Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Ерлік 7312 0 пікір 10 Мамыр, 2016 сағат 14:28

РАҚЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВҚА «РФ БАТЫРЫ» АТАҒЫ БЕРІЛЕ МЕ?

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ жауынгерлері ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қазақтың қайсар халық, қаһарман халық екендігін алыста, жат жерде болған алапат майданда әйгілеп берді ғой.

Алайда, «Ұлы Отан соғысының» тарихын жазушылар да, ер ұлдардың батырлығын дәріптеуге тиіс құзырлы органдар да шындықты бұра тартып, әделетсіздікке, қиянатқа жол беріп қойып, қарап отырды. Мұртты «көсемнің» өзі қадағалап жазғызған соғыс тарихы сөйтіп өтірікпен жалғаса берді. Қаншама даңқты азамат әлгі өтіріктің шырмауында жүріп фәни жалғаннан өтті?.. Солардың бірі – Берлинде, Рейхстагтың маңдайына Жеңіс Туын тіккен оғылан Рақымжан Қошқарбаев еді. Бірақ, қазақтың қошқар ұлы Қошқарбаевтың ерлігі мұртты «көсем» тарапынан мойындалмады. Орыстың сарыала шенді әскери басшыларының тарапынан да көзге ілінбеді. Сөйтіп, Екінші дүниежүзілік соғысты тәмамдаған Кантария мен Булатов болып шықты.

(Суретте солдан оңға қарай: кіші сержант М. Кантария, сержант М. Егеров, лейтенант Р. Қошқарбаев, капитан С. Неустороев).

Ел аузындағы әңгіме еріккеннен тумайды. Ол әңгімеде қандайда бір шындық бар.  Жеңістің пәленбай жылдық мерейтойын Мәскеудегі Қызыл алаңда дүниені дүрліктіріп өткізетін кезекті бір шеруге Рақымжан аға да қатысыпты дейді ел іші. Ағамыз Қызыл алаңдаға шеруге келсе, баяғы Жеңіс байрағын қолына ұстап шәнтиіп Кантария тұрған көрінеді. Мына қорлыққа төзе алмаған батыр Кантарияның қолынан байрақты жұлып алып:

-          Сен бұл Туды қолыңа алу былай тұрсын, мына шеруге қатысуға қақылы емессің. Қатысқанның өзінде сенің орның шерудің соңы, - депті гүрілдеп.

Әлгі шеруде Жеңіс Туын Қошқарбаев алып жүрді ме, жоқ па, белгісіз, әйткенменде әңгіменің жалпы нобайы – осы. Енді сол Қошқарбаевқа орыстың «Свеча памяти» қозғалысы «РФ батыры» атағын беру керек деп жатыр. БАҚ өкілдеріне бұл туралы батырдың немересі Дәурен Қошқарбаев айтып берді.

-          Олар (аталған қозғалыс мүшелері.-ред) менің атамды осындай атаққа ұсынуда. Ал, менің атама көзінің тірісінде «Совет Одағының батыры» атағы бұйырмаған еді. «Свеча памяти» қозғалысының ұсынысы РФ президенті Путинге және өзге де құзырлы органдарды басқарып отырған адамдарға жөнелтілді. Қошқарбаевқа батыр атағы берілуі керек. Себебі, қай уақытта болса да әделттілік салтанат құруы тиіс, ерлік мойындалуы тиіс. Рейхстагқа Жеңіс Туын тіккен қайдағы бір Кантария емес, Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов болатын. Менің атама елімізде «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Біз атамызға берілген бұл атақты қастер тұтамыз, - деді Дәурен Қошқарбаев.

Сонымен, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қайта қарап жүрген «Свеча памяти» қозғалысы Қошқарбаевты «РФ батыры» деп тануды қоғам талқысына салуда. Бұл атақ Кремльден қолдау таба ма, таппай ма,  әзірге белгісіз.

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3290