Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7966 0 пікір 14 Желтоқсан, 2015 сағат 12:30

ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС

Биылғы жылдың тамыз айындағы қазақстандық ұлттық валюта бағамының құлдырауы елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың шынайы көрінісін ашып берді және  экономика кез-келген ұлттық мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы орны мен келешегін айқындайтын бірден бір басты фактор екенін есімізге салды.  

Жекелеген  жетістіктерін (тұрғындардың әл-ауқаты артты, материалдық тұрмыс деңгейі көтерілді және т.с.с.) жоққа шығармасақ та, егемендіктің осы жиырма төрт жылында біржақты жүргізілген, тұтастай дерлік шикізатбағдарлы экономикалық саясат салдарынан қазақтың ұлттық мемлекеті дәл бүгінгі сын сәтіне келіп тірелді. Осыған байланысты алдағы уақытта қазақ елін аса күрделі этнотрансформациялық үдеріс күтіп тұр және оның екі жолы бар:  қазақтың ұлттық мемлекеті болып сақталып қалу немесе сепарацияға ұшырау – екі немесе бірнеше мемлекеттің бөлшектеп алуы. Елдегі бүкіл үдерістер қоғамдағы басты сала – ұлттық экономика кері кете ме, жоқ әлде өзгеше серпінмен дағдарыстан шыға ала ма – осыған тығыз байланысты.

Ұлттық мемлекетте барлық сала ұлттық мүддеге негізделіп, соған сәйкес бағытта дамуы заңды құбылыс. Жалпы «ұлт» ұғымы тарихи  қалыптасқан территориясы бар, ұрпақтар сабақтастығымен біріккен, мінез-құлқы, психикасы ұқсас, мәдениеті мен тілі бір, өзіндік атауы бар  адамдардың жиынтығын құрайды.  Ал, индустриалды дәуірде ұлт дегеніміз ең алдымен әлеуметтік-экономикалық, мәдени-саяси және рухани қауым. Біркелкі мәдениет үлгілерін тұтынатын, өзара экономикалық байланыспен біріккен мұндай қауымның тіршілігінде экономикалық факторлар үлкен рөл атқарады.  Қоғам  дамуының қозғаушы, шешуші күші ретінде елдегі экономикалық жүйенің сипаты барлық саладағы (саясаттан бастап, әлеуметтік ахуал, тұрмыс-тіршілік, дүниетаным және т.б.) өзгерістерді айқындайды. Халықтың әлеуметтік топтарға, жіктерге бөлінуінің негізі де осында жатыр. Қоғам біртұтас әлеуметтік жүйе болғандықтан, бір саладағы өзгеріс, жағымды әлде жағымсыз болсын, басқа саладағы өзгеріске міндетті түрде алып келеді. Еліміздегі экономикалық жүйенің әлсіздігін дәлелдейтін бір факті, - таяуда ғаламторда Қазақстан әлемдегі кедейшілік жайлаған елдер қатарына кіретіні жайлы ақпарат тарады. Шет елдермен салыстыратын болсақ,  кедейлік шегі дамушы елдер үшін – күніне бір адамға 1 $, Шығыс Еуропа  – 4 $, дамыған нарықтық елдерде – 14,4 АҚШ доллары. Дамушы елдер қатарындағы Қазақстанда ресми статистика бойынша жарты миллион тұрғын кедейшілікте өмір сүруде. Ал, қазақстандықтардың 44%-ы ең қажетті заттарды ғана сатып алумен шектеледі.

Осы іспетті кереғар көріністердің себептерін  іздеуден туған саналуан сұрақтар әрбір қазақстандықты мазалайтынына күмән жоқ. Дамыған озық елдер тәжірибесіне зер салсақ, олардың бәрі ең алдымен осы дәрежеге ғылыми білім мен өндіріс арасындағы байланысты жолға қоюдың арқасында жеткенін байқаймыз. Бұл негізінен басқаруды, ұйымдастыруды жетілдірудің нәтижесі. Сол себепті қазіргі таңда әлемдік экономикалық державалар мен үшінші әлем елдерінің даму деңгейі тым алшақ: батыс елдері постиндустриалдық қоғамда, нанотехнологиялар дәуірінде өмір сүріп жатса, Қазақстан деңгейлес дамушы елдер индустриалдық қоғамды енді құру үстінде.  Еліміз нарықтық қатынастарға қадам басқалы жиырма жылдан асса да осы жүйеге сай келетін шаруашылықты жүргізу тәсілдері, басқару, тұрғындардың өмір салты мен мінез-құлқы, іс-әрекеті, қысқасы, рационалдық қасиеттер басымдық ала алмай отыр. Әсіресе, еркін нарықтың басты жетістігі – өнеркәсіп өнімдерін еркін алмасуға қол жеткізе алмай келеміз.

Дүние жүзіндегі отын-шикізат нарығындағы құбылмалы ахуал экономикасы шикізат құнына тәуелді Қазақстан тәрізді елдерге жақсылық әкелмейтініне көзіміз жетіп болды. Жүргізіліп отырған реформаларға қарамастан, Қазақстан әлі де шикізаттық бағыттан арыла алмай-ақ келеді. Көптеген  салаларды жемқорлық жайлауы себепті білікті кадрлар шеттетіліп, оның орнына кездейсоқ адамдардың еніп кетуі де дамуды тежеп отыр.

Индустрияландыру,  экономиканы әртараптандыру бағдарламалары толыққанды іске қосылмай, өндіріс деңгейінің артта қалуы қауіпті үрдіс алды. Әлі күнге сөз жүзінде қалып келе жатқан ғылымиқамтымды экономика құру –  өндіріс пен ғылымды тығыз ұштастыру үрдісі білім мен ғылымның басты өндіргіш күш ретіндегі қызметінің алдыңғы орынға шығуына негізделетіні ескерілмей келеді.

Жалпы индустриалдық қоғам бірлікке, жетістіктерді ынталандыруға және қоғам мүшелерінің ұйымшылдығы мен ерікті кооперациясына негізделуі тиіс. Мұндай қоғам ерікті келісімді қатынастармен және жалпыға ортақ  моральмен бірігеді. Үкіметтің рөлі шектеулі. Жаңа дәуірде «ең мықты қоғамдар озып шығады, ал әлсіз қоғамға жойылу қаупі тән. Бұл процестің нәтижесі – қоғамның тұтастай биік деңгейге бейімделуі» (Г.Спенсер). Алайда қазақстандық экономикалық саясаттың бұл ережелерді ескермеуі, ықтимал қайшылықтар мен қиыншылықтарды болжауға қабылетсіздігі тұтас бір әлеуметтік-экономикалық жүйенің дағдарысқа ұшырауына әкеп соқты. Бүгінгі қоғамда шешімін таппай отырған түрлі саладағы мәселелердің  көптігі де дәл осы жүйе ішіндегі кемшіліктерден пайда болғаны анық. Сан-салалы бағдарламалар арқылы өндірісті дамытуға көп көңіл бөлінгенмен де, оның барлығы соңына дейін жеткізілмеуі, нәтижесіздігі осы реформалардың тиімділігіне деген халықтың сеніміне селкеу түсірді.

Қазақстандағы экономикалық дағдарыс мәселесі бүгінгі таңда қоғамның барлық деңгейінде, түрлі сахналарда, әлеуметтік желілерде, БАҚ-та, лауазымды тұлғалардың отырыстарында талқылануда, - бұл оның мойындалғанын білдіреді. Енді бұл түйінді мәселені жабулы қазан күйінде қалдырмай,  тағдырын оң шешу маңызды. Керісінше жағдайда, яғни бұл мәселенің легитимділікке ие болмауы, ресми түрде назар аударылмауы балама ұсыныстардың тууына, қайшылықтарға, әлеуметтік шиеленіске итермелеуі әбден мүмкін. Дағдарыс кезінде күнкөріс шегінде өмір сүріп жатқан тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мүлдем құлдырап, нашарлауға бет алады. Ал, әлеуметтік шыңыраудағы немесе перифериядағы  топтардың үнемі шиеленіс пен қайшылық көзін құрайтыны белгілі.  Ел үшін маңызды стратегиялық міндеттердің орындалмауы,  ресурстардың көлеңкелі экономикада шоғырлануы, биліктің әртүрлі деңгейінде кездесетін жемқорлық көріністерінің жойылмауы,  әлеуметтік теңсіздіктен туған түпсіз терең шыңырау ішкі тыныштықты бұзып, наразылықтарды өршіте келе, әлеуметтік шиеленістің күшейе түсуіне, радикалдық көңіл күйдің, ақыр аяғында неше түрлі экстремистік ұйымдардың пайда болып, бас көтеруіне қолайлы жағдай туғызады, - мұны  әртүрлі ішкі және сыртқы теріс күштердің пайдалануы ұлттық мемлекеттіліктің тамырына балта шабуы ықтимал. Керісінше, - қоғам мүшелерінің әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі жоғары болған сайын, әлеуметтік тұрақтылық, тыныштыққа да сенім мол.

Ғалымдар  әрбір елдің экономикалық жүйесінің сипаты, даму деңгейі мен сол елдегі басқару типі өзара тығыз байланысты деп есептейді. Осыған орай әлем елдеріндегі демократия деңгейін білдіретін индекс (The Democracy Index) бойынша Қазақстан авторитарлық режиммен басқарылатын елдердің қатарына кіреді, бұл рейтингте еліміз 142-орында тұр (айталық, Қырғызстан 106-орында, аралас режим). Мысалы, демократия қағидаларын қатаң ұстанатын елдер жаңа ғасырда нанотехнологияларға негізделген 6-укладта өмір сүрсе, Қазақстан өнеркәсіптік өндірістегі 4-укладқа жаңа келіп кірді. Мұның өзі бүкіл қоғамның түбегейлі өзгеретін кезі келгенінің белгісі. Бұл үшін қазақстандық экономиканың даму әлеуеті шикізаттық парадигмадан бас тартып, зияткерлік экономикаға бағыт алуы,  нарықтық жүйені  жағымды күшке –  қоғам үйлесімі мен бірігуінің, тәртіптің көзіне айналдыруы оң нәтижелерге жеткізетін бірден бір жол.

Бірігуге қатысты бірер сөз: қазіргі заманғы өркениеттік парадигма тұрғысынан қарағанда ұлт ұғымы тіл, мәдениет, территория, салт-дәстүр бірлігімен қоса ғылым мен білім деңгейі, елдің техникалық даму дәрежесін қамтиды. Ұлт ұғымы ХІХ ғасырдан, индустриалды қоғамның пайда болуымен қатар қолданылып келе жатқанын ескерсек, қоғамның нығаюы, гүлденуі – ұлт-мемлекеттің сақталуының алғышарты. Ұлттық мемлекеттің дамуының әрбір кезеңінде белгілі бір факторлар жетекші рөл ойнайды, - бұл бүгінгі қазақ қоғамы үшін қазіргі шынайы экономикалық жағдайды дұрыс қабылдап, соған сәйкес әрекет етуден көрініс тауып отыр. Осы тұрғыда америкалық экономистер К.Макконелл мен С.Брю экономикалық саясат ұғымына «проблеманы түзету немесе оның пайда болуының алдын алуды мақсат тұтатын іс-әрекеттер бағыты» деген анықтама беріпті. Қазақстандық экономиканың алдында да қазіргі кезеңде дағдарыстан шығудың амалдарын іске асыру, еркін нарық құру арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, халықтың әл-ауқатын көтеру міндеттері тұр. Немістің белгілі экономисі Ф.Ноймарк та мемлекеттік бюджеттің атқаратын функцияларының арасында қаржылық-саяси, саяси, экономикалық-саяси міндеттерін айрықша атап өтеді. Бюджеттің саяси функциясының көмегімен мемлекет әлеуметтік-таптық жанжалдардың, шиеленістердің өршуін тоқтата алады, ымыраға жол ашады,  әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізеді.

Тағы бір көрнекті социолог-экономист Карл Поланьи өзінің тарихи-экономикалық «Ұлы трансформация» зерттеуінде саяси-әлеуметтік үдерістерге сипаттама бере отырып, «нарықтық экономика мен ұлттық мемлекетті жекелей емес, керісінше біртұтас құбылыс ретінде қарастыру қажет» деп тұжырымдайды.  Мемлекет дамыған сайын экономикалық үдерістер де қоғамның басқа салаларынан оқшауланбай, олармен тығыз байланыста дамуы тиіс.  Нарықты өз еркіне жібере салуға болмайды, бұл апаттарға алып келеді. Мемлекет қоғамды бағаның құлдырауы жағдайында нарықтан қорғау тетіктерін құруы тиіс.

Осы тұрғыда даму жөніндегі халықаралық институттар әлемнің түрлі елдерінің экономикасын қалыптастыруда «жергілікті ерекшеліктерді» қолдануды ұсынады, - өзінің даму ерекшелігін қатаң басшылыққа алмаған ұлт-мемлекет ұзақ өмір сүре алмайды. Осы ретте бүкіл экономикалық іс-шаралардың ұлттық, мемлекеттік, әлеуметтік астары бар екендігін қаперде ұстау біз үшін аса қажет. Мұндағы басты идея экономикалық саясатты жүзеге асыруда басқа бір елде табыспен жүзеге асқан дайын реформаларды көшіріп алу үнемі оңтайлы бола бермейтініне келіп тіреледі. Ал дербес даму бағытын таңдау үшін қабылданған ұзақ мерзімдік стратегия сол елдің тереңде жатқан артықшылықтарына, оның тарихы мен мәдениетіне негізделуі тиіс. Оған қоса бұл стратегия халықаралық нарықтарға шыға алатындай тәсілді іздестіруі және талантты адамдарды, яғни адам капиталын тиімді қолдана білуі міндетті. 

Тарихтың жазуымен өткен жүзжылдықта елімізге түрлі ұлт өкілдері келіп қоныстанды, Қазақстан көпұлтты мемлекет деп санаймыз. Әлбетте, бұл дәуірде оқшау өмір сүретін, бір ғана ұлттан құралған мемлекет жоққа тән. Сондықтан, өз болашағын қамтамасыз еткісі келген әрбір ұлттық мемлекет ел құрамындағы диаспора өкілдеріне мәдени-тілдік мүмкіншіліктер берумен қатар, оларды мемлекетқұрушы ұлт төңірегіне топтастыру, сіңіріп алу үдерісін үздіксіз жүргізе беруі міндетті. Бұл үдерістің тағы бір қыры бар, -  қазіргі дағдарыс кезеңінде қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымағы шын мәнінде сынаққа түскелі тұр, өйткені кез-келген қоғамдық мәселе оқшау шешілмейді, ол ұжымдық әрекет етудің нәтижесі болып табылады. Мәдениеті мен құндылықтары ортақ, тілі бір, мүддесі бір, консолидацияланған қауым кез-келген қиындықты еңсеруге қабылетті. Осы тұста экономикалық дағдарысты пайдаланып, одан шығудың жолдарын қазақстандық қоғамды біртұтастандырудың  әдісі ретінде қолдану, ұлттың ұйытқысы етуге тырысу, топтасуға жетелеу ел мүддесінен туған қажеттілік. Ұлт ісінде ұсақ-түйек жоқ. Экономикалық фактор ұлттық сана-сезімнің нығаюына идеологиялық фактордан кем емес ықпал ете алатын құбылыс.

Мәдениет пен тіл бірлігі арқылы біртектіленген қоғам мүшелері өз мүддесін ұлт-мемлекеттің болашағымен ұштастыруға ұмтылуы үшін осы территорияда өмір сүріп жатқан әрбір тұрғын өзінің, бала-шағасының, ұрпақтарының әл-ауқаты, игілігі осы мемлекеттің гүлденуімен, нығаюымен ғана қамтамасыз етілетінін сезінуден туады. Ұлттық мемлекетсіз ұлт та өмір сүре алмайтыны айдан анық. Ұлт-мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюы, ұлт құрылысы үздіксіз жүре беретін, ешқашан тоқтамайтын үдеріс, - ұлт та өзіндік төлтума бейнесін жоғалтпай сақтауы үшін өз мемлекетімен бірге жасасып, дамып, ортаға бейімделіп отырады. Ал осы жолда кездескен қиындықтар мен кедергілерді жойып отырмаса, ұлт-мемлекет ыдырайды. Сөйтіп, рухы әлсіреген, бірлігі, ынтымағы нашар, жасампаздығы (креативтілігі) жоқ халық өзге озық жұрттар пайдаланатын этнографиялық материал есебінде болады.

Экономиканың дамуы мемлекеттің әлемдік қауымдастықтағы бәсекеге қабілеттілігі деңгейін ғана емес, әсіресе оның ұлт-мемлекет ретіндегі тұрақты дамуын айқындайды. Бұл қазіргі таңда  Қазақстанның мемлекет ретінде сақталып қалуының басты шарттарының бірі.

Дина Имамбаева

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5539