Жұма, 22 Қараша 2024
Жолжазба 6281 0 пікір 29 Тамыз, 2016 сағат 11:54

КӨРГЕНІМДІ АЙТАМЫН: АЛУАН ТҮРЛІ АҚТӨБЕ

Тамыз айының басында оңтүстіктен Ақтөбеге жол түсті. Ақтөбе – Қазақстанның оңтүстігінен мұнай мен газға бай Батыс Қазақстан өңіріне, сол сияқты Ресейдің Орал аймағына шығатын қақпа. Кез-келген затқа химиялық жолмен жағып, сылап жіберсең, біріншіден, тот пен тозудан сақтайтын, екіншіден, көздің жауын алатындай жарқыратып сән беретін хром мен никельдің бай кені де осы өлкеде. Бұлар – машина жасау саласында, үйдегі жалт-жұлт еткен тұрмыстық техникада, жиһаздарда молынан қолданылатын қымбат металлдар. Шикізат күйінде шетел асып жатыр. Хром өндіріп «Хромтау», никель өндіріп «Никельтау» атанған елді мекендер Ақтөбенің аты мен заты сай атаулары ретінде айырықша ерекшеленеді.

 

Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігінен батысқа қарай бет алған автожол мен теміржолдар Ырғыз даласын басып, Мұғаджар тауларын аралап, Ембіні кесіп, Ақтөбе үстіннен өтеді. Батыс Қытай- Батыс Еуропа автомагистральдің едәуір бөлігі де осы өлкеде. Теміржолдар да солай. Соңғы кезде Алматыдан Маңғыстауға қарай шығатын пойыз Ақтөбеге соқпай, жаңадан салынған Жезқазаған-Бейнеу жолының арқасында Шалқар арқылы түбекке тура тартады екен. Ал елордасы Астанадан Ақтөбе, Атырау, Орал бағытындағы пойыздар тәуелсіздіктен кейін салынған Алтынсарин-Хромтау жаңа теміржол арқылы Ақтөбенің өкпе тұсына келіп тұрып (Хромтау станциясы 100 шақырым жер), тура жолдың жоқтығынан оңтүстікке қарай өтіп, Қандыағаш арқылы 5 сағаттық айналама жолмен жүреді. Бұл тұрғыдан «теміржолдың жыры» Қостанайға ұқсас. Қостанайға Астана мен Алматыдан бағыт алған пойыздар облыс орталығының 100 шақырымдық өкпе тұсынан батысқа қарай ентелей өтіп, Тобыл станциясы арқылы айналып барып кіреді. Айналма жолға 5 сағат уақыт «құрбан» болады. Бәрін айт та, бірін айт деген: кеңестік теміржолдың Ресейге қарай бағытталған ескі бағыттары Қазақстанның ішкі байланысы тонның ішкі бауындай байланысуына елеулі кедергі келтіріп тұр (Мархаббат: http://abai.kz/post/view?id=8714 ӨРМЕКШІ ТОРЫ ӘДІСІ НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ТЕМІРЖОЛМЕН «ТОРЛАУ»).

Әлқииса, Ақтөбеге қайта оралайық. Индустриялды-инновациялық бағдарламаның көптеген нысандары жүзеге асырылып жатқан Ақтөбе - қарқынды дамып келе жатқан қала. Қаланың "миллиондық" мегаполиске айналар мүмкіндігі де мол. Тәуелсіздіктен кейінгі жаңа кезеңде қала ішінде бой көтерген еңселі ғимараттарының қатары да қалың. Соның ішінде «ә дегенде» ерекше көзге түсетін бірнеше ғимаратты айтуға болады. Алдымен тіл ұшына оралатындар - Қытайдың алпауыт күшін танытатын СНПС компаниясы мен Казхром трансұлттықкомпаниясының ғимараттары. Шетелдік компаниялардың ешбірі облыс орталығынан бас офистер салмаған. Бұл тек Ақтөбеде ғана бар. Екі ғимарат та қаланың шеткі аймақтарына қарай орналасқан. Қазхром компаниясы қазақстандық олигарх, теңгенің девальвацияға ұшырағанына қатты қуанған А.Машкеевичтің еншісінде екені белгілі. Сән-салтанатымен салынған, еңсесі биік қос ғимарат өзге жаңадан салынған сәулет-құрылыс туындылары арасында ерекшеленіп, байлық пен ықпалдылықтың "символындай" әсер қалдырады. Айталық, сылаңдаған сымбатты сұлу қыздай "Қазхром" - иненің көзінен өтетін ептілік пен пайданың шет-шегін көкірек көзімен сезетіндіктен кісі алдында елден ерекше елпеңдейтін пысық қожайынның оңаша қалғандағы кербездігін бейнелейтіндей: уайым-қайғыдан ада, молшылық пен баршылықтың арқасында еріне керілген кербездік...

Ал қытайлық СНПС компаниясының ғимараты жазық өлкеге жайыла жазылған қалада, бір қырынан қарасаң, "Қытай қорғанының" бір бұрышындай болып, екінші бір қырынан қарасаң, жалы күжірейген айдаһар сияқтанып та елестейді. Жалақыдан әділдік, серіктестіктен сыйластық іздеген газ-мұнай жұмысшылары мен қазақстандық шенеуніктердің мысын мынау алып ғимарат басып тұрғандай... Бұл жай елес немесе мазасыз бір түс қой, тәйірі, тфу-тфу. Түс – түлкінің б... деген. Түсті, әрдайым, жақсылыққа жоруға болады. Ал елес – қобалжудың көлеңкесі. Көңілің қобалжыса, қаланың қақ ортасына, облыстық әкімият алаңына орналасқан, қазақ даласын батысы мен шығысын бірдей қорғаған Әбілқайыр хан ескерткішін тамашалауға болады. Арғымақ атта отырған хан бір қолын көтеріп, жауларына сес немесе жауынгерлеріне дем беріп тұр... Жоңғария мен Ресейдің күші мен қаһарына, айла-адуына қарымта істер қайтара білген даңқты тұлғаның тарих алдында атқарған ерлік істері көңіліңе медеу болып, рухыңды қайрайтындығы сөзсіз. Рухтанған көңіл Ақтөбедегі қазақстандық қарымды істерді де бір шалып өтеді. Қазақстандық қолтаңба - жаңа тұрғын үйлер, "Мега" ойын-сауық орталығы мен сәулетті мешіт, шіркеу. Тұрғын үйлер - тұрақтылық, Мега – уайымсыз ұсақ сауда-саттық, мешіт пен шіркеу – бәріне шүкіршілік, сабырлық деген ұстанымның айнасындай көрінді көңілге.

Қысқасы, шикізатқа бай Қазақстанның алуан түрлі келбеті бір Ақтөбеге жиналғандай әсер қалдырды...

Р.S. Қостанайға қайтар жолда кешкілік Ақтөбе-Астана пойызына (Тальго) отырып, таңата Тобыл станциясынан түсіп қалдым. Ары қарай 90 шақырымдық Қостанайға такси жалдап баруға тура келді. Ақтөбеге бет алғанда Хромтаудан түсіп қалып, такси жалдап баратын едік. Соңғы кезде пойыздар Хромтауға аялдамай, Никельтаудан бірақ тоқтайтын болыпты. Айтпақшы, қолдан тосқауыл қоюдың шеберіне (ҚТЖ-ға) Үкімет тағы да Ұлттық қордан ба, Зейнетақы қорынан ба, әйтеуір, қолұшын беретін болыпты. Ұлы мұраттармен айналыспаған, ұсақ істерді місе тұтады деген осы. Тәйіт әрі, ұлттық компанияны ел ырыздығынан бөлуге болмайды! Оқыс дауыстан оянып кеттім: такси Қостанайға кіріп келеді екен. Қуанып қалдым. «Тәйіт» деп жекірген сөз түс пе екен, елес пе екен? Жол жолаушыны шаршатады ғой, өңім емес екені рас!

Суреттерді түсірген - автор

Алмасбек Әбсадық,

Қостанай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321