БҰНДАЙ БАҚ-ҚА ОҚЫРМАНДЫҚ САНКЦИЯ ЖАРИЯЛАУ КЕРЕК
Орыс тілді «camonitor.kz» дейтін сайт ҚР Қылмыстық кодексі мен Конституцияда көрсетілген заң шеңберінен шығып, Тәуелсіз елімізде тату-тәтті өмір сүріп отырған қазақ ұлты мен өзге диаспора өкілдерінің арасына от тастады. Қазақтың сергек ойлы, белсенді азаматтарын ол «шовинист» деп айыптады. Ресми тілде сұхбат берген саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиевтің әлгі сұхбатына байланысты қазақ қоғамының бетек ұстар азаматтары да жауап баріп жатыр. Әуелі саясатанушы Айдос Сарым мен Расул Жұмалы өз ойларын ортаға салған еді. Кеше белгілі саясаткер Жасарал Қуанышалин мырза Сұлтанғалиевті «отарлық сана» боданы деп білетінін әм оны аяу керек екендігін айтқан, ал, бүгін танымал саясаткер Әміржан Қосанов мырза «Abai.kz» порталына арнайы сұхбат беріп отыр.
-Әміржан аға, «camonitor.kz» дейтін орыс тілді сайт қазақтың рухы сергек азаматтарын, қоғам белсенділерін «шовинист» деп айыптап, сол шовинистердің ұясы «Abai.kz» деп жатыр. Бұл Тәуелсіз елімізде терезесі тең, тату-тәтті өмір сүріп отырған ұлттар арасына жік салу емес пе?
-Өте орынды сұрақ! Дәл солай! Және де бұл жік салуды ана біреулер басқадан емес, қазақтан, оның қамын жеп, намысын қорғап жүрген азматтардан, тұтас бір ұлттық идеядан бастағысы келіп отыр! Не деген құйтырқылық десеңізші! Өйткені, қазақ ұлтшылдары ешқашан да басқа ұлттардың мүддесін тәрек еткен жоқ, керісінше, барлық мәселелер бойынша ол ұлттардың жағдайына ешбір нұқсан келтірмейтіндей қимыл-әрекет жасап келеді. Бірақ оның бәрі мемлекетті құрап отырған қазақ ұлтының мүддесін тәрк етуден тумауы тиіс! Басқасын айтпағанда, жалпыадамзаттық тәжірибе де осылай деп отыр емес пе?!
«Тисе, терекке, тимесе, бұтаққа» деген әулекі де әмбебап принцип біздің қоғамдағы қоғамдық пікірталастардың діңгегі боп бара жатқан сияқты. Себебі жоғарыда аталған екі сарапшы бәрін бір жерге үйіп, қосылмайтын тақырыптар мен бір-біріне мүлдем сәйкес келмейтін әрі саяси салмағы мен қоғамдық пікірдегі орны әрқилы тұлғаларды сапырылыстырып жіберіпті! Әйтпесе, Айдос Сарым мен Расул Жұмалы кім, ал басқалары – кім?
Ұлттық тұрғыдан үн қатып жүрген қазақ тілді БАҚ жетіп жатыр. Соның ішінде «Абай.кз» порталын ерекше атуында да үлкен мән бар: «Абай.кз» шын мәнінде ұлттық идеяны насихаттаушылардың мінберіне айналды. Сондықтан осы сынмен құттықтап қойғым келеді. Сынайды екен, ол да мойныдаудың бір түрі!
-Коммунист саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев Расул Жұмалы, Айдос Сарым секілді белсенді азаматтарды ортағасырлық реакционистерге теңепті...Тіпті қазақ ұлтшылдығы – жөргектегі нәрестенің деңгейінде дейді...
-Өз басым Қазақстандағы ұлттық-патриот күштерге берілген төмен бағаға әсте келіспеймін! Ұлтшылдардың да ұлтшылы бар. Бес саусақ бірдей емес, ұлттық идеяны өзінің төмен деңгейімен ұятқа қалдырып жүргендер де, мойындау керек, жоқ емес. Бірақ мына коммунист сыншы атап отырған Айдос пен Расул, басқа да теориялық базасы мықты азаматтармен оларды салыстыруға да, шатастыруға да болмайды.
Осы екі интеллектуалмен ашық пікір таластырып, өз ауыздарынан шыққан пайымдарды жоғарды аталған сайттың авторы қорғай ала ма екен? Гәп сонда! Басқа басылымның алаңында, бір жақты ғайбаттау ешкімге де жараспайды.
Біржақты әрі өзіне ғана пайдалы жағдайын біле отырып, екі «сыншы» («camonitor.kz» сайтынан сөз алған Сұлтанбек Сұлтанғалиев пен Данил Бектұрғановты айтады. - ред) ойына келгенін оттап, ұлттық тақырыпта ашық пікір білдіріп келе жатқан көптеген азаматтарға тіл тигізіп қана қоймай, жалпы Қазақстандағы ұлттық мәселенің шешілу жолдарына, оның ішінде, қазақ ұлтының болашағына біршама күмән келтірген екен.
-Мен сайттағы сыңаржақ пікірлер мен ондағы спикерлердің теориялық тұрғыдан қазақ тілді саясаткерлер мен саясаттанушылардың таяз білімді деп баға бергенін түсіне алмадым...
-Біріншіден, теорияның да теориясы болады. Бәрін бір ғалымның концепциясына салып қойып, классификациялау және де өзінің ерекше жағдайы мен шарттары бар Қазақстандағы ахуалды бір ұстаныммен ғана бағалау – барып тұрған сауатсыздық әрі әбестік.
-Ұлттық мәелелердегі басым бағыттардың әр түрлі кезеңде әртүрді мәнге ие болатынын олар түсінбей ме?
-Түсінеді. Бірақ өздеріне тиімсіз болғаннан соң, оны білмегендей болады...
Екіншіден, қазіргі Қазақстандағы ұлттық мүдде жолындағы күрес 70 жыл коммунистік империяның қайнауында боп келген ұлт мүддесі тұрғысынан жаңаша қарастырылуы керек! Ол туралы сыншысымақ авторлар ләм-мим демейді.
Үшіншіден, ол мақаланың өне бойында «ұлтшылдықпен қалай күресу керек?» деген тақырып менмұндалап тұр.
-Бұл белсенді азаматтарды билікке «шовинист» етіп көрсетіп, айдап салу ғой...
-Иә, бұл да кешегі совет идеологиясынан мұра боп қалған санадағы атабизм! Неге ұлт мүддесін ашық айтып, ол проблеманы шешудің өркениетті жолдарын ұсынып отырған қозғалыспен, оның көрнекті өкілдерімен күресу керек? Неге оларды билікке «жау» етіп, «жаман» етіп көрсетуіміз керек?!
Сондықтан да қазіргі Қазақстан саяси ойында «ұлтшылдық» деген терминді барлық жағынан – тарихи, глоссарийлік, психологиялық және саяси жағынан – реабилитациялап, ақтап алу керек! Сол кезде ол идеяға қарсы мынадай қауіпті әрі қара ниетті ойлар айтылмайды!
-«Сamonitor.kz» дейтін орыс тілді сайтта пікір білдіруші екі азаматтың қазақтың сергек ойлы азаматтарына шүйліккеніне қарағанда мұнда астарлы идеология жатуы әбден мүмкін ғой...
-Әрине, әңгіменің тағы бір моральдық астары бар. Неге қазақ ұлтшылдарына жеккөрінішті пікір қалыптастыратын осындай сұқбаттар қазақ басқарып отырған орыс тілді газетте жарияланып отыр?! (Газет пен сайттың бас редакторы экс-оппозиционер Бигелді Ғабдуллин екенін ескеретеміз. – ред.) Меніңше, осы жағдайда қоғам үнсіз қалмауы тиіс. Яғни, өз ұлтына тіл тигізген, оның қайта өрлеуіне титтей болса да күмән мен кедергі келтіргісі келген кез келген редактор қоғамның сөзсіз наразылығын сезінуі тиіс! Керек десек, ондай БАҚ-қа оқырмандық санкция жариялау керек! Ол басқаларға да сабақ болар еді.
Бір нәрсені мойындау керек: біздегі жағдайда көп нәрсе нақты саяси шешім қабылдайтын, оны орындата алатын ағымдағы билікке, ондағы нақты тұлғаларға байланысты! Сондықтан да біз, қоғам өкілдері, өкімет органдарына, әсіресе, идеология саласындағы басшы қызметтерге ұлттық мүддеге берілген, жан-жақты білімді, өз позициясын уәжді түрде қорғай алатын, жаңа Қазақстанның жаңа ұлттық саясатына лайықты үлесін қоса алатын, Мәскеуге не басқа жаққа жалтақтамайтын кадрлардың келуін бар жағынан қолдауымыз керек. Ол туралы ас үйде тығылып отырып емес, бар дауыспен, билікке ықпал ете алатындай түрде жария етуіміз керек! Билік ішінде жүрген ұлтшыл азаматтарды ашық әрі пәрменді түрде қорғауымыз қажет. Ашығын айтсақ, әзірше сол асыл азаматтардың біразы ресейлік пиғылдағы басшылардың құрбаны боп келеді.
Егер де билік органдарына ұлттық мүддені басты мақсат санайтын азаматтар келмесе, ЕАЭО да «құлпыра түседі», экономикамыздың «қытайлануы» да жалғаса береді!
Сұхбаттасқан – Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz