«Заңнама мәтіндері: теңтүпнұсқалылықты қамтамасыз ету және терминдерді біріздендіру мәселелері» талқыланды
«Заңнама мәтіндері: теңтүпнұсқалылықты қамтамасыз ету және терминдерді біріздендіру мәселелері» тақырыбында республикалық әдістемелік семинар өткізілді. Бұл туралы "tilalemi.kz"порталы жазады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Министрлік арасында заң жобалары мен халықаралық шарттардың теңтүпнұсқалылығы және лингвистикалық сараптама сапасын арттыруға бағытталған шаралар жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумы аясында заңнама мәтіндерінің мемлекеттік тілдегі нұсқаларының және ісқағаздарын жүргізудің сапасын жақсарту, салалық терминдерді біріздендіру мақсатында «Заңнама мәтіндері: теңтүпнұсқалылықты қамтамасыз ету және терминдерді біріздендіру мәселелері» тақырыбында республикалық әдістемелік семинар өткізді.
Семинарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппараты Редакциялау және аударма бөлімінің бас консультанты Есімов Жәнібек, ҚР Президенті Әкімшілігі Жалпы бөлімінің редакциялық сараптама және актілерді шығару секторының меңгерушісі Сағын Бекзада, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппараты редакциялық баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әбдірәсілов Ербол, Қазақстан Республикасы Заңнама институты Лингвистика орталығының бастығы Мырзаева Шолпан, Қазақстан Республикасы Заңнама институты Лингвистика орталығының аға ғылыми қызметкері Шолан Бекен сынды білікті мамандар мемлекеттік тілде заң жобаларын әзірлеу мен оларға лингвистикалық сараптама жасаудағы, заңдар мен халықаралық шарттар мәтіндерінің аудармаларындағы және мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізудегі өзекті мәселелер төңірегінде келелі ой қозғап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Заңнама мәтіндеріндегі терминдерді біріздендіру мәселесі де жан-жақты талқыланды.
Іс-шараға орталық және жергілікті атқарушы органдардың заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілер жобаларының мемлекеттік тілдегі нұсқаларын әзірлеуге және редакциялауға жауапты мамандары, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізуге жауапты қызметкерлері қатысты.
Abai.kz