БОЛАШАҚ БІЛІМДІ МАМАНДАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор А.Күрішбаевпен сұхбат
Еліміз жыл соңына дейін Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуге байланысты жұмыстарды аяқтап, жаңа жылды ұйымның толық мүшесі ретінде қарсы алады.
Көңілімізді күпті еткен «Дәл қазіргідей тұрақсыз қиын кезеңде, алқымға алған қаржылық дағдарыс тұсында бұл бізге қалай әсер етеді? Ел экономикасы бұған дайын ба? Ауыл шаруашылығы саласының жай-күйі қалай?» деген сауалдар төңірегінде ой бөлісу мақсатымен белгілі қоғам қайраткері, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаевпен арнайы жүздесіп, әңгімеге тарттық.
- Ақылбек Қажығұлұлы, ауыл шаруашылығы саласы бәсекелестікке дайын ба? Агроөнеркәсіп кешендеріндегі еңбек өнімділігі қандай?
Өздеріңіз жақсы білесіздер, ауылшаруашылық саласындағы еңбек өнімділігі бізде Ресей мен Беларуссиядан кем дегенде екі есе, ал дамыған мемлекеттерден он есе төмен. Еңбек өнімділігі, өнімнің өзіндік бағасы және оның бәсекеге қабілеттілігі бірнеше факторларға байланысты. Соның ішінде ең негізгісі – өндіріске жаңа технологияны енгізу. Басқаша айтқанда, өндіріске аграрлық ғылымның жетістіктерін енгізуіміз керек.
Мысалы, Австралия – астық өндіретін мемлекет. Ал сол елдегі астық егетін аймақтардағы жылдық жаңбыр мөлшері Солтүстік Қазақстан облысына қарағанда әлдеқайда аз. Бірақ бидай өнімділігі екі есе жоғары. Неге?
Себебі, ол мемлекетте қуаңшылыққа төзімді жақсы сұрыптар жасалған. Австралияда әлемге әйгілі, ең озық «AdeLide» ғылыми-зерттеу университеті жұмыс істейді. Сол университет қуаңшылыққа төзімді жаңа сорттарды шығарады.
Екінші мысал – Голландия мемлекеті. Жер көлемі шағын ғана, Алматы облысының 5/1 бөлігіндей. Соған қарамастан, жылына бұл мемлекет экспортқа 50 млрд. АҚШ доллары көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарады. Ал Қазақстандағы егістік жер көлемі – 22 млн. гектар, бірақ біз жылына әрі кеткенде 3 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі ауыл шаруашылық өнімдерін экспортқа шығарамыз. Өйткені, бұл мемлекеттерде аграрлық ғылым жақсы дамыған, онда «Вагенинген» ғылыми-зерттеу университеті бар. Бұл да – бүкіл әлемге танымал, жетекші университет. Сол университет қазір ғылми-өндірістік кластер құруда басты рөл атқарады. Ғалымдардың айтуынша, Голландияның аграрлық саласының ғажайыбы осы университетке байланысты. Сондықтан ауыл шаруашылық өндірісінің даму жолы – инновацияны қолдау. Сол себепті Елбасы өз сөзінде әрқашан «Ауыл шаруашылығын жүйелі түрде дамыту үшін ғылым мен өндірісті инновациялық негізде ұштастырып, сол бағытта дамыту керек» - дейді.
- Аграрлық ғылым саласына қандай өзгерістер керек деп ойлайсыз?
- Түсінікті болу үшін мысал келтірейін. Біз осыдан бірнеше жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысындағы ең сапалы, жоғары өнімді бидай сорттарын Австралиядағы ғылыми-зерттеу орталығына сұрыптауға жібердік. Генетикалық қорытынды бойынша, сол сорттар 1957 жылы шығарған «Саратов 29» деген бидай сұрпынан айнымайтын болып шықты. Неге, өйткені, оның генетикасы өзгермеген. Басқа сөзбен айтқанда, соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысының ғалымдары күрделі айырмашылығы бар жаңа сорт шығармаған. Оның себебі, шетелде сорт шығарғанда ғалымдар генетикалық тұрғыда жұмыс істесе, біздің ғалымдар, өкінішке қарай, әлі ескі тәсілмен жүр. Мәселен, гибритозация деген тәсіл бар. Бұл тәсіл Қазақстанға 1936 жылы енгізілген болатын. Осы күнге дейін біздің ғалымдар сортты сол тәсілмен, басқаша айтқанда көз мөлшерімен шығарады. Ал дамыған елдердің ғалымдары жұмысты биологиядан, генетикадан бастайды. Аграрлық ғылымдағы өзгерісті жаңа кадрларды дайындаудан бастауымыз қажет. Сол жаңа тәсілдерді меңгерген, заман талабына сай білімді мамандар керек. Біздің университет соңғы екі жылда шетелдік білікті мамандарды өзімізге шақыртып, осы мәселені зерттеумен арнайы айналысты. Олар біздің өндіріс орындарымызбен, ғылыми-зерттеу институттарымен танысты. Сөйтіп, сараптау барысында ең алдымен бізге ғылыми-зерттеу университетін құру туралы нақты ұсыныс берді. Егер осы жолмен жүрер болсақ, онда өзгеріс көп күттірмейді. Сонда ғана мемлекетімізде жаңа формациядағы кадрларды дайындауға жағдай жасалады.
Сол сіз айтқан Австралия, Канада, Франция, Нидерланд елдеріндегі жетістік сыры неде, неге байланысты?
- Былтыр жазда АҚШ университеттерінде білімімді шыңдап қайттым. Сонда мен де өзіме осы сұрақты қойдым: «Бұлардың даму формуласы неге байланысты?».
Бірінші. АҚШ университеттерін адами капиталдың даму орталығы деуге болады. Бұл университеттер – «ми орталығы», экономиканың генераторы. Мысал ретінде айтсақ, адамзат шығарған ең ғажайып 10 жаңалықтың 8-і осы Американың зерттеу университеттерінде жасалған. Олар: микропроцессор, лазер, ұялы телефон, электрондық пошта т.б. Неге олар мұндай даму үстінде? Өйткені, Америка университеттерінде ғылым мен білімнің дамуы өзін-өзі басқаратын жүйеге келтірілген. АҚШ-та басты рөлді басшы емес, ғалым мен оқытушы атқарады. Ол жақта «жұмсақ билік» деген ұғым бар. Тиісті шешімді Ғылыми кеңес, яғни «жұмсақ билік» қабылдайды. Білім жүйесі нарық талабына қарай өзгертіліп отырады. Ғылым мен білімге бөлінген қаражат басшылықты қаржыландыруға емес, тікелей ғылыми қызметкерге бөлінеді.
Екінші, олар жаңалықтың бәрін мамандық аралық негізде жүргізеді. Біздегі сияқты сортты жалғыз селекционер шығармайды. Генетик, молекулярлық биолог, өсімдік қорғау мамандары – бәрі бірлесіп шығарады. Фундаменталдық ғалымдар мен қолданбалы мамандық иелері бірге жұмыс істейді. Ал бізде фундаменталдық ғылым бір министрлікте болса, қолданбалы ғылым басқа министрлікте. Барлығының басын біріктіруіміз керек. Ол үшін, әрине, ауқымды жобалар мен іргелі бағдарламалар жасауымыз керек. Ғалымдар сол бағдарламаларда жұмыла жұмыс істеуі керек. Сонда бізде өзгеріс болады, сонда біз әлемдік стандартқа сай жұмыс істейміз.
Үшінші даму факторы – бәсеке. Университеттер бір-бірімен жарысады. Олардың бәріне бірдей жағдай жасалған. Егер осал болса, ірі оқу орындары өз қанатына алып, олар сол үлкен университеттің шеңберінде дамиды. Бұны айтып отырған себебім, мысалы, біздің университетіміз үздік 5 университеттің қатарына кіреді. Талай ұлттық университеттер бізден кейін тұр. Ал енді төлемақыға қарайтын болсақ, бізде бір баланы оқыту үшін мемлекеттің грант мөлшері – 346 мың теңге, ал ұлттық университеттерде – 635 мың теңге. Неге мұндай қос стандарт қойылған? Әлемде мұндай тәжірибе жоқ. Бәсекеге қабілеттілік бірдей болу керек. Мен, әрине, қарсы емеспін... Ұлттық университеттің грантын азайтудың қажеті жоқ. Бірақ, басқа да жетекші университеттерді сол деңгейге көтеру керек. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі бәрімізге бірдей жағдай жасау қажет.
- Ауыл шаруашылығы саласына инновация қажеттілігі жиі айтылып жүр. Бұл бағытта өздеріңізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Шетелдік беделді ғалымдар Қазақстан университеттерінің білім жүйесін сараптап көріп, бізге: «...Студенттерді дұрыс дайындамайсыздар. Оларға нақты факт, нақты дерек бересіздер. Ал ол дерек ескіріп қалады. Сондықтан, алдымен студенттердің ойлау жүйесін дамытуға күш салыңыздар!» деген кеңес берді. «Тәлімді тәжірибе арқылы, тәжірибені оқу арқылы алу керек».
Осы пікірді ескере отырып, университетке әріптес іздедік. Аграрлық-инновациялық ғылым бойынша әлемде бірінші орында тұрған әйгілі университет бар. Ол – Дэвис қаласындағы Калифорния университеті. Кезінде Калифорния университеті Чилидің ауыл шаруашылығының өсуіне үлкен көмек көрсетті. Чилидің ауыл шаруашылық саласы сол университеттің арқасында көтерілді. Содан кейін олар Майлайзияға көмектесті. Қазір Въетнам мен Қытайға көмектесіп жатыр.
Біз осыдан екі-үш жыл бұрын ұсыныс жасағанбыз, олар бір жыл ойланды. Елбасымыздың саясатын қолдап, прогрессивті түрде дамыған демократиялық мемлекет ретінде ішкі және сыртқы саясатымыз тең болғасын, бізге көмек қолын созып, келісім берді. Америкаға барып келісім-шартқа өзім қол қойдым. Қазір магистрлік бағдарламаны қайта жасадық. Университетте біраз пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі. Тағы бір үлкен жаңалығымыз – бұрын біздің университетте тәжірибеден өту үш-ақ ай болатын. Үш айдың ішінде болашақ агроном немесе мал дәрігері не үйренеді? Олар аграрлық процестердің бәрін өз көзімен көруі керек қой? Соған байланысты қазір тәжірибе мерзімін 7-8 айға дейін создық. Шелдерде солай. Біз де сол дәстүрді үйренуіміз керек. 82 мамандық бойынша дуалдық білім беру жүйесіне ауыстық. Яғни, біздің студенттеріміз энергетика, ауылшаруашылық, техникалық, сәулет өнері, экономикалық т.б. мамандықтар бойынша тек қана аудиторияда емес, өндіріс орындарына барып сабақ алады. Оқытушыларымызды Дэвистегі Калифорния университетіне жібердік, дәл қазір 8 оқытушы сонда оқып жатыр. Олар жаңа тәсілдерді, жаңа білім беру бағдарламасын үйреніп, келген соң өзімізге енгізеді. Соңғы 3 жыл ішінде 60 оқытушымыз «Болашақ» бағдарламасы арқылы 9 айға дейін оқып, шетелге барып білім алып келді. Олар – осы университеттің болашағы. Егер осы жолдан айнымасақ, бұйырса 5 жыл ішінде жақсы мамандар дайындап шығатын мүмкіндік болады.
Америкалық әріптестерімізбен бірге ғылыми-зерттеу университетінің бағдарламасын құрғанбыз, енді сол бағдарламаны енгізу қажет. Бірінші, әрине, қаражат мәселесі. Қазір сол қаржы бөліне бастады. Екінші, бітпейтін реформалармен бастаған жұмысымыз аяқсыз қалмаса екен. Осы жұмыстарды іске асыруға мемлекет қолдау көрсетсе, онда ертең тиісті нәтижеге жететінімізге күмәніміз жоқ. Сондықтан, Үкімет пен министрліктердің бізді түсініп, қолдауын қажет етіп отырмыз.
Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Әңгімелескен – Тұрмағанбет Кенжебаев
Abai.kz