Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Көршінің көлеңкесі 5613 0 пікір 10 Желтоқсан, 2015 сағат 09:59

ТЕЛЕДИДАРДАН «ШЫҒЫП КЕТКЕН» ПУТИН

Уақыт өткен сайын әлемдік қауымдастық елдерінің арасында әлдебір әбігерлік, аласапыран жанталас күшейіп келеді. Бұл жерде оны қыздырып отырған іргелі елдердің геосаяси тартысы екені анық. Не үшін? Әрине, ықпал ету аясын кеңейтіп, табиғи ресурстар үшін. Халықаралық маңызды дәлізде орналасқан елдерді өз ырқына көндіру үшін. Айта кетейік, ол таласта қоғамы әлсіз, әскері әлжуаз, жемқорлыққа батқан, орта кеуде болмаса өлместің күніндей экономикасы бар елдерге орын жоқ. Олардың жағдайы керісінше, сондай сұмпайы державасымақтардың тырнағынан қайтіп «аман» қаламыз деген күйде.

Сондай тартысты бәсекеден, таластан тыс қалмаймыз, үлес аламыз, бұқпаймыз, біз де державамыз деп  тартысқа түскен елдердің бірі – Ресей. Бұл мемлекет бұрыннан басқа елдердің есебінен «нанын айырып» жеуге әдеттенген. Империялық озбыр әдіспен. Залымдықпен. Бүтіндей ұлттардың несібесін тартып жей отырып, олардың өздерін аштан қалдырған кездері аз емес. Путин билікке келгеннен бері Ресейдің империялық  «жезтырнағын» қайта егеп алып, оны Тәуелсіз елдерге қарата қолдана бастады. Бұл дегенің бір жағы, ежелден көрші қазақ, украин, әзірбайжан секілді ұлттарға орыстарды түрлі әдістермен қарсы қою деген сөз. Әзірге бұл жолда ресейлік билік әлемдік қауымдастықтың іргелі елдерінен тайынар түрі жоқ.

 Соңғы уақыттары белсенділігі тіптен артты. Күннің белсенділігі әсер етті ме, әлде Ай Жерге жақындай келіп Путинді «түртіп» кетті ме, әйтеуір ол қазір әлемдік қауымдастық елдері ішіндегі «жүгірісі» көп мемлекет басшыларының бірі.

 Әлбетте, оның адамзатқа ортақ ар­ожданды қорғай сөйлейтін қонымды ой­пікірлері де бар. Ондай ойларын тыңдаған адам, оны жауыздыққа, теңсіздікке, азғындыққа қарсы күресуші, әлдебір әділ, рухани терең президент деп қалуы да мүмкін. Бірақ, сөйте тұра Ресейдің отарында болған, қазіргі Тәуелсіз елдерге қырын қарап, реті келсе, бұрынғы боданына айналдыра салғысы келетін сыңайы бар. ТМД мүшелерінің ел басшылары айтқан маңызды, бітімге шақырар пікірлерді құлағына ілмей жататыны да содан болса керек. Мұнысы адамзатқа ортақ моральды қорғай сөйлейтін ойларына қайшы келе ме? Әрине! Алдағы уақыт Путиннің деңгейін тіптен көрсете түспек...

 Ресейлік тарихқа үңілсеңіз, фамилиясы «...ин»­нен аяқталған билеушілерінің (Ленин, Сталин, Ельцин, сосын Путин) қоғамдық өмірді күрт өзгерткенін, саяси­экономикалық саланы бұрғанын, геосаяи т.б. өзгерістер жасағанын байқау қиын емес. Бәлкім, бұның бір беймәлім сыр болар... Мүмкін, жәй сәйкестік. 

 

Путин жақтаған, жақтап отырған ел басшыларының дені диктаторлар...

 Путиндік биліктің жақтап отырған, жақтаған кей елдердің басшылары, саясаткерлері негізінен өз халқына оқ атқан, елі қуып шыққан президенттер, үкімет басшысы, басқа да шенеуніктер тобынан тұрады. Сонымен қатар, жемқорлыққа батқан, бейбіт халыққа қарсы оқ атқан, билікті жеке басының, айналасының қызығына айналдырып, соңында төңкеріс негізінде өз мемлекетінен қашқан ел басшылығында болғандардың көбісі Ресейді паналауда. Мысалы, Қырғызстанның экс-президенті Асқар Ақаев. Украинаның бұрынғы басшысы Виктор Янукович. Олардың қатарына Украина премьер-министрі Николай Азаровты да қосуға болады.

 Кезінде тиран, қандықол диктаторлар – Муаммар Каддафиді (Ливия) де, Саддам Хусейнді (Ирак) де қолдағаны белгілі. Мемлекеттік билікті жеке меншігіне айналдырған, әлемнің көптеген бейбіт ойлы елдеріне қауіп тудырып отырған, өз халқын да аямай езумен келе жатқан КХДР (Солтүстік Корея) басшысы Ким Чен Ынды да қолдайды. Тағы бір жақтап отырғаны, мемлекеттік терроризм жасады деп Батыс тарапынан айыпталған Сирия басшысы – Башар Асад. Ол да өз елін қырумен келеді. Кей мәліметтерге қарағанда асадтық режимді жақтаушылар мен оған қарсы топтардың өзара әскери қырқысынан 220 000-нан астам адам қаза болған екен! Мұнымен қоса экономикалық құлдырау, қалалардың қирауы, өркениетті өмірден алшақтау да жүріп жатыр. Сөйткен Асад әлі де мемлекеттік билікті атасынан қалған жеке мұрасы секілді оған жата кеп жармасып, берер емес. Тікелей қолдаушысы тағы да Путин. Осыдан-ақ путиндік биліктің қандай ұстанымда екенін аңғаруға болады.

 

Жатар алдында КСРО­ның қайта құрылуы жайлы ойлайды

 Мұны айтқан «табиғи» басты қарсыласы – АҚШ емес. Керісінше, ет жақын славян елі – Польшаның кешеге дейінгі президенті болған Бронислав Коморовский! Енді Путиннің қалай ұйықтап, қандай түс көретінін анықтау маңызды емес болар. Өйткені, оның бұрынғы, әсіресе соңғы жылдары жасап жатқан түрлі саяси да, экономикалық та, әскери де қадамдарынан әлдебір отарлық ойдың «исі» аңқып тұр. Оған мысал да жетеді. Мысалдың «жаңасы» керек пе, әлде «ескісі» ме? Жақсы, екеуінен де болсын.

Ол бірінші билікке алғаш келген кезде, 2 000-жылдың бас жағында: «...халықаралық сахнада өте қатал, аяусыз сипаттағы бәсекелестік жүріп жатыр. Рыноктағы фирмаларда ғана емес, мемлекеттер арасында да. Аса өкініштісі, белгілі бір қауіп дабылы сезіледі, себебі, біз бұл жарыста жетекші елдердің қатарынан емеспіз» деп мұңайған болатын. Батыс дүниесінің іргелі елдерін Ресеймен санасатындай деңгейге дейін жеткізу керектігін де айтқан еді. Оған Ресейдің қуаты жетеді дегенді де қосты. Сол уақыттың өзінде. Мұны «сүрленген» мысал дейік. Енді «жаңасына» келейік. Соңғы уақыттары Путин Ресейді геосаяси ықпалды ойыншы ретінде қалыптастыру, дәлелдей түсу мақсатындағы қауіпті әрекеттерін жиілетті. Көрші елдердің ғана емес, әлемдік қауымдастықтың тыныштығын бұзатын идеялары артуда. Мәселен, Путин қазан айының соңында ғана өткен «Валдай» халықаралық пікірталас клубында КСРО-ның құлауына қатысты тағы да өкінішін, әлдебір қимастығын білдірді. Оның қирауын «...гуманитарлық сипаттағы трагедия» деп атап өтті. Сонымен қатар, ол: «КСРО­ның құлауы нәтижесінде 25 млн этникалық орыс, халықтың әпсәтте дейтініндей, өз еркінен тыс шетелдік болып шыға келді» деді. «Шетел» деп отырғаны, КСРО­ның тікелей мұрагері – Ресейдің отарлық езгісін тартуындай­ақ тартқан, ұлт ретінде жойыла жаздаған, ұрымтал тұста Тәуелсіздігін алып үлгірген Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Балтық жағалауы т.б. Қысқасы, Кеңестік шекпенде болған мемлекеттер. Демек, оның сөзінен бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің шетел болғанын қаламайтын, егемендігін елегісі келмейтін ниет байқалады. Ендеше, бұл сөздер Тәуелсіз елдерге ұнай ма? Бейбіт өмірге шақырып тұр ма? Әрине, жоқ! Оның сөзін артынша биліктегі салақұлаш «қолдары» іліп әкетті. Қазір олар да отарлық исі аңқыған ойлар тастап, ұсыныстар жасап жатыр. Бұл бар болғаны, соңғы бір­екі айдың төңірегінде жүріп жатқан үдерістер. Оқиғалар ағымы. Оған да мысал. Осы жақында ғана  Мемдума депутаты Евгений Федоров Путиннің сол «Валдайдағы» сөзіне сілтеме жасай отырып, РФ Бас прокуроры Юрий Чайкаға КСРО-ның құлауы қаншалықты заңды екенін анықтау және сол уақытта оны ыдырататын шешім шығарғандардың қателігі болса, оларды сотқа тарту, т.с.с. мәселелерді қамтитын сұраныс хатын тағы бір мәрте жолдады. Әлбетте, Путин қалыптастырған жартылай тоталитарлы авторитарлық мемлекетте, Кремль ишара етпей, Мемдума депутаты өздігінен олай жасай алмайтыны анық. Ендеше, мұның барлығы дерлік белгілі бір кремльдік сценарийге негізделе жүріп жатыр деуге келетіндей. Сонда бұл ресейлік биліктің ТМД мүшелеріне қатысты астарлы да ашық тұстары бар отарлық ойы деген сөз. Бұл – Кремльдің ТМД елдеріне емеуріні: Батыстық немесе қытайшыл саясатқа қарай ойыспаңдар, тәуелсізбін деп тайраңдамаңдар, әйтпесе, бұрынғы КСРО-ның қорасына қайта «кіресіңдер» дегендей. Путиннің кейінге сақтап отырған саяси жүрісі де осыған саятын сияқты. Керек кезінде пайдалана қоятын. Өйткені, әлбетте, Путин қажет қылса, ресейлік Бас прокурор КСРО-ның ыдырауы заңсыз, кезінде кеткен қате шешім деген ұйғарым жасайды. Десе де оның соңы немен аяқталуы мүмкін?.. Путиннің «атқа» мініп алып, шапқылап, КСРО­ның жерін түгендеумен бе?! Бұл дегенің соғыс қой! Мұны ТМД мүшелерінің жоғарғы билігі біліп отырғаны белгілі. Мәселен, Өзбекстан осы жақында ғана Сириядағы Ресей әрекеттерін ашық сынамаса да, астарлап, дұрыс емес екендігін жеткізгендей болды. Қаруды жалақтата беру қауіпті екенін ескертті. Өзбекстанның соңғы әрекеттеріне қарасаңыз, қайтадан АҚШ-қа қарай бұрылғысы келетін сыңайы байқалады. Көпвекторлы саясатты ұстанған біздің елімізге де оңай болайын деп тұрған жоқ. Өйткені, АҚШ­ты, Түркияны Ресей ашықтан­ашық сынға алуда. Лаңкестікпен байланыстыра. Түркиямен жағдайы тіптен ауыр. Тіпті Ресей басшысы федералды жиындағы кезекті жолдауында да Түркияға деген өкпесі тарқамағанын, Су-24 ұшағын атып түсіру оқиғасын ұмытпайтынын байқатты. Бұл тарапта өзінің жақын әріптесі саналып келген кей ел басшыларының бітімге шақырған пікірін де елемегендей. Сондықтан бір туыс, бірі көрші екі елдің ренішіне қалмас үшін   біздің ел не істеуі қажет? Бұл да күрделі қалыпта тұр...

 КСРО­ны аңсау дегеннен шығады. Ресей басшысының жоғары билікке келгеннен бері кеңестік кезеңдегі әнұранды қайтадан қабылдағаны, бесжұлдызды, орақ пен балғаны мемлекеттік деңгейдегі белгі ретінде жаңғыртқаны және т.б. қадамдары жәй болмаса керек.

Қазіргі Ресей билігінің «беті ашылды»

Әділдігін айтайық, соңғы 15 жылдың ішінде путиндік билік (оған Медведев басқарған кездегі «қуыршақ» билік те кіреді) Ресейдің халықаралық саясаттағы орнын кеңейтті. Уақыт өткен сайын ықпалы артып­ақ келеді. Мәселен, өткен ғасырдың 90 жылдарының соңында немесе осы ғасырдың басында АҚШ бастаған Батыс елдері Ресейге қарата тікелей, Шешенстан, жалпы Кавказ мәселесіне қатысты тақырыптарды қозғай алатын. Батыл айыптағаны да бар. КСРО ықпалында болған Югославияны сол уақыттары ресейлік биліктен ықпай­ақ бірнеше мемлекетке бөліп жібергені де белгілі. Балтық жағалауы, Шығыс Еуропаның көптеген елдері де НАТО құрамына өтіп жатты. ТМД мүшелеріне де АҚШ, басқа да еуропалық державалар түрлі тақырыптармен, бағыттармен еркін ене алатын. Сонымен қатар, естеріңізде болар бәлкім, сонау 2003-жылы АҚШ Иракқа соғыс ашқанда, Ресей президенті В.В.Путин телеарна арқылы айыптаудан әрі аса алмаған еді. 

 Тіпті 2000-жылдың басында, Путинге әлдебір журналисттің: Ресей басшысының қызметін уақытша атқарып тұрған кезде не үшін шетелге іссапармен шықпадыңыз, әлде Шешенстан мәселесіне қатысты қамап қояды деп қорықтыңыз ба деген мағынада сұрақ қойғаны бар. Осыдан­ақ, Ресейдің сол уақыттағы халықаралық беделін бір байқауға болады.

 Ал, қазіргі жағдай басқаша (Путин қазір теледидардан «шығып кетті». Енді оны күштеп қайта «кіргізу» үлкен тарихи жүк). Ресейлік билік Шешенстанды толығымен өзіне қаратқаны сонша, оған Батыс елдерінің бұрынғыдай араласуына жол берілмек түгілі, қазіргі басшысы Р.Қадыровтың сөздерін тыңдасаң, Путиннің семіз малайы болып кеткен бе деп қалуың ғажап емес. Мүмкін, саясат шығар?.. Дегенмен. Еуропалық Одаққа ұмтылған тәуелсіз Украинаға да, «саған керегі осы ма еді?» дегендей, Қырымын тартып алды. Онымен қоймай, бір бөлігіне соғыс отын лаулатып отыр. Ашықтан-ашық Орта Азия елдеріне, жалпы ТМД­ның басқа да мүшелеріне түрлі сипаттағы қысымын үдете түсуде. ТМД­да мүддеміз бар дей отырып, оған мүше елдің басшылығына ресейлік биліктің саясатына қарсы келмейтін, тіпті шашбауын көтеріп жүретін тұлға келтіруге дейін араласуда. Бұл дегенің  басқа елдің халқын да қыспаққа алуға ұмтылғанын білдіреді. Бөтен елдің ішкі ісіне араласу болып саналады.

 Бұрынғы КСРО төңірегін қойып, алыстағы Сирияда да соғыс бастап кетті. Тағы жәй уақытта емес, БҰҰ­ның 70 жылдығында! Каспий теңізі Ресеймен қатар, Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Иран елдеріне де ортақ. Бірақ, путиндік билік олардан рұқсат сұрамастан, Каспийден Сирияға қарата зымырандарын ұшырып жатыр. Белінен басқыза беретін елдер деді ме?.. Демек, Путин Ресейдің бұрынғы озбыр, қанды жолдармен келген геосаяси ықпалын қайта орнықтыруда. Әзірге онысынан тайынар да емес. Бұл дегенің соғыс. Қақтығыстар. Тәуелсіздігін алып, Ресейден ірге ажыратып үлгірген елдерді қайта әбігерге салу. Тыныштығын бұзу. Түрлі сипаттағы дағдарыстарға жол ашу деген сөз.

 

Путиннің басқа емес,  өз халқына да жақпайтын уақыты жақындап келеді

 Соңғы уақыттардағы путиндік биліктің әрекеттері АҚШ және батыстық державалардың, НАТО мүшелерінің ғана емес, басқа да мемлекеттердің Ресейден іргесін аулақ салуына негіз қалауда. БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка республикасы)­тің Ресейден бөлек төрт мүшесі де путиндік билікті жақтайтындай сыңай байқатпай отыр. Соңғы кездерден аңғарылғаны, тіпті Бразилия да, Қытай да Ресейден гөрі Батыс тарапымен бірге қалғанды жөн көретіндей.

 Оған бір дәлел, Түрік басшысы Ердоған билігіне ресейлік тараптың қабағы жазылмай тұрғанда, Қытай Еуропаға дайындайтын тауарларын Ресейді айналып, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия, әрі қарай Түркия арқылы жеткізетін консорциум құруға уағдаласты. Оның құрамында Қытай мен Түркиядан бөлек, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия да бар. Алдағы уақытта олар тіпті Украина арқылы Шығыс және Солтүстік Еуропаға тауар жөнелтуді жоспарлап отыр екен. Сонда Ресейден көп елдердің теріс айнала бастауы – Путиннің тым қырсық, бірбеткей саясатының кесірі болып шығады. Бұл дегенің «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақтың» кері секілді.   

Ал, ресейлік экономика болса, әбден шатқаяқтады. Мұнайдың 1 баррелі $100 боп тұрған кезбен есептесек, оның құлдырауының өзінен бір жылда шамамен 160 млрд. АҚШ долларынан қағылып отыр! Халықарлық алтын­валюта қоры 2017-жылы таусылуы мүмкін екендігі айтылуда. Сириядағы соғыстың өзі күніне он миллиондаған ресейлік рубльді жұтуда. Санкция болса, тоқтаған жоқ. Мұның бәрі экономикаға соққы. Ал, оған өзіндік донор болатын инвестицияға ыңғайлы жағдай жоқ. Қарымтасы күдік тудыратын жерге әр адымын ойланып басатын ірі бизнес өкілдері қаржы салуға тәуекел етпейтіні айқын. АҚШ­тың 1 доллары болса, ресейлік 65-66 рубльді еркін бағындырып тұр. Бағалар шарықтауда. Еуропалық Одақ тауарларына деген шектеулерді, енді түркиялық өнімдерге де қойды. Демек, тауар бағасы тағы да қымбаттайды деген сөз. Орта таптардың алыс­жақын елдерге қыдырып тұратыны бар еді. Оған да тыйым салу әрекеті басталды. Енді туристер қыдырудың орнына Путиннің бетін жиі көріп тұруына тура келеді. Теледидар, газет т.б. арқылы. Орта таптың жалыққаны қай кезде де билікке ауырлау тиеді. Өйткені, орта тап көп жағдайда биліктің арнайы қалыбына сыймайды. Қарсылық білдіретіні бар. Оның үстіне бейбіт ойлы, өркениетті қоғамда бейқам өмір сүргісі келетін көзі ашық ресейліктер аз емес. Оларды соңына ерте алатын саяси қайраткерлер де бар. Мәселен, Ресейдің бұрынғы үкімет басшысы, «ПАРНАС» (, «Халық­Азаттық партиясы») ұйымының төрағасы Михаил Касьянов, ресейлік қоғам қайраткері, бұрынғы «ЮКОС» компаниясының басшысы болған Михаил Ходорковский, шахматтан әлем чемпионы Гарри Каспаров, осылай жалғастыра беруге болады. Олар диктаторлық үстемдікпен кетіп бара жатқан Путиннің жолы қате екенін ескертумен келеді. Михаил Касьянов: «Тұйыққа апаратын жолдамыз» деген ой түйіп отыр. М.Ходорковский болса, соңғы уақыттары қабылданып жатқан заңдар Ресейді құқықтық мемлекеттіліктен, демократиядан алшақтатып бара жатқанын мәлімдеуде. Тіпті мұның соңы төңкеріске апаруы мүмкін екенін ескертіп отыр. Ендеше, осындай азаматтар жарқын болашағы үшін бірігіп үлгірсе, Путин билігіне соққы беріп, тағынан тайдырып түсіруі де мүмкін.

 Осылайша, путиндік билік Ресейді әбден оқшаулап барады. Жәй емес. Көптеген елдерді өзіне жирендіре отырып. Сенімсіздікті өсірген күйде. Дамыған мемлекеттердің заңды қарсылығына тап болған қалыпта. Кейде ойлайсың: АҚШ бастаған Батыс елдері ресейлік биліктің озбыр, империяшыл әректтеріне санкциямен болсын қарсылық қойып үлгіргені дұрыс шықты деп (әттең, біздің елімізге, басқа да қатысы жоқтарға зияны тиіп жатқаны болмаса!). Экономикасы тежеліп, әбден құлдыраған кезде, қалтасы қағылғанда, бәлкім, ресейлік билік кейін шегініп те қалар?.. Батыс елдері санкция қоймай, қарап отыра бергенде, путиндік билік мұнайдан, басқа да шикізаттардан түсіп жатқан қаржыны Ресейдің геосаяси қуатын арттыра түсуге, әскери тұрғыдан күшеюге жұмсай беруі әбден мүмкін еді.

 Бірақ, Путин өзінің заң аясынан шығып кеткенін білетіндей... Оған дәлел, Федерация кеңесінің Конституциялық сот өкілеттігін кеңейтетін заңды мақұлдауы. Соған сәйкес, егер халықаралық соттың шешімі Ресей Конституциясына қайшы келсе, заңсыз болмақ. Әрине, Конституция – әр елдің басты заңы. Десек те, бұл жерде басқа да мәселе бар сияқты. Мысалы, егер Путинді әлемдік қауымдастық елдері бірауыздан айыптап, халықаралық сотқа бере қалса, жағдайы қиын болатыны белгілі ғой. Халықаралық сотқа тартылған диктаторлар – Сербия басшысы Слободан Милошевич, Румынияны езе билеген Николае Чаушеску өмірінің немен аяқталғанын білмейді деу қиын. Ендеше, содан сақтанудың бір жолы секілді. Ал, халықаралық сотттың қасында Конституциялық сот дегенің не тәйірі?! «Өзінікі» емес пе...   

 

Путин демократ па, әлде державашыл, отаршыл тұлға ма?.. Бәлкім, христианшыл?..

Бұған біржақты жауап беру жөн болмаса керек. Егер, оның демократия, заң алдындағы теңдік тақырыбындағы пікірлерін оқысаң... Тыңдасаң. Бірақ, қоғамдық шындық басқаша болып тұр.

Ендеше, Путиннің алғаш жоғары билікке келген кездегі де, соңғы жолдауында да айтқан демократияны дамытуға қатысты пікірлері жәй сөз болып шығады. Алдарқату. Оның үстіне демократияны орнықтырғысы келсе, Путин тәуелсіз баспасөзді қыспаққа алмаған болар еді. Оппозицияны көкжелкеден түйіп, қуғынға ұшыратпайтыны да белгілі. Сайлау әділ өтер еді. Демократ болса, Ельцин кезіндегі губерния басшыларын сайлауды, автономияға берілген саяси еркіндіктерді де сол күйінде қалдыратыны айқын болатын. Әрине, оларға заң шеңберіндегі ықпалын сақтай отырып. Сонымен қатар, Ресейдің көрнекті саяси қайраткері, демократ тұлға Борис Немцов та жұмбақ жағдайда атылып кетпейтін еді. Бұрынғы үкімет төрағасы, қазіргі оппозициянер, «Халық­Азаттық партиясы» ұйымының көшбасшысы Михаил Касьянов та биліктің қыспағына түспейтіні белгілі. Осылай жалғастыра беруге болады.

 Демек, саяси демократияға келгенде, билікті халыққа тәуелді етуде ол тым сараң. Бұл жағынан алғанда Ельцин кезінде қалыптасқан демократияны жоюшы ма деген ойға қалуың кәдік. 

 Ал, державашыл ойлары мен әрекеттері жетеді! Әлбетте, оның кей державашыл ойлары – бұрынғы отарында болған, қазіргі Тәуелсіз елдерді қайтадан мансұқтап, талтаңдап жүргісі келетін көптеген орыстарға, орыстанғандарға ұнайды. Содан да болар, соңғы уақыттары Путинді қолдаушы отандастарының саны артқан екен. Кей дерекке қарағанда 90%-ды төңіректеген. Бірақ, қатаң авторитарлық билік жағдайында, тәуелсіз баспасөзді күштеп жауып жатқан елде, оппозиция қысымға түскен жерде 90%-ды қоғамдық шынайы қолдау деп санау қиын. Өйткені, әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарасаң, қазіргі Путин қалыптастырған саяси жүйені «иттің етінен жек көретіндердің» саны қалың екенін аңғарасың. Ал, қазіргі таңда әлеуметтік желі авторитарлы билік қалыптасқан елдегі бұқараның пайдаланатын бірден-бір демократиялық құралы екені айқын.

 Ендеше, оның ойы да, қалыптастырған саяси жүйесі де диктатураға негізделген.

 Оның христианшыл екенін талай мәрте айтқан пікірлері мен жасаған қадамдарынан аңғаруға болады. Мәселен, Ресей басшысы әубастан­ақ, елінде христиандық моральды қайта қалпына келтіруге ұмтылатынын мәлім еткен болатын. Еуропаның христиандық құндылықтардан қашықтап бара жатқанын да қатаң сынаған еді. Сондықтан да Батыс елдерінің көбісінде заңдастырылған біржынысты неке секілді, адамзатты аздыратын жағдайларға өз елінде ресми түрде рұқсат берілмейтінін ескертті.

 Былтыр Ресей Қырымды басып алғаны белгілі. Путин Қырымды: «Ресей үшін үлкен тарихи маңызы бар жер, өйткені, орыстардың христианды қабылдауы сол жақтан бастау алды», - деді. Мұның бәрі христиан діні үшін. Діни­моральдық құндылықтарды сақтау мақсатында­мыс. Мүмкін, дінді саяси мақсаттарына жету құралы ретінде пайдаланғысы келеді.

Құрманғали Нұрғалиев,

журналист, экономика магистрі

Abai.kz 

 

0 пікір