Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
6623 0 пікір 1 Наурыз, 2017 сағат 09:32

ЖАТ АҒЫМДАР ЖАСТАРДЫ ЖАРЫЛҚАП ЖАТЫР

«Бұрын қылмыс жасаған, жұмыссыз, дипломсыз. Діни сауаты кем, діни әдебиеттерді оқымаған. Бірақ, ғаламтордағы діни материалдар  мен террорлық әрекеттерге үндейтін уағызшылардың сөзіне тез беріледі».

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы қоғамдық қауіпсіздік туралы заңдардың қолданылуын қадағалау департаменті бастығының орынбасары Қайыргелді Сәкеновтың мақаласында теріс ағымда жүрген жастардың  бейнесі жоғарыдағыдай баяндалады. Мақала авторының жазуынша, былтыр экстермистік және террорлық қылмыс жасағаны үшін 143 адам сотталыпты. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында 2016 жылы Ақтөбе облысында жергілікті халық күнделікті кездесетін мәселелерді реттеп, қылмыстық істердің жолын кесу шаралары жүргізілген. Аталған шараға дінтанушылар бар, дәрігерлер мен қаржыгерлер бар, психологтар мен жұмыспен қамту орталықтарының мамандары бар, барлығы – 230 маман және 145 мың адам қатысқан 2,5 мың жиын өткізіліпті. Жиын барысында жұмыссыздардың жұмысқа тұруына, жұмыс орындарынан жалақыларын ала алмай жүргендерге  нақты көмек көрсетілгенге ұқсайды. Астана мен Алматыдан барған дәрігерлер 4 мыңнан астам адамды қарап, мүгедектерге тірек арбалар беріліпті.

Жә, бұның бәрі дұрыс қой. Бірақ, біздің Үкімет, заңның орындалуын қадағалайтын орган (Прокуратура) неге кеш қимылдайды осы? Неге баспасөздің дабылына құлақ аспайды? Бізге мәселенің міне, осы жағы түсінксіз. Қайыргелді Әнаурбекұлының сөзіне сүйенсек, теріс ағамның соңында жүрген жастардың дені жұмыссыз екен. Ал, бір қызығы Үкімет шеше алмай отырған осы жұмыссыздықтың жайын дәстүрлі емес діни жат ағымның жетекшілері астыртын реттеп, орайын келтіріп отыр. Қайтіп дейсіз ғой? Жұмыссыз жастарға ұялы телефондар мен автокөліктердің бөлшектерін арзан бағамен тарату арқылы. «Аш адамға балық берме, балық аулауды үйрет» демекші, жат ағымдардың көлеңкедегі «көсемдері» әлгіндей жеңіл-желпі табыс көздерін жастарға тауып беріп қана қоймай, оларды өз қатарына тартып, қарасын молайтып-ақ жатыр. Өткен жазда Алматыда ала тайдай бүлік салған Күлекбаев, мысалы, көк базардың жанында ұялы телефон сатып жүрген жастың бірі болған. Сол қатарда енді қанша Күлікбаевтың жүргенін кім біледі? Бірақ, қазақ Үкіметі мен заң органдары өтпелі науқан тірліктен әріге басар емес. Соны қапысыз аңғарған жат ағымдар қазақ жастарын жұмыспен ғана емес, ақашамен, баспанамен, өзге де қажеттіліктермен, қат дүниелермен, тіпті, бәйбіше-тоқалмен  қамтамасыз етіп, жарылқап жатыр.

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1971