Сенбі, 23 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 5549 0 пікір 14 Сәуір, 2016 сағат 10:56

ФРАНШИЗАЛЫҚ БИЗНЕСТІҢ ДЕ БЕРЕРІ МОЛ

Франшизалық компаниялар  – өз елінде танымал тауар белгісіне айналып, өзге елдердің нарығынан ойып орын алуға ұмтылған компаниялар.  Еліміздегі барлық франшизалық компаниялардың 35%-ы –  сауда-саттық, яғни ретейл, 30%-ы – тамақ өнеркәсібі, нақтырақ айтқанда фастфуд, қоғамдық асханалар, ал қалғаны – қызмет көрсету және бизнес саласында жұмыс істейді.

Қазіргі таңда Қазақстанда батыс пен шығыс елдерінде үздік деп танылған тауарлар мен қызмет көрсетуші көптеген компаниялар өз өкілдіктерін құрып, жұмысын жемісті атқарып отыр.  Елімізде халықаралық франшизалық компаниялардың көбеюі отандық бизнеске кедергі келтіре ме деген сауал көпшілікті мазалайтыны рас. Себебі, шетелдік компаниялардың өнімдері сапалы, әрі арзан, сондықтан жоғары сұранысқа ие.

 «Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының» мәліметінше, елімізде барлығы 495 франшизалық компания тіркелсе, соның 80%-ы  халықаралық франчайзингтік компаниялардың еншісінде, ал қалғаны отандық кәсіпорындардың үлесіне тиесілі. Мамандар  елімізде шетелдік франшизалардың болуы жақсы үрдіс, жаһандану жағдайында үйреншікті құбылыс дейді.

Франшизалық компаниялар негізінен Алматы мен Астанаға шоғырланған. Мамандар бұл қалалардың инфрақұрылымын жақсартуға,  сәулетін арттыруға, халықаралық қалаға айналуына әсер ететін жағымды жайт деп санайды.

«Халықаралық брендердің көбеюіне бірінші себеп, әрине Қазақстандағы кәсіпкерлікке қолайлы жағдайдың жасалуы. «McDonalds», «Starbucks»,  «Burger King» және өзге де әлемді мойындатқан брендтердің отандық компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуі шетелдіктердің біздің ел экономикасына деген сенімін білдіреді», – дейді Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов.

Дегенмен, шетелдік компаниялардың Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуына кедергі келтіретін жайттар бар.  «Біріншіден, шетелдік компанияларды  көп жағдайда нарық пен сұраныс қызықтырады.  Алайда біздің елдегі халық саны 17 миллионды құрайды, орташа қалалардағы тұрғындардың  саны 300 мыңның төңірегінде.  Ал, халық неғұрлым тығыз болған сайын, нарық та соғұрлым тартымды әрі табысты бола түсетіні дәлелденген.  Екіншіден, Қазақстанның географиялық жағдайы теңіз бен мұхиттардан алшақ орналасқандықтан, еліміздің логистикалық-транспорттық мүмкіндіктері де шектеулі.  Үшінші мәселе, франчайзерлер франшиза алушы компанияның атауына кір келтірмейтініне, істі жоғары деңгейде жүргізе алатынына сенімді болуы керек.  Осы тұрғыдан алғанда, кейбір компаниялар шетелдік  талаптарға сай бола бермейді», – дейді  қауымдастық президенті. 

Халықаралық франшизаларды былай қойғанда, әсіресе отандық франчайзингтердің қалыптасуы және дамуы көбірек алаңдатады. Осы ретте, арзан әрі нарыққа шыдамды шетелдік брендтердің көптеп келуі біздің елдегі енді ғана еңсесін тіктеп келе жатқан тауар белгілеріне теріс әсер етпей ме деген орынды сұрақ туындауы сөзсіз.

Біздің елде қанат жайып үлгерген шетелдік компаниялардан отандық бизнес өкілдері не үйренуі керек? Әрине, өзге елдің тауар белгілері біздің нарыққа енгенде өз өнімдерімен, қызмет түрлерімен бірге дайын бизнес-моделін, логотипін, қызмет көрсету ерекшеліктерін, жаңа технологиялары мен инновацияларын бірге ала келеді.  Сондықтан, осы нәрселерді жаңадан өркен жайып келе жатқан отандық бизнес өкілдері үйреніп, өз тәжірибелерінде қолдануы тиіс.

 Бұл мәселе төңірегінде Бекнұр Қисықов: «Бизнес бастау оңай емес.  Кей жағдайда біздің кәсіпкерлер бизнес-жоспар жасау, брендтің атаулары мен оны нарыққа ұсыну ерекшеліктерін, маркетингтік және менеджменттік жүйені дұрыс білмейді.  Банкроттық жағдайлардың жиілеуі содан. Сол себепті отандық кәсіпорындар франчайзингтік компаниялардан бизнесті басқару мен бренд қалыптастыру мәселесін үйренуі керек деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда, франшизалық мекемелер  тәжірибе  жинап, өзгелермен бәсекелесе отырып,  жергілікті брендтерді қалыптастыруы тиіс. Қазірдің өзінде нарықты бағындырған отандық франчайзерлер бой көтеріп келеді.  Мәселен, «Сұңқар» медициналық орталығы Қазақстанмен шектеліп қалмай, Ресейде бөлімін ашуға талаптанып отыр.  Ал «Медлен» кофеханалары еліміздің әр түкпірінен ашылуда. Айта берсек жетістіктер көп», –дейді.   

 Мемлекеттік экономикалық саясаттың шағын және орта бизнесті дамытуға жасап отырған жағдайы отандық франчайзингтік және франшизалық кәсіпорындардың көбеюіне алып келуде.  Бұл мақсатта мемлекеттік арнайы бағдарламалар да жасалған. Мәселен, 2016 жылдан бастап «Даму» қорының бастамасымен франшизалық бизнесті екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру қолға алынды.  Әзірге тек Алматы және Алматы облысын қамтыған бұл қанатқақты жобаға екі ай ішінде бизнес өкілдерінен 22  ұсыныс келіп түскен. Аталған бағдарлама бойынша старт-ап жобалардың 3 миллионнан бастап 30 млн теңгеге дейін 14% жылдық көрсеткішпен несие алуға мүмкіндігі бар.     

Қорыта айтқанда, шетелдік франчайзерлердің Қазақстан нарығын   бағындыруы қиын шаруа  емес. Ал күн тәртібінде өткір тұрған негізгі мәселе  – жергілікті франчайзингтік компаниялар қатарын арттыру. Қазақстандық франчайзингтің көбеюі – еліміздің бизнес ахуалының жақсарғандығының  бірден-бір белгісі.  

«Франчайзинг қауымдастығының» басты мақсаты – отандық франшизалардың көбеюіне мейлінше жағдай жасау.  Егер мемлекет  тарапынан қазіргідей қолдау көрсетіліп, елімізде бизнестің дамуына мүмкіндік  жасау жалғаса беретін болса, отандық франчайзингтердің қатары артатыны сөзсіз»,– дейді Бекнұр Қисықов.

Abai.kz  

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522