Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6825 0 пікір 30 Мамыр, 2009 сағат 10:48

Павлодар атауын ауыстырудың тиімді жолы

Ғұлама бабаларымыздың бірі Әбу-Райхан әл-Бируни: «Жер аттары басқа халықтың сол жерді жаулап алуымен бірге өзгереді. Олар өз тілдеріне көшіргенде, атау міндетті түрде өзгеріске ұшырайды, бірақ бастапқы мағынасын сақтап қалады» – деп, жер-су аттарының тарихи оқиғаларға, қоғамның саяси өміріне тікелей байланысты екенін айтып кеткен. Кезінде топонимист Е. М. Поспелов: «Географиялық атаулар да, сол сияқты қоғамдық институттардын өзі де мазмұны жағынан саясатпен тікелей байланыста жатады. Қоғамдағы үстем тап жер-су атауларын өзінің идеологиясы мен саясатына бағындырмай тұра алмайды» – деп атап көрсеткен. В.А Никонов болса, «Топонимика амалсыздан идеологиялық функцияға жегіледі» деген. Қоғамдағы әрбір саяси–экономикалық өзгеріс те сол қоғамның топонимикалық жүйе кеністігіне терең із қалдырып отырады. Осындай топонимикалық құбылыстардың саяси-әлеуметтік болмысын байыптай отырып, сырттан енген немесе халық еркінен тыс тағылған жер атауларының бәрі де – отаршылдық мазмұндағы атаулар деп білеміз. Олардың көпшілігі қала, кент, елді мекен атаулары.
Павлодар облысының жер-су атауларын зерттеу барысында, жаулаушылардың және отаршылардың жергілікті атауларды екі түрлі себеппен: бірі – атауды дұрыс айтуға тілі келмегендіктен, екіншісі – жерді өздеріне меншіктеп алуды көздегендіктен өзгертіп жібергенін байыптадық.

Төрт түрлі тарихи кезең: ХІІІ ғасырдың басындағы монғол шапқыншылығы; XVIII ғасырдың басындағы жонғар қалмақтарының шабуылы; XVIII ғасырда басталған патшалық Ресей отаршылдығы, ХІХ ғасырдың аяғымен ХХ ғасырдың басында Ресей мен Украинадан қоныс аудару үрдісі (Столыпин тұсында); Кеңес үкіметінін орнауы мен тың және тыңайған жерлерді игеру топонимиканың өзгеріске ұшырауына қатты ықпал еткен.
Бастапқы екі кезеңде Қазақстанда монғол (қалмақ) тілінен енген жер-су атаулары пайда болса, соңғы екі кезеңде көптеген (600-ден астам) орысша елді-мекен атаулары пайда болған.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Столыпиннің аграрлық реформасы жылдары Ресейден, Украинадан қоныс аудару бұқаралық сипат алды. Соның нәтижесінде, ХХ ғасырдың басында Павлодар уезінде 220-дан астам қоныс аударушылар селолары салынды. Император Романовтар әулетіне байланысты: Романовка, Николаевка, Алексеевка, Еленовка, Ириновка, Татьяновка, Борисовка, Ольгина, Наташина, Павлодар (Павелға сыйлық) тәрізді патша үкіметінің белгісін білдіретін барлығы 605 топоним қалыптасты.
Біз зерттеген масштабы 1:100000 топокарта негізінде (1942-1989жж) облыс аумағында 4412 топоним анықталды, оның 65,5% -ы қазақ, 19,3 % -ы көне түркі, 13,7 % -ы славян, 1,5 %-ы басқа тілдік (араб-иран, моңғол-қалмақ) қабаттарды құрайтыны сараланып, Кереку өңірінің географиялық атаулары негізінен көне түркі тілінде және қазақ тілінде екені дәлелденді.
Қазақ әдебиетінің ірі өкілі М.Ж. Көпеев еңбектерінде Павлодардың бұрынғы аты – Тұзкент, өйткені бүкіл Алтай, Сібір халқы тұзды Ертіс өңірінде осы қаладан тасыған. Ол кезде тұз өте ұтымды тауар болған, өйткені, адам да, мал да тұзсыз өмір сүре алмайды. Абылай хан қазақтан түйе жидырып, қырық би және Жанайдарды атшы қылып Сарыарқадан тұз жіберіпті делінеді.
Қазақтар әлі де Павлодар қаласын Кереку деп атайды. Ал бұл атауды Тарск көпесі делінетін Коряков дегеннің есімімен байланыстыру негізсіз. Біздің пікірімізше, Кереку атауы орта Ертіс өңірінің көне түркі, қимақ дәуірі кезінде қалыптасқан ежелгі атауларының бірі.
Ж.О. Артықбаев, Қ.Ж. Нұрбаев, Т. Еңсебаев, А.Қанидың т.б Кереку атауы жөніндегі көптеген ғылыми мақалалары жарық көрді. Ж. О. Артықбаев Павлодар қаласы орналасқан жер ертеде Кереге жар (Кереку Яр) атанған, осы атау кейін славян лексикасының әсерімен Коряков Ярға айналып, бекіністің аты ретінде құжаттық айналымға түскен деген ғылыми топшылауды С.У. Ремезовтың картасымен негіздеді.
Ал Коряковка елді мекені Павлодар қаласынан солтүстік-шығысқа қарай он шақырым жерде орналасқан. Жергілікті қазақтар Коряковка салынбай тұрған кезде «Құрманкөл», «Құрмантұз» – деп атаған.
Дегенмен, «Павлодар» атауы отаршылдықтың белгісі екені айқын және оны ауыстырудың қажеттілігі де байқалады. Осы атауды өзгертудің тиімді, жағымды жолы қаланы Ертіс деп атау деп санаймыз. Бұл – Павлодар облысының аумағын екіге бөліп ағатын Ертіс өзенінің атауы және тап осы формада VIII ғасырдағы Күлтегін және Тонукөк ескерткіштерінде кездесетін тарихи атау болып табылады.
Сондықтан мыңжылдық тарихы бар Ертіс атауын – оның жағасындағы Павлодар қаласына берсе, ешқандай талас туындамайды деген ойдамыз. Ақсу, Қарасу атауларының біздің облысымыздың өзінде, сондай-ақ өзге аймақтарда да жиі кездесетінін ескерсек, облыс орталығы мен облыстың бір кентіне қойылған Ертіс атауы көптік етпейді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Поспелов Е.М. Топонимика в школьной географии: Пособие для учителей – М: Просвещение, 1981. - 144 с.
Сапаров Қ.Т. Павлодар облысының топонимикалық кеңістігі (қазақтардың кеңістікті игеру тәжірибесінің жер-су атауларында көрінісі). Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2007. - 308 б.
Никонов В. А. Краткий топонимический словарь, М., 1966.-334с.
Ж.О. Артықбаев, А.Ж. Ерманов, Е.Н. Дауенов. Орта Ертіс өңірінің топонимикалық мәселелері. Павлодар, «Алтын кітап», 2006. - 151 б.
Малов С. Е. Памятники древнетюркской писменности.-М., Л., 1939, С.32
Қашғари М. Түрік тілінің сөздігі (Диуани-лұғат-ит-түрк) 3 томдық шығармалар жинағы (ауд. А. Егеубай). Алматы: Хант, 1997, 1353 б.
Аспандияров Б. Этимология некоторых топонимических названий (К вопросам исторической топонимики) // География в школах и в Вузах Казахстана. Алматы, 2007. №1. – С. 38-43.

Қуат Табылдыұлы Сапаров, география ғылымдарының кандидаты, доцент, «Ғылым сардары» сыйлығының иегері.

«Ертіс дидары» газеті
http://www.ertisdidary.ucoz.kz/

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965