Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 4628 0 пікір 13 Сәуір, 2016 сағат 10:16

ҰЛТ ЖӘНЕ ҰЛТШЫЛДЫҚ ЫДЫРАТУШЫЛЫҚ ҚУАТ ПА?

ШЕКСІЗ ТӘУЕЛСІЗДІК БОЛМАЙДЫ...

Біз кім не айтса да, егер ақиқатқа тура қарайтын болсақ, әлі күнге Рессейге вассалдық бағыныштылықтан шыға алмай отырған ұлтпыз. Бұған себептерді жан-жақтан келтіре беруге болады. Бірінші себеп – мемлекеттік органдардағы жылдар бойы қалыптасып қалған іс басқару мен банк-қаржы тілінің орыстілділігі. Білім беру саласындағы барлық оқулықтар мен оқыту әдістемелерінің орыстілділігі. Осыдан келіп мемлекеттік басқару саласындағы орыс тілділер мен орыстық пиғылдылардың үстемдігі. Қазір: а) Барлық түпнұсқа оқулықтар орыс тілді, Рессейлік өнімдер. ә) Тіпті қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдісі де орыстық педагогика үрдісімен жасалған. б) Қазақ мектептеріндегі оқыту тілі қазақ тіліне көшірілгенімен оқыту әдісі орыстық үрдісте сақталып қалды... Олар осы ахуалдан еш айырылғысы келмейді. Олар біз Рессейден бет бұрған сәтте-ақ өздері ие болып отырған қоғамдағы барлық артықшылықтар мен құндылықтардан біржолата айырылып қалатынын жақсы ұғады.

Екінші себеп –  мемлекеттік басқару жүйесі мен бүкіл мемлекеттік органдардың жұмыс регламенті де Рессейлік нұсқада. Басқасын былай қойғанда, халқымыздың 70 пайызға жуығы өздерін мұсылман санайтын ел бола отырып, демалыс күніміз христиан дәстүріне сай жексенбі болып отыр. Осының нәтижесінде Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы жаппай құдайіздеушілік кезінде қаншама қандастарымыз жат діндердің етегіне кіріп кетті.  Бүгінгі таңда да, осының зардабынан қаншама заңқұрметтегіш мұсылмандар жұма күні жұмыстан шыға алмай, жұма намаздарын қаза қылса, заңға наразы әсіредіншілдер осы күні мешіттер мен басқа да діни ғибадатханаларда көпшілікке айналып, өз ықпалдарын емін-еркін іске асырып жүр.

Үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жалпы барлық себептер бізді қолды-аяқпен жетелеп, тура Рессейге апарып тіреп тұр. Тіпті біздің мектептер мен арнайы және жоғарғы оқу орындарындағы тарих пәнін тап бүгіннің өзінде Рессей ғалымдарының жазып берген ізін жалғастырып, тарихымызды тек қана рессейлік отаршылдық пен коммунистік дінсіздік арқылы оқытып келеді. Қоғам тану мен философияда тіпті масқара. Бүкіл әлемде философияда «материализм» деген термин мағынасыз, мәнсіз бір көзқарас қана болса, біздің студенттерге маркстік-лениндік адасу идеологиясы басты философиялық ілім, басты кітап түрінде оқытылып келеді. Санасы өзгермеген ұлттың ісі өзгере ме? Әлбетте – жоқ!

Біздің Рессейге экономикалық тәуелділігіміз де шындық. Біз қанша қарсы болайық, жақтырмайық, ұнатпайық алдағы жуық жылдарда Рессеймен одақсыз алға басудың ешбір жолы жоқ. Әскери тәулділігіміз тағы бар... Басқасын айтпағанның өзінде барша ғалам Қазақстанды Рессейдің вассалы ретінде танып, тап осы түсінікпен қарым-қатынас жасайтынын да ешкім жасыра да, жалғандыққа шығара да алмайды.

Бұл орайда Қазақстанның тәуелсіздігін тәуелсіз ету үшін Ел Президенті Н.Назарбаевтың да, оның командасының да атқарған, атқарып жатқан ісі мен жүргізіп отырған саясаты сөз жоқ, өте ірі. Бірақ біздің елдің ахуалы өте ұсақ. Оның ұсақтан бетер ұсақталып кетуіне себеп болған біздің ұлттық элитамыздың қалыптаспаған күйі жоқ болып жоғалып кетуі еді. Бұл орайда дана бабаларымыз «Қандай халық – сондай патша» деп дұрыс айтқан. Қазіргі күні Назарбаевты сынаушылардың қайсыбірі президент болғанымен елдің қазіргі күйін бұдан ары дамыта алмас еді.

Бұл үшін, қазір, Кеңестік орталық билікті айыптауға болады. Бұл – сол замандағы зұлым саясаттың салдары. Мәскеудің қазақтың ғана емес, басқа ұлттардың да ұлттық элитасын қасақана алалап, бөлшектеп, бір-біріне айдап салып ұстағаны рас. Осының салдарынан қазақтың ұлттық элитасы егемендік алған алғашқы жылдар ұлттықтан ұсақталып, рулық деңгейге дейін құлдырап, топтар мен топшықтарға бөлініп кетті. Тарихшылар өз руының тарихын қазбалап, жазушылар өз руының батырын дәріптеп, ту-талапай болып жатты. Бұндай «элитаның» көмегіне сүйеніп ел басқару мүмкін емес болатын. Саясатшыларымызда да осындай кесел болды. Бұл ахуал кез келген қоғам мен ұлт үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына тән, заңды қоғамдық құбылыс болатын. Бұны «тәуелсіздіктің балалық ауруы» десе де болады. Осы аурудың шектен шығып кетуінен тәуелсіздік үшін бірігіп күрескен Үнді халықтары бірнеше мемлекеттерге бөлініп кетсе, ендігі бір елдердегі оянған азаматтық соғыстар әлі күнге жалғасып келеді. Бұл кеселдің тым ұзап, жалғасып кетуі қауіпті тенденция. Тарихта бұндай ұсақшылдықтар аяусыз басып-жаншу, жою арқылы доғарылған, тоқтатылған. Гегельдің моральдық адамгершілік тәрбиеден заңдық тәрбиені биік қоюының шындығы да осында еді. Біздің елімізде бұл аурудан айналып өтпеді. Бірақ оны асқындырмады.  Президент Назарбаевтың оның имиджмейкерлерінің халыққа жеткізе алмай жүрген қызметі осы болатын. Назарбаев саясаткер ретінде бұл алалықты не ұлтаралық, не саяси,  не азаматтық алауыздыққа дейін жібертпеді. Бәрі де болды. Бірақ қалай дегенмен, біздің саяси басшылар да, ұлттқ элитамыз да бұл орайда эволюциялық жолды таңдады.

Кеңес одағы кезінде орталық билікке қарсы тұру қабілеттері бар ұлттық элита қалыптасып, өздерінің ұлтшылдық болмысын көрсете білген еді. Жаңа қоғамдық қатынастар мен қоғамдық құрылым, құндылықтар өлшемі ол элитаны қоғамдық-саяси сахнадан шығарып тастады. Оның орнын жаңа, барынша маргиналданған топ басты. Біздің қазіргі проблемамыз осы топ болып отыр. Бұл да тарихтағы, немесе адамзат қоғамының дамуындағы тосын жайт емес. Бар болғаны қоғамның даму диалектикасындағы терісті терске шығаруды терістеудегі бір буын ғана. Біздің мысалда тоталитарлық коммунистік режим теріске шығарылып, оның орнына демократиялық ұлттық мемлекет құру мақсат болды. Кеңестік коммунистік қоғамда терістерді терістеу бұған дейін де бірнеше рет орын алған еді. Ең алдымен В.Ленин К.Марксті теріске шығарды. К.Марксте «социалистік» деп аталатын қоғамдық формация жоқ еді. Онда «әскери коммунизм» сосын «коммунизм» ғана болды. И.Сталин В.Ленинді теріске шығарды. Оның социализм туралы терминін сақтап, Жаңа Экономикалық Саясатын теріске шығарды. Жартылай әскери коммунистік қоғам құрды. В.Сталинды Н.Хрущев, оны Л.Брежнев, оны Ю.Андропов, оларды М.Горбачев, оны Б.Ельцин теріске шығарып, ақыр соңы ұлттық республикалар бұндай Одақтан бас тартты. Қоғамдық даму дегеніміз осы – ескіні жаңа ұдайы терістеп отырады. Қазақтар мұндайда «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деп тура айтады. Біздің ұлттық элитамыз осы терістеу мектебінен өткен, соған ғана бейімделген элита болатын.

Осыдан келіп, біздің ұлттық саяси элитамыз да,  рухани элитамыз да, жалпы халқымыз да қоғамдық-экономикалық формация түбегейлі өзгеріп, барша құндылықтар алмасқан жағдайда оны тану мен соған сай амалдар ұйымдастыруда дайын болмай шықты. 1991-жылғы тәуелсіздік шеруінен соң Қазақстанда билікке таласушы, қоғам мен ұлтты дамытудағы өзіндік бағдарламасы бар «мен» деген тұлға, «біз» деген саяси ұйым болған жоқ. Нәтижесінде өзінің Тәуелсіздік туралы декларациясын ең соңынан жариялаған ел Қазақстан болды. Бұл үшін қазіргі «данышпандар» сол кездегі билік басында отырғандарды кіналайды. Бұл тегінде қате тұжырым. Шындығында тәуелсіздікке халық та, сол халықты біріктіруші ұлт та дайын емес еді. Оған 1991-жылғы наурыз айында «Одақты сақтап қалу, қалмау жайлы» өткен референдумның қорытындыларымен танысқан кісінің көзі бірден жетеді.

Егер сол кезде ел басқарып отырған кез-келген адам атойлап алға ұмтылып, елді «революцияға», антирессейлік, антиодақтық бастамаларға шақыратын болса, ол кісінің ахуалы «уақытынан бұрын шақырған әтештің ахуалындай» болар еді. Біз басқа республикалар мысалынан ондай уақиғаларды жақсы білеміз. Грузи халқы да, Азербайжан халқы да бір сәттерде ұлтшылдық ұранымен өздері сайлаған ұлтшыл президенттерден өздері бас тартып, бұрынғы президенттерін қайта тапты. Себебі, олардың да  таңдаған жолы эволюциялық жол еді. Олар бір заманда миллиондаған отандастарының өмірін жойған революцияның құнын жақсы білді. Ал, эволюциялық даму тенденциясында бұрынғыны теріске шығарудың бұндай әдісі ескінің ішіндегі жақсыларын ғана емес, жақсы пайда болғанға дейінгі өзгерту амалы жоқ ескілерді де сақтап қалуға мәжбүр. Тіпті, революциялық секіріс уақиғаларында да жаңа ескіні толық лақтырып тастамайды, түгелдей жойып жібере алмайді. Рессейдегі коммунистік төңкерістен кейінгі «бұрынғы мемлекеттік шенеуніктер» мен «әскерилерді» мемлекеттік қызметке қайта тартуға мәжбүрлігінің себебі де осы болатын. Тек осы амалдардан соң ғана Кеңес үкіметі құрылып, мелекеттілік қамтамасыз етілген еді. Себебі ескісіз ешқандай жаңа бола алмайды. Ескі нәрсе жаңаның пайда болуының тегі, тірегі болып табылады. Егер одан толық қол үзілсе жаңаның ахуалы тамырсыз терекке тең.  Себебі олардың арасында түпсіз тұңғиық жоқ, себеп пен салдар түріндегі мықты байланыс бар. Жаңа ескіден өзінің алдындағы дамудың барлық жетістіктерін қабыл алғанда ғана жаңа бола алады.

ЕСКІ ЖӘНЕ ЖАҢА

Бұл туралы көне жазбаларда А.Македонскийдің тәжірибесі мысал ретінде алынады. Александр Македонский жастық шағында әкесінің қарамағындағы билеушілер мен әмірлеріне өте наразы болған адам. Кейбір тарихшылар осы үшін әке мен баланың арасында түсініспеушіліктер де болғанын айтады. Әкесі өліп, таққа отырған соң Александр Македонский әкесінің тұсындағы жемқор, жатыпішер, маскүнем болған әкімдер мен билеушілерді түгел қызметтен қуу туралы өкім шығартады. Сонда Аристотель шәкіртіне оған қол қоймай тұрып, базарды аралап, халықтың ахуалын көріп келуді ұсынады. Македонский мұны қабыл етіп, екеуі базар аралап, қайтар жолда қақпа алдында отырған қайыршыны көреді. Ол байғұстың бет-аузындағы жараға шыбындардың құжынағаны сол, реңі де көрінбей отыр екен. Аристотель оны аяған болып, қайыршының бетіндегі шыбынды желпуішімен қуады. Сонда қайыршы оған: «Ей, жақсы адам. Менің саған не жазғаным бар еді, маған соншалықты жамандық ойлап, жаныма азар беретіндей?» дейді. Аристотель оған «Мен саған қорлық көрсетпедім, жақсылық ойладым. Бетіңді шыбыннан қорыдым» деп жауап қатады. Қайыршы оған: «Ей, жақсы адам. Ол шыбындар менің бетіме ертесімен қонып, жейтінін жеп, ішетінін ішіп, енді тоқтықтарын басып, тыныш отыр еді. Менің де жаным тыныш тауып енді көз іліп едім. Сен оларды қудың. Олар қонған жерінен маған қайтып келмейді. Олардың орнын аш шыбын басып, мені қайта сорады ғой. Бұл енді қорлық, қорлықтың ең жаманы емес пе?!» деп жауап қатады. Аристотель бұрылып Александр патшаға қарайды. Александр патша өзінің әмірі туралы ойлайды. Жарты әлемді жаулап алған бұл патша сол уақиғадан соң әкесінен қалған бірде бір әкімді де, әмірді де, уәзірді де орнынан ауыстырмай ұлы ерліктерді іске асырып,  жарты ғаламды жаулап алып, әділетті қоғам орнатқан. Конфуций ұстаз да барша заман үшін дұрыс айтады: «Мәселе орындаушыларда емес, оларға өкім берушілердің қолдары мен арларының тазалығында».

Материалистік диалектикада «қажеттілікпен» қатар жүретін «кездейсоқтық» деген категория бар. Бұны марксшілдерден басқа диалектиктер мойындамайды. Сол мойындамаушылардың пікірі дұрыс секілді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның егемендік алғаны біреулер ойлағандай ешбір кездейсоқтық емес. Ұзақ жылдар бойғы ұлттың ішкі дамуының, толысу мен толығуының, пісіп-жетілуінің жемісі. Тап осы тұста билік басында болғандардың билік басында отыруы да кездейсоқ уақиға емес. Бәрі осыған дейінгі қордаланып, жинақталып қалған жағдайлардың шешімі, шешілуі.

Бұндай даму процесіне байланысты Гегель мынадай мысал келтіреді: Өсімдік өсе келе гүл жарады. Гүл-өсімдіктен басқаша. Гүл өзін шығарған нәрсені теріске шығарады. Ол оған қарама-қарсы нәрсеге айналады.  Бірақ солай бола тұра, ол өсімдіктің өз туындысы, ол өсімдікті терістеу арқылы ғана оның болмысын растайды, бекітеді, одан ары жалғастырады. Гүлден шыққан жеміс те гүлден тіпті басқаша, тіпті бөтен болып көрінеді. Жеміс гүлді де, ол арқылы өсімдікті де теріске шығарады. Оның осындай теріске шығаруы өсімдіктің бүтін болмысын жалғастырып, одан ары дамытудың бірден бір жолы.

Біздің ұлттық қоғамымыздың дамуы тарихы осы өсімдікке ұқсайды. Қазақ халқы ұлт болып сақталып қалу үшін тағдырдың түрлі соқпағынан жүріп отырды. Ол бірде патша, бірде құл болды. Дауылға да шалдықты, басқаға да ұшырады. Азайды, азды, тозды, қайта толықсыды. Соның бәрінде бір ахуал бір ахуалын терістеп те отырды. Ең соңы атеистік-коммунистік билеуші партия орнатқан тоталитарлық тәртіп түрлі амалдармен мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан халқымыздың ұлттық мәдениеттерін тұншықтырып, «Мазмұны жағынан социалистік, формасы бойынша ұлттық» дейтін жалған ұранды жамылып тек қазақтардың емес, басқа да барша ұлттардың да мәдениетін темір тор шеңберінен шығармай ұстап келді. Сол тапталған ұлттардың ішінде КСРО-ны құрушы ұлт – орыс халқы да болды.

Тоталитарлық режим бұл халықтардың болмысының сыртқы формалары мен кейбір жекеленген мазмұндарын өзгерте алғанымен рухани мазмұндарын, ұлттық зердесін өзгерте алмады. Тап осы себепті де бұл ұлттар Гегель мысал еткен гүл секілді бір сападан екінші сапаға құбылып тұрғанымен түпкі мәндерін өзінде сақтап қалды. Бірінші мүмкіндік пен жағдай туысымен сыртқа шықты.

Біз бүгінгі қоғамды құру арқылы нағыз дүбара қоғам, дүбара ұлттық құндылықтар, дүбара болмыс жасадық. Бұл ескі деу үшін ескі де емес, ескіге тіпті ұқсамайды. Жаңа дейтіндей жаңа да емес, тұла бойы ескінің қалдықтары. Бұл нағыз өтпелі кезең. Бұл қоғам дүбара қоғам. Сондықтан онда ұлттық сана да дүбара күй кешеді.

(Жалғасы бар. Басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/view?id=7470)

Әбдікәрім Әбдімомынов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496