Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 12307 1 пікір 26 Қаңтар, 2017 сағат 13:28

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҮНДЕУІ ЖҮЗЕГЕ АСУ ҮШІН БҰЛ ПАРЛАМЕНТ ТЕ ТАРАУЫ ҚАЖЕТ

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы жедел жолдау жасады. Қазақстандағы басқару жүйесіне өзгеріс енгізіп, Парламенттің құзыретін ұлғайту туралы сөз болды. Нұрсұлтан Әбішұлның айтуынша, жаңа құрылатын министрлер кабинетін де дәл осы Парламент депутаттары дауыс беру арқылы жасақтайды екен. Парламенттің билігі – халықтың билігі болуы керек еді, әуелгі түсінік бойынша. Тек бұл Парламентті, ондағы депутаттарды біз сайлаған жоқпыз. Біз партияларға ғана дауыс бердік. Яғни, тағайындалған депутаттар кімнің сөзін сөйлеп, сойылын соғатыны туралы бұл ретте тон пішіп, құмалақ ашып жатудың өзі артық шығар.

Билікті басқару мен бөлісу жүйесінде болуы ықтимал реформа жөнінде саясаткер Әміржан Қосанов пен Дос Көшім мырзалар Abai.kz ақпараттық порталында пікір білдірді.

 

- Кешегі жолдаудан не түйдіңіздер? Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы басқарушы билікті бөліп беру туралы бұдан бұрын да айтқан болатын. Егер жарты билік Парламенттің құзырына берілетін болса, Президенттің міндетіне нелер кіретін болады?

Әміржан Қосанов:

- Ең алдымен айтарым, Елбасының мұндай бастама көтеруін талай жыл бойына осы тақылеттес ойлар айтып жүрген демократтардың, осының ішінде өзімнің де жеңісім деп санаймын.

Әрине, ұсынылып отырған өзгерістер жеткіліксіз. Бірақ, «жоқтан бар жақсы» дейді. Бір орында тұрғаннан, бір қадам болса да алға жылжыған дұрыс! Сондықтан бір қайнауы ішінде әрі жартыкеш болса да, көңіл толыңқырамай тұрса да, бұл қозғалысты қолдау керек. Қолдап қана қоймай, жетілдіру керек! Ол үшін тиісті жұмыс тобына тәуелсіз ой иелері де енгізілуі тиіс деп санаймын. Өйткені, ол «ұсыныстарды кім талқылап жатыр?» деген сауал да өз маңызын жоғалтпайды. Билікке бір табан жақын кешегі-бүгінгі шенеуніктер ме, әлде ел ішінен шыққан беделді тұлғалар ма? Мұның осы реформаның өміршеңдігіне, ел қолдауына ие болуы, не ие болмауына өз әсерін тигізері хақ!

Бір сөзбен айтқанда, үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізудегі дербестігі, ал Мәжілістің үкіметке бақылау жасау өкілеттіктері артпақ. Оның өзі – аз да болса, алға жылжушылық болып есептеледі.

Дос Көшім:

- Меніңше билікті қалай бөлсең де, ол бір адамның қолында. Оны Парламентке береді делік. Ол жаққа кімдердің өтетінін, я өтпейтінін шешіп тұрған бір жүйе, бір топ. Сондықтан оны жеке президенттік басқару бола ма, жоқ әлде парламенттік президенттік басқару бола ма, менің ойымша ештеңе өзгермейді. Себебі – бізде әділетті сайлау жоқ. Болмаған. Ол сайлаулардың қалай өтетінін біз жақсы білеміз. Бұл бір демократияның декорациясы сияқты көрінеді. Бұ реформа толық өзгеріске алып келетін болса, ол демократиялық институттардың Қазақстанда толық қалыптасуы болады.  Бұл қазіргі партияллардың емес, шын мәніндегі көп партиялардың қалыптасуына, баспасөздің еркін жұмыс істеуіне жол ашылғанда ғана бұған сенуге болар еді. Сондықтан мұны кезекті нәтиже бермейтін бастаманың бірі деп ойлаймын.

- ЕО елдері мен Еуроқауымдастық парламенттік басқару жүйесі мен біздегі парламенттік басқару жүйесінің арасы жер мен көктей болып кетпей ме?.

Әміржан Қосанов:

- Еуропа елдері де біркелкі емес қой. Бірақ, дамыған демократиялық елдердегідей заңшығарушы биліктің атқарушы билікке бақылауын күшейтетін механизм баяғыда-ақ керек еді. Қазір мына ұсыныстардың ішінде біз соның алғышарттарын ғана көріп отырмыз.

Дос Көшім:

- Жоқ. Себебі, Парламент Президенттің немесе Президент аппаратының айтқанынан шықпайтын жағдайға жеткен. 1991 жылдары бұл бастама көтерілсе, қандайда бір өзгеріске сенуге болар еді. Қазіргі кезде биліктегі немесе соның төңірегіндегі санаулы партияның деңгейін біз жақсы білеміз. Бұл басқару жүйесі, аты бөлек болмаса, заты бір дүние. Билікті кімге, қалай бөлсе де, айналып келгенде Президент басқаратын жағдайға әлдеқашан жеткен. Сондықтан, қорықпастан бөліп бере береді. Мейлі, оны премьерге берсе де өз еркі.

- Егер Министрлер кабинетін Парламент сайлайтын болса, басым билік Парламентке берілуі мүмкін ғой.  Ал біздің қазіргі Парламент соған сай ма?

Әміржан Қосанов:

- Біздегі Парламент – нағыз парламенттерге пародия емес пе?! Я премьерге сын айта алмайды, я қызметін атқара алмаған министрді орнына ала алмайды.

- Ендеше қазіргі Парламент «өзін-өзі таратып», орнына көп партиялы, жаңа Парламент сайлануы тиіс қой?

Әміржан Қосанов:

- Әрине! Президенттің осындай бастама көтеруінің өзі Парламент пен үкіметтің бүгінгі рөліне берген саяси баға деп білу керек! Әшейінде аяқ астынан өз еркімен тарай салатын Парламент те ендігі жерде «Елбасының реформасына кедергі жасамайық!» деп өзін-өзі таратып жіберсе, нұр үстіне нұр болар еді!

Содан соң, көппартиялық негізде, ашық та әділ сайлау барысында жаңа Парламент сайлап алуымыз қажет. Және де қазіргі жағдайда саяси партиялардың абыройы айрандай төгіліп, ел алдындағы беделі жоқтың қасы боп тұрған кезеңде, қоғам қазанында бұрқырап қайнап жатқан ойлар мен идеяларды Парламент мінбесінен орынды да орнықты түрде жеткізе алатын, ол жаңалықтарды нақты заңдарға айналдыра алатын саяси күштер мен тұлағаларды сол Парламентке енгізу керек. Оның екі жолы бар: не партияларды түбегейлі жаңалау, не бір мандаттық округтер арқылы Парламентке жеке тұлғалар сайлана алатын мажоритарлық жүйені енгізу. Депутаттардың жартысын халық, жартысын партиялар сайлап алса, құба-құп болар еді!

Дос Көшім:

- Дұрыс айтасыз, Қазақстанда көп партиялы жүйе орнамай жатып, сайлауды партиялық жүйеге ауыстырды. Одан гөрі, әр округтен бір мандат дейтін жүйе сәл де болса демократияға жақын еді. Өйткен халықта таңдау болатын. Қазір біз кімге дауыс бергенімізді білмейміз. Сондықтан классикалық көп партиялы жүйе орнамай жатып, қолдан жасалған партияларға билікті беріп қойғанмен, ол халықтың Парламенті болып есептелмейді.

- Дос аға, бұл жол қалай болады?

Дос Көшім:

- Оны Президенттің аппараты шешеді. Осы бір өзін-өзі тарату дегенге мен өз басым сенбеймін де, мойындамаймын да. Ол өздерін өздері таратпайды. Оған мәжбүрлейді.

- Әміржан аға, жаңа Парламент қандай болуы керек?

Әміржан Қосанов:

- Парламент, ең алдымен, ел ішінде бар ой-мен пікірдің, ұстанымдар мен бастамалардың тоғысып, қызу да жанды талқыланатын жері болуы тиіс. Ол халықпен байланысын жандандыруы керек. Және де атқарушы билікке тиімді бақылау жасай алатын, оның екі аяғын бір етікке тыға алатындай қауқарлы әрі мінезді болуы тиіс!

Президенттік басқару жүйесі не берді?

Дос Көшім:

- Кез келген мемлекет тоталитарлы жүйеден, демократиялы жүйеге бірден секіріп өте алмайды. Оның арасында өтпелі кезең болады. Сол кезеңде авторитарлы билік жүйесі жүзеге асуы керек. Авторитарлы билік арқылы демократияға өтудің жолдары дайындалады. Бізде де сол болды. Тек бізде авторитарлы жүйе тым созылып кетті. Ертең мысалы, парламент Президенттің көтерген мәселесін кері қайтарып не жауып тастайтын кез бола ма?.. Менің ойымша болмайды. Декорация өзгергенмен, ішкі мазмұны сол баяғы күйінде қалады.

Әміржан Қосанов:

- Ол жүйенің бір жақсылығы сол – постсоветтік кезеңде мемлекеттің тұтастығын сақтап, сепаратизмге жол бермеуге өз септігін тигізді.

Ал кемшілігі сол – бар өкілеттік бір адамның қолында болып, бізде парламент пен үкімет емес, президенттің айналасындағы олигархтық, кландық топтар үстемдік етіп кетті. Және де бұл жүйе биліктің басқа тармақтарының өркениетті дамып, бәсекелес болуына біраз кедергі жасалды. Осы кемшіліктерден арылатын кез келді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321