Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 24510 0 пікір 26 Мамыр, 2016 сағат 11:46

«ҚҰЛАГЕР» - ШЕКСПИРЛІК ШЫҒАРМА»

Поэмаға таң қалған неміс ақыны осылай деді.

 

Құлагер шешең – сұңқар, әкең - тұлпар

Соғып ең дөненіңде сегіз арқар.

Салбырап сапты аяқтай төменгі ернің,

Бота тіресек, қыз сағақ, сандал керім.

Құлпырған күлте жібек құйрығың-ай

Ор болып қалушы еді шапқан жерің, - деген суреттеудегі Құлагердің шын жүйрікке тән мүсінін, бәйгеге шапқандағы қимылын Астанадан алты шақырым жердегі «Астана-Көкшетау» тас жолының бойында Құлагерге қойылған ескерткішке қарап толық көзге елестетеміз. Ақын Ілияс Жансүгіровтың қапыда қазаға ұшыраған қазанатты қазақтың «Құлагері» дегені қандай керемет! Бұл ескерткіш ақынның өресі биік, өрісі кең шығармасының құлақ күйі іспеттес, өмір шындығының шымылдығын сыпыра, серпе ашып, сыртқа сыр шашып, дүбір салып тұр.

Қазақтың қазанаты  - Құлагер болса, бүгін, міне, сол атақты «Құлагер» поэмасы неміс тіліне қазақша түпнұсқасынан тікелей аударылып, Қазақстан-Гёте институтының қолдауымен «Büchergilde» (Германия) баспасында басылып шықты. Осы орайда поэманың неміс тіліндегі нұсқасының авторы, неміс жазушысы Герт Хайденрайх Құлагер ескерткішін тұрғызған жазушы,   ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық ат спорты түрлерін осы заманға лайықтап,  негізін қалаған, Ұлы Дала қырандары қозғалысының тең төрағасы, бірнеше кітаптың авторы Сәдібек Түгелмен Ұлы даланың символына арналған ескерткіш басында жүздесті. Құлагерге арнаған екі тұлғаның бұл еңбектері дүйім қазақ халқы үшін үлкен абырой. Неміс тіліндегі аударылған  поэманың алғашқы түпнұсқасын неміс жазушысы Герт Хайденрайх қасиетті Құлагер ескерткішінің басында Сәдібек Түгелге табыс етті.


Аударма мәселелеріне деген асқан қызығушылық – неміс мәдениетіне тән ерекшелік. Иә, Ақан серінің сезім дүниесіндегі күйінішін, психологиялық тебіренісін дәлме дәл неміс тілінде суреттеуден асқан шеберлік бола ма?.. Сонымен, халқымыздың мәдениеті мен өнерін, тарихы мен салт-дәстүрін неміс тілінде әйгілеген  «Құлагер» поэмасы  оқырмандарына жол тартты.    Жазушы Сәдібек Түгел өз кезегінде неміс жазушысы Герт Хайденрайхке халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болған қазанаттарға арналған «Қазанат» кітабын тарту етті.


Жалпы, осы арада, Герт Хайденрайх туралы қысқаша айта кетейік. Ол белгілі неміс жазушысы, журналист, аудармашы, ақын әрі сценарист. 1944 жылы Германияның Эберсвальд жерінде дүниеге келген. Дармштадт пен Мюнхен қалаларында білім алған. «Theater in der Kreide» атты Мюнхен театрының негізін қалаушылардың бірі. Германиялық P.E.N.-клубтың белсенді мүшесі, 1991-1995 жылдары сол клубты басқарған. 2004 жылдан бері Бавариялық өнер академиясының мүшесі, 2011 жылдан бері сол академияның әдебиет бөлімін басқарып келеді.

Кеше Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханада поэманың неміс тіліндегі аудармасының тұсаукесері болды. Тұсаукесердің жалғасы бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтеді.

Поэманы түпнұсқадан жолма-жол аударып, алман тіліне тәржімалағандар, қазақ-неміс тілдерінің мамандары: Таңсұлу Рахымбекова, Иман Естаев және Салтанат Әшірова. «Құлагер» - қазақ тілінің бай құнары, көркем тілі, бейнелі сөзі, сұлу суреті көрініс тапқан ғажап поэма екендігін ескерсек, бұл ретте аталған шығарманы алман тілінде сөйлеткен тіл мамандарының еңбегі ерекше екіндігін екпін түсіре айтуға тиіспіз. Қазақ және неміс тілі мамандарының жолма-жол аудармасын пайдаланған неміс ақыны  Герт Хайденрайх «Құлагер»  поэмасындағы тілдің құнары мен теңеулерге таң қалып: «Мынау нағыз Шекспирлік шығарма ғой», - деді кешегі тұсаукесерде.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369