Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2739 0 пікір 8 Қыркүйек, 2010 сағат 04:41

Азат ҮСЕН. Саясат тақтасындағы мемлекеттік тіл жүрісінен неге жаңыла береді?

«Демократиялық жаңаруларды жүзеге асырғалы жатқан екенсiздер. Жөн. Бiрақ ұлттық даралықтан айрылып қалмаңыздаршы!».

Малайзия парламентiнiң өкiлдер палатасынын төрағасы Нга Талиб мырзаның анабiр жылы Қазақстанға жасаған ресми сапарында сол тұстағы Сенат төрағасы Нұртай Әбiқаевпен болған кездесуiнде айтқан осы сөзiнiң астарында не жатыр?

«Демократиялық жаңаруларды жүзеге асырғалы жатқан екенсiздер. Жөн. Бiрақ ұлттық даралықтан айрылып қалмаңыздаршы!».

Малайзия парламентiнiң өкiлдер палатасынын төрағасы Нга Талиб мырзаның анабiр жылы Қазақстанға жасаған ресми сапарында сол тұстағы Сенат төрағасы Нұртай Әбiқаевпен болған кездесуiнде айтқан осы сөзiнiң астарында не жатыр?

Әлде ұлттық идеяны әуелi тiлмен байланыстыратын малайзиялық мәртебелi мейманның итальяндық «Ренко» компаниясының президентi Ренальдо Гаспаранидiң: «Мен әлемнiң 141 елiн аралаған адаммын. Солардың iшiнде өз мемлекетiнде тұрып, өз ана тiлiнде өмiр сүре алмай отырған халықты көрдiм. Ол - қазақ халқы», - деген сөзi жанашырлықпен айтқан ескертпесi ме екен?! Қалай десек те, қадiрмендi қонақ ресми кездесулердегi өз сөзiн аудармашыдан тiкелей қазақшаға тәржiме жасауын талап еттi. Ана тiлiмiздiң беделiн мәртебелi мейманмен болған сол кездесуде Нұртай Әбiқаев та қорғап қалған едi. Бұл кездесу шенеунiктер көбiне сылтау ретiнде алға тартатын «халықаралық кездесулердегi ресми тiлге жүгiнудiң қажеттiлiгiн» жоққа шығарды.
Елiмiзге басқа шет елдерден делегация мүшелерi келе қалса, билiк басындағылар орыс тiлiн ресми хаттамаларға енгiзбей қойған оқиғалар бұрын да болған. Бiрақ, ол жаппай қолдау таппады. Ұлыбритания парламентiнiң мүшесi, лорд Уэйверлидiң Астанаға жасаған сапарында Сол кездегi Сенат төрағасы Оралбай Әбдiкәрiмовпен болған кездесуi қазақша, ағылшынша өттi.
Жалпы, «Протокол қызметi туралы» алғашқы Ереже Қазақ КСР кезiнде қабылданған болатын. Егемендiгiмiздi алғаннан кейiн АҚШ үкiметiмен болған екi жақты келiсiм-шартты қазақ және ағылшын тiлдерiнде дайындау жөнiнде мәселе де көтерiлген. Америка тарапының «бiзде қазақ тiлiн бiлетiн ресми аудармашылар жоқ» деген талабы орындалмай, АҚШ пен Қазақстан арасындағы екiжақты шарт қазақ және ағылшын тiлдерiнде жасалған болатын. Егер 1992 жылғы құжаттарды қарасаңыз, келiсiм-шарттардың қазақ тiлiнде толтырылғанын көруге болады. Бұл елiмiз протокол қызметiнiң өзге ел алдындағы саяси дипломатиядағы оң жүрiсi едi. Осы жүрiсiмiз Тәуелсiздiк жылдарында жүрiсiнен жаңылды. Осыдан бiрнеше жыл бұрын елiмiзге ресми сапармен келген АҚШ вице-президентi Ричард Чейнимен болған кездесуде орыс тiлiн делдалдыққа салып жiбердiк. Протокол бойынша бұл кездесу қазақ-ағылшын тiлдерiнде өтуi тиiс едi.
КСРО көп ұлтты мемлекет болды. 300 миллионға жуық Кеңестер Одағының халқы 120-дан астам тілде сөйлеген. Мемлекеті жоқ ұлттардың тілдері де кеңес халқының тілінің санатында болды. Заң жүзінде КСРО-ның мемлекеттік тілі болған емес. Алайда халықаралық қауымдастық алдында өзін барынша демократиялық ел ретінде көрсеткісі келетін КСРО-ның іс-қағаздарын жүргізу тек қана орыс тілінде жүзеге асырылатын. 1990 жылдың 24-сәуірінде ғана «КСРО халықтарының тілі туралы» заң қабылданды. Осы құжатқа сәйкес қана орыс тілі КСРО- ның ресми тілі болып аталды. Сөйтіп КСРО-ның мемлекеттік тілі бір-ақ жыл қызмет етті.
«ҚР өзі қабылдаған Мемлекеттік тілі бола тұра, осы уақытқа дейін Парламенттің қос палата отырыстарының өзге елдің мемлекеттік тілі - орыс тілінде өткізілуі әбестік. Қазақстанның парламенті екенін тек отырыстардағы таблолардан ғана білеміз», - деп Мұхтар Шаханов айтқандай, депутаттардың ресми тілде сөйлеуі, уақыт өткен сайын үдеп барады.
Жақында Мәдениет министрлігі әзірлеген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама-сын Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында мәселе Мемлекеттік тіл туралы болып жатқанда Парламент депутаты Бақыт Сыздықованың басымдықты ресми тілге бұрып әкетуі көңілімізді күпті етті. «Бүгінгі таңда жастардың көбінің қазақ тіліне деген құрметі ерекше. Бірақ басым бөлігі өз ойын мемлекеттік тілде ашық жеткізе алмайды. Сол себепті мен орыс тілінде сөйлеуге мәжбүр болып отырмын», - деп өз ойын орыс тілінде жеткізуге мәжбүр болды.
Бұған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед жан-жақты ұғынықты түрде жауап берді. Бұл өз кезегінде Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың: «Қазақ елінде тұрдың ба, сол елдің азаматы екенсің, ендеше шу шығарудың қажеті жоқ. Сол елдің тілін үйрен!» - деген ұранды сөзімен астасып жатты. Мұның өзі қазақ тілінде ойлап, сөйлей алмайтын адам қазақ ұлтының келешегі үшін шынайы қызмет етеді деген сенімділікті орнықтыра алмайтынын көрсетіп берді.

Ең осал тұсымыз

Дипломатиялық хаттама тәртiбi бойынша елiмiзге келген шетелдiк делегацияларды қазақ тiлiнде қарсы алып, сол тiлде шығарып салуымыз керек. Бұл ереженi бiрiншi болып өзiмiз бұзамыз, сол әрекетiмiз арқылы оларға жеңiлдiктi тағы өзiмiз жасап отырмыз.
Бiз ұзақ уақыт қазақ тiлiн қызмет көрсету саласында, қоғамдық көлiктерде, мәдениет орындарында қолдануды жолға қойып келдiк те, оны саясат саласында қолдану қажеттiлiгiн ескермей келдiк.
Қазiргi уақытта мемлекеттiк тiлдi халықаралық саясат саласында қолдану iсiн кеңейту қажеттiлiгi туындап отыр. Демек, қазақ тiлiн көпшiлiк арасында жүргiзiлетiн саясаттың негiзгi тiлi, саяси байланыстағы негiзгi құралына айналдыру қажет. Қазiргi таңда мемлекеттiк тiл атқаратын функциясына ғана емес, ол - саясат тiлi қызметiн жүргiзе алатындай белгiлi бiр саяси сипатқа ие.
Мемлекетiмiзде қазақ тiлiнде бес ғасыр бойы саяси басқару iсi жүргiзiлiп, осы тiлде күштi саяси-құқықтық негiз өмiр сүрiп келгенi тарихтан жақсы мәлiм. Алайда, соңғы кездерi қоғамдық қатынастарда, әсiресе, саясат саласында қазақ тiлiн батыл енгiзу тәжiрибесiн ескермейтiн болдық. Сондықтан қазiргi уақытта қазақ тiлi белгiлi бiр «саяси оңалту» iсiне аса мұқтаж. Демек, қазақ тiлiнiң бiр кездегi саясат және мемлекеттiк басқару саласындағы белсендi позициясын қайтадан өзiне қайтару қажет. Ол үшiн: қазақ тiлiн шын мәнiнде билiк буындарында кеңiнен таралған және сұранысқа ие болып отырған саяси тiлге айналдыруымыз керек, екiншiден, қазақ тiлiн саясат саласындағы негiзгi ақпарат жүгiн тасымалдайтын күшке жеткiзуiмiз қажет, үшiншiден, оны (қазақ тiлiн) саяси диалогқа, ғылыми, мәдени үнқатысуға және саясат айдынына яғни, саясат аудиториясына алып шығуымыз керек, төртiншiден, қазақ тiлiн ресми саладағы барлық хат-хабар алмасу тiлiне жанды араластыру қажет. Бiз сонда ғана саяси координаттық жүйеге басымдық берген тәуелсiз, ұлттық мемлекет ретiнде өзiмiздi әлемдiк қауымдастыққа сыйлата аламыз.
Әзiрге мемлекеттiк тiлiмiз саясат тақтасында тоқтап қалған тасымызды өрге қарай сүйрей алмай келедi. Елiмiздегі саясаткерлер, депутаттар, мемлекеттiк шенеунiктер қазақ тiлiн саяси пiкiрталас мiнберiне алып шыға алмай отыр. Саяси пiкiр-таласта қазақша сөйлемеу - қазақстандық саясаткерлердiң имидждiк келбетiндегi ең осал тұсы болып тұр.
Қазақстандағы мемлекеттiк басқару жүйесi туралы Ресейде және Батыс Еуропада жарық көрген анықтамалықта: «Қазақ ұлтының өкiлдерi Қазақстандағы мемлекеттiк қызметкерлердiң 90 пайызын, жоғары деңгейдегi мемлекеттiк басшылардың 95 пайызын құрайды» деп көрсетiлген. Десек те, олар келiсiм-шарт тiлiн орыс тiлiнде жүргiзуге жүгiнедi. Себебi, оны мемлекеттiк тiлде кәсiби деңгейде жүргiзуге шенеунiктерiмiз ықыласты емес. Олар (шетелдiктер) мұны бiлмегендiктен емес, талаптың жоқтығынан iстейдi. Яғни саяси билiктiң мемлекеттiк тiлге деген ұстанымы елiмiздiң егемендiгi рухына сәйкес келмейдi.
Қазақстан Республикасының «электронды үкіметін» дамыту мәселесінде де ерекше көңіл аударарлық мәселе бар. Ол - электронды сатып алу порталындағы қазақ тілінің жағдайы. Бір жылдан астам уақыт өтті, аталмыш порталдағы барлық ақпараттар бүгінге дейін тек қана орыс тілінде болып отыр. Қазақ тілінде бірде-бір хабарлама жоқ. Бүгінгі таңда 30 мың интернет сайты тіркелген көрінеді. Оның тек 300-і ғана мемлекеттік тілде хабар беріп отыр екен. Сондай-ақ, мектептеріміздегі 72 пайыз оқушының туған тілі - қазақ тілі, ал мектептердің 80 пайызы қазақ және аралас мектептер. Сонда бұл ақпараттар кім үшін дайындалып отыр?
Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарындағы іс-қағаздардың 90 пайызы ресми тілде атқарылады екен. Өкінішке орай, талап-арыздың орыс тіліндегі нұсқалары үйреншікті болған соң, құжатты қабылдаушылардың өздері орыс тіліндегі үлгілерді арызданушыларға ұсынатын көрінеді.
Жақында Латвия Ішкі істер министрлігі өз қатарларына тек латыш тілін меңгергендерді қабылдайтындағы жөнінде шешім жасады. Жалпы, Латвияда қоғамның кез-келген саласында қызмет істейтін азаматтың латыш тілін білетіндігі жөнінде куәлік берілетін заңдылық та бар.

Орысша мәтiннен бас тартқан елшi

Түрiк парламентiнiң бiр депутаты қазақ министрлерiнiң ресми кездесулерде өз елiнiң мемлекеттiк тiлiнде бiрде-бiр рет сөйлемегендiктерiн айтуы ненi көрсетедi?
Мемлекетiмiздегi тәуелсiз лауазымды тұлға - Омбудсман болып ұзақ жылдар қызмет атқарған Болат Байқадамов өзiнiң билiк буынында қазақ тiлiнде сөйлеудi дағдыландырмай-ақ қызметiнен кеттi. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдердiң елiмiзде өткiзiлген халықаралық конференциясында да оның ресми тiлде үнқатысуы елiмiз имиджiне ұпай әпермегенi анық. Керiсiнше, осы конференцияда Испанияның Төтенше және өкiлеттi елшiсi Чаморро Сантьяго өзгелерге үлгi көрсеттi. Халықаралық конференция кезiнде мiнбеге көтерiлген елшi ешкiмнен кешiрiм сұрамай-ақ, әзiрлеп әкелген орысша мәтiнiнен бас тартып: «Адам құқықтарының қорғалуына өзiндiк үлес қосуға бағытталған бұл жиынға Испания аса үлкен мән берiп отыр. Сондықтан мен өз ана тiлiмде, испанша сөйлеймiн» деп өз Үкiметiнiң саяси платформасын баяндап бердi. Бұдан елшi ешнәрсе ұтқан жоқ, бiрақ, испан тiлiнiң өршiлдiгiн танытып өттi. Түсiнiктi болу үшiн қосымша ретiнде мына мысалды айта кетудi жөн көрдiк. Жалпы, Испанияда бiрiн-бiрi қиындықпен түсiнетiн 4 диалектi бар. Бiрақ ел Конституциясында «испан тiлiнiң кастиль диалектiсi мемлекеттiк тiл болып табылады. Испанияның әрбiр азаматы испан тiлiн бiлуi мiндет» деп айқын көрсетiлген. Оған қарағанда, қазақ тiлi бiрiн-бiрi айқын түсiнетiн диалектiден таза ғой. Сондай-ақ Польшаның Қазақстандағы елшiлiгi Польша Республикасының тәуелсiздiгiне орай ресми қабылдау өткiздi. Мерекеге орай ұйымдастырылған кеште жиналған қонақтарды Поляк Халық Республикасының Қазақстандағы елшiсi В.Соколовский қазақ тiлiнде құттықтап, сөз сөйледi. Елшi осы әрекетi арқылы елiмiздiң көптеген шенеунiктерiне ой тастап кеттi. Ол, ол ма, соңғы кездерi облысаралық қарым-қатынастың өзiн орыс тiлiнде жүргiзуге жол ашып алдық. Сонда қазақ тiлiнiң ұтымдылығын елдiң негiзгi халқының игiлiгiне айналдырып, оның тиiмдiлiгiн арттыруға не кедергi?
Қазiргi саясат жергiлiктi халықтың ұлттық дәстүрi, құндылықтары және тарихи тәжiрибесi есебiнен саяси мәдениетiн, өркениеттiлiгiн дамытуға сұранып тұрғандығын да iлгерi тасымалдай алмай отырмыз.
Қоғамда мемлекеттiк тiлге деген кажеттiлiктiң алғы шарттарының қалыптасуына барынша кедергi келтiруге тырысып бағатындар да жасырын күшке ие. Олардың қатарында ой-саналары әбден орыстанып кеткен өз ұлтымыздың өкiлдерi де бар. Осыдан келiп, орыс тiлдi орта қалыптастыру белең алып барады.


"Үш қиян" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385