«ҚР МӘДЕНИ САЯСАТЫ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ» ТУРАЛЫ ПІКІР
Жалпы бұл тұжырымдама формалық жағынан қолдауға болатын жобалар жиынтығынан тұрады. Меніңше дүрдей бір министрлік тұжырымдама жасаудың ғылыми теориялық, танымдық философиялық негіздеріне жаңаша көзқараспен ұмтылуды ескермеген сияқты. Себебі, тұжырымдама деп мемлекеттік тұғырнамаға лайық жоба дайындалған кезде, алдымен оның платформасы ғылыми танымға негізделсе керек ті. Бұл тұжырымдаманың платформасының кешегі позитивистік мәдениет теориялары мен бүгінгі саяси лозунгілер шеңберінде дайындалғандығы анық көрініп тұр. Себебі тұжырымдамада мәдениет құбылысына жанды экзистенциалды мән берілмеген. Мәдениет факторын көбінесе мұражайларда орын алатын экспонаттар мен театрландырылған көрініс ретінде еске алуға бағытталған. Бұл кешегі Батыс ойшылдарының мәдениет теориялары жасалған жобалар екендігінен хабар береді.
Бүгін уақыт өзгерді. Ғылым, әсіресе әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар саласында мәдениет туралы жаңа ізденістер мен ғылыми тұғырнамалар жасалып жатыр. Бүгін адам факторында мәдениет құбылысы құндылықтық қуатымен алдыңғы орында тұр. Бүгін мәдениет өркениеттің шарықтау шегі ретінде танылмайды. Яғни мәдениеттің антитезасы өркениет емес. Мәдениет көпқабатты ғарыш, космос. Ол ғарыштың ең бірінші қабаты да құндылықтарды атаумен, ұғымдармен, түсініктермен, тұжырымдармен трансформациялап, транслитерациялап отыратын қуат ол тіл. Мына тұжырымдамада тіл туралы бір де бір комплексті жоба, не ұсыныс таппадым.
Екінші қабаты дүниетаным мәселесі, бұл адамның ойлау қабаттарындағы негізгі мәдени ерекшеліктерді өз ішінде сақтап, дамытып, тіл арқылы жандандырып отырады. Осы дүниетаным кескіндері адамның уақыты мен кеңістігінде өзіндік мәдени іздер мен құндылықтарды, ескерткіштерді мұра қылып қалдырып кеткен. Мұны да бүгінгі культурология тарихи аспекті ретінде мәдениеттің бел омыртқасы деп таниды.
Үшінші қабаты, тарихи процесс ішіндегі мәдениет іздерінің ең бастысы ол жазу, әліппе. Ол жазуларды қазақ даласында исламға дейінгі және исламнан кейінгі деп қарастырып, сол жазулардың барын, сақтау мәселесі де бұл тұжырымдамада орын алмаған. Мысалы, Жезқазған жотасының үстінен жол тартқан Қытайға бағытталған темір жолда кешегі исламнан бұрынғы қазақ тарихының жазулары ғылымда «Орхон Енисей» ескерткіштері тастарда қашалып жатыр. Бұларға ұлттық қазына қоры ретінде статус беру, сақтау, келесі ұрпаққа аманаттау жағы тұжырымдамада жоқ, айтылмайды да.
Келесі бір араб графикасымен жазылған қазақ мәдениетінің ескерткіштері, оның тарихи, онтологиялық болмысының да кескіні болып табылатын қол жазбалар бүгіндері «Әзірет Сұлтан» тарихи мәдени қорық мұражайында жинақталып жатыр. Оның сақталуы, ғылыми айналымға енгізілуі, бүгінгі қазақстандық білім беру тарихының сабақтастығы ғана емес, мәдени мұрасының байлығы мен тарихилығын да көрсетеді. Батыстағы «Бекет Ата» жер асты мешітіндегі жарға жазылған жазбалардың жағдайы да осы жерде мәдени құндылық ретінде сақталуы тиіс.
Ендігі мәдениеттің кеңістіктегі ізі болып табылатын сәулет архитектура негізінен Оңтүстік Қазақстан аймағында орын алған. Сыр бойы қалалары, Ұлы жібек жолы арналары, Иасауи кесенесі, Баба Түкті Шашты Азиз мазары, Сайрамдағы ежелгі, орта ғасырлық түркі ислам ескерткіштері, Отырар сәулеті, Сауран Қорғаны, Сығанақ қаласы, Тұркістандағы пантеон, Сығанақтағы Ежен патеондары, Шаяндағы аппақ Ишан медресесі, Ақмешттегі Қалжан Ахун медресесеі, Қарнақ медресесі, ондағы жазба ескерткіштер..Бұлар туралы нақты ұсыныс не жоба тұжырымдамада орын алмаған. Қазақ елі, мәдениеті ондаған ғасыр бойы ислам дінін қабылдау арқылы шығыстық өркениеттің ажырамас бөлігіне айналды. Қазақстан Республикасының негізінде қазақ мәдениеті құрушы фактор. Демек ұлттық құндылықтық ерекшелігі бар, өзіндік тарихи, танымдық, дәстүрлі мұсылмандық түсінігі қалыптасқан елміз. Қазақ елі исламдық ғылым мен өркениетке өзіндік үлес қосты. Демек тарихта діни ғұламалары бар, діни тәжірибелері нақтыланған, дінді ұғыну, түсіну және түсіндіруде рухани базасы бар елміз. Бірақ кешегі ориенталистік тенденциялар қазақты исламның өгей баласы ретінде танытып келді. Бұған кезінде тәуелсіз елдің басшысы ретінде елбасымыз «Дініміз ислам, кітабымыз Құран, тегіміз түрік» деген анықтамасы арқылы жауап берді. Шындығында қазақ елі тарихи және кеңістіктік тұрғыдан да Батыс пен Шығыстың, яғни ислам мен христиан әлемін жалғастырушы көпір қызметін атқарып келеді. Бұл да Қазақстанға геополитикалық жауапкершілік жүктеп отыр.
Елбасымыздың жоғарыдағы анықтамасында қазақ мәдениетінің тарих сахнсына шығуындағы исламның орны нақты берілген. Ал енді тұжырымдамада осы шындық туралы айтылмайды. Кешегі Батыстық ориенталистикасы мен скеуляризмінің сарыны байқалады. Алдымен қолданылған ұғымдар мен категориялар шеңберінде түсінбестік туындайды. Мысалы «жоба», «тұжырымдама» бұлар өз алдына бөлек жеке категориялар. Екіншіден тұжырымдаманың мақсаты «мәдени саясат» ретінде көрініс берген. (33 бет).
Бұл да біздің елбасымыздың «Мәңгілік ел» идеясын ғылыми тұрғыдан тұжырымдауда ешқандай платформасы нақты көрінбей қалған. Мысалы тұжырымдамада, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы жоба ретінде кеткен. Сонымен қатар бұл «Мәдени Мұра» жобасының жалғасы ретінде түсіндірілген. Негізінен кез келген жоба, бағдарлама ол ұстаным ретінде идеяға қызмет етеді. Мәңгілі ел идея болса, оған барлық бағдарламалар мен жобалар ұстаным болады. Бұл да сараптаудағы ғылыми қателік тұжырымдаманың сынын бұзып тұр.
Мысалы жай ғана культурологиялық тұрғыдан Қазақстан мемлекетінің негізінде қазақ мәдениеті, ал қазақ мәдениеті өзегінде ислам діні аксиологиялық жүйе ретінде болмыстық мәнге ие дейтін болсақ, онда тұжырымдамадағы «мәдени саясатына» Конституциядағы діни ерекшеліктер де кіруі тиіс. Мәдени саясат тұрғысынан рухани, діни құндылықтарды өзіндік ерекшеліктермен сақтау және оған қатысты жәдігерлерді дәріптеу Қазақстан республикасының құқықтық негізіндегі басты ұстаным зайырлылыққа да нұқсан келтірмейді.
Мәдениеттің келесі бір маңызды қабаты ол өнер. Оны да шектеп қойған, кино, театр, цирк, көркемөнер және тагы сол сияқты. Бұлар да керек. Бірақ бұл жанрлар әлемдік мәдениет салалары. Бұлармен Қазақстан мәдениетін әлемге таныту қиын, таңқалдыру бос сөз. Әлемге Қазастан мәдениетін танытудың жолы ол Қазақтың өнері, сазы, музыкасы, фольклоры, қол өнері, қолданбалы өнері, тұрмыстық тұтынущылық жәдігерлері, ұлттық ойын түрлері мен жанрлары осылардың бәрі бүгінгі мәдениеттің қайтадан жаңғыртылуының айнасы. Бұл туралы тұжырымдамада бір сөйлем кездестіре алмадым.
Сосын тұжырымдамада «конкурентноспособная культура», «общеказахстансакя культура» деген тіркестер жүр. (15, 16 беттер) Бұл тіркестерге берілген анықтамалар да нақты емес. «Бәсекеге қабілетті мәдениет» деген тіркес, экономикалық бизнестік саясатқа айналып кеткен сияқты көрінеді. Бұл да тұжырымдамада ғылыми негізсіз ұстаным ретінде көрініс берген. Егер оны жахандық мәдениетпен салыстырып қарасақ, сыртқы қысымнан төл мәдениетімізді қалай сақтаудың тетіктерін ұсынуымыз керек еді. Рухани мәдениетіміз құндылық ретінде Батыстық мәдениет қысымына ұшырап отырғандығы жасырын емес. Жалпы ұсынылған тұжырымдамадағы мәдени саясат идеологиялық салмағы бар, ғылыми, тарихи, аксиологиялық, онтологиялық негіздерге құрылғаны жөн болар еді. Сосын «жалпықазақстандық мәдениет» тіркесі кешегі коммунизмнен қалған «жалпы халықтық интернационализм» тіркесі сияқты көшіріліп алынған шаблондардан қашуымыз керек. Жалпықазақстандық мәдениетті идея ретінде алатын болсақ, онда Елбасымыз «Қазастан Халықтары Ассамблеясын» құрмаған болар еді. Бұл да ғылыми негізге сүйенбеген, тереңінен талданып, сарапталмаған шикі ұсыныс болып тұр.
Сосын тұжырымдамадағы орын алған (19 бетте) «Қазақстан Республикасы Президенті жанынан құрылатын Мәдениет және Өнер істері жөніндегі Ұлттық Кеңесі» деген тіркес те ғылыми танымнан алшақ жатыр. Жоғары да айтылғандай өнер мәдениеттің маңызды қабаттарының бірі. Сондықтан ұсынысым, «Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мәдениет Ұлттық Кеңесі» делінсе дұрыс болады. Жоғарыда айтылған. Тіл, жазу, дүниетаным, тарих, сәулет, өнер бәрі мәдениет құбылысының қабаттары.
Сосын осы бетте «Кеңестің құрылымы» берілген. Соған өзгеріс ретінде ұсынысым, Мәдениет Министрлігі құлашын кеңге жайып, жалпы мәдени саясатты жүзеге асырушы орган ретінде құрылымына мәдениет қабаттарына қатысты Білім және Ғылым Министрлігі, Діни Істер Агенттігі, Спорт агенттігі, Юстиция сияқты билік салаларынан да өкілдер тартып, министрліктер аралық байланыстың да орталығына айналуы шарт. Сонда «мәдени саясат» тұжырымдамасы сауатты идеологиялық, ғылыми тұғырнамаға айналады.
Жаңа қазақстандық кино сахнасында евразиялық идеяны кескіндейтін образдар жасауда ұсынылған есімдер мен тұлғалар (23 бет Гумилев, Шевченко, Карелине, Рерих, Достоевскии) кешегі кеңес Одағы министрлігінің шаблондарына көбірек ұқсап кетіпті. Бұл туралды идея елбасымыздың «Тарих толқынында» еңбектерінде бар. Соған қарау керек.
Елбасының тікелей бақылауымен жүргізіліп келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасында дінімізге қатысты еңбектер мен қолжазбалар әлемнің төрт бұрышынан әкелініп, ғылыми айналымға еніп жатыр. Бұл да мәдениетті дамытуға бағытталған игі бастама. Сосын тұжырымдама (концепция) философиялық категория. Оған қалай болса солай анықтама жасауға болмайды, олай болса, Республикалық басқару жүйесіндегі танымдардың арасында үйлесімсіздік туады да, арты конституциялық тұғырларды түсіндіруде терминдер қақтығысы ортаға шығады.
Дұрысы менің ойымша, Қазақстанда мәдени саясатты білім мен ғылым, рухани құндылықтарды дамытудың жолдарын тарихи сабақтастықты жаңғырту негізінде, стратегиялық, жүйелі, тұжырымды механизм жасау қажет. Ол үшін күрделі, кешенді зерттеулер, халықаралық байланыстар, әлемнің төрт бұрышындағы кітапхана қорларымен, олардың озық тәжірибелерінен пайдалануды ұйымдастыру керек. Ал енді ҚР ғылым академиясында, Шығыстану институтында, Ұлттық кітапханадағы осы мақсатқа жарайтын қол жазба қоры саусақпен санарлық. Өзбекстандағы, Туркиядағы, Мысырдағы, Ирақтағы, Ресейдегі т.б. кітапхана қорларымен байланысуды жүйелі жолға қою керек.
Жалпы Қазақстандағы мәдени саясат тек өтпелі формаларға емес, тарихи сана, ғылыми таным және әлемдік тәжірибеге қатысты бүгінгі мемлекеттік және қоғамдық институттар аралық келісімге келуді идея ретінде алып, оның принциптерін тарихилық, тарихи сабақтастық тенденциясы шеңберінде жүйелі жүргізуіміз керек. Міне осы ойлар Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында» және «Сындарлы он жыл» еңбектерінде кеңінен қамтылған.
Досай Кенжетай
Abai.kz