9-МАМЫР. КІМ ҮШІН ЖЕҢІС?
Адамзаттың тарихында 60 миллион адамның өмірін жалмаған, адамның құйқа шашын шымырлататын сұмдықтар болғанын Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы жазылған қаншама кітаптарды оқыдық, сол соғыстан жарымжан болып келген ардагер ата-әжелерімізден қаншама әңгімелер естідік?. 1941-1945 жылдар аралығында қанша қазақ қайтыс болды, қаншасы мүгедек болып қалды, қанша боздақ хабарсыз жоғалып кетті... нақты есеп әлі күні жоқ.
Бір қызығы қазір бұл мерекені ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Қазақстан ғана атап өтеді. «Орыс ойына келгенін істейді, қазақ көргенін істейді» демекші, орыс не істесе, соны айнытпай қайталауға құштармыз. Баяғы сол құлдық сана жібермейді. Тіпті, кейбіреулер автокөліктеріне «Спасибо деду за победу» деп жазып алып, Георгиевский лентасын тағып алып жүргенді мәртебе санайды, құдайым-ау. Оның парқын түсінбейді.
Соғыс жылдары фашистік агрессияға қарсы тойтарыс беруге көтерілген Кеңес одағы Қарулы күштерінің құрамында барлығы 35 млн. адам болса, соның 1 млн. 366,2 мыңы Қазақстаннан аттанғандар.
( Қозыбаев. М. Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты; Оқу құралы. Алматы қаласы. 1992 ж.—136 бет).
1930-1950 жылдардағы атақты майдангер-жазушы Б. Л.Горбатов (о войне из войны) «Непокоренные» повесті үшін 1943 жылы мемлекеттік сыйлықты иеленген. Осы Борис Горбатов «Жеңіс туы» атты мақаласында: «Егер де менен соғысқа қатысушы ретінде емес, тек бақылаушы ретінде, Рейстаг төбесіне жеңіс туын кім тікті?» деп сұраса, мен барлық Кеңес жауынгерлері тікті» деп жауап берер едім» деп сандырақтапты. Рақымжан Қошқарбаевтың туды тіккенін Ресей әлі күні мойындамай отыр.
Ленинград майданы кезінде қазақ тіліндегі «Отанды қорғауда» газетінің бірінші нөмірі 1942 жылдың 7 қаңтарда шығарыпты. Расында да, фашизмге қарсы алапат соғыста жеңіске жеткізген халықтардың айнымас берік достығы мен ынтымағы, әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған жауынгерлердің жеңіске деген зор сенімі, өмір мен өлім арасындағы білегінің сарқылмас күші, қайнаған жігері мен қажырлы еңбегі болатын. «Отанды қорғауда» жинағы зұлмат соғыс тарихының осы бір теңдесі жоқ беттерімен тереңірек танысуыма мүмкіндік туғызды.
Өйткені, «өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ» демекші, өскелең ұрпақтың жадында сақтау үшін, қаншама жасалған ата-бабамыздың қаһарман ерліктерін паш ету абзал. Бірақ, біз қазіп бөгде пиғылдағы Ресейдің қолшоқпары болып алдық. Ресейдің Қорғаныс министрі «9-мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай Қызыл алаңда өтетін биылғы бейбіт шеруге біз бұрын-соңды еш жерде көрсетілмеген, әлі ешкімге мәлім емес, ғажап әрі аса тиімді қаруларды алып шығамыз» деп мәлімдеді.
Олар «Армата» деп аталатын танкілер, «Бумеранг» әскери машинасы, «Бастион» және «Искандир» ракеталық кешендері және т.б ондаған отты қарулар, зеңбіректер алғаш рет шеруге қатыстырылмақ. Одан қала берді, әр жексенбі РенТВ телеарнасынан «Военная тайна» деген бағдарламасынан Ресейдің қару-жарағын жер-көкке сыйдырмай мақтап, «Аналогов в мире нет» деп даңғаза даңғыртпен төсін ұрып қояды.
Ондағы мақсаты санкция жариялаған АҚШ пен Еуропа елдеріне сес көрсету. Жалпы, соңғы жылдары Путин бастаған Ресей өзінің империялық пиғылын ашық насихаттауға кірісті. «Орыстың әлемін» (Русский мир) деген желеумен келмеске кеткен КСРО-ны армандайды, орыстың қаруын, қаласын, қысын, тіпті балмұздақтарға дейін «Русский размах» деп жазып қойған. Қазақтан басқа латыш, литван, эстон, грузин, армян, өзбек, түрікмен секілді елдер Ресейдің дегеніне көнгісі келмейтінін қаперлеріне де алмайды.
Кең қолтық қазақтың ардагерлері телеарнадан құдайдың құтты күні «Мен Мәскеуді, Ленинградты қасық қаным қалғанша қорғадым» деп көсіліп отырады. Ол сөз мен үшін «Сен де Санкт-Петербурды мен секілді қорға» деп айтылып тұрғандай естіледі. Соның салдарынан орыспиғылды шенеуніктер жауыннан кейінгі бәйшешектей күннен-күнге көбейіп, өсіп-өршіп келеді.
Ресейдің империялық идеологиясын онан әрі насихаттағанымыз қай сасқанымыз? Біз Жеңіс күнін тойлауға қарсы емеспіз. Бірақ оны тап Ресейдің көзқарасын көшіріп алып тойлауға қарсымыз.
Біздің тәуелсіз ел ретінде өз жоспарымыз болуы керек сияқты. 1941-1945 жылдардың шындығы әлі күні толық ашылған жоқ. «Түркістан» легионының жай-жапсары, Алматыда «28 батыр Панфиловшылардың» жасақталғаны, Ақтөбедегі «101-атқыштар дивизиясы» жасақталуы, басқа да өңірлерде әртүрлі рота, батальондардың құрылуы... осының бәрі тарихи тұрғыда дәлелденіп болды. Бірақ, насихат кемшін. Кейде осындай тарихи деректерді қарап отырып: «Сонда қазір кеуде соққанда алдына жан салмайтын «ұлы Ресейдің» батырлары ай қарап жүр бе?» деген сұраққа жауап таба алмай қалатыным бар.
Қанды қырғынның арасынан аман келгендерге «Герой Советского союза» деген арзымайтын медаль немесе бір жапырақ «Мақтау қағазын» қыймағанын қайтерсің? Оның өзін біздің асылдарымыз Бауыржан Момышұлы, Еркін Сабалақов, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қасенов, Мәлік Ғабдуллин, Хиуаз Доспановаларға бермегенін қандай ағалыққа жатқызуға болады?
Негізгі, соғыс Ресей, Белорусия мен Украина территориясында болды, бізге еш қатысы жоқ болатын. Бірақ КСРО-ның құрамында болғандықтан, біздің ата-әжелерімізден ешкім, ештеңе сұраған жоқ. Барлығын қорадағы қой секілді жинап алып, вагондарға артып, екі қазаққа бір мылтық беріп, қарша бораған пулеметтің оғына қарсы «уралатып» қойып, алдыңғы шепке жіберді. Артқа қашса өздерінің мерген орыстар қағып салады. Сол қырғынды дүрбімен бақылап тұрған немістің «Штандата фурер Краус»: «Мен бірінші және екінші дүниежүзілік соғысты көрдім, бірақ Отан үшін пулеметқа қарсы жүгірген орыстың әскерлердей қайсар жауынгерлерді көрмедім» деп басын шайқаған екен».
Ол орыстың шинелін киіп алғандар Орта Азиядан келген орысша бір ауыз білмейтұғын қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмендер екенін қайдан білсін. «Шешінген судан тайынбас» демекші, сол қырғынның ішінде қаршадай қазақтың қыздары Мәншүк Мәмбетова мен Әлия Молдағұлова да бар еді. Сол Әлия Молдағұлованың қабірін біресе ана жақта, біресе мына жақта деп адамның басын қатырды.
Бүгінгі көзқараспен қарасақ, соғыс қазақтың Отанында болған жоқ. КСРО-ның солақай саясаттының кесірінен көзі тірісінде көзі мөлейіп «марапат» ала алмай, есімі елеусіз қалған қаншама тағдырлар бар. Іздеушісі жоқ, көзге еленбей қалған қаншама боздақтар орыстың орманы мен батпағында жоқтаусыз жоғалып кетті. Солардың бірі менің атам Шәмшінің туған інісі Шәбідин Тоқмұратұлы еді. 1941 жылы 18 жасында өз еркімен соғысқа аттанып, 1943 жылы Сталинград фронтында хабарсыз жоғалған, қара қағаз да келмеген. Яғни, осы соғыстың КСРО территориясында зардабы тимеген бірде-бір отбасы жоқ.
Соғыстан оралған ардагерлерге Үкімет тарапынан қомақты қаржы қарастырылмады, (Ұлыбритания мен АҚШ-та өмірлік зейнетақы тағайындалған) жылына бір рет медальдарын тағып, 9-мамыр «День Победы» деп парадқа шығарғаннан әрі аспады. Қазақтар «алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деп, медальдарын сақырлатып қабырғаға іліп қойды. Үйіне келген қонақтарға мақтанып, өтірік-шыны аралас әңгіме айтып мауқын басатын. Олардың да әңгімесін мұқият тыңдайтын адамдардың қатары күн өткен сайын сиреп барады.
1941-1945 жылдары туралы түсірілген фильмдерді қарап отырсаңыз, бірде-бір өзге ұлт өкілдерін көрмейсіз. Бәрі дерлік, орыстар... «Сонда біздің ата-бабалармыз соғыспаған ба?» деген ой келеді. Бүкіл Кеңестер Одағы тұсында 150-ден астам ұлт пен ұлыстар мекендейтін, бәрі жабылып немістерге қарсы соғысқан жоқ па еді?... Осыдан-ақ, орыстың шовонистік көзқарасын әрдайым басым тұрғанын аңғарса болады. Сол қырғынды көзімен көрген 91-жасқа келген «Қан мен тер» романының авторы Әбдіжәміл Нұрпейісовтен сұхбат алғанымда: «Неміс әскерлері жарақаттанған Кеңес әскерлерін атып тастамайтын. Оларды тұрғызып ауруханасы бар лагерьлерге жіберетін» дейді. Ал, Ресей түсірген фильмдерде «неміс әскерлері орыстың деревьнясына басып кіріп, әй-шәйға қарамай, бала-шаға кемпір-шалдарды сарайға жинап, өртеп жіберген» деп насихаттайды. Ал шындығына келгенде немістер олай істемеген, әдейі немістерді жауыз қылып көрсету үшін осындай фильмдер түсірілген. Сол фильмдерді көріп отырсаң, орыстар неміс әскерлерін ақымақ, аңқау, есуас қылып көрсетуге тырысады. Егер неміс әскерлері ақымақ болса, Еуропаны жаулап алып, төрткүл дүниені аузына қаратпас еді. Сол кездегі қару-жарақтары, киген киімдері, жүріс-тұрыстары сөйлеген сөздері әлі күні бізге үлгі.
Ресейдің осындай сұрқия сұм саясатынан жиіркенген Латвия, Литва Эстония, Украина елдерінде КСРО-дан бөлініп кеткісі келіп, талай рет КСРО-ға қарсы ұйымдар жасақталғанын енді біліп жатырмыз. Сталин болса, сол ұйымдардың серкелерін өлтіріп отырған, қалғандарын Кунашир мен Итурупке жер аударған. Өйткені, Кеңес одағында «СССР — оплат мира», «Все пролетарияты соединяйтесь», «Не болтай» деген сияқты сайқымазақ ұрандардан басқа артық сөз айтырмады. «Шаг лево, шаг право растрел» деген сөз сонда шықты.
Қазіргі таңда, неше түрлі айғақтар мен деректер табылып жатыр. Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарында «1938 жылы КСРО мен Германия Еуропаны қақ бөліп аламыз» деп келісім шартқа қол қойғанын, бір-бірімізге соғыс жарияламаймыз дегені, 1941 жылдың 22 маусымда Германияның суық қаруланған армиясы КСРО шекарасына жүгіріп кіргенде, Сталинның тізесі қалтырап, дачасына қашып, бір апта жатып алғаны, Политбюро басшылары келгенде, «мені тұтқындауға келдіңдер ме?» деп шошып кеткені, тб... дәйектер табылды.
1943 жылы Германия мен Жапонияға қарсы күресу үшін КСРО, АҚШ пен Ұлыбританиямен құпия келісім-шарт құрып, азық-түлік, киім-кешекпен уақытша қамтамассыз етіп тұруын сұраған. 50-жылға азық-түлік қорын жинайтын АҚШ су асты кемелермен арқылы Аляска түбегіне азық-түлік жеткізіп отырғаны ЦРУ-дың құжаттарында сақталған. Өйткені, ол кезде бүкіл одақтың бидай мен күріш егетін Украина, Белоруссия Ресейдің территориясын Германия басып алған еді. Қазақстанда бидай егілмейтін, ауыл шаруашылығындағы мал-мүліктің соңғы тұяғына дейін сыпырып жалмап, фронтқа деген желеумен Ресейге асыратын. 1945 жылы қанды қырғын аяқталған соң, КСРО бойынша, 3 миллионға жуық аяқ-қолынан айырылған мүгедектер мен жетім-жесірлер, кедей-кепшіктер үш ай бойы Мәскеудегі қызыл алаңға шығып биліктен «көмек беруін сұраған».
Қатыгез Сталин оларды бір күнде әскерилердің күшімен Сахалинге жер аударған, жолда аштыққа шыдамай, әлгілер қынадай қырылғанын біреу білсе, біреу білмес. Осыдан кейін КСРО аймағында биліктен бір нәрсе талап етіп сұрауға ешкім бата алмаған.
1941-1945 жылдары біз кім едік?
Ресейдің боданында құлдық ұрған, сол саясаттың қамшысы өтіп кеткен, сонымен күн көріп, қалыптасқан жалтақ қазақ болдық. Әдейі әліппемізді үш рет ауыстырып, ұлттық тілімізді жүндей түтті. Бойымыз бен ойымызға құлдық мінез дендеп енді. Әйтпесе, шетімізден жетім лақтай сирағымыздан тартқылап, басқа көгенге көгендеп, жәукемдей бастаған. Халқымызды әр тарапқа тартқылап, тілімізді, руханиятымызды, тұрмыс-салтымыз бен әдет-ғұрпымызды күлпаршалап тастады. Сөйте, тұра, Ресей әлгі қылықтарын халықтарға азаттық әперушілік, өнер-білім әкелушілік ретінде сипаттады. Өздерін өркениет дүниесін құтқарушылар ретінде марапаттады. Бұл ретте, әсіресе, сол кездегі князъ Горчаков ерекше көзге түсті. Ол ұлы державалардың бәріне нота жолдап, «Түркістан деп аталатын жабайы елге өркениет сіңіріп», «керуен тонаудан гөрі сауда жасаудың тиімді екенін үйретуге сөз берді» («Прошлое Казахтан», Алма-Ата Москва, 1936 г. 114-117-беттер).
«9-мамыр – Ұлы Жеңіске 71-жыл, Ресей тойлап жатыр екен» деп бас салып тойлай беруден гөрі, әлгі мерекенің түпкі идеясына, түп маңызына тереңдеп үңілгеніміз жөн. Айналамызға сын көзбен қарау керек сияқты. Өйткені, желкілдеп өсіп келе жатқан өскелең ұрпақ көктей солмасы үшін оларға ағарту істерінің жүргізілгені абзал.
Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz