Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5980 0 пікір 30 Маусым, 2010 сағат 11:34

РЕСЕЙМЕН ОДАҚТАСУ – БАҚ ПА, СОР МА?

Өткен тарихымызға ой жiберiп, жақсылығы мен жамандығын тiзбектеп сараласақ, Рееймен жақындасудан тапқан пайдамыздан, тартқан залалымыз көп екен. Әлдекiмдердiң өнеркәсiбiмiз дамыған индустриялы елге Ресейдiң арқасында қол жеткiздiк деген сөзi - бiлместiң сөзi. Елiмiздiң ерен кен байлығы мөлшерiмен бағамдасақ, бiзге индустриялы ел болу - маңдайға жазылған мұра. Ерте ме, кеш пе, бiз ол мұраны орыспен болмаса, басқа да экономикасы дамыған елдермен бiрiгiп, бәрiбiр игерер едiк.

 

ӘСКЕРИ ҚАТЕР

Ең бастысы, Ресеймен жақындасу - бiздiң ұлттық-рухани мұрамызға орасан зор кесапат әкелдi. Оның бәрiн тiзбек­темей, елi­мiздiң орыстанып кеткен сол­түстiгi мен шығысын, қазақ тiлi­нiң iскерлiк-қатынастық қолданысына жасалған агрессияны еске алсақ, империялық езгiнiң бүгiнгi нәтижесiне қысқаша жауап аламыз.

Өткен тарихымызға ой жiберiп, жақсылығы мен жамандығын тiзбектеп сараласақ, Рееймен жақындасудан тапқан пайдамыздан, тартқан залалымыз көп екен. Әлдекiмдердiң өнеркәсiбiмiз дамыған индустриялы елге Ресейдiң арқасында қол жеткiздiк деген сөзi - бiлместiң сөзi. Елiмiздiң ерен кен байлығы мөлшерiмен бағамдасақ, бiзге индустриялы ел болу - маңдайға жазылған мұра. Ерте ме, кеш пе, бiз ол мұраны орыспен болмаса, басқа да экономикасы дамыған елдермен бiрiгiп, бәрiбiр игерер едiк.

 

ӘСКЕРИ ҚАТЕР

Ең бастысы, Ресеймен жақындасу - бiздiң ұлттық-рухани мұрамызға орасан зор кесапат әкелдi. Оның бәрiн тiзбек­темей, елi­мiздiң орыстанып кеткен сол­түстiгi мен шығысын, қазақ тiлi­нiң iскерлiк-қатынастық қолданысына жасалған агрессияны еске алсақ, империялық езгiнiң бүгiнгi нәтижесiне қысқаша жауап аламыз.

Ал қазiргi Қазақстан билiгi­нiң ойлап тауып жүрген «Евразиялық одағы» да, «Кедендiк одағы» да, «Әскери одағы» да ел мүддесiн көздеген саясаттың сиқы емес. Бұл - ел басындағы би­­лiктi сақтап қалудың амалынан туған саяси сауданың сықпыты. Орыспен жасалған ондай одақтар, айналып келгенде, Қа­зақстанның болашағына үл­кен қатер төндiретiн, елдi әлем­дiк әс­­кери кикiлжiңнiң ортасына айналдыру қаупi зор одақтар екенiн ескеру керек. Оның басты себебi - ядролық держава­лар­­дың мүмкiн болар өзара жанжалы туындаған жағдайда, Ресейдiң космостық және ядролық күштерiнiң негiзгi базасы боп саналатын Қазақстан ядролық-ракеталық шабуылдардың №1 нысанасына айналары даусыз!

Қазiрдiң өзiнде Астана тарапынан жiберiлген «жалпақ­ше­шей­лiктiң» арқасында Ресейдiң стратегиялық мақсаттағы әскер­лерi Қазақстанға кiрiп, Елiмiздiң тәуелсiздiгiне тiкелей қауiп төн­дiруде. Атап айтсақ, Қазақстан билiгi 11 миллион гектар қазақ жерiне орналасқан бұрынғы жетi советтiк ядролық-ракеталық сынақ полигоны мен әс­кери базасын болмашы «жал­қар­жыға» Ресейге қайта берiп те үлгердi. Еске сала кете­йiк, бұл полигондардың қысқаша сипаттамасы мынадай:

Ресей Қорғаныс министр­лi­гiне қарайтын № 5-шi Байқоңыр сынақ полигоны мен космодром. Бұл ракетадромда 1957 жылдан берi 1100 түрлi ракеталармен қатар, 30-дан астам жаппай қы­рып-жоятын континентаралық баллистикалық ракета сыналған. Ре­сейдiң ғарышқа жiбе­рiлiп жатқан космостық ке­ме­лерiнiң 70 пайызы осы Байқоңырдан ұшырылуда. Бұл космодромнан ұшырылатын адамзат пен қор­шаған ортаға аса қа­уiптi «Про­тон», «Зенит», «Союз», «Днепр» раке­та­ларының 1-3-шi сатылары Қызылорда, Қарағанды, Павлодар, Солтүстiк және Шығыс Қазақстан облыстары аймақтарына құлайды. Қазақстан үкiметi қазiр бұл сынақ кешендерiн Ресейге 2050 жылға дейiн жалға бердi!

Батыс Қазақстандағы Азғыр, Тайсойған, Ембi маңына орналасқан     № 85, 171 және 231-әскери сынақ полигондары. Бұл Ресейдiң Қор­ғаныс министрлiгiне қа­райтын стратегиялық әскерлерiнiң 929-шы мем­­­­лекеттiк ұшыру-сы­нақ орталығының штабы Астрахань облысының Ахтуба қаласында орналасқан. Бұл жерлерде жаңа ракеталар түр­лерi сыналуда. Ресей же­рiнен атылған ракеталар жә­не әскери Әуе күш­терi мен Әскери теңiз күш­терi авиациясының ұшақтары да осы қазақ жерлерiн оқ нысанасына айналдырып, атқылап жаттығады. Ал мұндағы жан-жануарлар мен жән­дiктер, өсiмдiктер дүниесi химиялық улар мен отқа оранып құрып жатыр. Күнi кеше ғана (16-24 май, 2010 жыл.) осы жерлерде жаңа қа­рудың сынағы нәтиже­сiн­де 12 мыңнан астам «Қызыл кiтапқа» кiретiн дала ақбөкендерi қы­рылып қалды. Ал мұны билiктiң сойылын соғып, солардың айтқанынан шыға алмайтын ветеринар мамандар «пастереллез» деген iндет деп жалтаруда. 1988 жылы Байқоңырдан ұшқан, қор­­шаған орта мен адам­затқа аса қатерлi, салмағы - 2360 тонна, ұзындығы - 59 метр, диаметрi - 18 метр, 3 сатылы «Буран-Энергия-11К25» деген тажал ракетасы ұшырыл­ғанда, осы елсiз далада жайылып жүрген 0,5 мил­лионнан астам ақбөкен мен басқа да жабайы аңдар, малдар қырылып қалған болатын. Сол кез­­дерi Жер-Жаһанға қа­тер әкелетiн бұл «жауыздық жобаға» қарсы бү­кiл адамзат қауымы қар­сы шыққасын, бұл зымырандарға тыйым салынды...

Ресейдiң Астрахань облысындағы Капустин Ярда орналасқан 4-шi мемлекеттiк сынақ полигоны да Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарында ракеталар мен қоршаған ортаға аса қа­терлi түрлi қаруларды сы­нақтан өткiзуде. Жә­не бұл жерде Ресейдiң 20-шы ерекше Сынақ станциялары да (ИП-8 және ИП-16) орналас­қан.

Ресейдiң Қорғаныс министрлiгiне қарайтын №10-шы «Сарышаған» әскери полигоны Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе облыстары аумағын қамтып, жал­­пы 80 мың шаршы шақырым жердi алып жатыр. Солтүстiктен оңтүстiкке қарай енi 250 шақырым, батыстан шығысқа қарай 600 шақырымға созылып жат­қан аймақтарды Ресей түрлi қаруларын, әсiресе зениттiк ракеталық кешендердi (ЗРК) сынайтын «Капустин Яр-Сары Шаған» ракеталық трассаларына айналдырған. Бұл полигонның штат­тық басқармасы 4-шi Мемлекеттiк сы­нақ полигонына қарайды. Бұлар қазiр осы жерде қаһарлы ЗРК-500 жаңа қарулар түрiн сынауды бастамақ...

Ал Ақтөбе облысының Жем ауданы («Эм­­ба» полигоны) жерiнде орналасқан         № 11-сынақ полигонында Ресейдiң 5580-шi сынақ жұмыстарын жүр­гiзетiн iрi базасы да қайта орналасып, түрлi қаһарлы қаруларды сынақтан өткiзiп, ауа райы мен табиғатты ойрандап, тiр­шi­лiк көздерiн улап, жоюда.

Ресейдiң ракеталық шабуылдардың алдын алу мақсатындағы стратегиялық Космостық әс­керлерiнiң № 3-шi ар­мия­сының радиотехникалық «Балқаш-9» - деп аталатын iрi әскери базасы Балқаш көлiнiң жағасындағы Приозерск қаласына жақын жерде орналас­қан. Сонымен қа­тар бұл әскери база осы полигондардағы неше түр­­лi адамзатты жаппай қырып-жоятын қа­руларды сынау нәти­же­сiн де тексерiп, қо­ры­тын­­ды шығарып отырады.

Ресейдiң Қарулы Күш­терiнiң транспорттық авиациясының жеке полкi Қостанай қаласының аэродромына орна­лас­қан. Бұл әскери база Қазақстандағы полигондардағы сынақтарды жүр­­гiзу үшiн жоспарланған iс-шаралар мен басқа да әскери мақсаттарды жүзеге асыруға арнал­ған...

Қазақтың жерiндегi Ресейдiң осы әскери полигондарындағы әскери сынақтар мен космостық ұшырулар күз бен қыс, көктем айларында Қазақстанның Шығысы мен елдiң басқа да аймақтарына орасан орны толмас (шығыста - тасқын, батыста - құр­ғақшылық, боран мен үсiк­тер) апаттар әкелуде.

Ел басшылығының халық алдындағы жауапсыздығын пайдаланған ресейлiктер түрлi сынақтар өткiзiп, қазақ жерiнде жасанды аяздар мен радиоактивтi жауындар тыйылмай, флора мен фаунаға орны толмастай зиян келуде.

Соңғы жылдары Ресейдiң осы әскери полигондарының зиянды сынақтары әсерiнен ауадағы оттегiнiң құрамы аза­йып кеткен (Ауа құрамының 78 пайызы азоттан, 20,95 пайызы оттегiден, ал қалған 1,05 пайызы: аргон, гелий, криптон, ксенон, сутегi т.с.с. басқа да газдардан тұрады). Мұның ақыры Қазақстанды жыл сайын жүрек-қан тамырлары ауруларынан ғана 80 мың адамынан өлiдей айырылуға әкелсе, («Kazakhstan To­day».16-21.10.2009 г.) сүйек-кемiк, буын ауруларымен 1,5 миллион адам зардап шегуде. Қазақстандағы 6-14 жастағы балалардың 44,8 пайызы анемиямен ауырады. Ал рак ауруларымен, туберкулезбен, өзiне қол салатын аурулармен дүниеден өткендердiң есебi жоқ. Қазiргi режимнiң арқасында соңғы жыл­дары Қазақстанда сұмдық экологиялық апатты жағдайлар қалыптасты. Осындай сынаулардан және космостық ұшырулардан биiк таулардағы мәңгi мұздықтардың еруi жеделдеп, өзен-көлдерiмiз буланып, таязданып, жерасты сулары төмен түсiп барады!

САЯСИ ҚАТЕР

Қазақ халқы өткен 18-19 ғасырды санамағанның өзiнде, тек 20 ғасырда ғана Ресей елiмен жақындасудың арқасында жан басының 90 пайызынан айырылды. О бастан орыс ақ патшасына да, халықаралық масондар мен коммунистер билеген Ресей мен Совет үкiметiне де қазақ хал­қы емес, қазақ жерiнiң асты мен үстiнiң байлығы ғана керек болған. Қазiр де сырттан бiзге қараған көзқарас солай қалып отыр!

Бұрынғы отаршылдық пиғылдағы коммунистер билiгi ұлттық республикалар мен шет аймақтардан кадр таңдағанда, «интернационалист» деген қа­лыпқа сыятын нағыз мансапқорларды жинады. Олар атаққұмар, халқының мүддесiнен гөрi, өз мүддесiн көбiрек ойлайтын, қи­ын кездерде өздiгiнен шешiм қабылдай алмайтын, Орталықтағы күштiге ғана жағынып, сол қожайындарын арқа тұтатын, өз халқын жүндей түтетiн ұлттық кадрлар - «шолақ белсендiлер» болды. Яғни отаршылдардың ежелгi тәсiл-амалы негiзiнде: «Тек­сiздерiне билiк берiп, тек­тiлерiн құлдық жағдайда ұстап», халқымызға қарсы нағыз гено­цидтi де сол «шолақ белсен­дiлер­дiң» қолымен жасап келдi.

Алайда о бастан кереғарлыққа құрылған отарлық жүйе заңды түрде құлағанымен, бұ­рын­ғы ұлттық аймақтар мен республикаларда бұрынғы коммунист басшылар барлық билiктi басып қалып, өңдерiн өзгертiп, «демократтарға» айналды. Бұл жаңа басшылар Орталықтағы қожайындарынан азат болған соң, өздерiнiң жеке тәуелсiз­дiктерi мен шексiз билiктерiн шебер пайдаланып, жердiң астындағы және үстiндегi мемлекет байлықтарының бәрiн жаппай жекешелендiрiп алып, аяқ астынан «байшыкештер» боп шыға келдi. Басқа республикаларға қарағанда, бұл үдерiс бiздiң Қазақстанда әдеттегiдей науқаншылдықпен аса бiр зор қарқынмен жүрдi. Ауыл шаруашылығы саласы мен өндiрiстi жекелен­дiрiп алғандардың бi­рен-сараны ғана болмаса, көп­шiлiгi бұл кәсiп­орындарды жүр­гiзе алмай, iргетасына дейiн күйретiп тынды. Бұрынғы халық шаруашылығы түгелге дерлiк қирап, металлоломға айналып, шетел асып кеттi.

«Экономика мен елдiң сая­си дамуында бұрын-соң­ды жетпеген жетiс­тiктерге жет­тiк!» - деп жар сал­ған, жерiнiң асты мен үстi байлыққа толы болса да, Тәуелсiз Қазақстанның жалпы сыртқы қарызы қазiргi күнi - 111 миллиард доллардан асыпты! Сонда бұл орасан деңгей­дегi қомақты қаржылар қайда кеттi? Қандай өндiрiске салынды?

Ине мен түймеге дейiн, ең қарапайым өнiм беторамал мен көйлек-ыштанға дейiн шеттен тасылуда. Көкөнiс пен жемiстер, ет пен сүт, аяқкиiмдер мен сырт киiмдер, қазан-ошақ, ыдыстар, кетпен мен шот, күрек пен шеге, балғаға дейiн шеттен әкелiнедi. Тiптi 1,5 миллиард Қытайдан кө­көнiс пен жемiс, Пәкiстаннан картоп тасылатын күйге жет­тiк!

Ал реваншизм мен бұрынғы империяны қалпына келтiрудi мақсат тұтқан Ресей үшiн Қазақстанның өндiрiстiк мешеулiгi әлдеқайда тиiмдi. Тұрмыстық сұ­раныстағы тауарлар мен азық-түлiкке деген сұраныс артқан сайын Ресейдiң бiзге ықпалы да күшейе түспек. Соның нәтижесi ретiнде путиндiк-медведевтiк Ресей Қазақстанды «Кедендiк одақтың» қорасына айдап тықты. Шындығына келгенде, Ре­сей­дiң осы бағыттағы басты мақсаты - Қазақстанның орыс елi­не саяси тәуелдiлiгiн қалыптастыру, қазақ елiн қайтадан бұрынғы метрополияға қайта байлап беру!

Ресей қазiр бұрынғы өз құрамындағы ұлттық республикалар мен автономияларды жойып, оның орнына округтер құруға кiрiстi. Ресей қазiр башқұрт, татар, құмық және басқа тiлдердегi мектептердi жауып, ондағы бас­қа ұлттарды рухани жағынан жоюға кiрiстi. Ұлттық мектеп­тер­дi жауып, орыстың тiлiне айқын басымдылық беруде. Соңғы 20 жылда Ресей құрамындағы ондаған ұлттар мен ұлыстар жо­йылып кеткен. Күнi кеше ғана Ресей Мемдумасы төрағасының орынбасары «атақты» Жириновский мырза Тәжiкстан мен Қырғызстаннан округ жасап, Ресей құрамына кiргiзудi ұсынды. Жириновский мырза о бастан Ресей басшылығының мақсаты мен көкейтестi ойларын ашық айтатын «рупор» екенiн ескерсек, бұл «далбасалықты» орыстың империялық саясатының қайтадан бас көтеру белгiсi деп бiлген жөн. Бұл қатер ертең Қазақстан­ға да төнуi әбден мүмкiн.

Қазақ халқы ендiгi жерде қайтадан ешкiмге де, ешқашанда кiшi iнi де, құл да болмауы ке­рек! Қазақстанның кез келген мемлекетпен түзiлген халықаралық шарттары, бiрiншiден, мем­лекеттiң және ондағы халықтың мүддесiн көздеуге тиiс! Саяси билiктiң есебi халық мүддесiнен ешқашан жоғары тұрмауы керек. Сондықтан Қазақстан үшiн халықаралық заңдылықтар негiзiнде ғана өзара тиiмдi экономикалық байланыстар мен қатынастардан басқа Ресеймен де, басқамен де ешқандай да одақтастықтың қажетi жоқ!

Iлесбек Байжанов,

«Тәуелсiздiгiн қорғау» қозғалысы Оңтүстiк

Қазақстан облыстық ұйымдастыру кеңесiнiң төрағасы

Шымкент шаһары

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963