Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
5695 0 пікір 16 Қаңтар, 2017 сағат 10:57

ДАҢҒОЙ ЕЛДЕ КYНДЕ ТОЙ, КYНДЕ ДУМАН...

Сонымен өзімізбен діндес, тілдес көрші елдер ішінде өзгелерге алабөтен елгезектігімізді көрсететін әдетімізбен Христостың туған күніне (Рождество Христово) орай тойланатын Жаңа Жылды сонау қараша айынан бастап (әсірее, телеарналарда) дүбірге-дүбір қосып, думандатып шығарып салдық. Шығарып салдық дегеніміз бержағы ғана, өйткені, қазақстандық телеарналарда күпінің битіндей құжынаған «жұлдыздар» «Жаңа жыл, қош келдің», «Аязата келіп қалды» деп әлі де әндетуде.

Атам қазақта «Арсызға күнде мейрам» деген қанатты сөз бар. Ол аз болса, ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері «Пенденің көбі арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ» депті бір өлеңінде. Бүтін қазақты сондай деп атап күнәһар болмайық, бірақ соңғы жиырма жылдың бедерінде қазақтың той-думаншылдығы шамадан тыс шығып кеткені рас. Бұл «тойып секіру ме, тоңып секіру ме?» оны да бір Алла біледі. Бірақ ел басқару ісінде «халыққа нан беріп қой да сосын күндіз-түні ойын-той өткізе бер» (народу- хлеб  и зрелище) деген қитұрқы саясат бар екені және рас. Бүгінгі қазақтар бүкіл той-томалақ, мереке-мейрамды түгел адақтап, телеарнадан орысша, ағылшынша ән салып, «Биле, Қазақстан!» деп би билеудің небір «нақты қадамынан» өтіп болып, енді шет елдердің, әсіресе, католик дініндегілердің басқаларды мылтықсыз басып алу үшін ойлап табылған өтірік мейрамдарын тойлауға көшті. Сондай мейрамның, мейрам емес жас ұрпағымызды ұлттық санасынан,  ұлттық ар-намысынан жұрдай бірнәрсеге айналдыру үшін Қазақстанға әкелінген  залымдық дырдудың бірі – «Валентин күні» де келіп қалды. Шетел миссионерлері онсыз да ата-баба дәстүрінен алшақтап кеткен қазақ жастарының санасына оны «Махаббат күні» деген атпен сіңіріп жіберді. Бұл залымдық мейрамға Қазақстаннан басқа Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Тәжікстан сияқты бізбен тілі, діні, салт-дәстүрі бір республикалардың бәрінде тыйым салынған. Ал не мектебінде, не университетінде қазақтың ұлттық тәрбиесі, ата-баба салт-дәстүрі, ұлттық ар-ұяты туралы бір пән түгіл бір сағат өткізілмейтін Қазақстанда орысша, ағылшынша сөйлеп, солардың әнін салып, қимылынан адам шошитын билерін билеп, сонысын үлкен жетістік деп білетін қазақ қыз-жігіттері осы зымияндық мейрамның улы буына басы айналып шыға келді. Басы айналмай қайтсін, бұл мейрамның шарты бойынша қыз бен жігіт бұл күні ойына не келсе соны істеуіне болады. Одан артық қандай малғұндық бар?

Бір ұлтты тілінен, дінінен, ұлттық ар-ұятынан айырып, құртып жіберудің ең оңай тәсілінің бірі – осы зымиян мейрам! Теракт жасамақшы болған екен деп әлдебіреулерді ұстап алудан қолы босамайтын билік мұндайларға кең жол ашып қойған. Және бір қызығы қазір теракт жасамақшы деп ұсталғандардың бәрі тек қазақтар екені де түсініксіз. Сонымен бүгінде әйел жыныстысы күйеуге тимейтін, тисе оны күйеуім, ерім демей «напарнигім», «жолдасым» деуді дәреже көретін, бала туудың орнына ит пен мышық асырайтын, сонысын «өркениеттілік» деп білетін, еркек-еркекке үйленетін, соның бәрін заңдастырған елдер енді осы хайуандық қылықтарының бәрін Қазақстанға емін-еркін таратуда. Қазақстан билігі оларға тыйым салуға жүрегі дауаламайды,  сондықтан қазақтарды осының бәріне «толерантты», яғни, көнбіс болуға шақырады. Бұл күні қазақ жастарының жүріс-тұрысына, қылықтарына қарап тұрып бұл  өзі қазақтың «ұлттық  мейрамына» айналған ба дерсің. Олар киелі Наурыз тойын да бұлай тойламайды. Ал «қасапшыға – мал  қайғы, қара ешкіге жан қайғы» дегендей базарды да – базар, көшені де – базар  қып қолына түскенін түгел сатып жүргендерге бәрібір, олар сол күні саудасы жүріп, бір қарық боп қалады.  Базарлар мен көшелер қанқызыл қып бояған қағаздан жасалған жүректерге, «махаббатым сенсің», «бүгінгі түн біздікі», «таңды бірге қарсы алайық» деген еліртпе сөздері бар ашық хаттарға толы. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана «Рождество Христовоны» тойлап стакан соғыстырып, «С новым годом!» деп шуылдап, талай шөлмекті тоңқайтып тастаған, не үйде, не мектепте, не университетте ұлттық тәрбие деген сөзді естіп көрмеген қыз бен жігіт сыңараяқ соқпақтай тар тротуардың қақ ортасында ерінге-ерін жабысып, бұл дүниені ұмытып балқып тұрады. Оларға «тәйт» деп жатқан бір қазақ жоқ. Әшейінде, теледидардан «Мен жастарға сенемін» деген жаттанды да жәдігөй сөзді жүз қайталайтын ақсақал-сымақтар мен депутаттардың бірде-бірі мына хайуандыққа тыйым салайық дегенін бір естімейміз. Оның орнына бұл күні Алматыдағы «Медеу» мұз айдынында, метроның кейбір бекеттерінде алуан түрлі қондырғылар орнатылып, енді бір алаңқайларда күмпілдеген музыка  ойнап, өткен-кеткендерге «валентинка» пішініндегі купондар таратылғанын да көрдік. Тіпті, әртүрлі ойындар мен жарыстар өткізіледі. Құшақтасып, сүйісіп,  жас сәбиін төбесіне қойып суретке түсіп жатқандар қаншама?!

Ал «Мега», «Спутник», «Ритц Палас» атаулы сауда, ойын-сауық орталықтарындағы сән көрсетілімдерін, лотерея ойындарын үлестіріліп жатқан бәйгелер мен сыйлықтарды  көргенде қазақы тілмен айтқанда «мыналардың әкесі тіріліп келген шығар» деуге болады. Қысқасы, Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаған Қазақстандағы Наурыз мейрамы мынаның қасында «жіп есуге жарамайды». Біле білсек, Наурыз мейрамы Ұлт Ұлылығының, Ұлт Заңғарлығының, дегдарлығының шырқау шыңы, әрі ғаламзерттеу (астрономия) ғылымының шамшырағы емес пе?!

Заңғар жазушы М. Әуезов өзінің өкшесін басып келе жатқан жастарға «Осы сендер ой, айттық қой, ой, жаздық қой, оны!» дейсіңдер. Айта беру керек, қайталап айтып отыру керек. Төбеден тамшылаған су да күндердің күнінде астындағы тасты тесіп шығады» дейді екен. Біз де ұлтымыздың ұлттығына, ұрпағымыздың санасына зор апат әкелетін, бержағы Ресей, аржағы батыстан келіп жатқан рухани, мәдени кеселдерге тосқауыл қою керектігі туралы айтып та, жазып та келеміз. Шетел саясаткерлері, философтары мен мәдениеттанушылары сұрқиялықпен ойлап тапқан отарлаудың жаңа, зымиян түрі – глобализаяның яғни, жаһанданудың бір саласы «Валентин күні», «Татьяна күні», «Хэллоуин» сияқты рухани азғындату мейрамдарының ұрпағымызға тигізер залалы анау-мынау терактіден де ауыр соғары сөзсіз. Осыны жақсы түсінген мұсылман елдері мен түркітектес елдер өз ұлтын мұндай қасіреттерден сақтаудың, ұл-қыздарына ұлттық намыс пен ұлттық сананы, ұлттық тәрбиені сіңіруді қатты қолға алуда. Ал біз ше?

Біз яғни, Қазақ Елі тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде жас ұрпағымызға оны үйретудің орнына елімізге келіп жатқан қандай жат дәстүр, жат қылық, жат үрдіс атаулының бәріне «толерантты болыңдар» деп, гендерлік саясат, азаматтық неке сияқты ұлтымызға өрескелдіктерге  кең жол ашып қойдық. Тіпті, өз ұлтың туралы азырақ, өзге ұлттар туралы көбірек ойла, соларға қамқоршы бол дегенге шейін бардық. Орыстілді  ақындарымыз бен орыстілді мәдениеттанушыларымыз «общечеловеческое мышлениеде», «планетарный масштабта» ойлап, солай сөйле деген сияқты ерсі сөздерді құйды ұл-қыздарымыздың құлағына.

Рас, шығыстың кемеңгер шайырларының бірі Сағдидың (Саади), «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегені бар. Бірақ Сағди осы күнгі Сағадиевшылап үш тілде сөйле, ағылшынша, орысша өлең айтып, «ң» дыбысы «н» деп, ұлттық дәстүріңе, бабаңның тәрбиесіне жат бүкіл мейрам, мерекеден қалма деген жоқ. Қазақ ешқандай «Валентин күні», «Татьяна күнісіз-ақ» өз ұл-қыздарының бір-бірімен таныс-біліс, сырлас, мұңдас болуына, бір-біріне ынтызар (ғашық) болуына кедергі жасамаған. Оның бәрін тізіп дәлелдеп жатпай-ақ ойын-тойларда қатар отырып ән салып, әзіл-қалжың айтуына, қыз бен жігіт айтысына рұқсат беріп, «отырмақ», «ақсүйек», «алтыбақан тебу» сияқты әртүрлі  ойын-сауықтар ұйымдастырып отырған. Бірақ соның бәрі бүгінгі «Валентин», «Татьяна» күндеріндегі сияқты қалың елдің көзінше бір-бірінің аузына желімше жабысып сүйісу, күйеуге шықпай-ақ бала туу, өзге де әдепсіз қылықтарсыз-ақ асқан сыпайы, биік мәдениеттілік жолымен атқарылған. Ендеше, егер мына алмағайып заманда қазақ деген ұлтымыызды аман сақтап қалуды ойласақ, Парламенті, Үкіметі бар, басқа қоғамдық ұйымдары бар бәрі ақылдасып ұлттық тіл, ата-дәстүр, ұлттық тәрбие, ұлттық мәдениет, ұлттық мейрам атаулының басын қосып бір Заң қабылдайтын кез келді.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969