Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 11801 0 пікір 14 Сәуір, 2016 сағат 09:16

ҮШТІЛДІ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІ ҚАЗАҚТЫ ҚАЙДА АПАРАДЫ?

«Үш тілдің біріншісі, негізгісі,

бастысы, маңыздысы – мемлекеттік тіл,

қазақ тілі».

ҚР Президенті Н.Назарбаев

Cоңғы уақытта БАҚ беттерінде, интернет жүйесінде көпшілік назарын өзіне аударған  қызу пікір-талас өрбуде. Әңгіме біздің білім саламыздағы кезекті реформа туралы. Таяу болашақта білім беру жүйесінде үш тілде білім беретін бір типті оқу жүйесінің қалыптасатыны, орта мектептен бастап, кейін барлық орта арнаулы, жоғары білім беру жүйесінде жаратылыс тану пәндерін тек ағылшын тілінде оқыту енгізілетіні туралы жаңалық  көпшілік қауымда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр және бұл алаңдаушылық негізсіз емес.   

«Егер біз жаратылыстану ғылымдарын тек қана ағылшын тілінде өткіземіз десек, онда біз тілден айырылдық деп есептеңіз». Академик А. Жұмаділдаев ағамыздың  бұл үндеуін біз тіл болашағына алаңдаған ұлт жанашырының жанайқайы деп түсінеміз.

Білім және ғылым министрлігі бұл қадамдардың сөзсіз қажеттілігін дәлелдеу бағытында пікірлер айтуда. Әрине, бұл уәждердің қай-қайсысының болса да жаны бар. Дегенмен бұлар басты себеп емес.  Еліміздің білім беру жүйесінде жаратылыстану пәндерін тек ағылшын тілінде оқытудың қажеттілігі туралы айтылған дәлелдер мен келтірілген уәждердің бәрі де бір ұлттық мүдде, ұлттық мұрат алдында дәрменсіз. 

Қазақ мектептерінде оқыған жастардың әрі қарай сапалы білім алуы Қазақстанда  шектеулі болса,  біз ұлттық білім мен тілімізді қалай дамытамыз? Білім мен ғылым тілі дамымай өркениетті ұлт тілі қалыптасуы да мүмкін емес және білім беру ісі- ұлттық рух пен мәдениет дамуының, рухани жетілуіміздің ең негізгі іргетасы. Ал біздің басты мақсатымыздың өзі осы ұлттық мүдде мен ұлттық мұраттың рухани бастауы болып табылатын ұлттық тілді дамыту арқылы қоғамды біріктіретін толық мәніндегі өркениетті мемлекеттік тіл қалыптастыру емес пе?

«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» (Н.Назарбаев)

Өркениетті ұлт тілі ұғымына тоқталсақ.  Кез келген өркениетті ұлт тілі өз халқы үшін тілге міндеттелген барлық функцияларды атқарады. Ол тұрмыстық, кәсіби, ресми-іскери, ғылыми және әдеби тіл ретінде ұлт сұранысын толық қанағаттандыруы тиіс. Ал ғылымның негізі болып саналатын жаратылыстану ғылымдарын мектептен бастап қазақ тілінде оқытпайтын болсақ, қазақ тілі ғылым тілі, технология тілі ретінде болашағы жоқ тілге айналмай ма?

Олай болса,  барлық салада білім тілі, ғылым тілі ретінде қолданылмаған тілді толық мәнді ұлттық тіл деп айтуға бола ма? Бұл керісінше ұлттық тілдің белгілі бір салада кеми бастағанын білдірмей ме? Ал «ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді» (М. Жұмабаев).

«Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі» (Н.Назарбаев) деп, мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады деп отырған ана тіліміз айдалада емес, өз отанында осындай шектеуге ұшырап жатса, тәуелсіз елімізде өз ұрпағымызға өз тілімізде, мемлекеттік тілде толық орта білім бере алмайтын болсақ, елдігімізге, мемлекеттілігімізге сын емес пе?

Үш тілді оқытудың үлкен бір мәселесі ұлттық тамырға келіп тіреледі.

«Осы үш тілде де әр бала еркін сөйлеп, бір-бірін түсіне білуі тиіс және де әлем елдеріндегі озық білімді игере білуі қажет» (ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев).  Жақсы, ал бірінші сыныптан үш тілді қатар, тең үйренген ұрпақта  ұлттық болмысты қалыптастыратын ұлттық тамыр қаншалықты сақталмақ...  Ұлттық намыс пен ұлттық сана қандай деңгейде болмақ... Ел мүддесін, ұлт мүддесін көздің қарашығындай сақтайтын, қорғайтын патриоттар тәрбиелеуге бұның ықпалы қандай болмақ?

 Кешегі өз тарихымыздың ауыр кезеңдерінен сабақ алмаймыз ба? Жас ұрпақты орысша  оқытамыз деп XX ғасырда шапқылағанымыздың зардабын бүгін тартып отырмыз ғой. Сол саясаттың кесірінен «біз тілімізден де, ділімізден де айрылып қала жаздаған ұлт»  (Н.Назарбаев) емеспіз бе? Сол XX ғасырдың басында алаш зиялылары тіліңді сақта деп ұран тастады, өзгелермен тең болу үшін қазақ тілін кеңсе тілі қыламыз, ғылым тілі қыламыз деп еңбек етті, ана тілде салалық терминдер мен оқулықтар жасау ісін қолға алды.

Өкінішке орай жүргізілген саясатқа байланысты Кеңес дәуірінде қазақ тілі толықтай кеңсе тілі бола алмады, технология тіліне айналған жоқ. Ашығын айтсақ, бүгін де елімізде қазақ тілі қоғамды ғана емес, қазақ ұлтын  біріктіруші міндетін әлі толық атқарып отырған жоқ. Тілінен, ділінен алыстаған орыс тілді ағайын ана тіліне асығар емес. Ертең ағылшын тілді қазақтардың толқыны үшін қазақ тілінің орны қандай болмақ?

Ағылшын тілі – біз үшін шет тілі. Ал шет тілін біз қажеттілікке қарай қарым-қатынас тілі ретінде үйренеміз ғой. Оның үстіне дүние жүзіне кеңінен таралған  ағылшын тілінің әбден жетілген әдістемелік оқу-үйрету жүйесі бар. Қажеттілікке қарай 3 ай мен 1 жылдың арасында  түрлі деңгейді еркін үйреніп алуға болады. Ал біздің жалпы орта білім беру саласында ағылшын тілін  11-12 жыл оқыту қаншалықты тиімді?

Жалпы ағылшын тілін оқып-үйренуге ешкім қарсы емес және бұл үрдістің елімізде басталып та кеткенін айта кеткен жөн. Қаулы-қарарсыз, үгіт-үндеусіз-ақ  арнаулы курстар, жеке оқыту, интернет арқылы әркім өзіне қажетті деңгейде тілдік дағдыларын жетілдіруде, ағылшын тілін үйренуге ұмтылуда.  Дүние жүзінде мойындалған тілді білу алдына үлкен мақсаттар қойып отырған ел жастары үшін уақыт талабы, заман талабы. Бұл жағынан алғанда біздің жас ұрпақ үшін тамаша мүмкіндіктер туындайтыны сөзсіз. Әңгіме  «Үштілділік» тұжырымдамасының мән-мағынасын қоғамда  дұрыстап талдап-түсіндіруде,   үштілділік тұжырымындағы қазақ тілінің орнын нақты белгілеуде, тілдерді қашан, қалай және қандай көлемде білуде, үйретуде? Шетелдіктермен бірлескен кәсіпорын құрған бизнесмен мен ауылдағы  ағайын үшін ағылшын тілінің қажеттілігі бірдей көлемде емес екені анық қой.

Мәңгілік ел, ұлт болудың бірден бір шарты ұлттық тіл екенін ескерсек, бізге бұл мәселеде асығыстық қажет емес деп есептейміз. Өйткені тіл ғана емес, тұтас ұлт тағдырына, оның ұлт ретінде өмір сүруіне тікелей қатысы бар және күрделілігі мен маңыздылығы жағынан жалпыұлттық, жалпыхалықтық мәселеге  байланысты біржақты тұжырым, асығыс шешім болуы мүмкін емес.  Қазақ үшін  «Абай – өркениетке алып келу» (Н.Назарбаев) болса, бізге болашақта Абайды терең түсіне білетін, Абай сөздеріне үңіле білетін ұрпақ керек.  Сондықтан да  үш тілде оқыту реформасын бастамастан  бұрын біз оқытуға қатысты ең негізгі деген  мәселелерді шешіп алуымыз керек.

1. Ең алдымен, мемлекет басшысы айтқандай, «Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы – қазақ тілі» болса, тиісінше барлық оқыту жүйесінде де қазақ тіліне тап сондай көңіл бөлінгені дұрыс,  ұлттық білім беру жүйесі даму керек. Жаратылыстану пәндері, дүние жүзі тарихы пәні қазақ тілді білім беру жүйесінде қазақ тілінде оқытылуы керек.  Өйткені дүниені тану кілті – жаратылыстану пәндері, ол сонымен бірге ұлттық таным мен тағылымның да негізі. Сондықтан да бәсекеге қабілетті ұлт боламыз десек,  тәуелсіз Казақстанда ғылымның барлық саласы бойынша қазақ тілінде  орта, арнаулы және жоғары білім беру жүйесін сақтау ғана емес, дамыту шараларын қолға алу (кадр, оқулық, әдістеме т.б) – бірінші кезектегі іс болуы шарт.  «Қазақтың тілі тіл болу үшін – ғылымның тілі, бизнестің тілі, технологияның тілі болу керек» (А.Жұмаділдаев). 

2.  Ағылшын тілін  бастауыш сыныптардан бастап оқыту ісі де - сараптау мен талдауды қажет ететін мәселе.   Бұл жағынан да бізде асығыстық пен әдеттегі науқандық басым және әлемдік тәжірибе толықтай ескеріліп отырған жоқ деп есептейміз. Біз тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі ана тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқытуға тиіспіз.(А.Байтұрсынұлы). Барлық өркениетті елдерде шет тілдерін үйренуде негізінен осы жүйе қолданылуда.

Әлемдік тәжірибеде ана тілінің тілдік дағдыларын (ойлау, оқу, сөйлеу, жазу) еркін меңгергендер екінші, үшінші тілдерді керек, қажетті деңгейде ғана оқиды, үйренеді және ұлттық болмысты қалыптастыратын ұлттық тамырдың сақталуына ерекше көңіл бөлінеді.  Ұлттық тамырды сақтап қалу үшін де әлемдегі ұлттық сипаттағы (унитарлық) мемлекеттерде (Жапония, Германия) шет тілі  12-14 жастан оқытылады. Ал біздегі не асығыстық? Әлі өзінің ана тілінде ойлау, сөйлеу дағдылары толық қалыптасып үлгермеген бүлдіршінге 1 сыныптан ағылшын тілін оқыту, оның сағатын көбейту қандай қажеттіліктен туындап отыр? Осының ғылыми негізделген тұжырымы бар ма?  Жалпы бұл мәселеге қатысты мүдделі жақтардың, ғалымдар мен тиісті мамандардың  қатысуымен жоғары деңгейде арнайы жиын өткізу және ерте жастан үш тілді қатар оқытудың барлық өзекті мәселелерін ашық талқылау қажет.

3. ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтың  «қазақ  тілін жедел меңгерудің әдістемесін жасауымыз керек»  деген пікірін қолдай отырып,  қазақ тілін жедел үйрену әдістемесін жасау бағытытындағы жұмыстарды жалғастырумен бірге қуатты мемлекеттік тіл идеологиясын қалыптастыру, мемлекеттік тілді білуге ынталандыратын тетіктерді іске қосу сияқты шараларды қабылдау – уақыт талабы екенін ескерткіміз келеді. Елде қазақ тілін білудің біліктілік талаптары жүйесі жұмыс істеуі қажет (заңдық актілер негізінде). Өйткені тілдің қажеттілігі мен тілге деген сұраныс – тіл үйрену нәтижелілігінің басты шарты Қазір біздің «қоғамда мемлекеттік тілді меңгерудің әркелкі деңгейінің» немесе проблемалық аспектінің болуының және жылдап оқытсақ та қазақ тілін оқытудың нәтижесіздігінің  бірден бір себебі де қазақстандық қоғамда қазақ тіліне деген сұраныс пен қажеттіліктің тиісті деңгейде болмауы, қазақ тілін үйренуге деген ынта мен ниеттің төмендігі, мемлекеттік тіл идеологиясының әлсіздігі екені рас.

Ұлтымыздың ұлы құндылығын құлдыратпау үшін де бізге бұл бағытта шешуші, тәуекел қадамдар қажет. Біздің бүгінгі шешілуге тиісті басты мәселелеріміздің бірі  «мемлекеттiк тiлдi белсендi қолдану аясының кеңеюiне, оны заңның, ғылымның және жаңа технологиялардың тiлi ретiнде дамытуға» (Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы ) қатысты тиісті мемлекеттік органдар (білім және ғылым, мәдениет және спорт, әділет министрліктері) мен қоғамдық ұйымдардың, ұлт зиялыларының қатысуымен ең жоғары деңгейде арнайы жиын өткізу, тіл саясатын жүргізуде жаңа, шешуші бетбұрыстарға бастайтын шешімдер қабылдау және арнайы жиынды дәл биылдан қалдырмай, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырып өткізу туралы ұсыныс түсіреміз.

Болат  Жексенғалиев  - Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы

(ҚР Білім және ғылым министрлігіне жіберілген хатқа өңірдің белгілі тіл жанашырлары, ғалымдар, ұстаздар, журналистер, барлығы 50 ден астам адамдар қол қойды)

Abai.kz

 

0 пікір