайтарып беретін болып, оның орнына Іле ауданына қарасты «Жаңа дәуір» аулынан екі гектар сұраған жер телімін әкімшілік бөліп берген. Бірақ, екі жылдан бері мың сан сылтау айтып, келіскен келісімдерінен айнып, жаңа жерге көшпей, бұрынғы жерді жетім балалар үйіне қайтарып беруден бас тартып, қасарысып отыр. Іштен шыққан, көлеңкеде айтақтап отырған шетелдік «жарылқаушыларына» арқа сүйеген «Кришнаны тану қоғамының» бастығы қолыңнан келгенін істе, шапсаң шауып ал дегендей, «адам тұра алмайтын» берген жерлеріңе көшіп барғанша, бульдозер тракторының табанында өлгеніміз артық» деп сес көрсетті. Іле ауданынан бөлінген жерге «сиыр бағуға ыңғайсыз» деген сылтау айтып, жерді Алматы қаласының ортасынан беруді талап етті. Алматы қаласының ортасында «қасиетті сиырларын» баққысы келді. Бастығы: «Мен Қазақстанда туылдым, азаматымын. Биліктің менен жерді тартып алуға құқы жоқ. Қазақстан ОБСЕ-ге берген уәделерін орындамай, адам құқығын бұзып отыр. Керек десең, қазақта жер жоқ. Жер – Құдайдікі. Аптықпаңдар, енді елу-жүз жылда қазақ деген ұлт та болмайды. Сенбейсің бе, онда мынаны оқы деп қолындағы Ата Заңды ашып, «Қазақтың елі, жері» деген бір сөз тауып берші» деп журналистердің аузына құм құйған еді.
Иә, өкінішті заң бойынша жер де, ел де бәрі сонда мекен ететін – ұлттардікі. «Қазақстандық ұлт», «көптілді, көпдінді ел» деген саясатымыз барда елімізде жүздеп саналатын бірлестіктер, конфессиялар, мемлекеттік емес ұйымдар мынаған ұқсап көтерілсе, жыр ғып жүрген «достығымыздың» күлі көкке ұшатыны сөзсіз. Әлде бізді одан өткен сорақы заман Кения мемлекетінің тағдыры күтіп тұр ма деген суық ой жүректі қарып өтті. Кения мемлекеті де тәуелсіздік алысымен бізге ұқсап, «толеранттық», «әлемдік өркениетпен өмір сүреміз», «әлемнің дамушы елдерінің алдына шығамыз», «елімізде тұратын барлық ұлттар бір-біріне бауыр туыс» деген балалық санамен «қарыштап дамып» ақыры құрдымға кетті. Болары болып, бояуы сіңіп кеткен соң Кенияның тұңғыш президенті Джумо Кениятаның көкірегі қарс айырылып, ақырында күйіктен өлер алдында: «Миссионерлер Кенияға келгенде билік өзімізде еді, біз оларға көзімізді жұмып сендік. Библияны (Інжілді) қолымызға ұстадық. Ал, есімізді жиып, көзімізді ашсақ, інжіл біздің қолымызда, билік пен еліміз олардың қолына көшкен екен» деп еңірегені біздің «демократсымақтардың» санасына сірә жете қоймас. Миссионерлердің негізгі қызметі; елдегі тұрып жатқан өзге ұлттарды сол елге мыңдаған құйтұрқы айламен қарсы қою, үнемі іштегі тыныштықты бұзу, ел басшыларының ойларын «халықтар достығы, діні, тілі» деген далбаса саясатымен көңілдерін басқа жаққа бұру, болашаққа жұмыс істеулеріне мүмкіншілік бермеу, үнемі жергілікті ұлтпен келімсек ұлттардың аралас неке болуына ықпал ету, мемлекеттің мүддесін қорғайтын шенеуніктерін «білімсіз, сауатсыз, адам құқығын аяққа басты» тағы мыңдаған жала жауып, лас саясаттарын сүттен ақ, судан таза етіп, бір-бірін «жандарын» салып қорғау, жатжұрттық азғындықты «мәдениет» деп күнделікті БАҚ-тарда мақтап көрсету тағы сол сияқты жарылқаушы елінің «тапсырмаларын» орындаумен айналысады. Ешбір бөтен ел, мейлі көрші болсын екінші бір ел «дамысын, ұлты өркендесін» демейді. Қарумен, күшпен еліңді ала алмайтынына көздері жетсе, «дос, тамыр» болып ішке еніп, әлсіз де осал жерлерімізді іздей бастайды. Дінді қалқан етіп, жаныңды алады. Жаны, яғни рухы жоқ адамның малы мен жерін тартып алмай-ақ өздері береді... «Мүгедек балаларға көмек», «Әйел мен баланы қорғау», «демократияны дамыту», «гендерлік теңдік» тағы басқа қаптаған «көмек қолын созу» атаулармен қаптатып оппозициялық партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдар, бірлестіктер ашып тастайды. Астанада өткен ОБСЕ-нің 17-інші кезекті сессиясында мемлекеттік емес ұйымдар, қоғамдар, бірлестіктер саясатпен араласып, Қазақ елінің «ішін кептіріп» армансыз шетелдіктерге жамандады. Ал, заң бойынша бұлардың саясатпен айналысуға құқылары жоқ. Заңды белден басып, шетелдіктердің ақшасын алғасын, жеп отырған «нандарын» ақтау үшін, іштен шыққан сатқындар ештеңеден тайынбады.
Тоғайбай Нұрмұратұлы
Abai.kz