Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6346 0 пікір 16 Ақпан, 2017 сағат 11:56

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ. «ЖАМАН ҮЙДІ ҚОНАҒЫ БИЛЕЙДІ»

Қазіргі таңда әлемді «ашса алақанын да, жұмса жұдырығын да» ұстап тұрған басты идеология «ақша» және «қару» деген екі ауыз сөз. Қазір бәрін, тіпті арды да, жерді де, тілді де, дінді де, адамды да  сатып жіберуге де, сатып алуға да, сатпаса тартып алуға да әбден болатын болды. Күні кешегі Қазақ қоғамын да, қылмыс болып саналатын сұмпайы дүниелер бұл күнде үйреншікті жағдайға айналған.  Әлемдік ең беделді ұйым болып саналатын БҰҰ-ның да бұған төрелік айтып «Әй, дейтін Әже, қой дейтін Қожа» болар қауқары қалмаған.

Қазіргі Қазақстан билігі де осы жолға түсіп алып, тек қана экономика деп басқа салалардың ақсауына жол берді. Әсіресе, идеология саласын. Орыс тілді билігіміз 25 жыл бойы мемлекетіміздің ұлттық идеологиясын айқындамады. "Жаман үйді қонағы билейді" деп қазақ мақалында айтылғандай, әркім ойына не келсе, соны істейтін ашық-шашық жатқан мемлекетке айналды.

Тарихқа үңілсек, Сонау Адам Ата мен Ауа Анадан бері сансыз қағанаттар құрылып, билеушілері Қаған деп аталған екен. Мысалы, Қазақ қаған, Алаш қаған, Мөде қаған, Оғыз қаған, Мұқан қаған, Еділ қаған, Бумын қаған, Естеми қаған, Білге қаған, Қадыр қаған, Шыңғыс қаған т.т. болып кете береді. Қаған билігін бүкіл әлем мойындаған. Сонда бүкіл әлемнің басын қосқан «қандай құдірет күш?», «қандай идеология?» деген сұраққа талайлардың басын қатырғаны анық.  Бұл жерде тағы бір аса көңіл аударатын жағдай, осы қағандардың араларын бірнеше мыңжылдықтардың бөліп жатқандығы және әрбір ұлы қағанаттардың бірнеше ғасырлар бойы ғұмыр кешкендігі.

Қазақ ұлтының жүздік, ру-тайпалық жүйесі — қазақ қоғамының негізі.  Бұл жүйе бастауын Адам Ата мен Ауа Анадан алып, содан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Жүздердің дүниеге келуі және оның ішкі мазмұны жөнінде ғалымдарымыз күні бүгінге дейін ортақ пікірге келе алмаған. Келіңіз, бірге саралап көрелік:

Қазақ халқының жадында мәңгілікке сақталған рулық шежіре мен дастандарында, эпостық жырлары мен өсиеттерін де бүгінгі қазақ баласының барлығы Қазақ деген бір Атадан өсіп-өнгендігі және олардың «Әз әулие» деп аталғандығы «тайға таңба басқандай» етіп айқын жазылған.

Шежіре дерегі бойынша Әз әулиенің «Үш Жүз» деп аталатын үш баласы бар. Бұлар халық арасында «Ұлы жүз – Ағарыс - Үйсін», «Орта жүз – Жанарыс - Арғын», Кіші жүз – Бекарыс - Алшын» деп те атала береді. Жүз – туыстығы бөлінбейтін жеті аталық жүйеге негізделген Атамыздың аты. Баламасы – сандық атау, елдің бет-жүзі, бағыт-бағдары (жүзін қыблаға қарату), жамандық атаулының желкесін қиятын  қылыштың жүзі. Тағы бір мағынасы орталық Орда.  Олар Ұлы Орда, Орта Орда, Кіші Орда деп те атала береді.

Рулық шежіреміздің қазақты үшке бөлу себебі, бұл атау қазақ  рулары Аталарының туыстық тегіне, дүниеге келу жасына, қалыптасуы мен орналасуына  байланысты үш кезеңге бөлінген.

ҰЛЫ ЖҮЗ – АҒАРЫС – ҮЙСІН: Ұлы Жүз - қазақтың ең бірінші дүниеге келген үлкен ұлы, яғни тақ мұрагері болғандықтан, олар ең ұлы, яғни екі інісінің (Орта Жүз бен Кіші Жүздің) ағасы, Аға Арысы (Ағарыс) аталған. Ұлы Жүзге жататын барлық  рулар Үйсіндермен қатар дүниеге келген.  Олар ең алғаш үйленіп, үй салған Үйсіндердің айналасына топтасты. Ал, Үй дегеніміз, кәдімгі үй. Үлкен ұл үйленгеннен кейін, еншісі беріліп, отауы (үйі) тігіліп, бөлек шығарылады емес пе? Бұл жерде де тура сондай жағдай, ешқандай айырмасы жоқ. Ал, "сін" - дегеніміз Сен қазақтың отау тіккен ең алғашқы Үйісің деп тұр.

Біз қазақ мал баққан елміз, ең алғаш даланың жабайы аңдарын қолға үйреткен елміз. Қазақтың барлық сөзінде Шопан Атаны қой мен қойшының, Қамбар атаны жылқының, Ойсыл Қараны түйенің, Зәңгі бабаны сиырдың, Сексек атаны ешкінің пірі (ұстазы) деп атайды.

Қазақтың үш баласының үлкені (тұңғышы) осылардың бәрін ең бірінші болып іске асырды. Қазақ мәтеліндегі «Ұлы жүз-Үйсінді қауға беріп малға қой» дегені ешқандай қорлау сөз емес, бұл бүкіл қазақ баласының олардың «авторлық құқығын» мойындағандығы. 

Екіншіден, «отан отбасыдан басталады», «отбасы шағын мемлекет» дейміз. Бұл жерде де «Үйсіндер» авторлық құқықтарын сақтап отыр. Себебі,  үйі жоқ адам отбасын құра алмайды. Біз күні бүгінде де отбасы, ошақ басымызды қорғайтын мекен-жайымызды үй (жай) деп атаймыз. Бүкіл қазаққа, бүкіл әлемге отбасын құрып, оны үй салып қорғауды үйреткен солар болатын. Бұл кімде-кім «мың жерден, басын тасқа ұрса да» солай. Бұл жерде Үйсін атамыздың авторлық құқығын ешкім тартып ала алмайды. Ол Ұлы Жаратушы-Алладан болмаса, адам баласының қолынан келмейді. 

Үшіншіден, аталарымыз Ақиқатты ағадан ізде, Ақиқатты солар біледі деген. Ақиқат пен Ағаның сөз түбірлері «ақ (ағ)» болатыны осыдан. Ұлы Жүздің - Аға Арыс деп аталатыны да осыдан. «Су ақпайтын ба еді сағадан, сөз басталмайтын ба еді ағадан» дейтіндері де осыдан. Саға – қысқартылған сөз. Толық мағынасы Сақ Аға.

Тарих тағлымы: Қазақ та сөз түбірі (өз түбі, яғни өзінің атасы) ешқашан жаңылысып көрген емес және ол ешқашан жаңылыспайды да. Жаңылысатын адамдардың санасы, яғни ақылы мен білім деңгейлері ғана.

Бізге, яғни бүгінгі Қазаққа керегі Ағаларымыз (Ұлы Жүзіміз, Аға Арысымыз) бүкіл Қазақтың арын сол ежелгі аталарындай қорғап, екі інісінің алдындағы ағалық міндеттеріне адал болса екен дейміз. Ағаларымыз «Ағасы бардың жағасы бар», інілері «Інісі бардың тынысы бар» деген қазақ мақалына сай болса екен дейміз.

Ұлы ЖҮЗГЕ: Албан, Дулат, Ошақты, Суан, Шапырашты, Ысты, Сарыүйсін, Қаңлы, Жалайыр, Сіргелі,  Шанышқылы, Қатаған жатады (Энциклопедиялық деректен). Кейбір дерек те Қатағанның орны Шақсаммен ауыстырылады. Тағы бір дерек те Қатаған мен Шақсам да қосылып Шанышқылы аталмай қалады. «Қазақ жүздері» энциклопедиясында Қатаған да, Шақсам да қосылмай 11 ру аталады. Келер ұрпақтың шатыспауы үшін Ұлы Жүздің көнекөз қариялары осы мәселені реттеп, неге бұлай екендігіне тиянақты түсінік бергендері жөн болар еді.     

Әрбір қазақ жүзінің тарихи қалыптасқан аумағы бар. Ұлы жүз бірлестігі Жетісу жерінде, Шу және Талас, Сыр, Іле өзендерінің кең алқаптарында өте көне заманнан қалыптасқан.

Біз бұдан әлемді билеген қазақ қағанатынан бөлінген тұңғыш қағанаттың Үйсін қағанаты деп аталғанын көреміз. 

Энциклопедиядағы «Ұлы Жүз — қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың саяси, экономикалық және мәдени бірлестігі» деген тұжырымға «ТУЫСТЫҚ» және «Ұлы Жүз - Қазақтың Үлкен ұлы, яғни екі інісінің ағасы болып табылады» - деп қосуды ұсынамын.

ОРТА ЖҮЗ – ЖАНАРЫС – АРҒЫН: Олар қазақтың екі ұлының ортасында дүниеге келгендіктен ОРТА ЖҮЗ деп аталған. Бұл елдің жаны тура адам сияқты басында да, аяғында да емес, жүрегінде болады деген сөз. «Жан жүрегім», «Жан Астана», «Жаным Жанарым» дейтіндеріміздің сыры осы. Олар Үйсіннен кейін дүниеге келгендіктен Орта Жүз  - Арғын деп те атала береді.

Орта жүзді Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ құрайды. Олар қазақтың ортаншы ұлдары (ұрпақтары).

Орта жүз  бірлестігі Сарыарқа атырабында, яғни Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстанның Сырдария өзенінің тұсында Арғын тайпасының айналасына топтасып орналасқан.

Бұл жерде аса көңіл бөлетін жағдай, олардың Орта Жүз деп аталуы. Ортаның түпкі мағынасы Орда. Олар топан судан аман қалып Қазақ Ордасы тігілген Қазығұртты күні бүгінде де мекендеп, Қазық жұртымыз атанып  отыр.

Орта Жүз қазақ ордаларының ішіндегі төрт құбыласы түгел ең бақытты Орда. «Ағасы бардың жағасы бар» дегендей алдында Ағасы, «Інісі бардың тынысы бар» дегендей артында інісі бар.

Арғындар (Арғұндар) және оның айналасына топтасқан рулар бастауын Күн (Ғұн) қағанатынан алады. Арғын  - Арғы күн деген де мағына береді. Орталық Орда аты айтып тұрғандай тек қана ертеңнен емес, Арғы күндерден де (арғы жылдардан да, арғы ғасырлардан да) үміт күттіріп, Әділет үшін арын жандарынан артық санап, бүкіл адамзат баласының жақсылыққа жарысуына  ұйытқы болып келеді.

«Сендер атадан туыс екендіктеріңді білесіңдер де оның өсиетін білмейді екенсіңдер,— дейді Қазыбек.— Аталарың «ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді қамшы беріп дауға қой дегені қайда? Жығылсам, сүрінсем алдымда сүйенер  ағам, артымда інім бар, билік жөні менікі емес пе?» — деді Қазыбек.

Бұл сөзге екі жағы да тоқтап, билікті Қазыбекке береді» (Орта жүздің атақты биі Қаз дауысты Қазыбектің Төле биге берген жауабынан).

Дауды даналардың даналары ғана әділдікпен шеше алатындығына қандай дау бар.

«Ғұндар! Азаматтың ақ өлімі – борышын адал атқарғаны. Қызыл қаныңды ақ жолда төкпесең, еңсеңді бастырып, езгіде жүрсең, ер атыңнан не пайда? Өр кеудені аяққа бастырып, өз құтын өзі қашырып сасқан адам санатта жоқ. Басыңды бұғып, бұқпалап көрген күнің кімге өнеге, кімге болар ғибрат?» (Күн қағаны Еділ).

Қазақ қоғамының Алланың  Ақ жолынан ауытқымауына үлгі-өнеге болу Орта Жүз руларына аманат етілген. Қазақтың жан-жүрегі, бас Ордасы Астана қаласының Орта Жүз жерінде орналасуы да Алланың қалауы.

Біз бұдан әлемді билеген қазақ қағанатынан бөлінген екінші  қағанаттың Күн (Ғұн) қағанаты деп аталғанын көреміз. 

Демек, энциклопедиядағы «Орта жүз – қазақ халқының этникалық құрамына енген рулар мен тайпалардың саяси, экономикалық және мәдени бірлестігі. Орталық және солтүстік шығыс Қазақстанды мекендеген қазақ тайпаларының одағы болған» деген тұжырымға да «ТУЫСТЫҚ»  деген сөз қосып «одағы болған» дегенді мүлдем алып тастау керек. Себебі, қаны бір, жаны бір, жүрегі бір, тілегі бір, ара жігі ашылмаған туыс адамдардың Одақ құруы ақылға симайды. Адам өзімен туыс, қандас-бауырларымен одақ құрмайды. Себебі, Одақ бүгін бар, ертең жоқ (Кешегі КСРО сияқты). Одақ сырт елмен құрылады.

Қазақтың ортаншы ұлы Арғұн (Күн) қағанатынан қалған топономикалық айғақтамалар: Кавказда Сунно өзенінің бойына Арғын ауылы орналасқан, осы өзенге Арғын шатқалын бойлай ағатын Арғын өзені келіп құяды. Амур өзеніне құятын Бурятиядағы өзен аты да Аргун (Арғын) деп аталады. Алтайда Қатын өзенінің оң саласын құрайтын Арғұрт (Арғын жұрт) өзені бар. Атам Қазақтың сөз жасау қағидасында «т» әрпімен біту көпше жалғауды, «н» әрпімен біту жекеше жалғауды білдіреді. Әйгілі Шыңғыс қағанның руы Қиян мен Қиятты еске алыңыз. Енді осының үстіне Балқаш-Алакөл ойысындағы Лепсі мен Аягөз өзендерінің төменгі ағысы аралығындағы Арғанаты тауын, Тарбағатай жотасының солтүстік-батыс бөлігіндегі Жақсы Арғанаты тауын, қазіргі Жезқазған облысына қарасты Торғай мен Ақмола облыстарымен түйісетін аймақтың  Арғанаты (Арғын Ата), Түркіменстанның Шарджоу облысындағы бір ауданның Дарғанаты деп аталатынын қосып қойсаңыз тіпті де жаңылыспайсыз. Қазақтың тарихы бір ауыз сөзінде. Олардың басында Күн, Арғұн, Арғанаты, Арғұрт аталып әлемді билеген Ұлы қағанаттың ыдырап, соңында неге Арғын аталып кеткенін саралауды өздеріңізге қалдырдым.

КІШІ ЖҮЗ – БЕКАРЫС – АЛШЫН: Кіші Жүз рулары аты айтып тұрғандай, Қазақтың үш ұлының ең кішісі, яғни Қазақ атамыздың қарашаңырағының иесі. Екі ағасының (Ұлы жүз бен Орта Жүздің) кенже інісі. Олар Бекарыс деп аталды. Ал, Кіші Жүз-Бекарыстың, сонымен қатар бүкіл қазақтың  қарашаңырағы Он екі ата Байұлы, Он екі ата Байұлының қарашаңырағы Адай, Адайдың қарашаңырағы Мұңал болып табылады (әлемге әйгілі Шыңғыс қағанның руы осы).  Атам Қазақтың Ата салтының, дәстүрінің, әдет-ғұрыптарының, тілі мен дінінің, бүкіл шежіре дерегінің Маңғыстаулық Адайларда толықтай сақталуының сыры осы. Атасының бар білгенін және оның ұрпақтарына арнаған аманатын тек қана кенже ұл алып қалады емес пе?! Жауларымыз Қазақты қарашаңырағынан, ал Адайларды Ағаларынан айырмақ болып, Маңғыстауды сан рет өзге елдерге (біресе Орысқа, біресе Кавказға, біресе Түрікпенге, тіпті мұрағаттар да Кеңес билігінің Адайларды дербес ұлт, дербес мемлекет деп танығаны жайлы деректер сақталған) қосып жіберсе де, біз бөлек ұлт емеспіз, біз қазақтың Қарашаңырағымыз, Ағаларымыздан өлсек те айрылмаймыз деп, қанды-қырғын соғыспен Ағаларына қайта қосылып отырған. Аталарымызға 1920 жылдары өз атамекендері Маңғыстау мен Үстіртті Түрікменістаннан алып қазаққа қайта қосу оңайға соқпаған. Маңғыстауды Түрікменістанға қосудың соңы үлкен жанжалға ұласып, арты сан рет жан алысып, жан беріскен шайқастарға ұласқан. Мәскеуден жер мәселесін шешуге келген комиссия жұмыс жасап жатқан сәттер де біз Маңғыстауды түрікпенге бермейміз, оларды Маңғыстауға өлсек те кіргізбейміз  деп, Адайдың мұздай қаруланған бес мың қол жасағының шекарада тұрғанын жергілікті халық жақсы біледі. Бұдан асқан бауырмалдық пен Ағаларына деген адалдық болуы мүмкін бе?! Біз қазір осындай бауырмалдықтың қадірін біліп жүрміз бе?

 

Кіші жүз рулары Алшын атасының төңірегіне топтасып, Батыс Қазақстан өңірін, Еділ, Жайық, Торғай, Тобыл өзендерінің атырабын, Маңғыстауды, Қасби, Арал теңізі жағалауларын, Сырдария өзенінің төменгі ағысын мекендеген.

Аталарымыз Ұлы Жүзімізді оңтүстік-шығысымызға, Орта жүзімізді орталығымыз бен солтүстігімізге, Кіші Жүзімізді батысымызға орналастырыпты. Қандай көрегендік, қандай даналық десеңізші! Қазақтың үш ұлының үлкені шығыста, ортаншысы түстікте, кенжесі батыста болып, өздерінің дүниеге келу ретіне сәйкес шыққан күннің жарығын бірінші болып Ұлы Жүз көрсе, Кіші Жүз жасына сәйкес ең соңынан көріп тұр.

Кіші Жүз - Бекарыстан Алшын мен Кеншін. Алшыннан Алты ата Әлім мен Он екі Ата Байұлы, Кеншіннен Жетіру тарайды. Сонда алты таңбалы - Алты ата Әлім үлкені, ортаншысы жеті таңбалы - Жетру, кенжесі он екі таңбалы - Он екі Ата Байұлы. Он екі Ата Байұлдарының кенжесі Адай. Адай осылайша, қазақтың рулық шежіресінің ең соңында тұр. Бұл қарашаңырақ иесі деген сөз. Осы айтқанымыздың айдай айғағы, Адай Ата мен Адам Атаның Ада (Ата) деген бір түбірден болуы, таңбасының «Тіл» және «Жебе» болуы, Адайлардың Ас-садақаларында қазақтың барлық руларының жасы үлкендеріне арнайы Ата шапан жабатындары, Атам Қазақтың Ата салты мен дәстүрінің, тілі мен дінінің, шежіре-дастандарының (мысалы, бір ғана «Қырымның қырық батыры» дастанының өзі неге тұрады) толықтай сақталып, бүгінгі күнге жетуі болмақ. Бұл Қазақ атамыз осы Адайдың шаңырағында, адам баласына Аллатағала ықтияр еткен барлық сый-құрметке бөленіп ғұмыр кешті деген сөз.

Баршамызға белгілі жер бетіндегі бүкіл адамзат баласы Ұлы Жаратушы - Алланың алғашқы жаратқан саналы тіршілік иесін (маймылды (айуанды) Ата деп мойындап жүргендерді есепке алмаған да) «Адам» және «Ман» деп тек қана екі есіммен атайды. Адам атамыз бен Ауа анамыздың атын (қарашаңырағын) Адай (Ад ата, Ай ана) ұстап отырса, Ман атамыздың атын сол Мандардың қыстауы болған Манқыстау ұстап отыр. Қазақ деген атпен бүгінгі күнге жеткен Әз Әулиенің де моласы осы Маңғыстауда. Қой мен қойшының пірі Шопан Атаның да моласы осы жерде. Ескі кітаптар «Авеста», «Таурат», «Забур», «Інжіл» т.т. ауыздарының суы құрып суреттелетін Әлемнің астанасы «Темір мұнаралы Қана қаласының да» орны осы Маңғыстауда. «Сүмбе Темір Алаң (Темір мұнаралы қала)» деп аталады. Осы кітаптар да жазылған Ұлы Жаратушы – Алланың адамға алғашқы аян берген жері Синай тауы да, түйелі ауылы да осы жерде. Сынды тауы, Сынды асуы, Сынды құдығы, Қаратүйе-Маната деп аталады. Син (Әбу Әли Ибн Сина (Авиценна)), Сын (Сына жазу, сыни  көзқарас), Шын (Рас, Ақиқат, Шынар), Шың (таудың шыңы) синоним. Қазақтың ұлы қағаны Темірдің – Шыңғыс деген лақап ат алуы да осыдан. Шыңымыз осы Шың, екінші буындағы Қысымыз Маңқыстау дегендегі «Қыс». Алғашқы от жағылған жер де осы жерде. Адай Ата - Отпан тау деп аталады. Туыстығы бөлінбеген жеті аталық жүйеден бөлініп, баламасы Садақпен бірге қорамсақ та сақтаулы тұрған Жебенің Адырнадан атылып, оққа (Оғызға, оқ пен қызға) айналған жері де осы Маңғыстау. Оғланды тауы, Оғланды қорымы деп аталады. Ол қауымда Адайдың ұранына шыққан Әулие Бекет - Пір Ата жерленген. Бұлардың бәрі де Ман Ата зиратына жақын маңда орналасқан.

Әңгіменің қысқасы, Маңғыстаулық Адайлар - Ата шежіремізді толықтай сақтап бүгінгі күнге жеткізіп отыр.

Кіші Жүзді құрайтын рулар:

1. Алты таңбалы Алты Ата Әлім. Олар: Шекті, Шөмекей, Төртқара,  Кете, Қаракесек және

Қарасақал.

2. Жеті таңбалы Жетіру: Табын, Тама, Жағалбайлы, Тілеу, Кердері, Керейіт және Рамадан.

3. 12 Ата Байұлы: Алаша, Байбақты, Қызылқұрт, Масқар, Шеркеш, Ысық, Тана, Жаппас, Есентемір, Беріш, Таз, кенжесі Адай.

Шежірені зерттеу барысында бұл құрамның 13 нұсқасын таптым. Мынау соның ең ежелгісі болуы керек:  «Қыдырсыйық, Бақытсыйық, Сұлтансыйық, Жаппас, Беріш, Адай, Есентемір, Таз, Алтытабан, Алтыбасар, Дуатимес, Құлақасқа». Демек, 12 Атаның құрамын аталарымыз заман талабына сай өзгертіп отыратын болған. Келешек те бұған арнайы мақала арнайтын боламыз.

Ең бір кереметі алдындағы екі ағасы Қазақ Атасының кенже ұлдары Бекарысты - КІШІ ЖҮЗ (жасы кіші інім) деп атап, Атамыздың қарашаңырағы деп, оларға әрқашанда қамқорлықтарын жасап отырған. Қандай ма бір қиын жағдайлар болмасын Аталарының шаңырағы күйреп ортаға түсүіне жол бермеген.

Міне осылайша, осы Үш Жүзімізге қарайтын рулардың (Аталардың) арасы бірнеше мыңдаған  жылдарға созылса да олардың арасына еш бір жау сына қаға алмаған.

Демек, энциклопедиядағы «Кіші жүз – Қазақстанның батыс аймағын мекендеген рулар мен тайпалар одағы. Қазақ халқының этникалық құрамына енеді» деген ұғымды «Кіші Жүз – Алшын – Бекарыс қазақтың кенжесі, Қазақтың қарашаңырағының иесі болып табылады» деп өзгерту керек.

Қарашаңырақ киелі, мұрагер, бас шаңырақ деген ұғымдарды береді. Ұлттық Ата салтымызда қарашаңырақ ұғымы өте әділ шешімін тапқан. Мысалы: бір әкенің үш ұлы бар делік. Күндердің күнінде үлкен екі ұлын үйлендіріп, жеке отау тігіп бөлек шығарады. Ал кенже ұлы әке-шешесінің қолында, қарашаңырақ немесе бас шаңырақта қалады. Негізгі мұрагер кенже ұл болады. Атадан, әкеден қалған қарашаңыраққа мұрагер болғандықтан кенже ұлдың жасы кіші болса да, жолы үлкен болады. Қазақтың ұлттық идеологиясының негізінде міне осындай қарапайым ғана отбасылық қағида жатыр.

Қазақтың Үш жүзі – қарапайым қазақ отбасының үлкейтілген нұсқасы. Қазақ сөзіндегі «Отан отбасынан басталады», «Отбасы шағын мемлекет» дейтіндерінің сыры осы.

Қазақтың үш жүзі  - үш баласы. Үш жүзге кіретін ру-тайпалар сол үш Атадан, үш Анадан өсіп өнген ұрпақтар, бәрі өзара туыс, бір атадан тарайды. Ақиқаты, Қазақ руға, тайпаға, жүзге бөлінбейді, қазақ сол ру, тайпа, жүздерден құралады.

Бүкіл әлем елдері мен мемлекеттері бастауын Атам Қазақтың «бір рулы елінен» алады.

Бүкіл әлем елдері өз тектерін қазақтың Үш Жүзіне кіретін рулардың ішінен тапса, бүкіл қазақ рулары өз тектерін Қазақтың қарашаңырағы Адай шежіресінің ішінен табады.

«Атасы алыс болғанмен, Жамиғи Қазақ бір туған» деп Базар жырау (1842-1911) атамыз жырлағандай, арамыз алыс болғанмен, бүкіл қазақ бір Атаның ұрпағымыз: бір - бірімізге Ата мен әже, әке мен шеше, аға мен жеңге, іні мен қарындас, нағашы мен жиен, құдандалы жекжатпыз, қандас бауырмыз, туыспыз, доспыз. Ұлы Аталарымыз бізге үлкенді де, кішіні де өзіңнің туған атаңдай көр деп Адам (Атам, Атам менің); Жәке, Сәке, Мәке деген де өз әкеңдей құрмет көрсет деп отыр. Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, Бауырым деп» отырғаны да осы өсиет.

Қазақтың Ата салты бойынша бір атаның балалары аталары мен әкелерінің айтқанын тыңдаған. Аталарының айтқан өсиеттерін көзінің тірісі түгілі, бақилық болғаннан кейін де екі етпеген. Ешқайсысы қазіргі кейбір жетесіздер сияқты қарияларымыздың көзін бақырайтып қойып, «Шал», «Әй, шал!» деп сөйлемеген,  ата-аналарын қарттар үйіне тапсырмаған. Тапсырмақ түгілі қазақ та ондай түсінік те болмаған.

Тарих тағлымы: Ата салтын ұстанып, тілі мен дінін сақтаған, тегін білген «Тектіден туған текті ұрпақтар» ғана Қазақ ұлтын аман сақтап келеді. Қазақты қазақ етіп бүгінгі күнге жеткізгендер де солар. Бұл қағиданы сақтай алмағандар, «тегінен безген тексіз» атанып, қатардан шығып қалып отырған.

Балалардың жасы кішілерінің барлығы үлкен ағасына бағынған. Ата-аналары үлкеніне кішілеріне қамқор болуды, кішілеріне ағаларының айтқанын тыңдап, бағынышта болуды міндеттеген. Әке бақилық болған жағдай да, үй-ішінің билігі үлкен ұлға ауысып, ол Тақ мұрагері атанған. Сонау ықылым замандардан бері бұл қағиданың арты осылай жалғасып келеді. Ал Атасының шаңырағы (үйі-жайы, бар жиған тергені мен шежіресі) кенже ұлда қалып отырған. Осы қағидаға сәйкес, тумалас бауырлар бір-бірінің отбасын ешқашан қамқорсыз қалдырмаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған.

Бекарыс Атамыздың атынан Маңғыстауда Бекі атты жер мен елді мекен, Каспий-Арал аймағы Жем бойында Қазыбек (Қазақтың бегі) деген жер, Қазақтың Қап тауында Қазыбек тауы мен Қазыбек елді мекені, бүкіл Азия мен Европа елдерін сан мыңдаған жылдар бойы «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған Бек (Беглер Бек) деген ұлық лауазым,  Қазыбек (Қаз дауысты Қазыбек), Бекет, Бекен, Бексұлтан т.т. есімдер қалыпты. Екі саны қазақтың сандық атауы. Бекінің түбірі «екі» болатыны осыдан.

Қазақ баласы Құдайдан қорқып, «Ата» сөзіне тоқтап, «Ана» сөзіне иланатын. Ана атымен «Ант» етілетін. Антын (уәдесін) бұзғандарға қарғыс айтылып, олар өлгенде де бөлек жерленетін. Ежелгі қазақтар Ағаны сыйлап, ініге ізет қылатын, көршімен тату, ағайынмен ауызбіршілікте болуды қадір тұтатын. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейтін. Бұл жастайынан саналарына сіңіріліп, өсе келе ағайын-тумаға, елге, Атамекен-туған жерге деген үлкен  махаббатқа ұласатын. Осындай ұлы қасиеттердің барлығына ие Күлтегін атамыз алтын тақтың қызығына берілмей, шексіз биліктің сұм шырмауына бой алдырмай, жалғыз ағасы Білгенің басынан сөзін асырмай, жолын сыйлап, құрметін ешқашан аямаған, ағасымен таққа таласпаған.  Сондықтан,  артыңда інің болса осы Күлтегіндей-ақ болсын деген ұрпаққа үлгі болған ұлағатты өсиет қалған. 

Бауырының қазасына қабырғасы сөгілген Білге қаған «Көк түріктің көк семсері» атанған асыл азаматын адамзат баласы мәңгі жадында сақтап, ұрпағына үлгі ету үшін Қытайдың көк тасын алдырып, сол тасқа өмір жолын, ерліктерін, болашаққа деген тілегін қоса жазып кетті. Бұл ұрпақ үшін баға жетпес асыл мұра, қасиетті аманат еді.

Тура осындай жағдай әлемге аты әйгілі қазақтың ұлы қағаны Шыңғысхан атамыздың үлкен ұлы, яғни тақ мұрагері Жошыдан тараған Керей мен Жәнібекте де қайталанған. Жәнібек те тура Аталары сияқты немере ағасы Керейдің басынан сөзін асырмай, жолын сыйлап, құрметін ешқашан аямаған, ағасымен таққа таласпаған. 

Немесе, Кенесары мен Наурызбайды алайық, Кенесары қолы қырғыз манаптарымен болған соңғы шайқастағы қоршауды бұзып шығар сәт те Кенесары жараланып қолға түседі. Ал Наурызбай қоршауды бұзып шығады. Ағасын ат үстінен көре алмаған Наурызбай,  қайта айналып қаптаған жауға қарсы соғыс салады. Алай да, жау көптігін жасап Наурызбай да жараланып қолға түседі. Сонда Кенесары інісіне, «Бауырым! Бекер оралдың, енді бұлар екеумізді де аман қалдырмайды. Себебі, Ағасын жоқтайтын, Ағасы үшін жанын қиятын, Ағасын құтқармай аттан түспейтін  даланың көкжал арланы Сен тірі жүргенің де Маған олар ештеңе істей алмайтын еді» деген екен.

«Халық аңызы: “Наурызбайдың өзі барып қолға түскенде, Кене өкінішпен бармағын шайнапты”, - деседі. Сөйтсе, соғыстың зардабынан сескенген қырғыздар, Кенені босатпақ болып отыр екен. Наурызбай қолға түскен соң екеуін де өлтірген.

Зерттеушілер Ағыбайдың қолды бос қырғыннан, өлімнен құтқарып қалғанын айтады. Төрелерді тұтқыннан босатып аламыз деген ойы болғанын жазады. Алайда, қазақ әскерінің екі бірдей төресі қолға түскеннен кейін қырғыздар екеуінің де басын алды. Қазақ соңғы ханынан солай айырылды. Ал Ағыбай батырдың өзегінде өкініш кетті…» («Ағыбай батыр Кенесарыны қырғыздардан неге құтқармады?»)

Немесе, күні кешегі 5 наурыз 2016 жылғы Қытайда өткен Әлемдік ережесіз жекпе-жекте финалға шыққан Айбек Нұрсейіт пен Қытай қазағы Ғабит Тұрғанбекті алайық. Екі бауыр бүкіл Қытай, бүкіл әлем елдері алдында өз тумаласына қол жұмсамады. Қандас-бауыры үшін екеуі де әлем чемпионы деген атақтан да, сан миллиондаған доллар ақшадан да бас тартты. Екі батырымыздың бұл ерлігі ұрпағымызға үлгі болып, ел жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Қазақтың ұлттық идеологиясына негізделген ескі әңгімелердің бірін де бір әйел, інісі және баласы үшеуі тұтқынға түсіпті. Хан әйелдің інісі мен баласын өлім жазасына кеседі. Әйел өзінің жанын алып, інісі мен баласын тірі қалдыруды сұрайды. Әйелдің жанкешті сөзіне разы болған хан, екеуінің біріне рақымшылық жасап, таңдау еркін әйелдің өзіне қалдырады. Әйел еш ойланбастан, інісін таңдайды. Бұған таңданған хан себебін сұрайды. Сонда әйел, біз бір атадан, бір анадан едік. Інім өлсе оның орнын ешкім баса алмайды. Інім Атам мен Анамның көзі ғой.  Ал, балама келсек, әлі басым жас, Алла қаласа баланы тағы туып аламын деген екен. Әйелдің сөзіне разы болған хан, үшеуіне де рақымшылық жасапты.

Қазақ халқы бауырдың бауырмалдығын бәрінен де жоғары бағалаған. Жаугершілік заман. Қалмақтардан қашып келе жатқан бір атамыз жолда жаяулатып қашып бара жатқан інісін көреді. Сол кезде артында отырған баласына бұрылып: «Атасы бөлек аттан түс, атасы бір кел атқа мін» – деп, аттың артында отырған баласының орнына інісін отырғызып жаудан аман алып шығады. Қашып құтылған соң, әлгіден мұның қалай? – деп сұрағанда «Әйел бала-шаға табылады. Ал аға-іні табылмайды – деген екен. 

Аталарымыз жай уақытта «Ағайынның» аты озғанша, ауылдастың тайы озсын деп тілеу айтқан. Қапелімде жау келіп қалғанда, «Атасы басқа аттан түс!» деп өз белінен шыққан баласын тастап кетіп, туған інісін артына міңгестірген жағдайлар көп болған.

Осындай жағдайлар қайталана келе, «Атасы басқа аттан түс, Атасы бір, атқа мін» деген мақалға айналған.

Қазіргі кейбір жетесіздердің Ағаларына «шал!», «Әй, шал!» деп менменсіп сөйлеуі, әйелдеріне «Мен сені туған анамнан да жақсы көремін» деп, Ата-аналарын қарттар үйіне тапсыратындардың кездесуі ащы да болса бүгінгі күннің шындығы болып тұр.

Бүкіл әлем тарихшылары Шыңғыс хан сарбаздарының тұтқынға түспегендерін және бірде-бір жаралы сарбазын жау қолына тастап кетпегендерін ауыздарының суы құрып жазады. Олар осының себебін Шыңғысхан өте қатал болған, бір жауынгер тұтқынға түссе сол ондықты, ондық түссе жүздікті түгелімен өлім жазасына кескен, осы жазадан қорыққаннан сарбаздарының өлігін жау қолына қалдырмаған деп жазды.

Алайда, мұның ақиқаты мүлдем басқа еді. Шыңғыс қаған сарбаздарының құрамы: ондығы да, жүздігі де, мыңдығы да рулас, тумаластардан тұратын. Бірге туған тумаластар бірі үшін бәрі жанын қиятын, тумаластары жаралысын да, мерт болғандарын да жау қолында қалдырмайтын еді. Бұдан асқан бауырмалдық пен ұлттық идеологияның болуы мүмкін бе? Қазақ тарихында мұндай мысалдарды мыңдап, миллиондап келтіруге болады.    

Олар Атам Қазақтың «Малым жанымның садағасы, Жаным арымның садағасы» деген ең ұлы қағидасын басшылыққа алып, жандарын қандас бауырлары үшін қия білді. Арларын (Ар-иман, туған елі, атамекен-туған жері және отбасын) қорғай білді. Қазақ баласы үшін бұдан асқан бақыт пен абырой болуы мүмкін бе?

Қазақ, Қазақ болғалы қазақтың үш Арысы бірімен-бірі бауыр еді. Олар Ұлы Дала деп аталатын алып тайқазанда бірге қайнады. Тіні, Ділі, Діні, Тілі бір болды. Өздерін «Қарға тамырлы қазақпыз» деді. Бір-бірінен енші алыспады. Дастарханы бір еді. Алты айлық жолға шықса да өздерімен бір жапырақ нан алып шықпады. Себебі, қай үйге барса да алдынан қонақасы күтіп тұрды. Түрме-зындан салмады. Себебі, олардың арасында қылмыс жасайтын адам болмады. Қазақты осы қасиетінен ажыратып үш бауырдың ара жігін ажыратып, араларына от жағу үшін жауларымыз талай-талай қитұрқы әрекеттерге барған. Алайда Ұлы Аталарымыз ондайлардың алдына «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «Бөлінгенді бөрі жейді», «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін», «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген бір ауыз сөзбен алынбас қамал салып кеткен. Барлық қазақ баласына осы қамалды қорғауы ләзім. Мына солтүстіктегі көршіміздің өздерін Великая Русь (Ұлы жүз), БелоРусь (Орта жүз), МалоРоссия (Кіші жүз) деген атауды бізден "еншілеп" алғанымен туыстықты сақтай алмай  бірінің қанын бірі судай шашып жатқаны бізге сабақ болмағы ләзім.

Қонақасы демекші, Ата-бабаларымыздан қалған мынадай аңыз бар: «Атамыз Қазақ өзінің үлкен ұлы Ақарысты ( Ұлы жүздің атасы), ортаншы ұлы Жанарысты ( Орта жүздің атасы), кенже ұлы Бекарысты (Кіші жүздің атасы) енші беруге шақырыпты. Сол ұлы атамыз өзінің бар байлығын (мал-мүлкін) төрт бөлікке бөлген екен дейді. Оның үш бөлігін аталған үш баласына еншіге беріпті. Төртінші бөлігін тағы да үшке бөліп, оны балаларына енші үстіне қосыпты. Естеріңде болсын, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап Сендерге ұлан-байтақ жер қалдырды. Оны үшеуіңе тағы бөліп беремін. Оңтүстік-шығысты Ақарыс, сен иелен. Ол ұлы жүз деп аталсын. Орталық және солтүстікті Жанарыс, сен иелен. Ол Орта жүз деп аталсын. Батыс жақты Бекарыс, сен басқар. Ол Кіші жүз деп аталсын. Ондағы ойым мынадай. Сендер енші алып бөлек үй болып шыққанмен, туыстық қатынастарың, ынтымақтарың мен дәм-тұздарың бөлінбесін. Сендердің ұрпақтарың сапарға шыққанда жолға азық-түлік алып жүрмесін. Әрбір қазақ баласы кез келген үйден ақысыз қонақасы ішетін болсын. Олар жолда шөлдеп, сусап, қарны ашып жүрмесін. Менің сендерге берген төртінші еншім сол. Сол Еншімді менің келер ұрпақтарым ғасырдан ғасырға жеткізіп, менің осы өсиетімді бұлжытпай сақтасын!» - деп батасын берген екен.

Ұлы Аталарымыздың барлық болмысы, өмір сүру қағидалары қоршаған ортамен, табиғатпен үйлесімде болды. Шыққан күнді - жастық шаққа; түс кезін - жігіттік, есеюге;  кеш түсуді – қарттыққа балаған. Және өздерінің табиғаттың ажырамас бөлшегі екендігін айқын түсінген. Ұлы Жаратушы - Алланың жаратқан барлық тіршілік иелері өмір сүруге құқылы деп есептеп, оларға қиянат жасамауды ұрпағына аманат еткен. Табиғатты да солай аялаған. Ұрпағына «Гүлді жұл ма, бір гүлді жұлсаң он гүл шықпайды» деген ұлағатты өсиет қалдырған. Ұлы даланың төл перзенттері Қазақ болмысының ең бір кереметі олардың бойында жасандылықтың, жалғандықтың болмауы. Нағыз қазақ баласының періштедей пәк болуы.

Міне осы қағидаға сай Адамға қандас-бауырдан жақын ешкім жоқ. Демек, бүгінгі таңда қазаққа қазақтан жақын ешкім жоқ. Бола да алмайды.

Баршамызға белгілі, Маңғыстау түбегі сұғына кіріп тұрған теңіз Каспий деп аталады.  Каспийдің түпкі мағынасы Қас би. Ол өз кезегінде Қаз бидің лақап аты, яғни синоним. Сонда «Қаз» дегеніміз бүкіл әлем елдері мәдениетінің ең биік шыңы болса, «Қас» деген сөз кез-келген ұғымдардың ең биік шыңы. Қазақтың сөздік қорындағы Қас Сақ, Қас батыр, Қас мерген, Қас ақын, Қас шешен, Қас тұлпар, Қас дүлділ, Қас шебер, Қас қағым, Қас ару, Қас сұлулар осы айтқанымыздың айдай айғағы. Қазақтың «қасиетті, қасиетсіз адам» деген ұғымдарының да шығу тегі осы. Енді осылардың қасына Қазды да (аспанда ұшатын, сыңары үшін жанын қиятын, киелі ару құс) қосып қойыңыз. Үнді халқының ең ежелгі «Махарабхата» дастанында Арийлердің аспанға ұшатыны, олар мінген ұшақтың Би Ман (Биман) аталатыны жырланған. Ал, «Би» деген сөздің мағынасы баршамызға белгілі болса керек. Шынында да, ең бірінші тілі шығып, әлемге үлгі болған дана елдің Қас би атанбай басқаша аталуы мүмкін де емес қой. Бұл дауға жатпайтын тұжырым. Ежелгі қазақтар жақсылыққа жарысудан алдарына жан салмай, бәйгеден келіп, оған бүкіл әлемді мойындатып барып осындай ең құрметті атауларға ие болған. Әйтпесе, теңіздің атауы Қас би деп аталмаған болар еді.

Жоғары да көрсетілгендерден шығатын қорытынды, Қазақтың ұлттық идеологиясының негізінде Ұлы Жаратушы - Алланың өзімен уахи етілген махаббат пен мейірім деген сезім жатыр.

Қазақ та «Атамзаман» және «Ақырзаман» деген екі сөз бар. Қазақтың Ата жолы бүкіл әлемде ондаған мың жылдар бойы салтанат құрды. Аталар заманын да ерлеріміз екі сөйлемей, бір ауыз сөзге тоқтап, арын қорғап, әділдікті пен адалдықты ту етіп, ешкімнің ала жібін аттамай, тек қана жақсылыққа жарысып ғұмыр кешті. Қәзіргі қоғам неге соншама өзгеріп кетті? Неге үнемі екі сөйлейміз? Неге сөзге тоқтамайтын болдық?  Неге қоғамды ақша мен қару билеп кетті? Ата мен Ағаны сыйлаудан, ақ некеден, отбасымызға адал болудан неге жерідік? «Азаматтық неке» дейтін пәле қайдан шықты?  Ақиқат пен әділдік неге аяқ асты болып жатыр? Адам өмірі неге құнсызданып кетті? Міне осының бәрін «гендерлік» деген сұмпайы саясат іске асырып зайырлы қазақ қоғамын «Ақырзаманға» (әйелдер билейтін заманға) қарай өте шапшаң жылдамдықпен сүйрелеп келеді. Мұндай жағдай бұрында да сан рет болған. Аталарымыз ел билігін талай рет әйелдерге беріп, ауыздары күйген. Әйтпесе, Ұлы аталарымыз «Әйел билеген көш оңбайды» деп шегелеп айтып кетпеген болар еді. «Ердің екі сөйлегені өлгені» (мақал). Қазіргі әлем билігін де жүргендердің неше сөйлейтінін санап та тауыса алмаспыз...

«Гендерлік саясат» бар-жоғы 25 жылда еліміздің  астан-кестеңін шығарды. «Қырық үйден тыйым алып», Атасының қасында қақ төрде отыратын қазақ қызын абыройсыздыққа ұрындырып, арын саудаға салып, тәнін сатқызды, көше де орамалсыз, «жеңіл» киіммен жүргізді, шашын қырықтырды, қара жамылдырды, сахнаға жалаңаш шығарып, тәнін көрмеге қойды, анайы клиптер түсіргізді, ерлердің қамқорлығынан айырды, әйелдерді жесір, балаларды жетім қалдырды, сатуға шығарды, сүр бойдақтар мен кәрі қыздарды көбейтті, қытай, орыс, негр т.б. байға тигізді, ессіз әйелдерді отбасы билігіне таластырып, балаларына «папам мамамның тұңғыш баласы» дегізді. Келіндерді кердең қаққызды, Ата-аналарын қарттар үйіне тапсыртқызды. Ерлерімізді ез қылды, екі сөйлетті, жасықтарын көлеңкесінен қорқатын сужүрек қоянға айналдырды. Жерімізді, астыңғы және үстіңгі байлығымен қоса сатуға шығарды. Билікте араласқандарды парақор мен жемқорға айналдырды. Ел ағаларының: Атаның, Ағаның, жасы үлкеннің айтқанын ешкім тыңдамады, сөзіне құлақ аспады, қарсылық білдірсе атты, түрмеге қамады. «Қорқақты қуа берсе, батыр болатынына» және «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келетініне» саналарын жеткізбеді...

Ешкім мәңгілік емес. Бүкіл ғаламды алсаңда, қаншама байлық жисаңда ана дүниеге өзіңмен бірге ештеңе де алып кете алмайсың. Артыңда өнегелі ісің мен ілім, өлмейтін сөзің, сөзің мен ісіңді өлтірмей атыңды Ата деп ардақ тұтатын саналы ұрпақ қалдыру барлық қазақ азаматының ең абыройлы борышы. Бұл парызға соңғы екі мыңжылдықта қазақтың ұлы қағаны Шыңғыс ханнан артық адал болған адам жоқ. Қазіргі билік басында жүргендердің бағасын келер ұрпақ беретін болады. Беріп те жүр...

Әйел ермен ешқашан тең бола алмайды. Себебі, Ұлы Жаратушы - Алла екеуіне екі бөлек міндет жүктеген. Ерлерге әйелдер мен балаларға қамқор, қорған, асыраушы болуды, әйелдерге ерлерінің қамқорлығын да болып, дүниеге ұрпақ әкелуді және оларды елі мен жерін қорғайтын асыл азамат етіп тәрбиелеуді міндеттеп, араларын махаббатпен жалғаған. Ұлы Аталарымыз бен Аналарымыздың қыздарына "отбасының ұйытқысы болуды, ерлерін пір тұтуды және бақытын отбасынан тауып, бір рулы елге Ана болуды" өсиет етулерінің сыры осы. «Барған жеріңе тастай батып, судай сің» (Бата). Қыздарымыз қазір осы өсиетті орындап жүр ме?

Сонау түптегі Адам Ата мен Ауа Анадан бергі жетпіс мың жыл бойы үзілмей жалғасып келе жатқан Ата салтымыз: Ата сыйлау, Бата беру, Той жасау, құда түсу, сырға салу, шаңырақ көтеру, нәрестеге ат қою, шілдехана жасау, бесікке салу, шашын алып, тұсау кесу, сүндетке отырғызу, наурыз тойын тойлау, қонағын құдайындай сыйлау, шашу шашу, ерулік беру, жерлеу рәсімдерін өткізу, Ата-бабаларына арнап ас беру, қабіріне барып зиярат етіп, шырақ жағу  т.т. қазақтың ұлттық идеологиясының негізі және оларды мүлтіксіз сақтау әрбір қазақ азаматының абыройлы борышы. Бүткіл жер бетінде біздің бұл салттарымызды қолданбайтын ел жоқ.

Міне осы жерде сол ежелгі Аталарымыз алған бәйгені қайта алуға мүмкіншілігіміз бар ма?, жоқ па? деген сұрақтың өзінен-өзі туындап тұрғаны анық.

Ондай мүмкіншілігіміз мол және ол қанымызда бар дүние болғандықтан Біз үшін   қиындыққа түспейді. Тек қана, барлық қазақ  баласы жоғарыда айтылғандарды жан-жүрегің арқылы сезініп, Ұлы Аталарымыз сияқты жақсылыққа жарысып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып мынадай негізгі бағыттар да жұмыстансақ жетіп жатыр.

БІРІНШІ, Біз қазір жоғарыда көрсетілгендей, ежелгі ұлттық болмысымыздан ажырап, кер заманға тап болып отырған жағдайымыз бар. Бұдан құтылудың жалғыз жолы жан тәрбиесімен айналысып, дәстүрлі дінімізді (Қожа Ахмет Иассауи мен Әулие Бекет - Пір Ата жолын, яғни сопылық ілімді) қалпына келтіруіміз қажет. Ұлы Аталарымыздың «Тілі екеудің діні екеу, діні екеудің соңы құрдым» деген өсиетін ешқашан жадымыздан шығаруға болмайды. Қазақстан Республикасы Конституциясы 7-ші бабының 2-ші тармағын мүлдем алып тастау қажет және сонымен қатар ҚР «Тілдер туралы заңы» қайта қаралып, ол заң «Мемлекеттік тіл туралы заң» деп аталып АНА ТІЛІМІЗ елімізде толық салтанат құруға тиіс. Ұлттық мемлекет болып ұйысудың басты шарты осы. Диаспоралардың Қазаққа өкпелеуге еш құқығы жоқ. Қазақстан билігі мен байлығына таласып жүрген орыстардың да, ағылшындардың да, жебірейлердің де т.т. бәрінің тарихы отандары бар. Ал, Біздің артымызда  ешкім жоқ. Демек, Бізге шегінетін жер жоқ. Осыны түсініп, осы үшін күреспеген қазақ, қазақ емес. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей, осыны мойындап, қолдамаған өзге ұлт өкілдері, қазаққа дос емес.

Бүгінгі кейбір «білгіштердің» Аталарымыздың аттарын ұмытсақ, «рушыл болмаймыз» дегендері жеңілдетіп айтқанда, қазаққа достық ойлайтын адамдардың сөзі емес. Тегімізді (руымызды) ұмытқаннан жетістікке жетсек, қалған ұлттарға қара көрсетпей кететін уақытымыз болды. Ал, Біз болсақ күн озған сайын «гендерлік саясаттың» жетекшілігімен  азғындықтың батпағына белшемізден батып барамыз. Үш жүз жылға жуық басында патшалық, кейіннен Кеңестік билік қазақтың рулық шежіресіне, Ата салты мен дәстүріне, Ана тілі мен дініне барынша жау болып, тамырына балта шабуға тырысты. Қарапайым қағида, Дұшпаны жек көрген дүние сол елдің баға жетпес асылы болып табылады. Демек, жау біздің ұлттық болмысымыздан нені көргісі келмесе, біз ұлттық мүдде тұрғысынан солардың бәрін түгендеп орын-орындарына қоюымыз қажет. Ең бастысы, олар Алаш арыстарын ұлтшыл деп айыптады. Демек, бәріміз Аталарымызды танып, түгел ұлтшыл болуымыз керек.

ЕКІНШІ, қазақ елін әр түрлі дағдарыстардан аман алып шығу, немесе тіпті ондайларға ұрындырмау үшін қазақтың әрбір отбасы қаражаты  жетсе барлық балаларын, жетпесе әр отбасыдан, тіпті болмаса жақын  туыстар бірігіп араларынан қазақтың ұлттық қасиетін бойларына толық сіңірген, ең талантты бір баласын білім бәйгесіне қосулары керек. Аталарымыз бұл қағиданы ежелден білген. Әйтпесе, «Білекті бірді, білімді мыңды жығар» деп айтпаған болар еді. Бұл біздің ежелгі ата-бабаларымыздай, әлем мәдениетінің қақ төрінен өзімізге тиесілі орынымызды иемденуіміздің кепілі болмақ.

Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа қызмет етеді» деген даналық сөзін ешқашан естен шығаруға болмайды.

ҮШІНШІ, мемлекет құраушы ұлтты қадірлемейтін, мемлекеттік тілді білмейтін, адами қасиеті төмен, қарабасының қамынынан аса алмайтын жемқор, парақор, нәпсіқұмар, Ата-Аналарын қарттар үйіне тапсырып, отбасын тастап кеткен мейірімсіз жандарды биліктің еш бір сатысына, тіпті бригадир етіп те араластыруға болмайды. Аталарымыз «Атаға қарап ұл өсер, Анаға қарап қыз өсер» деп бекер айтқан жоқ. Адам ел билеу үшін, бірінші отбасын құруды, оларға дұрыс тәрбие беруді  және жағымды іс-әрекетімен елге, ұрпаққа үлгі бола білуді меңгеруі керек. Билік сатысына көтерілген барлық лауазым иелері елге жақсылық жасаудан дүбірлі жарысқа түскенін сезінулері   қажет. Ал, бізде олар қазына мүлкін жымқыру мен пара алудан және жағымпаздықтан жарысқа түсіп жүр...

ТӨРТІНШІ, елімізде қабылданған барлық заңдар мына ұланғайыр жер мен елдің бірден – бір иесі өз Атамекен-туған жерлерінде отырған қазақ халқына қызмет етуге тиіс. Бүкіл елдің заңын азғана «қалталы жандар» мен «келімсектердің (диаспора)» мүддесіне жығып беріп, оны «полиция мемлекетін» құру арқылы қорғаймын деп ойлаудың өзі ағаттық. Әділетсіз заңдардың елімізді тығырыққа апарып тірейтінін ешқашан естен шығармауымыз керек. Қазақ теңдікке көнсе де, кемдікке көнбейді. Желтоқсан, Жаңаөзен, Атырау бізге мәңгі сабақ болуға тиіс.

БЕСІНШІ, Қазақтың ұлы да, қызы да тек қана өзім білемін деген "өзімшілдік" пен қарабастарының қамын ойлаудан арылулары қажет. Себебі,

а. Сүр бойдақ пен кәрі қыз Ата мен Ананың, бүкіл туыстарының жан азабы, әсіресе Ананың (Кез келген Ата-Ана балаларын үйлендіріп, балалары алдындағы борыштарын атқаруды армандайды);

ә. Атасы мен Анасын немере сүю деген ең бір тәтті арманынан айырады;

б. Өзінің келешегіне балта шауып, артына ұрпақ қалмау қауібін күшейтеді (әйел баласының ұрпақ әкелу ғұмыры шектеулі, қырықтан асқасын әйел баласының мүмкіншілігі аз болады, тіпті көп жағдайлар да әкеле де алмайды);

г. Отбасының балалы болмауы көп жағдайдайларда жұбайлардың ажырасуларына да себеп болып жатады.

Дүниеде артыңа із (шаңырағыңа, барлық жиған тергеніңе ие болып қалатын ұл) қалдырмай ұрпақсыз өмірден өту «қурап қалған қу ағашпен» тең. Қазақ үшін бұдан асқан қасірет болуы еш мүмкін емес.

Демек, ұл да, қыз да тек қана қарабастарының қамы (жан тыныштығы) үшін емес, өздерінің Аталары мен Аналары, әкелері мен шешелерінің, барлық туыстардың қамын көбірек ойлап, тезірек отбасын құрып, дүниеге ұрпақ әкелулері керек. Бұл Сенің еліңе қосқан қомақты үлесің болмақ. 

 Бұл мәселені тиімді шешу ежелгі Ата салтымыз бен дәстүрімізге сай, текті отбасымен "құда түсу", "жеңгетайлық" т.б. институттарын қалпына келтіруге жұмыстансақ дұрысы осы болар. Жар таңдауда қателесуге болмайды.

Әрбір қазақ жігітінің санасына "Қазақтың бір қара қызын бақытты ете алмаған жігіт, жігіт емес», қыздарымыздың санасына "Қазақтың бір жігітін бақытты ете алмаған қыз, қазақтың қызы деген ардақты атқа  ылайық емес» деген ұлттық идеологиямыздың  басты қағидаларының бірін құлақтарына бала жастан құя беруміз керек. Біздің кезімізде ажырасу деген жаман әдет мүлдем болмайтын. Жұбайларды тек қана өлім ажырататын.

Қазіргі жастар үйленбей тұрып бар жағдайды (үй, көлік, мол қаражат т.т.) жасап алғылары келеді. Соның соңында жүргенде алтын уақыт босқа өтіп, көбі «анда да жоқ, мында да жоқ» болып қала береді. Аталарымыздың «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген өсиетін еш ұмытуға болмайды.

Мемлекет тарапынан да шара алынуы қажет. Мысалы,  бойдақтардың жанына бататындай етіп «бойдақ салығын» салып, отбасы жоқ, немесе отбасынан ажыраған жандарды биліктің ешбір сатысына жолатпау керек. Бұл мәселемен қазақтың саны да көбейеді, ажырасуда азаяды және сонымен қатар мемлекет қазынасына қомақты қаржы да түсетін  болады. Тіпті сол бойдақ салықтан түскен қаражатқа жас отбасыларға арнап арзанға үй салып беруге де болады.

АЛТЫНШЫ, әрбір қазақ азаматы (ұлы да, қызы да) "МАЛЫМ ЖАНЫМНЫҢ САДАҒАСЫ, ЖАНЫМ АРЫМНЫҢ САДАҒАСЫ" деген ең басты қағидасын ешқашан жадтарынан шығармаулары керек.

Қазақтың ежелден келе жатқан көзінің қарашығындай қорғауға тиісті  ары мен намысы мыналар:

а. Ар-иманы, яғни Ұлы Жаратушы Аллаға деген сенімі;

ә. Туған елі;

б. Атамекен - туған жері. Біз қазір оны Отан деген ұғыммен ауыстырдық.

г. Отбасы. Міне осы төртеуін  қазақтың ұлы да, қызы да көздерінің қарашығындай қорғай білулері керек және ұрпағымызды жатпай, тұрмай тек қана осыған тәрбиелеуіміз қажет.

Біз қазір аузымызды ашсақ болды, «Отан отбасынан басталады» деп сайрай жөнелеміз. Қазақтың ежелгі қағидасына салсақ, Отан деген ұғым  біз қозғап отырған мәселенің мәнін түбегейлі ашпайды. Себебі, Отан деген сөз жоғары да айтқанымдай отбасы деген сөзден шығады. Демек, отбасың қайда болса Отаның сонда.  Қазіргі шенеунік байлардың елден ұрлап жинаған барлық дүние-мүлкі мен отбасын «арқалап» алып шетелдерге қашып жүргендерінің сыры осы. Демек, тек Отан қорғаймыз деген сөз, түбінде дәйегі жоқ жалаң сөз.

Демек, қазақ баласының ең бірінші қорғауға тиіс ары «Атамекен-туған жері». Себебі, Атамекенді, яғни Атам, әкем және менің туған жерім мен солардың моласы жатқан жерді ешкімге сата да, ешқайда арқалап алып та кете алмайсың. Ол сенің жүрегіңде мәңгі жатуға және ол көзіңнің қарашығындай қорғалуға тиіс. Бұл жағдайда шетел асқандардың бәрі «шіріген жұмыртқаға» айналады.

Үш жүз жылға жуық жүргізілген патшалық Ресейдің, одан кейінгі Кеңес билігінің және  солардың жолын айна қатесіз жалғастырған Қазақстанның орыс тілді билігі ұйымдастырған урбанизация саясатының кесірінен, ауыл қазақтарының Ата-бабаларының моласы жатқан киелі топырағынан ажырап кеткені ешқандай да құпия емес. Біз бұл саясаттан қазақ жерін сатуға шығарудың алғы шарттарын кімдердің жасап беріп отырғанын айқын көреміз.

ЖЕТІНШІ, Үкіметіміз тарапынан шетелдердегі қандас бауырларымыздың елге оралуына толықтай жағдай жасалуға тиіс. Мұндай жағдайда үкіметіміз біздің де, тағдыр тәлкегімен шетте жүрген қандастарымыздың да алғысына кенелер еді. «Алғыс пенен Ер көгерер» (мақал). Бұл шара  бірінші кезек те қазағы өзге өңірлерге қарағанда көбірек орыстанып кеткен солтүстік аймақтарымызды қамтуы керек.

СЕГІЗІНШІ, ұрпақтарымыздың санасына Құдайдан қорқуды, бірін-бірі Атасындай, Әкесіндей құрметтеуді, Абай атамыз айтқандай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп сүюді бойларына сіңіруіміз үшін ең бірінші кезек те бүгінгі аға буын осыған үлгі бола білуі қажет.

ТОҒЫЗЫНШЫ, Алланың жолы Хақ жол. Ұлы Жаратушы – Алла Адам баласын махаббат пен мейірімнен жаратқан.  Ұлы Алла біздерді мына дүниеге бірін-бірі жек көрсін, ғайбаттасын, қорласын, зорласын, тонасын, ұрласын, пара алсын, ассын, атсын, өлтірсін деп жіберген жоқ. «Судың да сұрауы бар». Аталар сөзінде, «біреуге жасаған қиянатың үшін жетінші ұрпағыңа дейін жауап бересің» делінген. Демек, ұлттық мемлекетіміз Хақ жолдан ауытқымай әрқашан да Ақиқат пен Әділдікті бәрінен жоғары қоюға  міндетті. Ұл – қыздарымыз ежелгі Ұлы Аталарымыздың жолын қуып Алланың Ақ жолында жандары «Қарқараға (ақиқатқа) жеткенше» шыдауды меңгеруге тиіс.

ОНЫНШЫ, Қоғамды Алланың Ақ жолынан адастырмайтын Темір Қазық: озық ой, ақыл, білім мен ғылым және сопылық ілімнің шариғат, тарихат, ақиқат және мағрипат атты төрт сатысынан өтіп барып тұжырымдалған  тарихтың тағлымы. Ата тарихтың жақсысын да, жағымсызын да біліп, зерделеп, жақсысын жалғастырып, жағымсызынан қашуға тиіспіз.

Біз санамызды тірілтіп, тарихымызды түгендеп осы шараларды іске асыра алсақ, Атам Қазақтың «Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар» деген мақалында айтылғандай бүкіл әлем елдерін «Біздер қазіргі Қазақстан аума­­ғынан шыққанбыз, әлемдегі ең көне ха­лық қазақтардан тарағанбыз» деп мойындататын боламыз.

ОСЫ ЖОЛДАРДЫ ОҚЫҒАН БАРШАҢЫЗҒА ҰЛЫ ЖАРАТУШЫ - АЛЛА ИМАН БЕРГЕЙ!

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475