Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 7012 0 пікір 29 Шілде, 2016 сағат 09:58

ҰРЫЛАР ЖӘНЕ МЕН (Әңгіме)

Жаз шықса, дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыз базардың сәні. Бала-шаға түгілі, өткен-кеткен үлкендердің де көзін арбап, хош иісі мұрын жарып, теңкиіп-теңкиіп жатқаны... Қай базарға, қайда барсаң да, аумағы атшаптырым жерде мәшине-мәшинеге тау-тау боп тиелген қауын-қарбыздан, аяқ алып жүре алмайсың. Шыжыған ыстықпен бірге нарқы да күйіп тұр. Десек те, өтпей, жерде жатқаны жоқ. Қанша көлік қауын-қарбыз сатып тұрса, сонша көліктің алдында құжынаған ел. Алушысы қайсы, сатушысы қайсы − ажырату қиын. Бажайлап қарасаң ғана алымсақтың:

− Мына қарбыз қаншадан? − деген сұрақты кімге қоярын білмей, көлік жанында тұрған 4-5 қаралы адамға жалтақтап қарағанында:

− Қырық теңге, − деп шірене жауап бергенінің тауар иесі екенін біледі.

Жүргізуші көп уақытын ысырап етпей, шеткері тұрған көліктен мәшинесінің жүксалғышы толғанша, қауын-қарбыз тиеп алды да, сатушымен есеп айырысып, ауылды бетке алып зымырады.

Көлік ішінде үш адам бармыз. Мен және екі жас келіншек.

Қаладан шыға беріс аялдамада Ерғали ағамыз тұр екен. Таксист оны да ала жүрді.

Шілденің шіліңгір ыстығынан жеріп келе жатқан жолаушыларға Ерғали ағаның:

− Ассалаумағалейкум! − деген жарқын даусы тың күш бергендей. − Келе қалғаның мұндай жақсы болар ма?! Тұрғаныма біраз болып еді, − деді даудырап.

Отырғандар ағаның сәлемін алды да қойды.

Кенет:

− Немене, қауын алғанбысың? − деді Ерғали ағамыз көліктің артына бұрылып.

Біз енді сездік. Салон ішінде қауын иісі мүңкіп кетіпті.

− Иә, бала-шаға жесін деп...

− Жөн-жөн. Жазда қауын-қарбызбен шөл басқан пайдалы, − деді Ерекең жол-жөнекей қалып бара жатқан зәулім үйлерге қарап.

Көлік ішінде аз-кем үнсіздік орнады. Жеңіл көлік қырдан өтіп, сайдан өтіп, заулап келеді. Ауылға дейін әлі біраз бар.

− Қауын-қарбыз демекші, баяғыда бала кезімізде ұрлап жейміз деп, ауылдың біраз баласы бір күн түрмеде түнеп шығып ек...

− Балалық та. Ондай-ондай біздің де бастан өткен, ағасы.

− Біздікі ақымақтық еді. Тас қараңғыда ұрлыққа барғандар қауын-қарбызға тойып алып, артылғанын тепкілеп, жарып тастадық. Айдалада егін салып, шайла тігіп жатқан диқан сорлыны жабылып таяққа жықтық, сосын тонадық.

− Содан...

− Содан үйді үйімізде ұйықтап жатқан жерімізден таң ата милиция жинап, түп-түгел аудан орталығына апарып, қылмысымызды мойнымызға ілді. Бірақ әйтеуір, әке-шешеміз зыр жүгіріп, диқаннан кешірім сұрап, шығынын төлеп, әупіріммен іс жабылған болатын. Тас қапасқа бір күн түнеп, түрменің дәмін татқанымыз кейінгі өмірімізге сабақ болды. Қауын-қарбыз дегенің көздің құрты ғой...

− Ереке, ол кезде ел-жұрттың бәрі қарбыз-қауын егіп, қарқ болушы едік қой. «Шарбақ» деген атымен жоқ. Қатар тұрған көршілер сенікі-менікі демей, ортақ игілігін көретін.

− Ойдөйт деген, кең заман еді. Бүгінгі бала біздей емес, сотка шұқылап, телевизорға телміріп, компьютер ойнап, ауладан сыртқа аттап баспайды. Бой жазып, күрек-кетпен ұстап, еңбек етуге ықыласы болсай-шы. Олардың қолынан қарбыз-қауын ұрлау да келмейді-ей!

− Иә, ағасы! Біз болсақ, кімнің үйінде не бар, қалт жібермеуші ек. Сабыралы атаның үйіндегі шабдалы есіңізде ме?

− Иә-иә, есімде. Ондай шабдалы бұл өңірде жоқ, қазір. Дәмі балдай еді, ә!?

− Күндіз Әмірханның үйіне барамыз. Есік алдында албырап, иісі аңқып, шабдалы иіліп тұрады. Сол шабдалыға жақын жерде Сабыралы атаның кереуеті бар. Күндіз − күнге денесін қақтап, маужырап отырады да, түнде − сол жерге жата кетеді. Бір күні ел орынға жата бере, шабдалы ұрлауға аңсарымыз ауды. 4-5 бала белбеуімізді шарт түйініп бардық та, бала көйлектің ішіне түкті шабдалыны опай-топай жұлып сала бердік, сала бердік.

Баяғының шалы сақ:

− Әй, бұл қай жүгермектер? − деп айғайды салғанда, тұра қашқанбыз. Қараңғыда  жүрер жолын аңдамай қалған Әлібай, кеп-кеп шалдың құшағына кіріп кеткен ғой. Біз оны білмейміз. Зытқаннан зытып, жар астындағы бұлақ жағасына жайғасып, қойын-қоныштағы шабдалыны шығардық.

Бір кезде қарасақ, бір шелекті майыса көтеріп Әлібай келе жатыр. Біз аң-таңбыз.

− Қайдан келдің-ей?!

− Ұсталып қалдым, − дейді міңгірлеп.

− Шалға ма?

− Иә.

− Не деді?

− «Е-е, өзіміздің Әлібайсың ба?» − деп қоя берді.

− Тағы не деді?

− «Мәуені рәсуа қылмай, теріп жесеңдер қайтеді? Ал анау тұрған шелекті. Толтырып тер де, апар анау жүгермектерге,» − деді.

− Біздің кім екенімізді айтып қойған жоқсың ба?

− Жоға-аа, − дейді жайбарақат қолындағы шабдалыны жеп.

Алдымызға бір шелек шабдалы келгенде ғана,  үсті-басымыздың жыбырлап, қышынып кеткенін сезіндік.

Бүгінде сол шабдалы да жоқ, Сабыралы атамыз да жоқ. Қанша жыл өтті, бірақ ал-қызыл боп, албыраған хош иісті шабдалының дәмі таңдайдан кетпей қойды, − деді таксист күліп.

Олар ағынан жарылып келеді. Елуді еңсеріп, қырықтан асса-дағы, балалық дәурендегі еркелікпен жасаған тентектіктерін елжіреп еске алады. Көлік ішіндегі жолаушылар да тыңдаудан жалығар емес. Жігіт ағасы атанып, бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған оларды «ұрлық істеді» дегенге қимайсың.

Үндемей отырғаныммен, менің де есіме балалық шақ оралды...

Біздің үйдегі егіндіктің аяғына сол жылы Әлімхан ата қарбыз-қауын екті. Бұған сол төңіректің бар баласы қуанды:

− Алақай, қарбыз жейміз!

− Жазда қарбызға тоямыз!

− Кө-өө-өп әңгелек ексе ғой.

− Рахат болатын болды, ә!? − десіп, Әлімхан ата жұрттың баласын тойдыра ма, өкіметке берген уәдесін орындай ма, әлде өз бала-шағасын қарқ қыла ма, жұмысымыз жоқ, аппақ қардай бала көңілдер тура біз үшін қауын-қарбыз еккендей, қутыңдап қалысқанбыз.

Бақшалыққа су жығуға, отауға, шабуға барған сайын, Әлімхан атаның алқабына телміріп қарап тұрамыз. Әуелі қос құлақ-қос құлақ боп қылтиып, кейін жапырағы жүзімдікіндей әшекейленіп, сала құлаш пәлегі жерге шырматыла бастады. Күндердің күнінде гүлдеп, түйіндеп берді. Бұл кезде жер бетін жап-жасыл пәлек жасырып, қауыны қайсы, қарбызы қайсы айқындала түскен.  Сопақтау болғанға ма, қауындар үлкейе келе көзге ұрмады, қалың пәлек астында қалды. Ал қарбыз шіркін, дөңгеленіп-дөңгеленіп бала біткеннің көзіне күн өткен сайын, «күйік» болды. Көрші балаларда шаруам не, қарбызға деген қызығушылығым арта-арта шегіне жетіп, ұрлауға ұялып жүргенімде, бір ойдың жылт еткені.

Сол ойдың жетегімен, қолыма қаламсап алып, қойын кітапшамды қолтыққа қысып, Әлімхан атаның шайласына тіке тарттым. Түс әлеті болатын. Самаурынға от салып отырған ата маған таңырқай қарап, сәлемімді алды. Жөн сұрады. Келгендегі шаруамды айттым. Әншейінде үндемей жүретін атамыз әңгімешіл екен. Әлде жалғыз өзі зерігіп отырған кезіне тұс келдім бе, кө-өө-өп әңгімелер айтты. Қажет-ау, деген мәліметтерді қойын кітапшама түртіп алып отырмын. Әңгімесін айта жүріп, дәу бір қарбызды еппен үзіп әкелді де, легенге толтыра тіліп қойды.

«І- іі-ім... Мына қарбыз ба, қант па, өзі?!»

− Ата, сіздің қарбызыңыз неге сонша тәтті? − деймін қып-қызыл, шопағы аз қарбызды жеп жатып.

− Неғұрлым көп тер төксең, соғұрлым қарбыз тәтті болады, шырағым! − дейді ол.

− Базардан апам сатып әкелген қарбыздардың түк дәмі жоқ қой. Сонда оған аз тер төккен бе?

− Баламысың деген... Онда оған ерте піссін деп, көп дәрі берген да. 

− Қайта дәрі берген жақсы емес пе, ата? Мысалы, дәрі ішкен адам ауруынан тез жазылады ғой.

− Е-е, айналайын! Сол дәріні осы қарбызға атаң бермеген, мүмкін, сол үшін тәтті шығар...

Жұрттың көзін ала беріп, қағаз бетіне оны-мұны шимайлайтын әдет тапқам-ды. «Қазақстан пионері», «Еңбек туы» газеттеріне шатпақтарым жарияланып жүрген. Әлімхан ата жайында жазылған «Тіл үйірген қарбыздар» атты мақала аудандық газетке жарқ еткен күні, көрші балалардың көзін қыздырып, біздің үйге бір арба тола қауын-қарбыз келді...

...Жүйткіген жеңіл мәшине үйіміздің жанына келіп тоқтағанда, «ұрылардан» бөлініп қала бердім...

Гүлдария Әшірбаева

Abai.kz

 

                                                                 

                                                                                 

                                                                           

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5318