Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Мәйекті 15168 1 пікір 15 Желтоқсан, 2015 сағат 13:25

АҒЫЛШЫН ТІЛІ ҚАЗАҚТЫ ҚАЙДА АПАРАДЫ?

Тәуелсіздік алған кезеңнен бері қазақ тілін өркендету жолында қаншама маңызды қадамдар жасалды, бірақ қолға алған көптеген ісіміздің ойға алғандай болып орындалмауынан, ол – қоғамдық өмірдің бірталай саласына дендеп ене алмай жатыр. Талай мәселе күні бүгінге дейін өз шешімін әлі таба қойған жоқ. Бұны ұлтымыздың өткен ғасырларда басынан өткерген бодандық-тоталитарлық саясат пен солардың бүгінге дейін сақталып отырған зарарынан көріп жүрміз.

Рас, Патшалық Ресей кезеңін айтпағанда, ҚазКСР кезінде еліміздің мемлекеттік басқару орындарының тілі ғана орысша болып қойған жоқ, оның қарамағындағы ЖОО-да гуманитарлық ғылымдардан басқа ғылымдардың бәрі де орысша оқытылатын. Қазақ жұртына ең қажетті жоғары білімді мамандар мен кәсіп иелері де орысша дайындалатын. Нақты, жаратылыстану, техника, медицина секілді ғылымдардың әдебиеттері көпшілікке арналған шағын кітапша түрінде немесе мерзімді баспасөз беттерінде ғылыми-көпшілік мақала ретінде ғана басылатыны болмаса, қазақ тілінде зерттеліп жазылмайтын. Міне, содан қазақ тілінің қоғамға қызмет ететін үлкен бір саласы әрі оның дамып жетілуінің негізгі бір бағыты болып саналатын ғылым тілі дамымай қалды. Сан алуан ғылым саласының терминдері ғана қазақшаланбай қалған жоқ, тілдің қоғамдық қызметінің бір саласы – ғылыми стиль бойынша сөз саптау, сөйлем құру, ғылыми ой-пікірді мәтін ретінде жүйелі жеткізу де өз дәрежесінде қалыптаспады. Соны тәуелсіздік алып, өз алдымызға дербес (егемен) ел болсақ та, күні бүгінге дейін айқын сезініп отырмыз. Бұған Елбасының мына сөзі де нақты дәлел: «Ұлттық сана-сезім үшін этникалық мәдениет пен тілді қорғап дамытатын қоғамдық институттар жүйесіне арқа сүйеу мейлінше маңызды. Мұның, әсіресе, білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысы бар. Біз білім беру жүйесінің «қазақ тілін қалыс қалдыру» ұстанымына құрылғанын көрдік, онда ең бір ділгір де мұқтаж кәсіптер мен мамандықтар бойынша қазақша білім ала алмайтын. Соның салдарынан ұлттың, әсіресе, қалаулы тобының тілді жан-жақты меңгеруге деген ынта-зейіні төмендеп кетті» (Тарих толқынында. А.: Жібек жолы, 2010 ж., 153-б). Демек, сол дәуірдің тілімізге тұсау салып, ұлттық ой-санамызға әкелген қасіретін ешқашан ұмытуға болмайды.

Президент Н.Ә.Назарбаев 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XII құрылтайында «Үштұғырлы тіл» туралы идеяны жария етті. Ал 2007 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Елбасы оған 2009 жылы Астанада бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық рөліне байланысты өткен басқосуда да мән беріп: «Бұл жерде мемлекеттік тіл – қазақ тілін білу парыз. Екінші, орыс тілінен айырылып қалмауымыз керек. Білген тілден ажырауға болмайды. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Мысалы, Швейцарияда такси жүргізушілерінің өзі төрт тілді біледі. Үшінші – ағылшын тілі. Біз ағылшын тілін білмесек, әлемдегі озық инновацияға, технологияларға шыға алмаймыз. Өйткені, барлығы сол тілде жүргізіледі. Жастарға айтатыным – осы. Тілге мемлекет тарапынан көңіл бөліне береді», – деді.

2011 жылғы сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессияда сөйлеген сөзінде де Елбасы мемлекеттік тіл мәселесіне арнайы тоқтала келе, өз ойын Абай сөзімен сабақтастырып: «Ұлы Абай былай деген еді: «Басқа халықтың тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді». Бұл жерде әңгіме тек қазақ тілі туралы ғана емес, жалпы тілдер туралы. Тілді білсең, сол халықпен тең боласың. Қандай терең сөздер! Яғни бұл барлығы араласқан, бүкіл әлем бір-бірімен қатынасқа түскен бүгінгі жаһандық дүниеде қажеттілік болса, ол біз үшін және біздің балаларымыз үшін де ашық», – деген ой айтты. 

Кімге де болсын белгілі, екі немесе үш тіл білу зор мүмкіншілікке жол ашады. Әсіресе, еліміз дамыған елдердің қатарына енуі үшін өз ана тілін жетік білетін, үш тілді, тіпті одан да көп тілді игерген қазақстандық азаматтардың, соның ішінде жоғары білімді жастардың көп болғаны қажет-ақ. Бұны бүгінгі әлемдік дамыған ғылыми-технологиялық тұрмыс-тіршілік те, қазақтың өз тіліндегі ғылым-білімдік қорының (ресурс) қажетті әдебиеттермен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі де талап етіп отыр. Ол – қазақстандық «Тілдердің үштұғырлығы» саясатын жүзеге асыру арқылы жалпыға бірдей ортақ қалыпты талапқа да, тіпті жағдайға да айнала бастады. Осы саясаттың тұжырымдамасына жүгінсек, еліміздің өзін білімді, білікті санайтын әр азаматы (!) ағылшын тілін білуі – ғаламның ақпараттық-инновациялық ағынына ілесу үшін қажет екен. Дұрыс-ақ, бірақ осы мақсат ұлттық мүддеге қайшы келмейтіндей бағдарламамен жүзеге асырылып жатыр ма? Жалпы, оның ұлттық бағдарламасы жасалған ба?!

Қазіргі уақытта ел қоғамы арасында үш тілді қатар меңгергендер шынымен де қалыптаса бастады. Алайда олардың сол біліктілігі қаншалықты дәрежеде ұлт игілігіне қызмет ететіні немесе бізге зуру шетелдік әдебиеттерді қазақшалау арқылы қызмет етіп жатқандығы туралы келелі терең зерттеулер әлі жасала қойған жоқ. Мүмкін, оның қандай да бір нәтижесін күтуге әлі ертерек болар, ал қостілділіктің пайдалы жағы мен зарары туралы талай мәрте айтылды да, жазылды да, қазір де айтылып-жазылып жатыр. Әріге бармай-ақ, осы мәселеге өз пайымдауымызша көңіл қойсақ, қазақстандық қостілді (қазақша-орысша) азаматтар қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастың түрлі жағдайы мен мақсатына байланысты бәлендей дайындықсыз, ешқандай қинындықсыз бір тілден екінші тілге еркін ауысып, екі тілді бірдей қолдана беретінін және кейде, тіпті көп жағдайда екі тілді араластырып шұбарлап сөйлей беретінін көріп жүрміз. Бұл ерекшелік, негізінен, қазақтілді қазақтарға тән болып келеді. Ал орыстілді қазақтар өз қандастарының орысша «біршама» білетінін пайдаланып, олармен тек орысша тілдеседі. Бұны, бір есептен, біздің елдегі қазақ қоғамының тілдік тәжірибесі деп те қарауға болатындай.

Елбасы 2006 жыл 11-17 мамырдағы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында да Абайдың: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, ғылым да – бәрі де орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек», – деген сөзін мысалға келтіріп, ұлы ойшылдың заманында орыстың тілін дүниенің кілтіне балап, оны меңгеруге шақырған өсиетіне ерекше назар аударды. Ақиқатына келсек, қазақ қоғамының сауаттылығы жаппай төмен болған сол тұста Абайдың орыс тілін үйрен, ғылымын игер дегені дұрыс бағдар болған еді. Соның ерікті-еріксіз түрде жүзеге асуының арқасында халқымыз аз олжалы болған жоқ. Қазақтың Абай, Ыбырайдан кейінгі орысша хат танығандарының көбісі – орыс тіліне жүйірік болды, бірақ олардың көпшілігі әуелде қазақы тәрбие көріп, араб жазуымен өз ана тілінде сауат ашқандықтарына байланысты болар, ұлттық болмыстан тамырларын үзбеді, ұлттының қамын әріден ойлап, өздерінің негізгі еңбектерін өз ана тілінде жазды, сөйтіп, соңдарына өшпес мұра қалдырды. Дегенмен орыс тілін біліп, ғылымын игереміз деп мақсат қойғандардың бірқатары, әсіресе орысша оқып, тәрбие алғандары Абайдың «зарарынан қашық бол» деген өсиетін ескерусіз қалдырып, өз ана тілін мүлдем ұмытып, көзқамандарға (нигилистерге), яғни өз ұлтын және оның құндылықтарын қорсынатындарға айналды. Олар өздерінің сүбелі еңбектерін орыс тілінде жазып, оның ғылым тілі (научный стиль) мен ғылымын дамытуға үлкен үлес қосты. Сөйтіп, қазақ қоғамының қомақты бір бөлігі орыстанып кетті. Зерттеушілердің айтуынша, ҚР-дегі жалпы халықтың 60%-дайы делінетін қазіргі қазақ қоғамының жартысынан астамын орыстілді қазақтар құрайды екен. Елімізде орыс тілінің өте үстем қолданысқа ие болып отыруының да басты себебі – осы. Егер де ұлы абыз ғайыптың жазуымен ортамызға келе қалып, оның бүгінгідей сипатын көрсе, сол ғибратынан айнып та қалар ма еді деген ой келеді. Демек, жастарға үш тіл үйретіп шығару саясатын жан-жақты ойластырып, абайлап жүргізбесе, қазақ қоғамының қазіргі тілдік жағдаяты ұлт тұтастығы үшін үштілділік тұрмақ, қостілділіктің өзі аса қауіпті екенін байқатады.

Бұл мәселеге кезінде заманымыздың заңғар жазушы М.О.Әуезов те назар аударған екен. Ол өзінің «Ана тіл әдебиетін сүйіңдер» деген мақаласында тіл мен әдебиетінің қадір-қасиетін айта келе, орыс тіліне тым беріліп кеткен қазақ азаматтарын сынға алып, кез келген саналы азамат өз ана тілін жақсы білуге міндетті деген талап қояды. «Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық білімді болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ болады», – дейді. Дегенмен қос тіл білгенің артықшылығына да мән беріп: «Абайдың Абай болуы екі тілдің әдебиетін білгендігінен»,– дейді. «Екі бірдей ана тілің болуы – екі енеге тел өскендей, екі жақты, егізекі нәр қасиет, қуат береді» (ХХ том. А., Жаз., 1985 ж. 411-413),– деп жазады. Бұл ретте академик-жазушы қос тіл білу – білім мен ғылымды игерудің құралы деп отырғаны даусыз. Атам қазақ та «Қос тіл – қос қанатың», «Жеті жұрттың тілін біл» деп айтқанда осыны ескерсе керек.

Қостілділіктің (көптілділіктің) бірден аңғарыла қоймайтын, талай жылдар өте келе сезілетін зарары да бар екені ақиқат. Бұны ешқашан естен шығаруға болмайды. Бұл зарар өзге бір тілді білім-ғылымды игерудің құралы ретінде оқып-үйренуден емес, негізінен, өзге тілде білім-тәрбие (орыс мектептері және қазіргі уақытта отандық кейбір зияткерлік мектептер мен ЖОО-ларда жүзеге асырыла бастаған математика, физика, химия сияқты т.б. пәндерді ағылшынша оқыту) алудан болады. Өзге тілде білім-тәрбие алудың зарарын кезінде үнді халқының данышпан ұлы – Джавахарлал Неру де дөп басып аңғарған екен. Ол: «Басқыншы тәрбиесін алған зиялы – өз халқының басты жауы (Интеллигенция, воспитанная колонизатором, является главным врагом собственного народа)» деген тұжырым жасапты.

Үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру қолға алынғаннан бері айғайға аттан қосып, науқаншылдыққа бой адырып жүргендердің насихатына сенсек, оның негізгі мақсаты – «өзінің тарихы мен салт-дәстүрін терең меңгерген (!), үш тілде еркін қарым-қатынас жасай алатын (!), өз бетімен іздене алатын, зерттеу арқылы оқитын, жан-жақты, көптілді тұлға тәрбиелеу» екен. Біздің пайымдауымызша, бұл тұжырым атүсті ойлаудан туындап жатқандай. Өйткені көптілді тұлғадан, көп жағдайда, өз ұлтының мүддесін көздейтін ұлттық кадр шыға қоймайды. Олар ел басына туған кез келген қиын да қатерлі сәтте өздерінің сол біліктілігін (артықшылығын) пайдаланып, өзге елге қоныс аударуға бейім тұрады. Оған орыстілді небір мамандарымыздан (араларында ағылшын, неміс т.б. ұлт тілдерін жетік меңгергендер де бар) ел тәуелсіздігінен бастап бүгінге дейін айырылып қалып жатуымыз нақты дәлел. Бұны әлемдік қатынаста «ақыл-ой иелерінен айырылу (утечка умов)» деп атайды.

Осы мәселе бізден басқа жұртта бар ма, жоқ па деп зерттеп-зерделесек, өзін ұлттық мемлекет санайтын және жергілікті ұлт тіліне негізделген мемлекеттік тілі бар дербес елдердің ешқайсысы өз жерінде (!) өзіне қажетті мамандарды көрші ел тілі тұрмақ, халықаралық тіл саналып жүрген ағылшын тілінде де дайындамайды екен. Біз болсақ, Ресей Федарациясының мемлекеттік тілінде мамандар дайындап, сосын оларды мемлекеттік тілімізде жұмыс істете алмай жүргеніміз аздай-ақ, енді бүгін ел жастарын ағылшынша оқытып, ағылшын дәстүріне тәрбиелеп, жоғары білімді мамандар етіп дайындауды қолға алғалы жатырмыз. Сонда олар ертең кімге, қай тілде қызмет етеді? Мүмкін, еліміз трансұлттық корпорациялар еліне айналатын шығар? Бәлкім олар білім-біліктілікті ағылшын тілінде меңгеріп, ағлшынша мүлтіксіз сайрап, бірақ мемлекеттік тілде әрең сөйлейтіндей дәрежеде маман болған кездерінде олардың қарауында жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының барлығы ағылшынтілді болып кете ме екен?! Осындайда білікті мамандар ұлт мүддесі, ел тұрмысы үшін керек пе, әлде шетелдіктерге қызмет ету үшін керек пе деген ой келеді. Сондықтан да жас ұрпаққа орыс, ағылшын және т.б. шетел тілдерін әлемдік білім-ғылымды игерудің құралы ретінде ғана барынша сапалы оқытып-үйретіп, сосын олардың сол біліктілігін ұлттық білім беру мен ғылымды дамыту мақсатында тиімді пайдаланып, ұлт өркениетінің өзегі болып саналатын ұлттық тілде білім-тәрбие беруге баса мән беруіміз қажет. Керісінше болып, нақты ғылымдар мен жаратылыстану, техника мен медицина пәндерін ағылшынша оқытатын болсақ, бұрынғы қателігімізді тағы да қайталаймыз.

Б.Бәйелұлы

Abai.kz

1 пікір