ЖҰЛДЫЗ МАҚАТАЕВ: ҰЛЫ АДАМ ЕКЕНІН СОЛ КЕЗДЕ-АҚ СЕЗДІ
Мұқағалимен 7 сыныпта оқып жүрген кезімде «ауырдым». Ең алғаш оның «Бәсіре» атты жыр жинағын құныға оқып шықтым. Одан кітапхананы аударып-төңкеріп жүріп, «Соғады жүрек» деген кітабын тауып алып, жата-жастана оқыдым. Жоқ, оқып қана қойған жоқпын, тіпті бүкіл өлеңдерін жаттап алдым. Содан ол ақынның жинақтарын іздеп жүріп оқитын халге жеттім. Суретін үлкейтіп, төрге іліп қойдым. Студент кезімде біраз достарыма «Мұқағали» ауруын жұқтырдым. Соңғы курста оқып жүріп, ақынға арналған өлеңдерді жинақтап, бір кітап еттім. Оны тасқа басуға шамам келмеген соң, Фариза апама апарып, көмек беруін сұрадым. Кейін ол кісі «Жазушы» баспасының директоры Сейдахмет Бердіқұловқа тапсырғанын айтты. Содан ол кітаптан хабарым жоқ. Егер сол кiтап туралы қандайда бір мәлімет білетін кісілер болса, маған хабарласуын сұраймын. Енді оны кітап етіп шығаратын уақыт жеткен секілді.
Бүгін қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай біз жақсының көзі Жұлдыз Мұхаммедқалиұлымен әңгімелескен едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.
– Мұқағали – таныстыруды қажет етпейтін есім. Десек те, оқырмандарымыздың ішінде жас шыбықтай бұралып өсіп келе жатқан жеткіншектердің де барын ескеріп, олардың алып ақынның өмірбаянын біле жүруі үшін әкеңіздің туған жері мен өскен ортасы туралы кеңінен айтып бергеніңіз жөн болар еді?
– Менің әкемнің азан шақырып қойған аты – Мұхаммедқали. Әкесі – Сүлеймен. Анасы – Нағиман. Ол ресми құжат бойынша 1931 жылдың 9 ақпанында Алматы облысы қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Алайда әкемнің туған күні жөнінде әлі күнге дейін екі түрлі мәлімет беріледі. Ал Нағиман әжеміздің айтуынша, Наурыз тойының қарсаңында, яғни, 8 наурыз күні дүние есігін ашқан. Негізі, әкем атадан төртеу боп туған екен. Үлкен інісі мен қарындасы бала күнінде қайтыс болады. Ал Тоқтарбай мен Көрпеш сол елде өсіп-өніп, үлкен әулетке айналды. Төлбасы болғандықтан, әкем ата-әжесінің қолында өсіп, өз ата-анасын аға-жеңгесіндей қабылдайды. Сүлеймен атам – Қарасазға қарасты ұжымшардың төрағасы болған, ел басқарған адам. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына шақырылып, сол жылы Калининград майданында қаза табады. Сөйтіп, әкем Тиын әжесінің тәрбиесінде болады. Өзі айтқандай, күлшесін қорғасынға айырбастап, жетім бола жүріп жетіледі.
– Ақын тырнақалды туындыларын қай кезде жаза бастады? Ол шығармалары қай басылымдарда жарық көрді?
– Әкем өлең жазумен ерте айналысқанға ұқсайды. Өйткені алғашқы өлеңдері аудандық «Советтік шекара» газетінде, «Әдебиет және искусство» журналында жарық көре бастайды. Мұнан кейін ол көп оқып, көп ізденеді. Бала кезінде ала алмаған білімін еселеп қайтаруға тырысады. Қазақ, орыс, әлем әдебиетінің туындыларымен сусындайды. Сөйтіп жүріп өндіре жазады.
– Ол кісі қай жерде оқыды?
– 1948-1949 оқу жылдары ҚазМУ-дың филология факультетінде, кейін Шет тілдер институтының неміс тілі факультетінде оқиды. Өкінішке қарай, екі оқуын да тұрмыстық жағдайға байланысты тастауға тура келеді. Негізі, адам ниет қылса, сол мақсатына жетеді екен ғой. Көп ұзамай, Мәскеу қаласындағы М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білімін жетілдіреді.
– Қай жерде қызмет атқарды?
– Жоғарыда айтқанымдай, 1949 жылы оқуды тастағаннан кейін, Шибұт ауылдық кеңестің хатшысы боп қызмет атқарады. Сол жылы анам екеуі отау құрады. 1954 жылы Қарасаздағы бастауыш мектепте орыс және неміс тілінен сабақ береді. 1957 жылы Қазақ радиосының дикторы боп қызмет етеді. Мұнан кейін «Советтік шекара» газетінде бөлім меңгерушісі боп жұмыс істейді. 1963 жылы Алматы қаласына қоныс аударады. Содан бастап «Мәдениет және тұрмыс», «Социалистік Қазақстан», «Жұлдыз» басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағында еңбек етеді. Міне,осындай әдеби ортада жүрген кезінде ол өзінің ақындық қабілеті мен дарынын көрсете білді. Көптеген шығармаларын жазды, кітаптарын шығарды.
– Жалпы, әкеңіз қандай адам еді?
– Әкем өте балажан, жаны нәзік, ақкөңіл, қолы ашық, мінезі жайлы азамат еді. Талантты да талапты, парасатты да пайымды, зерделі де зейінді, ақ та адал адам болатын. Жанары жанып тұратын. Ылғи да кеудесін тік ұстап жүретін. Балаларынан әкелік мейірімін аяған жоқ. Адамзатқа қиянат жасамайтын. Біреуге жақсылық жасағанды жаны сүйетін. Бірде үйге бір топ жігіттер келіп, әкеме алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Сөйтсе, олар түрмеде жатып, әкемнің өлеңдерін оқып, содан тәлім-тәрбие алыпты, мінез-құлықтарын түзепті. Тіпті әкеммен хат алысып тұрыпты. Олардың іздеп келгеніне әкем кәдімгідей риза болып қалды.
Жалпы, әкем жас ақындармен жиі араласатын. Оларды үйге ертіп келіп, өмір мен өнер һәм өлең жайлы әңгімелесетін.
– Ол кісінің Майгүлге, Айбарға, Шолпанға арнаған өлеңдерін білеміз. Жалпы, оның неше ұл-қызы бар?
– Біз атадан алтау едік. Ұлдан үлкені – менмін. Менің алдымда Ләззат, Майгүл есімді әпкелерім болған. Ләззат сәби күнінде шетінеп кеткен екен, есімде қалмапты. Ал Майгүл екеуміз тете өстік.Ол қайтыс болғанда мен 10 жаста едім. Әкем қатты қайғырды. Майгүлге арнап, бірнеше өлең жазды. Зиратқа да жиі барып тұратын. Өкінішке қарай, Майгүлдің бейітінің Кеңсайда екенін білеміз, бірақ нақты қай жерге жерленгенін таппай қалдық.
Қызым менің, Гүлім менің, аяулым!
Жатыр молаң жотасындай қоянның.
Құлпытастың құны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?! – деп өзі жырлағандай,әкем «қалақтай» қызына қоршау қоймаған еді. Сондықтан әке-шешеміздің зиратына барғанда, оған да Құран бағыштап тұрамыз.
Қазір біз – бір атадан тараған төрт бала Алматыда тұрып жатырмыз. Өзімнен кейінгі қарындасым Алмагүл шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Айбар денсаулығына байланысты жұмыс істемеді. Тіл тиді ме, көз тиді ме, білмеймін… Жанып тұрған бала еді, амал нешік, науқас боп қалды. 2014 жылы жүрек ауруынан қайтыс болды. Шолпан – шет тілінің маманы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс береді. Әкемнің өте балажан екенін жоғарыда айттым.Ұл-қыздарының кішісі – Айбар мен Шолпанды қатты еркелететін. Екеуіне де өлең арнады.
– Әкеңіздің қандай қадір-қасиеттері мен ерекшеліктері есіңізде қалды? Ол кімдермен жиі араласушы еді?
– Әкем еңбекқор еді. Шабыты келсе, күй талғамай жаза беретін. Жақсы өлең жазса, балаша қуанып, барлығымызды дауыстап шақыратын. Анамыз қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болғандықтан, ең әуелі жарының пікірін сұрайтын. «Ильич», «Мавр» поэмаларының алғашқы тыңдаушысы біз едік. Сол кезде арқалана өлең оқыған сәттері әлі есімде. Кейде нақышына келтіріп, ән шырқайтын. Сондай сәттері халық және орыс әндерін әуелете орындайтын. Ол кісінің құлаққа жағымды қоңыр дауысы бар еді. Алматыға алғаш келгенде бокспен айналысыпты. Әкеммен бірге жаттыққан Рожковты кейіннен мықты жаттықтырушы болды деп естідім. Сосын саятшылықпен айналысатын. Қыста шаңғы тебетін. Жазда көбіне көкпар тартатын. Сондай-ақ шахмат, бильярд ойындарын жақсы ойнайтын. Тағы бір есімде қалғаны, біздің үйге Шәмші Қалдаяқов жиі келетін. Екеуі бірде дайын әуенге мәтін жазды. Қазір ойласақ, сол «Талдықорған» әні екен. Ол кезде Панфилов көшесінде тұратынбыз. Шәмші аға: «Мына сөздерің менің әуеніме сай келмей тұр, қайтадан жазшы» десе, әкем шыр-пыры шығып: «Ішімнен шыққан дүниені мен неге өзгертуім керек?» деп көне қоймайды. Сөйтіп, екеуі біраз айтысқан еді. Үзеңгілес достары да үйден үзілмейтін. Ұлы Отан соғысына қатысқан ақын Тоқаш Бердияров Қарасаздағы қара шаңыраққа жиі келетін.Тұрсынзада Есімжанов, Бекен Әбдіразақов, Кеңшілік Мырзабековтер ылғи да әкемнің жанынан табылатын. Қазір Қарасаздағы әке-шешем тұрған тоқал там жоқ. Ескі Қарасаздың сазы көбейіп, тұру мүмкін болмағандықтан, барлық тұрғындар Жаңа Қарасазға көшірілді.Сондағы мұражайда біздің үйдің макеті сақтаулы.
– Мұқаңның өмір сүрген кезі – Коммунистік партияның «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» боп тұрған шақ еді. Бірақ соған қарамастан, ол дінге бекем болғанға ұқсайды…
– Дұрыс айтасыз. Әкем дініне берік адам еді. Оның асыл дінімізді дәріптеген, Алла Тағаланы мадақтаған өлеңдері өте көп. Ол қасиетті Құранды да, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадистерін де көп оқыған. Себебі, халқымызды имандылыққа шақырып, Алла Тағалаға құлшылық жасауға шақырды. Сондай-ақ қасиетті Құран сүрелерімен ауырған балаға дем салатын.
– Атақты адамның тегін алып жүру де оңай емес шығар?
– Осы уақытқа дейін ешқашан және еш жерде «Мен Мұкағалидың баласымын» деп кеуде қаққан жоқпын. Қай жерде қандай қызмет атқарсам да әкем секілді адал жүріп, тік тұрдым.Ешкімнің көмегіне жүгінгенім жоқ. Жұмыс кабинетімде әкемнің кітаптары тұратын. Қолым тиген сайын сол кітаптарды оқып тұрушы едім. Қазір зейнетке шықтым. Зайыбым Бақытгүл – М.Мақатаев атындағы халықаралық қордың төрайымы. Айман, Айжан, Әсел атты үш қызым бар еді. Айманымды арсыз ажал көктей жұлып кетті. Кіші қызымның аздап өлең жазатыны бар. Соған қарап «атасына тартқан-ау» деп қоямын. Жылына бір-екі рет отбасымызбен әке-шешеміздің қабіріне барып, зиярат етіп тұрамыз. Шешем отыз жыл бойы ескерткішін сүртіп, жан-жағын тазалауды дағдыға айналдырып кетті. Қазір біз де осы үрдісті жалғастырып келеміз. Оның үстіне, қазақ ұлы перзенттерін пір тұтқан халық қой. Біз барсақ, ылғи таза тұрады. Мүмкін, олар әкемнің өлеңдерін сүйетін, оны құрмет тұтатын оқырмандары шығар…
– «Көп қателік жіберіппін, амал не, Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!». Ақын осы өлеңі арқылы сіздерден кешірім сұраған сияқты…
– Иә,әкем кейде менімен тең құрбы-құрдастарындай сырласатын. Анда-санда қателіктерін де мойындайтын. Маған сабақ болсын дегені шығар. «Бұл қателіктер маған жарасады, Жұлдыз. Бірақ сен қайталама, оны көтере алмайсың» дейтін жарықтық. Ондай сәттерде анамыз «Бәрі дұрыс болады» деп басу айтатын. Сәл мұңайып отырып, әкем қайта еңсесін көтеретін. Сондайда бөлмеде ерсілі-қарсылы жүріп: «Әй, мені түсінгісі келген адам өлеңдерімді оқиды. Ничего, төрт миллион қазағым аман болса, мен ешқашан өлмеймін» дейтін. Менің көзім жеткен бір жағдай, әкем өзінің ұлы адам екенін сол кезде-ақ сезді.
– Көзі тірі кезінде қандай кітаптары жарық көрді?
– Ғұмырының соңғы жылдары әкем өндірте жазды.Үйде де, түзде де, тіпті емханада жатып та жазудан бас алмады. Өмірінің ұзаққа бармасын ақын жүрек сезген секілді. Соның нәтижесінде біраз жинағы жарыққа шықты. Мәселен, «Ильич», «Армысыңдар, достар», «Дариға – жүрек», «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» атты жыр жинақтары – жоғарыда айтқан сөзіміздің дәлелі. Сондай-ақ У.Уитменнің «Шөп жапырақтары», У.Шекспирдің «Сонеттер», Д.Алигерьидің «Құдіретті комедиясы» атты 3 аударма кітабы баспа бетін көрді.
– Ол кісінің фәниден бақиға озғанына да қырық жылдан аса уақыт өтіпті. Осы жылдар аралығында неше кітабы тасқа басылды?
– «Өмірдастан», «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Қош, махаббат!», «Аманат» және «Қарасаздан ұшқан қарлығаш» атты жинағы, сондай-ақ шағын күнделігі жарық көріп, қолдан-қолға тимей тарап кетті. Абай энциклопедиясынан кейін, екінші болып Мұқағали энциклопедиясы тасқа басылды. 1999 жылы Елбасының қолдауымен һәм Мұхтар Құл-Мұхаммедтің мұрындық болуымен «Аманат» атты кітабы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Сол жылы «Ғасыр ақыны» атағы берілді. 2016 жылы Талдықорған қаласында ескерткіш ашылды.
– Ақиық ақынның туындылары өзге тілдерге аударылды ма?
– Иә, әкемнің шығармалары орыс, ағылшын, неміс, түрік, өзбек, қырғыз, т.б. тілдерге аударылды. Орыс тілінде «Зов души» деген өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Ол кітапқа енген өлеңдерді орыстың белгілі ақындары Ю.Александров пен М.Курганцев тәржімалады. Дегенмен әлі де басқа тілдерге аударуды қолға алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Кезінде өзі де орыстың талантты ақындары Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің өлеңдерін қазақша сөйлетті.
– Жер бетінде қазақ деген халық барда ақынның аты да, заты да өлмесі анық. Дей тұрсақ та, оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылды?
– Қазақстан Жазушылар одағы 1985 жылы Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлық тағайындады. Алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында туған жерінде мектеп және мұражай ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағалиға арналған ескерткіш бар. Басқа аймақтарда да мектеп, көше атаулары болуы әбден мүмкін. Оны мен тап басып айта алмаймын. Әкемнің өлеңдеріне Н.Тілендиев, Д.Рақышев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А. Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұхамеджанов, Ә.Тінәлиев, Б.Оралұлы, Т.Досымов, тағы басқа сазгерлер ән шығарды. Ол туралы түрлі жанрда мыңға жуық шығармалар жазылды. Әлі де жазыла беретіні хақ. 2011 жылы әкемнің 80 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Осының өзі әкемнің аты мен мұрасы халықпен бірге мәңгі жасайтынын білдірсе керек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ
Aйқын газеті