Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6358 0 пікір 18 Наурыз, 2016 сағат 08:32

ЖЕТІМ БАЛАЛАР ҮЙІНЕН БАС ТАРТАЙЫҚ!

 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы бойынша   Парламент Сенатының отырысында депутат Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ   сөз сөйлеп, қазақ қоғамын жетім балалар үйінен бас тартуға шақырды.

 

Құрметті төраға!

Қадірлі әріптестер!

Заң жобасы еліміздегі балалардың әл-ауқатын арттыру қажеттігіне, балаларды отбасында жан-жақты тәрбиелеуге жағдай жасауға, балалардың құқықтары саласында  мемлекеттік басқаруды  және ақпараттық тетіктерді жетілдіруге, баланың жетім болып қалмауының алдын алу, бала тәрбиелеудің асырап алу, қорғаншылық және қамқоршылық, патронаттық тәрбие нысандарының құқықтық және экономикалық тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондықтан да осы заң жобасын аналық жүректерімен әзірлеген барлық депутат әріптестерімізге үлкен рахмет айта отырып, заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын.

Сонымен қатар осы салада қордаланып қалған кейбір мәселелерге үкіметтің назарын аудартқым келеді. Қазіргі таңда елімізде 146 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйі бар. Олардағы әрбір тәрбиеленуші балаға мемлекет тарапынан жылына 1 млн. 700 мың теңге қаржы бөлінеді. Осындай қомақты қаржыға қарамастан балалар үйінде қолайсыз жағдайлар көп орын алып келеді.

Мысалы, ЮНИСЕФ балалар қорынан әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша  еліміздегі балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің жартысынан астамы жүйелі түрде зомбылық пен күш көрсету бар екенін айтқан. Бас прокуратураның мәліметі бойынша соңғы екі жыл ішінде балалар үйінен 457 бала заң аясында бала асырап алу кезегінде тұрмаған азаматтарға беріліп кеткен. Шетел азаматтарына баланы беру үшін жалған құжаттар толтыру фактілері де орын алып келеді. Зерттеулерге сүйенсек балалар үйінен шыққан түлектердің 30% ғана өмірде өз орынын табады екен. Сонымен бірге олар кәдуілгі отбасында тәрбиеленгендерге қарағанда  анағұрлым көп құқықбұзушылық жасайды. Соңғы жеті жыл ішінде балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан 14 мың жастың 823 ғана, яғни 5,8% пәтерге ие болған. Демек, еліміздегі жетім және  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйі өзінің тиімділігін көрсетіп отырған жоқ.

Дәстүрлі қазақ қоғамында жетімін тентіретіп, көрінгеннің қолшоқпарына айналдыруға ешқашан жол бермеген. Ата-анасыз қалған баланы не туысы, не ауқатты адам асырап, өз баласындай жағдай жасаған. Шетелдіктер біздің балаларды не үшін сатып алады, оларға сәбилердің қаншалықты пайдасы барын сараласақ, біріншіден оларда баланы асырап алушының ата-анасы маскүнем, қаңғыбас болса да тастанды баланы асырап алуға құқы бар. Екіншіден, бала асырап алушыға салық мемлекет тарапынан барынша жеңілдетілген. 1999 жылдан бері аурушаң, әлжуаз балаларды шетелдік азаматтар  асырап алды деген желеумен  9 мыңға жуық қазақстандық балалар  әлемнің 30 еліне таратылған екен. Осы тұл жетімдердің  50 %-ға жуығы қара көз қазақ балалары, солардың бойында қазақтың қаны, ар-ожданы кетті және олардың  500-ден астамын АҚШ тағы жалғызбасты әйелдер мен еркектер асырап алған. Осылайша мыңдаған сәбиімізді шет мемлекеттерге асырып жібергеніміз дұрыс па? Шыр етіп дүниеге келгелі тастанды, жетім, жетімек боп қалуына олар кінәлі емес қой.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек жапырақтай Латвия мен Литваның балаларын тек сол мемлекеттен қоныс аударған шетелдіктер ғана асырап алуға құқылы болса,  ал Израиль мен Армения баланы тек өз ұлтының өкілдеріне ғана береді.

Жалпы «жетім балалар үйі» бұл – кешегі советтік қоғамнан қалған сарқыншақ. Қазір әлемнің көптеген елдерінде  Англия, Израиль, АҚШ, Канада мемлекеттерінде балалар үйі мүлдем жоқ. Сондықтан да біз де елімізде балалар үйі болмайтындай жағдай жасауымыз керек.

Қазір еліміздегі баланы патронаттық тәрбиеге алған тәрбиешіге баланы ұстап тұруға бір реттік 150 мың теңге, 21210 теңге жәрдемақы және 35 мың теңге айлық беріледі. Салыстырмалы түрде қарасақ, АҚШ-та баланы асырап алуға 10 мың доллар және ай сайын 900 доллар көлемінде жәрдемақы төлейді. Канадада ай сайын 800 доллар жәрдемақы береді.

Қазіргі таңда патронаттық отбасыларында 1900 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл, әрине, аз. Ресми емес деректер бойынша елімізде баласыз жұптар саны 100 мыңның үстінде екен. Олардың көпшілігі балалар үйінен бала асырап алғысы келеді. Бірақ бала асырап алудағы толып жатқан табалдырық тоздыратын жағдайлар оларға кедергі жасайды.

Сондықтан бала асырап аламыз деген кез-келген қазақ отбасын қолдап, қуаттап, мүмкіндігінше сенім білдіре отырып, бала асырап алған жанұялар мен патронат отбасыларға берілетін қаржылай көмек мөлшерін ұлғайту арқылы балалар үйі жүйесінен бас тартуымыз керек деп санаймын.

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522