Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5007 1 пікір 17 Мамыр, 2016 сағат 13:50

ҚАРАҒАНДЫНЫҢ ШЕНЕУНІКТЕРІ РЕСЕЙДІҢ АГЕНІТІ МЕ?

Қарағанды облысында басқармалар мен облыс әкімінің аппаратындағылардың жартысынан көбісі (басшылары) мемлекеттік тілді білмейді. Оларды атай берсеңіз, жетіп-артылады. Мысалы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Андрей Ляпунов, облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Ольга Чернявская, кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева, ТКШ (ЖКХ) басшысы Сергей Касимов, Саран қаласының әкімі Анатолий Шкарупа, Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулин сияқты мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілінен мүлдем хабары жоқ. Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукова қазақ тілін білмек түгілі, ұлттық спорт дегеніңіздің исі ол кісінің мұрнына да бармайды. Өңірде облыстық деңгейде ұлттық спорт түрлерінен күрестен басқа басқарманың қолдауымен ештеңе өтпейді. Анда-санда кейбір мекеме, аудандардың қолдауымен тоғызқұмалақ жарысы өткені болмаса. Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Төлеген Игембаев, облыс әкімі аппаратының басшысы Жанат Искаков, денсаулық басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев, кәсіпкерлік палатасының басшысы Мәдениет Божбанов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Серік Әкенов және басқалар тілшілерге қазақ тілінде дұрыстап жауап бере алмайды. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров пен оның орынбасарлары, кеңесшісі қазақ тілін мүлде білмейді. Облыс әкімдігі мен қалалық мәслихаттан бастап, көптеген беделді мемлекеттік мекемелер журналистерге ақпаратты тек қана орыс тілінде ғана таратады. Қарағанды өңірі – қашанда өнер мен мәдениеттің, өнеркәсіп пен шаруашылықтың, студент жастардың ордасы және географиялық орталығы болып келген. Қазақ тілін ұмытатындай өзге мемлекетпен шектесіп жатқан да жоқ. Егер де, осынау Қазақстанның орталығы мүсәпір күйге түссе, басқа мемлекеттермен шектесетін өңірлердің жағдайы не болмақ? Қарағандыға әр өңірден, ауылдардан оқуға жастар да ағылып келіп жатады. Осы жастардың мұң-мұқтажын орысша ойлап, орысша сөйлейтін шенеуніктер түсіне ала ма? Кейде, Орталық Қазақстанның шенеуніктері Ресейдің «агенті» ме деп те қаламыз. Ауылдан келген қаншама азаматтар,  Атажұртына көшіп келген ағайындар бар. Сонда ол кісілерді басшылар қалай қабылдайды? Қала мәслихатында да көпшілігі орыс тілді депутаттар. Коммуналдық қызмет мекемелері «Қарағанды Су», «Қарағанды Жылу», «Қарағанды Жарық», «Жылу электр орталықтарында» барлық ақпараттық дерек көздерін тек орыс тілінде ғана таратады. Көбінесе басшылары мен баспасөз хатшылары орыстілділер. Сайттарында тек орыс тілінде ғана ақпарат беріледі. «Қазақмыс», «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорындарының да баспасөз хатшылары орыстілділер. Олар да қазақ тілінде мәлімет бере алмайды. Қарағанды қаласы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Ирина Любарская жергілікті халықтың тарихын, мәдениетін, тілін, дінін мүлдем түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстин ол да солай: ана тілінен, діні мен дәстүрінен мақұрым қалған біреу. Сонда, біздің иделогия саласын жүргізіп отырған осындай азаматтар болса, (дін, тіл, дәстүр) ұлттық идеология дегеніміз өліп жатыр деген сөз емес пе?! Облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Жандос Әбішев басшылыққа келгелі білім, мәдениет салаларын дамытуға байланысты арнайы мамандарды жинап, бір де бір шара өткізген жоқ. Не істеп жүргенін бір құдай ғана біледі. Кезінде, облыс әкімі болған Әбілғазы Құсайынов «Облыс әкімдігіне қазақша аударатын ілеспе құрылғылар орнатамыз. Сол кезде, жиналыстарды мемлекеттік тілде өткіземіз» деп, тілшілерге жауап берген болатын. Алайда, қанша уақыт өткенмен, бұл жағдай сол бетінде қалып отыр. Орталық өңірдегі қалың қазақ неге ат төбеліндей шенеуніктердің аузына қарап, орысша түсінбей отыруы керек? Елбасы 2025 жылы халықтың 95 пайыздан астамы қазақ тілін білу қажеттігін ескерткен. Ал, қазіргі таңда, мектептерге жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту жоспарлануда. Сонда, енді 9 жылдан кейін, қазіргі орыс тілді шенеуніктер, қарым-қатынас тілін ағылшын тіліне айырбастамайтынына кім кепіл? Совет өкіметінің коммунизмге жетеміз деп жүргенде коммунизмнен өтіп кеткенін білмеген коммунистер сияқты мемлекеттік тілді үйренетін уақытты өткізіп алмаймыз ба? Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы, қазіргі ҚР коммуникация және ақпарат министрі Дәурен Абаев мырза «Елбасы орыс тіліндегі сұраққа жауап бере алмағандар жұмыстан шықсын дегені, қазақ тіліне де қатысты. Прокуратура қазақ тілін білмеген шенеуніктерді де қадағаласын дегені», - деді. Сонда, бұл тапсырма қашан ескеріледі? Бүгінде, ұлттық идеологияның жүргізілмеуі кесірінен, жалпы қоғамымыз жемқорлыққа дендеп еніп бара жатыр. Жергілікті халықтың тілін, дінін, дәстүрін білмейтін идеологтардың кесірінен қаншама жастар Сирияға жер ауып кетті?! Сондықтан, идеология саласына жергілікті халықтың тарихын, менталитетін, дінін, тілін жақсы білетін кадрлар келу керек. Сала басшылары халық алдында да, жан-жақты кәсіби біліктілігін көрсете білуі тиіс. Болмаса, орнын босатсын. Мүмкін, болашақ бағдарламасымен шетелде оқып келген, жақсы менеджерлік мектептерден өткен, еліміздің даму тетіктерін жақсы білетін, үш тілді білетін патриот жастарды мемлекеттік қызметке орналастыру керек болар?

Жаңабек Наров,

Қарағанды

Abai.kz 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5480