ТӘУЕЛСІЗДІК МЕРЕКЕСІНДЕ РАҚЫМШЫЛЫҚ ЖАСАЛСА...
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев «Қырғызстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толуына орай жарияланған рақымшылық туралы» заңды қабылдады.
Осы Заңға сәйкес, алғаш рет бес жылға сотталғандар және кәмелет жасқа толмағандар; 60 жастан асқан ер кісілер мен 55 жастан асқан әйелдер; I және II топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар; сондай-ақ аса ауыр емес қылмыс жасағандар қылмыстық жауапкершіліктен және бас бостандығынан айыру жазаларынан босатылады.
Колония қонысындағылар жазасының жартысы, ал әдейі жасалған қылмыстар үшін 10 және одан аз жылдарға сотталғандар мерзімінің үштен бірі қысқартылады.
Көрші қырғыздардың осы игі бастамасын тәуелсіздік мерекесіне орай біз де жалғастыра аламыз ба? Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігінің құрметіне қандай азаматтарға рақымшылық жасауға болады? Бұл бастама нені өзгертуі мүмкін?
Біріншіден, біз бұған дейін тұтқындарға бірнеше рет рақымшылық жасаған елміз. Яғни, еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында түрмедегі ағайын да тақиясын аспанға лақтырып қуанатынына сене беруге болады.
Ал, екінші сұраққа келетін болсақ, бізде кланаралық тартыстар, түрлі саяси, діни ахуалға байланысты биліктің ыңғайына жығыла қоймаған бірқанша азамат абақтыға тоғытылған еді. Олардың дені қал-қадарынша мемлекетіміздің аяққа тұруына септігін тигізген адамдар. Мәселен...
Серік Ахметов
Теміртау қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінде ұйымдастыру-бақылау және кадр саясаты жөніндегі Басқарманың Мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі; «Атамекен» жылпыұлттық кәсіпкерлер мен жұмысберушілер одағының басқарма төрағасы, атқарушы директор; Қазақстан Республикасының көлік және коммуникациялар министрі; Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары; Қарағанды облысының әкімі; Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі қызметтерін атқарған.
Серік Нығметұлы халыққа етене жақындығымен есте қалған азамат. Оның түрмеге қамалуы кланаралық тартыстар салдарынан болғанын талай баспасөз жазды.
Арон Атабек
2006 жылы шілдеде Шаңырақта болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған деген айыппен 18 жылға сотталған ақын. Арон Атабек бұған дейін бірнеше рет Шаңырақ оқиғасы кезіндегі өзінің іс-әрекеттері үшін өкінбейтіндігін және биліктен рақымшылық сұрамайтындығын айтқан болатын. Тіркелмеген «Алаш» ұлттық тәуелсіз партиясының төрағасы, саяси диссидент Арон Атабек қазір Қарағанды облысының Қаражал қалашығындағы 159/22 түзеу мекемесінде жаза мерзімін өтеп жатыр.
Мұхтар Жәкішев
1998–2009 жылдар арасында «Қазатомпром» ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев аталмыш компанияны дамытуда өзінің біліктілігін көрсеткен бірден бір азамат. 2009 жылы аяқ астынан қамауға алынуының екі себебі жиі айтылады.
Алғашқы себеп ретінде оның 2003 жылы оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовты түрмеден босатуды сұрап «кепіл болғандардың» ішінде жүргендігі.
Мұхтар Жәкішевтің қамауға алынуының екінші себебі ретінде оның уран өндірісінде Ресей мүддесіне қайшы келетін әрекет жасап, «Қазатомпроммен» серіктес болғысы келген жапониялық Toshiba компаниясы арқылы канадалық Uranium One-ның жолын кеспек болғаны да айтылады.
Қамауға алынардан аз бұрын, 2008 жылдың қаңтарында Мұхтар Жәкішев өзі басқаратын «Қазатомпром» ұлттық компаниясы 2010 жылы уран өндірісі жөнінен Канада мен Австралияны артта қалдырып, әлемде бірінші орынға шығатынын мәлімдеген еді. Бірақ ол қызметінен босатылғаннан кейін Ресей канадалық Uranium One компаниясын Қазақстанның уран кеніштеріндегі үлесімен қоса сатып алып, 2011 жылы «уран қоры мен өндірісі жөнінен әлемде алғашқы орынға шықты.
Владимир Козлов
2011 жылдың желтоқсанында «Жаңаөзен оқиғаларын ұйымдастырды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған азамат. Оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов қазір жазасын Алматы маңындағы Заречный кентіндегі жалпы режимдегі түрмеде өтеп жатыр.
Саят Ыбырай
1966 жылы дүниеге келген Саят Ыбырай республикалық физика-математика мектебін алтын медальмен тәмамдаған. Мәскеудегі Ломоносов атындағы университеттің механика-математика факультетін қызыл дипломмен бітірген. 25 жасында кандидаттық, 29 жасында докторлық диссертациясын қорғаған. 1998-2000 жылдарда Германиядағы Александр Гумбольд атындағы қордың Степендияты болып ғылым саласындағы білімін жетілдіріп елге оралған. Ағылшын, неміс, орыс тілдерін жақсы меңгерген. Техника ғылымдарының докторы, профессор. Үш ғылыми монография мен 60-тан астам ғылыми мақаланың авторы. Механика мен машинажасау саласы бойынша бес патентке ие болған. Ғылымдағы өз саласы бойынша әлемдегі ең мықты 5 ғалымның біреуі. Алматыдағы қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры. «Сопылар қауымының жетекшісі» Саят Ыбырай діни ағымдар тартысы себебінен істі болып, түрмеге тоғытылған болатын.
Талғат Ермегияев
Талғат Амангелдіұлы Ермегияев 1969 жылы 7 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1993-1998 жылдар аралығында Халықаралық экономикалық және әлеуметтік реформалар қорының Алматы бөлімшесінде («Реформа» қоры) директордың орынбасары, атқарушы директор болып жұмыс істеді. 1998-2002 жылдары «Рахат» Қазақстан-Австрия бірлескен кәсіпорны бас директорының орынбасары қызметін атқарған. 2002-2005 жылдары - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» ЖАҚ бас директорының кеңесшісі, атқарушы директор, құрылыс жөніндегі басқарушы директор. 2005-2006 жылдар аралығында - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті. 2006-2008 жылдары - «Алматы Құрылыс» Ұлттық холдинг компаниясы» акционерлік қоғамының бірінші вице-президенті лауазымын атқарды. 2008 – 2011 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының туризм және спорт вице-министрі болып істеді. 2011 жылдан бастап – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі. 2012 жылдан бастап – ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы болды. 2013 жылдың қаңтарынан бастап - «Астана ЭКСПО – 2017»Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы қызметінде болды. Соңғы қызметінде жүргенде «ірі көлемде қаржы қымқырды» деген айыппен істі болып жатыр. Жалпы, қазір Ермегияевтің де істі болуының себебін кланаралық қақтығыстардан іздейтіндер көп.
Макс Бокаев пен Талғат Аян
Бұл тізімге «жерге қатысты митингілерді ұйымдастырды» деген айып тағылған Талғат Аян мен Макс Бокаевті де қосуға болады. Аталған екі азамат шетелдіктерге жерді жалға беруге қарсы шығып, мемлекетшілдігін көрсеткені үшін тергеліп жатыр.
Қош!
Сонымен бұл аталған азаматтарға рақымшылық жасалса, не өзгереді? Біріншіден, бұлардың дені белгілі бір дәрежеде халықтың ықыласына бөленген азаматтар. Оларға бостандық берілсе, елдің билікке һәм болашаққа деген сенімі күшейер еді. Қазақтың рухы желпініп, саяси санасы түлер еді.
Аталған әр азамат қазақ мемлекетінің ертеңі үшін жанын шүберекке түйіп күрескенін ел жақсы біледі. Тек саяси ұстаным мен пікірлер қайшылығы ғана олардың тағдырын тәлкекке салып отыр. Тәуелсіздік мерекесі тәуелсіз ойлы азаматтар мен тәуелсіз мемлекеттің бір-бірін түсінуге жол ашып берсе, біз Мәңгілік елге айналамыз.
Шәріпхан Қайсар
Abai.kz