АҚҰШТАП БАҚТЫГЕРЕЕВА: «АШКӨЗДЕР БИЛЕГЕН ҚОҒАМДА ӘДІЛЕТ БОЛМАЙДЫ»
Бүгінде әйел пендесі түгілі, еркегің еңкейіп қалған бұқпантай заманда елдің мұңын айтар адам таппайсың. Қоғамның зары биліктің төріне тірелетінін сезетін зиялы қауым тіпті саясаты бар сөз айтудан қаймығады.
Бірақ «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап апамыз «қоғам төңірегінде сұхбаттасайық» деген қолқа салуымыздан тайсалмады. Апамыздың айтары да азат екен. «Сәрсенбідегі сұхбатымыздың» сәнін кіргізген апамыздың сондағы «сыбағасы» төмендегідей болды.
Француздар: «Ұлылар провинцияда туып, Парижде өледі», - деуші еді, ал сіз, керісінше, қазір туған өлкеңіз Орал қаласында тұратын сияқтысыз. Алматыдан неге «жерідіңіз»?
- Мен Алматыға арман қуып, он жеті жасымда келдім. Осы жерде оқуымды бітіріп, қызмет істеп, отбасын құрып, бала сүйіп дегендей, қырық екі жылымды өткіздім. Жастық шағымның барлық қиындығы мен қызығына осы Алматы - куә. Жаңа ғасыр басталды. Академик Зейнолла Қабдолов,сазгер Илья Жақанов ағалар Атырауға, мен Қадыр Мырза-Әлі ағамен Оралға жол тарттық. Орталықтан шалғай жатқан аймақ жас-тарына көрген-білгенімізді айту, ана тіл,ата тәрбиесін насихаттау басты мақсат болды. Егемен елге осылай қызмет етуді жөн санадық. Жасыратыны жоқ, бір кезгі алмалы да әсем Алматыны жиі сағынатыным рас.
Бүгінде әйел пендесі түгілі, еркегің еңкейіп қалған бұқпантай заманда елдің мұңын айтар адам таппайсың. Қоғамның зары биліктің төріне тірелетінін сезетін зиялы қауым тіпті саясаты бар сөз айтудан қаймығады.
Бірақ «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап апамыз «қоғам төңірегінде сұхбаттасайық» деген қолқа салуымыздан тайсалмады. Апамыздың айтары да азат екен. «Сәрсенбідегі сұхбатымыздың» сәнін кіргізген апамыздың сондағы «сыбағасы» төмендегідей болды.
Француздар: «Ұлылар провинцияда туып, Парижде өледі», - деуші еді, ал сіз, керісінше, қазір туған өлкеңіз Орал қаласында тұратын сияқтысыз. Алматыдан неге «жерідіңіз»?
- Мен Алматыға арман қуып, он жеті жасымда келдім. Осы жерде оқуымды бітіріп, қызмет істеп, отбасын құрып, бала сүйіп дегендей, қырық екі жылымды өткіздім. Жастық шағымның барлық қиындығы мен қызығына осы Алматы - куә. Жаңа ғасыр басталды. Академик Зейнолла Қабдолов,сазгер Илья Жақанов ағалар Атырауға, мен Қадыр Мырза-Әлі ағамен Оралға жол тарттық. Орталықтан шалғай жатқан аймақ жас-тарына көрген-білгенімізді айту, ана тіл,ата тәрбиесін насихаттау басты мақсат болды. Егемен елге осылай қызмет етуді жөн санадық. Жасыратыны жоқ, бір кезгі алмалы да әсем Алматыны жиі сағынатыным рас.
- Қазіргі әдебиет пен өнердің ағымы қалай кетіп барады: бәрі сауда-саттықпен ғана өлшенетін кезеңде өлеңге орын қалды ма?
- Мейірімді бол, қайырымдылық жаса деген сөздер біздің қолданысымыздан түсіп қалған сияқты. Ата - немересіне, әке - баласына ақша табудың жолын ғана үйретіп жатқан тәрізді. Абай атамыз айтқан қанағат пен рақымды ұмыттық. Байлыққа сонша құнығып, миллионер, миллиардер атануға асықтық. Айналаңа көмектесу, еліңнің ертеңіне қолғабыс болу деген сияқты адамдықтың ақ жолынан бұлтарып кеттік. Егеменді елдің ертеңі болатын жаңа туған сәбилер өзіне тиесілі несібеден құр қалып отыр. Жасы келген ұл шаңырақ көтере алмай, қырыққа келген қыздарымыз тұрмысқа шықпай отыр. Ұлттың саны аз, байтақ дала тағдырынан өз жеке басын көбірек ойлайтын дүниеқоңыздар басым ба деп сезіктенем.
Ендеше, қазақтың осындай мәселесін шешетін марқасқа азаматтар қайда? Сол азаматтарымыздың отан, ана, ел, жар алдындағы борышы қайда? Мұндай мәселелер айтылмай, барлық мақсат қалайда ақша тауып, баю болып кетті. Осыдан соң кітаптар жатыр оқылмай. Абайды оқыттық дегенмен, оның асыл сөздерін түсінбейтін қазақтар бар. Осындай қоғамда өлеңге деген орын өте азғантай ғана қалды. Қазір әр бұтаның түбінде шырылдап қалған бозторғай сияқты санаулы ғана ақын мен оған құлақ асатын санаулы ғана оқырман бар. Кітап - тәрбие мен сананың бастауы.Оқымаған адамның топастығы мен сезіксіздігі бетінде тұрады.Сондайлардың басшы орында отыруы - елдің соры. Осыған байла-нысты сана тәрбиесі дәл қазір әлсіреп тұр.
- Бүгінгі зиялыларды қара басының қамын ойлап, қоғамдағы кінәраттарды көре тұра, үндеместің кейпін киіп жүр деп, жұртшылық жиі кінәлайтын болды ғой. Осы пікірге қосыласыз ба?
- Зиялы деп оқыған-тоқыған, парасаты мол, құдай алдында пәк адамды айтуымыз керек. Қазір біз министрлерді зиялы десек, қателесеміз. Мен олардың тағын қызғанып отырған жоқпын. Қазақ азаматы би де, болыс та болған. Сондықтан биліктің тұтқасын ұстаған адам әділ болсын. Ал бүгінгілердің әділдіктен ада қалған себебі - былыққа әбден шырматылып алған да, содан шыға алмай жүр. Сондай азаматтарды көріп отырып, кейде аяймын да. Бұл - құлдықтан да жаман дүние. Себебі, өзіңдік пікірі жоқ, ақшаның жолында ләппай тақсыр, сіздікі жөнге салып, жалпылдаған сорлы болып қалды. Мұндай қарекетті мен той мен өлімнен де көретін болдым. Тіпті ақшаны қуған шенеуніктердің ертеңгі күні қартаятыны мен өлімнің бар екенін ойламайтыны таңғалдырады. Осыған толғанғандықтан, өз өлеңдерімде:
- Ол жақта қалай, апа, гүлдер
көп пе,
Күнәсін кешіре алмай жүрген
көп пе?
Тіріде пара бергіш жылмақайлар,
Ол жаққа әлі барып
үлгермеп пе? -
деп, тірілер түсінбеген мұңымды жер қойнында жатқан анама хат жазу арқылы тарқатамын.
Қайтеміз, осындай бір опасыз кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мен мұның бәрін түңілгеннен айтып отырған жоқпын. Десе де, өскелең жастарға сенемін. Түсінетіндері бар, бірақ олардың қолы байлаулы. Осындайда қазақтың: «Неше жүйрік болса да, жауға мінбе жалсызды, неше шешен болса да, дауға салма малсызды» дегені еске түседі. Қазір біреумен даулассаң, сотта ақшасы бар, әкесі бастық, көкесі депутат жеңеді. Ертеде би-болыстың бәрі зиялы болса, халық турасын айтқан Ақан, Біржан, Мұхит, Ахмет, Мағжан есімдерін есте сақтамас еді ғой. Абай мен Махамбетке неге табынады? Мыңғыртып мал айдаған байлар есімін неге естен шығарып тастаған? Байлық жүрген жерде әділдік пен адалдық жоғалады-ау...». Алтын көрсе періште де жолдан таяды» осындайдан айтылған.
- Ана демекші, қазір енеден де қадір қашты ғой. Бұрынғы әжелердің немере-шөберелері жанында шұбырып жүруші еді, қазір баласынан туған баладан басын алып қашатын болып кетті ғой...
- Соңғы жиырма жылдағы қартайып отырған әжелер мынадай қатыгез ұрпақ пен заманды көргендіктен, өз баласынан өзі жеритін болды. Одан да далаға шығып, бір жұмысын бітіріп келгенді артық көреді. Бұл ана мен баланың арасындағы мейірімдіктің азайғанын көрсетеді. Енді ешкім көп бала тумайды. Себебі, туған баланы асырайтын, дәрігерге қарататын жағдай жоқ. Он балаға деп берген Алтын алқаны тағып алып жүргенінен не пайда? Бес баланың өзін үкіметтен алатын жәрдемақы үшін туады. Ал оның болашағы мен тәрбиесін ойлап отырған ешкім жоқ. Аз-маз алатын жәрдемақысының өзін әкесі араққа салып жібереді. Өйткені ауыл халқы жаппай жұмыссыз. Екі қолға күрек іздегендері қалаға келуде. Олардың өздері сыз басқан жертөледе немесе біреудің тозығы жеткен саяжайында тұрып жатыр. Мұнайдан түсіп жатқан ақшаға жатақханалар салып, солардың бір-бір бөлмесінің кілтін жастарға берсек, бала да туар еді, қазақтың саны да өсер еді. Мұның бәрі - қазанның құлағын азаматтық борышын білмейтін жауапсыздардың ұстап отырғандығынан.Үлескерлерге салынған үйлердің көбінде жоғарыдағылардың да «үлесі» бар-ау деп ойлаймын.
- Қазақтың «айтылмаған сөз - жетім» деген сөзінің тонын аударып, «тыңдалмаған сөз - жетім» десем, осы айтылғандардың тыңдаушысы кім болуға тиіс деп ойлар едіңіз?
- Мұның ең бірінші тыңдаушысы қолында билігі барлар болуға тиіс. Мен жайлы халық қалай ойлайды, қандай қылығымды көріп отыр деп, бір сәт жан-жағына қарайлауы қажет. Халықты алдағанмен, құдай көріп тұр-ау деген ой оларда жоқ-ау деген ой келеді.
- Бүгінде жазғанын кітап етіп шығара алмай, шығарса, өткізе алмай жүрген ақындардың жай-күйі туралы не айтасыз?
- Айтып өткенімдей, бұта түбінде шырылдаған торғайдай ақын үні мына шулы ғасырда сан құлаққа жетпейді, көбі керең де, қалғаны ұялы телефон сымымен тығындаулы ғой. Оның үстіне, мән-мағынасы жоқ ақшалылар шығарған кітап та қаптап кетті. Ал миллиондап бөлінген қаржы бір керім «тендер» деген пәлеге түседі. Оны сойған малдың мүшесінше бөліседі деп естимін. Соның жүзден бірін кітап насихатына бөлсе де, аз болмас еді-ау. Бірақ Абай айтқан қанағат, рақым жоқ қой,олар тек ала берсем дейді, тоймайды. Машинасы барға ұшақ керек, ұшағы барға кеме керек, кемесі барға тұлпар керек, тұлпары барға тоқал керек. Ал ол тоқалға шетелде сарай керек, керек, керек, керек... Ашкөздер билеген қоғамда әділет деген болмайды, олар уәдесінде тұрмайды. Осыдан адамдық, азаматтық келбетін жоғалтқан,тек бір-бірімен күндікше ақша үшін достасқан сатқындар өмір сүреді, оны көрген ұрпақ азады. Есті болса баласы немесе немересі өскенде, олардан жиіркенетін күн туады. Талантты ақын-жазушы осының бәрін өз шығармасында ұрпаққа жазып қалдырады. Ондай кітап қазір шықпаса да, кейін шығады. Әділ сөз өлмейді.
- Жазушылар одағының Батыс Қазақстандағы бөлімінің құлағын ұстап отырсыз. Ел арасында Жазушылар одағын мерейтой өткізу мен жаназада сөйлеу мекемесіне айналып кетті деп мінейтіндер қатары көбейіп кетті ғой...
- Осындай алас-қапас кезде керемет жазушыларымыз бірінен соң бірі дүние салды. Мынадай жағдайға жазушылардың жүрегі шыдамады-ау, сірә. Сондықтан жазушыны Жазушылар одағы көмбесе, кім жерлейді?! Жазушыларға қаламақы төлемей, кітабыңды өзің шығар деп тентіретіп жіберген соң, ол шаңырақта қандай құрмет қалсын. Бұдан соң жазушылар да азып-тозды. Қалталылар тілді жоқтаған жазушыға күліп қарайтын болды. Ал шын мәнісінде ақын мен жазушының сөзі бүтін бір ұлтты тәрбиелейді. Неге шетелдіктер театр мен төл өнерін қатты құрметтейді дейсіз? Біз сондай рухани тәрбиеден көз жазып қалдық. Қазір опера мен балеттің өзіне театрға жаны жақындар ғана барады.
- Ал бүгінде Одақтың Батыс Қазақстан бөлімшесі әдебиет пен мәдениеттің айналасында қандай игі шаралар атқарып жатыр?
- Кішкентай облыстағы одақтың бөлімшесін бірлестік етіп қойса, оған үкімет тарапынан мән берілмесе, онда қандай істер атқарылмақ? Әйтеуір соңғы екі жылдан бері Батыс Қазақстанға қазақша оқыған, қазақша тәрбие көрген әкім Бақтығожа Ізмұқамбетов келіп, ісіміз оңға басқан сыңайлы. Ақжайық ақын-жазушыларының өлі-тірісі бар, 20 том кітабын шығаратын мүмкіндікке қол жеткіздік. Әкімдік тарапынан ай сайын жазушыларға стипендия беріледі. Осылайша там-тұмдап, өлместің күнін көріп отырмыз. Шығарған кітаптарымыздың арасында жарты ғасырдан бері жарық көрмеген әдебиетші ғалым, академик Қажым Жұмалиев, өмірден ерте кеткен Сағат Әбдуғалиев, Мұхадес Есләмғалиевтер бар.Таланттарға ерекше күтім болмаса, жаралы жолбарыстай ыңыранып өмір сүретіні анық. Жаралы жүректен асқақ ән тумайды. Қоғамдағы әртүрлі әділетсіздік ақын-жазушылардың жүрегін жаралап отыр. Амал не, Абай да бай баласы бола тұра зар жылады, елім деген Махамбетінің де басын кесті бұл қазақ...
- Ақын-жазушылардың арасында біреу екіншісін мақтаса, үшіншісі оны баспасөз арқылы даттап шығатын болды. Қазақ әдебиетінде жұлдызы жарық саналған жазушылардың бірі Мұхтар Мағауинді баспасөз беттерінде ашықтан-ашық қаралау тұрғысындағы мақалалар дендеп кетті. Біздің зиялылар неге бір-біріне топырақ шашудан аса алмай жүр?
- Мағауин қазақ әдебиетінің қиын кезеңінде бес ғасыр бұрынғы жырауларымызды ашты ғой. Мұны оның ерлігі деп тану керек. Ол кісінің осы бір еңбегі ұлттық сананы оятты. Осындай талас-тартыс кезеңде ұсақ, күйкі әңгімені көрмейін деді ме, еріксіз шетелге кетіп қалды. Ол кісінің прозасындағы ұлттық көріністер мен сөз саптауынан-ақ ұлтын сүйетін азамат екені көзге ұрып тұрады.
Сондай адамды «жақсы көріну» мақсатында даттап жүргендер жетерлік. Біздің қазақ жақсы болсаң күндеп, асып бара жатсаң жала жаба салатын халық емес пе? Бір-бірінің үстінен арыз жазуға шебер. Бұл - ақыл-парасаты төмендердің әрекеті. Нағыз ұлттық мүддені көздеген адамдардың біреуді даттауға да мұршасы келмес еді. Ашығын айтқанда,өздері Мағауин бола алмаған соң, оның жағасына жармасады.
- Бір басылымға берген сұхбатыңызда базарда жүрген әйелдер балаларын құлдыққа тәрбиелеп жатыр дегенді айтыпсыз. Осы пікіріңізді тарқатып беріңізші.
- Базарда пақыр тірлік кешкен анасының өмірін көрген бала елім деп қайдан кеуде соқсын?! Намысы қайралған бірді-екілісі ғана мықты болып шықпаса. Мен қазақ әйелі мен қызы жайлы өте көп айттым, қайталай бергім келмейді. Ел болу, ұлт болу әйелге келіп тіреледі, адамзаттың тәрбиешісі - АНА. Бұл - «Тасжарған» мен екеумізден гөрі, үлкенірек орындар айналысатын мемлекеттік маңызы бар мәселе.
- Мәселе әйелге сүйеу болатын еркектердің азайып бара жатқанында емес пе?
- Әрине, еркектердің өзі бизнесі бар қалталы әйелдердің қолына кіріп алып, бас сауғалап жүр ғой. Қала берді бастықтың қызын алуға ұмтылады. Сондықтан қазақ әйелін базарда тентіретіп қойды... Өзбектерде ері ғана базарда сауда жасап тұрады. Ошақта қалу қорлық емес. Әйел затына үйінде ерінің тамағын даярлап, баласын еркелетіп отырғанға не жетсін! Қыздарымыз ибалығынан, инабаттылығынан айырылды. Ашық-шашық жүретін қыздардан жігітердің өзі шошитын болды. Қасында жүрген анасы қызының жүріс-тұрысына мән бермейтін күйге түстік.
- Бір-бірінің басын жарып, атысып-шабысып жатқан, барлық тірлігін параға тіреп қойған қазақтың бүгінгі күйкі тірлігі шабытыңызға тосқауыл болып жүрген жоқ па?
- Өлеңімізде шалқыған қуанышты жолдардың болмауы осы қоғамның көрінісі ғой. Айналаңдағы әділетсіздікке бола шырылдап жүрген соң, жүректен мұңды жолдар ғана шығады да. Ақын өзі өткерген уақыттың шындығын жазады. Ол бұрын да солай болған және жалғаса да береді. Біздің өмір сүрген кезеңнің тарихын кейінгі ұрпақ қойын дәптерлерімізден оқып, біреудің иттігін, біреудің дұрыстығын зерделер деген үміттемін.
- Рақмет, апатай, әңгімеңізге!
Әңгімелескен -
Динар КАМИЛОВА,
«Общественная позиция» газеті