Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Сын 8116 0 пікір 28 Желтоқсан, 2016 сағат 16:03

Б.ТОБАЯҚОВ: БАС ҚАЛАНЫҢ КӨШЕЛЕРІ БӨТЕН ТІЛДЕ ЖАЗЫЛҒАНЫ ҚАЛАЙ?

Бас қаламыз Астанада кейінгі кезде жамиғатқа жағымды жаңа істер істелініп жатқанына бір үзіктер келтірейік те.

Мәселен, қыруар жылдар бойы республика қалаларында, соның ішінде Астана мен Алматы шаһарларында Жаңа жылдық шыршаны орнату жаңа жылға дейін бір жырым ай бұрын, яғни  қарашаның орта шенінде басталатын. Тәуелсіздік мерекесіне даярлық жайында қалып, тасада қалып қойып, алдыға Жаңа жылдық шыршаны орнатып безендіру шығып кететін.Ендігі жерде бас қаламызда әкім Әсет Өрентайұлы  Исекешев мырзаның бастамасымен Тәуелсіздік күніне бір ай қалғанда үлкен-үлкен, айшықты жазулармен баннерлер орнатылып, әсем безендіріле көздің жауын алды және де Жаңа жылдық шырша бас мейрамымызды тойлағаннан кейін ғана орнатыла бастады. Бұл бір жағымды жаңалық дерлік болды.

Екінші бір жаңалығымыз (мұны өте бір жағымды деуге болмас, әрине) - көшелер қиылысындағы көше атауларының қос тілде: қазақ және ағылшын тілінде жазылып қойылуы. Әлбетте, замана ағымына сай, ағылшын тілінде жазған дұрыс та шығар. Бірақ қос тіл дегенде қазақтың құлдық психологиядан құтылмай бірінші шабатыны таң қалдырмай қоймас. Өмір бойы орыс тілін қосақтап жүруші ек, енді ағылшын тіліне бар болсын. Ешбір мемлекет жарнамалық жазу-сызуларды бөтен тілде қосақтамайды, тек қана өзінің мемлекеттік тілінде бейнелейді. Ал, біз...

Бұл мәселенің тағы екінші жағы бар. Бұрын Астанада көлікті жүргізіп келе жатқанда қиылыстағы көше жазулары бір-мемлекеттік тілде үлкен әріптермен жазылып, алыстан (20 метрден) бадырайып  көрініп тұратын. Ендігі жерде  қазақ және ағылшын тілінде жазылғандағы әріптер кішкене ғана болып, көзге 3 метрден ғана көрінеді. Бұл көлік жүргізушінің уақытында оңға, солға бұрылуына қолайсыздық жасайды. Сөйтіп көше атауларын дайындаған кезде  орындаушылар осыны ескермеген. Содан соң автобус көліктерінде аялдаманы хабарлау да тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Ешбір елде екі тілде хабарламайды. Оның үстіне мәселен, «Абылай хан даңғылы»  аялдамасы десе, былайғы жұрт түсінбей ме? Кез келген адам «е, аялдама Абылай хан көшесі екен» демей ме. Сондықтан бүйректен сирақ шығармай, мемлекеттік ана тілімізді қадірлей аялай білейік, ағайын! Мұны бишігештер мен байшыгештер дұрыс түсінуі керек. Қашанғы өстіп мойнымыз салбырап жүре береміз?  Міне, 30 жылға жуық мерзім болды ғой «Тіл туралы» заңымыздың қабылданғанына!

Шаһарымызда қазақ мектептері, бала бақшалары көптеп ашылып жатыр. Хош, дұрыс делік. Бірақ сол мекемелерде балаларымыз таза ана тілінде сөйлемейтіні рас қой. Былай шығып ата-анасы да, өздері де бөтен тілде сөйлейтіні өтірік емес қой. Бүйтіп көзбояушылық, сақал бояу екіжүзділікке, дүбаралыққа апаратыны кәміл. Ал, үш тұғырлы тілді бастамас бұрын алдымен балаларымыз ана тілінде уызынан жарысын 11-12 жасқа дейін. Бұл барлық озық мемлекеттерде қалыптасқан үдеріс. Ал, содан кейін маған десе папуас тілін білсін, бәрі бір. Көп тіл білгенді қазақ әрқашан да құптайды. Ол – мәдениет, ол – білімділік, ол - өркениеттілік. Ал, орта жолда велосипед ойлап тауып, бір-екі тілден үш тілге бірден секірсек, ұлттығымыздан, саналық тіршілігімізден айрыламыз, ағайын. Шенділір мен лауазым иелері, жалпы көзі қарақты жұртымыз  осыны әрдайым еске тұтқаны абзал!

Бақытжан Тобаяқтегі,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын,

Ә. Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты,

Астана қалалық «Мемлекеттік тіл қозғалысы» төрағасының орынбасары

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970