Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 42933 5 пікір 29 Мамыр, 2016 сағат 12:54

АЛБАНДАР КӨТЕРІЛІСІ

1916 жылғы Қарқара–Албандар көтерілісіне биыл 100 жыл толады. Ауыр да азапты жылдардың ызғары, қазақ мәселесі бүгін де шешілген жоқ. Біз төменде қарапайым газет оқырманының тілімен жазылған сол көтерілістің жай-жапсары мен қайғы-қасіретін бүгінгі халықтың есіне салуды жөн көрдік.

Ресейдің II Николай патшасы 1916 жылы «25 июнь жарлығын» шығарды: Қазақ даласынан 19 бен 45-тің арасындағы қазақ жастары майданның қара жұмысына алына бастағанда, Жетісудағы 16 болыс Албан руынан 40 мың адам тізімделді. Бұған Албандар келіспеді. Кезіндегі Хангелді, Райымбек, Саурық батырлардың рухын жалғап, ел мен жерді қорғап қалу парызын Абыз Жәмеңке қолға алды.

Жәмеңке Албанның ру басшылары мен ақсақалдарын жинап, «халықтық кеңес» құрды. Оның бірінші мәжілісі «Дөңгелек саз» деген жерде, екіншісі мен үшіншісі Қарқара жәрмеңкесінің бас жағында, бүгінде «Ереуіл төбе» деп аталатын жерде өтті. Шешуші кезеңде 1916 жылы 6 шілде күні Ақбейіт тауының шығысында он алты болыс Албанның атқа қонған ерлері жиналды. Сөзді Албан-Бұғының көшбасшысы Жәмеңке Мәмбетұлы бастады.

«Бір біздің амандығымыз кімге тұлға болады, қамалған елге біз сөйлемесек, кім сөйлейді? Бұл – елдігіңе сын, Албан баласы, елден адал ұл туған болса, белді бекем буып, бекінетін шағына келді... Мен немді қимаймын, Ұзақ несін қимайды?! Еркек – туған елмін деп, дөң басына шығар болсақ, қалған жасын салмайды екен деме. Жер тіреген шал болсақ та, қатардан қалар деме! – деп, дала демократиясының найзағайы, тілі өткір, сөзге шебер дана Абыз жиналғандарды аузына қаратты. – Ресей ақ патшасы қазақ даласына әскерге адам алынсын деген жарлық шығарды. Оны орындамаймыз! Бала бермейміз, бала бергенше, шал өлсін!».

Көп ұзамай қалың Албан теңіздей толқыды. 11 шілде күні Жәмеңке мен Ұзақ батыр секілді серіктері бар 400 адам Қарқарадағы пристав Ақжелке құрған әскери орталықты қоршап алады. Қорыққан пристав жан сақтау үшін халық талабын мақұлдады. Ызалы халық әскери тізімді өртеп, әскери қойманы тас-талқан етті.

Жетісу генерал-губернаторы Фольбаум жағдайды реттеп, бейбіт келісіммен халықты көндіруді жергілікті ұлықтарға тапсырады. 22 шілде күні Жәмеңке, Ұзақты, ел ішіндегі басқа да бірнеше серіктерін «кеңесеміз, мәселені шешпесек болмайды» деп, Қарқараға шақырады. Бірақ арада Бибатыр Жиенбаевтың «заңсыз әрекет» деп, теріс ақпарат беру салдарынан, елдің көрнекті азаматтары қанға бөкті, халық жазықсыз қырылды.

23 шілде күні үш арбаға 16 адамды отырғызып, 10 солдат түн қараңғысын пайдаланып, Қырғыздағы Қарақолға келіп, көтеріліс басшысы Жәмеңкемен келіссөз жүргізеді. Оған үлкен қаржы, мансап, атақ пен билік береміз, «талабыңнан бас тарт, халықты көндір» деп, Қарақол уезінің бастығы Иванов шарт қояды. Жәмеңке: «Абақтыдағы серіктерімді босат, елге барып кеңесеміз», – дейді. Оған Иванов келіспей: «Біздің талапты орында алдымен, содан соң адамдарыңды абақтыдан босатамыз», – дейді.

Жәмеңке келіспей: «Кәрі аталығымды кесіп ал, мен себер дәнімді септім, басқа айтарым жоқ», – деп қасарысады. Ұлық Ұзақ батырды шақырып: «Жәмеңкені көндір, өз жаңдарыңды ойлаңдар!» – деп, бұл үгітке Әубәкір болысты да тартады. Бірақ олар: «Біз Жәмеңкені аттап кете алмаймыз, халық алдында масқара болатын жайымыз жоқ!» – деп, қысқа қайырады.

 

Бұл кезде Қарқарада халық наразылығы пісіп жетілді. Кешікпей Қарақол түрмесін халық қоршауға алады. Ұлықтардың зәре-құты қашады, өздерін осындай күйге жеткізген Жәмеңке абыздан құтылмасқа шара қалмайды. Оны атып өлтіруден қорқады.

Содан түскі ас кезінде күзетші солдат: «Мәртебелі уездік ұлық сізге арнап бас тартады», – деп, күміс табақ әкеледі. Жәмеңке бір тіліп аузына сап, табақты қайтарады. Бұл – Жәмеңкеге берілген «у» еді.

Осы удан азап шеккен Жәмеңке серіктеріне: «Түрмені бұзып шығудан басқа жол жоқ, әрекетке көшу керек», – деп, ақыры 7 тамыз күні өзі көз жұмады. Жәмеңкенін сүйегін уездік ұлық құпия түрде Қарақолдағы татар байы Хамзаға тапсырады. Ол Ыстықкөлдің шығыс жағындағы Қарақол-Атаға Жәмеңкені жерлеп, басына ағаш егіп, тас қояды.

Жәмеңкенің қастандықпен өлімі түрмедегілердің ашу-ызасын туғызып, оның аяғы «бунтқа» айналды. Түрмедегі қақтығыс кезінде он сегіз адамның алтауы өледі. Албандар камерасындағы Бекдайыр деген жігіт нардың тақтайымен есікті бұзып, Қазыбек, Бекдайыр, Сыбанқұл, Жаңабай, Әубәкір, Тұрлықожа, Жәйшібек жүгіріп шығып, төрт солдатты ұрып жығады. Төрт бесатарды қолға түсірген көтерілісшілер солдаттармен атысып, аяғынан жаралы болған Ұзақты алып шықпақ болады. Жаралы жатқан Ұзақ батырға ұмтылған алты солдатты Қазыбек атып түсіреді. Осы атыс кезінде Сыбанқұл мен Жаңабай оққа ұшады. Түрмедегі түтқындар 20-дан астам бесатар мылтығын қолға түсіреді. Түрме кеңсесі талқандалып, отызға жуық солдат түрменің қарауыл бастығымен оққа ұшады.

Бірақ бұлар түрме қақпасын ашып шыға бергенде, көмекке келген бөлімшелер олардың жолын бөгеп, пулеметтен оқ жаудырып, гранат лақтырып, тұтқындарды баудай түсіреді. Жазалаушы әскер кейіннен аяғынан жараланған Ұзақ батырды қолға түсіріп, азаптап өлтіреді.           

Ресей патша өкіметінің озбырлығына қарсы Жетісуда басталған Қарқарадағы Албандар көтерілісі осыдан кейін халықтық сипат алады. Әр болыс қарулы жасақ ұйымдастырды. Тамызда басталған соғыста Албандарға төтеп бере алмай, отарлаушы өкімет әскері тас-талқан болып жеңілді. Аз уақыттың ішінде соғыс өнерін шебер меңгерген Албан жасақтары Қарқара мен Қарақол бекіністеріне, Ташқарасу тірек пунктіне шабуыл жасайды.

Бірақ Қарқарада қорғанысы мықты пулемет ротасы, зеңбірекшілер батареясы соғыста сыннан өткен Кравченко секілді офицерлер басқарған жазалаушы бөлімше тұрды. Осы бөлімшемен Албан жасақтары арасында кескілескен соғыс басталады. Орыс солдаттары арасында өлім, жаралылар көбейеді. Сырттан келетін күштің жолы кесіледі. Қалжыраған солдаттар тамыздың 13-і күні түнде Қарқарадағы сауда нүктесіне жасалған шабуылға төтеп бере алмайды. Тоз-тозы шығып, жеңіліске ұшырайды. Әскер бастығы Кравченко қашып құтылды.              

 

Айта кету керек, 1882 жылы «Петербург келісімі» деген атпен отарлаушы өкімет қазақтың мың жылдық ата-қонысын ыдыратып, екіге бөлген еді. Құлжа–Іле аймақтарын уақытша Қытайға қалдырып, бергі жағы – Ресейдің меншігі болып қалды. Бірақ Қытайдағы Құлжада екі полк казак-орыс әскері, екі пулемет ротасы, зеңбірек батареясы – барлығын қосқанда бес мың әскерден асатын Ресей армиясы тұрды. 1916 жылы күзде осы қарулы күш Құлжадан шұғыл түрде Жетісуға келеді. Жетісудағы Албандардың ұлт-азаттық көтерілісін басу үшін, өкімет қазіргі Қытайдан, Өзбекстаннан, Қырғыздан көмекке қарулы жасақ алып, Байынқол, Текес, Қақпақ, Сарыжаз, Жалаңаш, Шәлкөде, Лабасы тауларына бекінген көтерілісшілерге қарсы басым күшпен соғыс ашады.

Ал нашар қаруланған Албан жасақтары саны 60 мың адам болды. Монай, Қожеке, Мұқан, Тайлақ, Жақыпберді, Қабылбек, Қайыпберді, Дәркенбай, Іргебай сынды дала командирлері Албан жасақтарын ондықтарға, жүздіктерге, мыңдықтарға бөлді. Арнайы шабуылдаушы бөлімдерді Тайлақ пен Жақыпберді басқарды. Тосқауыл қорғаныс бөлімін Диқанбай мен Дәркенбай, барлау, шұғыл әрекет жасау бөлімін Қожеке, Куров, Вербицкая жүзеге асырды.

1916 жылы қазан айында Албан жасақтары соғыс амалдарына қарай әрекет етіп, екіге бөлінеді. Диқанбай мен Дәркенбай бастаған жасақ Кравченко бастаған жазалаушы дұшпан әскерінің жолын бөгеп, тосқауылға қалды. Олар Кетпен асуы мен Лабасы тауларын бекініп, соғыс жүргізді. Негізгі бөлімдегі Монай, Қожеке, Мұқан басқарған Албан жасақтары «бейтарап өлке» – Құлжа қаласы аймағына өту үшін, орыс пен қытайдың әскери қоршауын бұзып өтуге тура келді. Негізгі бағыт – Шығыс Түркістан жері еді.

Шекарадан өту оңай болмады: Қақпақ, Текес, Байынқол өзендері бойында қанды шайқас болды. Халық көп қырылды. Қайыпберді мен Дәркенбай оққа ұшты. Қазан айының ортасында Албан жасақтары Құлжа аймағына кірді. Қытай жағы қарулы жасақтың белсенділігін тежеу үшін, түрлі шабуылдар, қақтығыстар жасап, қиыншылықтар туғызды.

Сол жылы қыс қатты болды. Монай, Қожеке, Мұқан, басқа да дала командирлері ұйымдаса әрекет жасап, халықты аман сақтап қалу үшін жан аямады. Қиналған елге Құлжадағы кәсіпкер-фабрикант Үсейінбай азық-түлік берсе, Қызай елі түрлі көмектер жасады.

Табиғатынан жігерлі Албандар қытай жерінде тез арада қарқын алды. Албандар арқылы Қытайға жаңа тың күштің келуі Шығыс Түркістанның сенімін оятты. Енді Қытайға Іле, Құлжа аймағын қайтадан қазақ еліне қайтару қаупі төнді. Бұл арада бұрынғы қарсыласы – Ресей жағы Албандар мүддесін қолдады. Қытай жағы тығырықтан шығу үшін айла-әрекетке көшіп, өз бағыттарынан шегініп, шекара аймағындағы «бейтарап аймаққа» амалсыз жеңілдіктер енгізді. Қордаланған мәселе жойылып, халық екі жаққа емін-еркін көшіп-қонатын болды. Бұл Құлжадағы бейтарап өлкедегі қазақтардың 1917 жылдан бастап, Жетісуға қайта келуіне әсер етті. Туған жердің бір уыс топырағын құрметтейтін Албандар осылайша құлдық сана-сезімді бұзды.

 

Ал енді Албандар көтерілісін бастаған Жәмеңке деген кім? Көтерілістен бұрын не істеді?

Албандар «Ақтабан шұбырынды» кезінде Ташкент–Шыршық алқабын мекендеген. Кейін осы Жәмеңке Асан қайғы секілді еліне қолайлы қоныс, жайлы жер іздеп, Хан Тәңірінен Түргенге дейінгі аймаққа қалың қазақты қоныстандырды. Олардың жайлау, қыстау, күзеу, көктеуіне дейін қажетті жерлерін бөліп беріп, ұлан-ғайыр аймақты мекен етуіне бас болды. Арада жүз жылдан астам уақыт өтсе де, Жәмеңке билік етіп, төрелік жасаған заңдылық әлі бұзылған жоқ. Бүгінгі күнге дейін сол жерлерде Албандардың ұрпақтары Нарынқол мен Кегенде 20-дан астам ауылды құрап, өмір сүруде.

Биылғы Ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығы кезінде халықты азаттыққа бастаған Жәмеңкенің халыққа сіңірген еңбегі бағалануға тиіс. Мен қарапайым тілмен баян еткен осы көтеріліс қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалысының бір саласы ретінде ел арасына насихатталатындай ғылыми конференциялар, оқулар өтуі керек. Дүдәмәл «28 батырға» арнап кино түсіргеннен гөрі, қазақ халқына ерлігі мәлім болған Албандар көтерілісінің қаһармандары туралы фильм түсірілуі керек.

Сонымен бірге Жәмеңке абызға Алматы қаласында ескерткіш тұрғызылып, Алматы мен Астанадан бір көрнекті көшенің атын беру керек. Ол ескерткішке Жәмеңке батырдың қасына ерген, көтеріліске қатысқан барлық азаматтардың аты-жөні жазылған гранитті тақта орнатылуы тиіс. Құлжа жолы бойына «Албандар көтерілісі – ерлік алаңы» мемориалы салынып, арлы-берлі жүргіншінің есіне ерлік шежіресін паш ететін алаң ашылса, жас ұрпақты ұлттық-патриоттық тәрбиеге баулуға түрткілік бір белгі пайда болар еді.

Ержан ЖҮНІС

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №21 (338) от 26 мая 2016 г.

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322