Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 4754 0 пікір 9 Ақпан, 2017 сағат 13:49

26-БАПҚА КЕЗ-КЕЛГЕН ҚАЗАҚ ҚАРСЫ

Конституциядағы меншік құқығы жайлы 26-бапқа үкімет ұсынған өзгертулер жобасына кез-келген қазақ азаматы қарсы. Қазақ туған жерін өз әкесіндей, шешесіндей көрген. Қазақ үшін жер ешқашан сатылмайтын киелі ұғым. Қазақ поэзиясында жер – туған жер ежелден бері келе жатқан ең бір аяулы, ардақты тақырып. Соған мысал ретінде мына бір өлеңімді оқырман назарына ұсынуды жөн санадым. 

 

Еренқабырға

Шақырасың жүректі,

Қай тұста еді сорабың.

Иіскеп көкжиекті,

Езу тартып қоямын.

Абыржыған ой қағып,

Шертем дейді не сырын?

Жүр аша алмай сол ғарып,

Жүрегімнің есігін.

Ұлы тауым дәм тартып,

Кетіп барам бойыңа.

Жаңылғанды аңғартып,

Түсір менің ойыма.

Өзім қонақ болған соң,

Именермін аз ішіп.

Шешемдей бол сонда сен,

«Тойып же, - деп, - тауысып!»

Азан айтып тұрса шал,

Мен бұйығып ерінсем.

Сәріде оят, малға сал,

Әкемдей бол менің сен!

Май айында майлық боп,

Маужырайын көкекте.

Сары күнде қалғып кеп,

Жығылайын төсекке.

Адам атша тістейді,

Қапы соқса бармағын.

Алай-дүлей түстерді,

Көрсетіп жүр арманым.

Тұсынан жел кеуденің,

Кеулегені сол шығар:

Кей төбеге белбеуін

Ұмытады қойшылар.

Мен де ұмытып кетейін,

Өлеңімді төбеге.

Қасына кел екеуің:

Жел соқ, жаңбыр себеле!

Өмір жазған арнауын,

Бояуым деп жүріппін.

Сол бояуға бармағын,

Малып алған жігітпін!

 

Сындыр, сынсын мүйізім,

Мүйізсіз де кім едім?!

Сал азапқа күндізім,

Сал азапқа түнегім!

Саған қидым еркімді,

Ей, көк дауыл, жалындым.

Кетір менің кейпімді,

Бұзба сиқын тауымның!

Ей, жебір құрт, жалындым,

Ақ та емес, көк те емес,

Тасын теспе тауымның,

Мені мүжі, мені тес.

Жалшымай жалғыз тамшыны,

Менің-ақ жөн ғой ішкенім,

Аштық, зорық сар суы

Буыныма түс менің.

Сусын бермей сұраған,

Жетімдей етіп қағынды.

Қағыр жылдар қуараң,

Шөлдетпе менің тауымды!

Елірем атың аталса-ақ,

Айқайлаймын: ей, өмір!

Жау шапқандай жастық шақ,

Отқа күйді неге бір?!

Әуезін төгіп әніңнің,

Күйіңді шертіп тағы да,

Ей, жас тағдыр, жалындым,

Оралшы менің тауыма!

Есіркеме мені артық,

Мен де көрем күнімді.

Кейде аламын құлатып,

Кейде туым тігулі!

Жабысып

Шоқы, ұшпадан,

Жыл сайын бөртіп шөп өссе.

Ұлы таудан ұстаған,

Менің қолым емес пе!

Серік Қыпшақбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5440