Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4857 0 пікір 26 Қыркүйек, 2010 сағат 13:19

Мұхан Исахан. Көк туды көп ту құлатпасын!

(Мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің негізгі бағыттары және Қазақстанның зайырлы ұстанымын қайта қарау туралы азаматтық ұсыныс)

Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздегі діни плюрализмнің қауіптілігі жиі-жиі көтерілгендіктен ел тұтқасын ұстаған азаматтар бұл мәселеге жіті көңіл аудара бастады. Зиялылар тарапынан «көп тудың көк туды жығып кетуі» мүмкін екендігі ерте айтылса да, билік бұрын бұл шетін мәселені қайта қарауға аса құлықты емес еді. Еліміздегі діни шиеленіскен ахуал біртұтастығымызға қауып тудыра бастағандығы анық сезілгендіктен, халық қалаулары 2008 жылы 90-шы жылдары қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізбек болған-ды. Бірақ, халық қалауларының ұсынысын Конституциялық Кеңес мақұлдамады. Сол кезде биліктегі азаматтар «ЕЫҚҰ-төрағалықтан кейін бұл мәселеге қайта соғамыз» деп мәселені кейінге шегерген болатын. Міне, бір-екі айдан кейін келер жылдың табалдырығынан аттағалы отырмыз. Енді, күтетін дәнеңе де жоқ, дін туралы заңымызға өзгеріс енгізуіміз қажет деп білеміз.

 

(Мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің негізгі бағыттары және Қазақстанның зайырлы ұстанымын қайта қарау туралы азаматтық ұсыныс)

Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздегі діни плюрализмнің қауіптілігі жиі-жиі көтерілгендіктен ел тұтқасын ұстаған азаматтар бұл мәселеге жіті көңіл аудара бастады. Зиялылар тарапынан «көп тудың көк туды жығып кетуі» мүмкін екендігі ерте айтылса да, билік бұрын бұл шетін мәселені қайта қарауға аса құлықты емес еді. Еліміздегі діни шиеленіскен ахуал біртұтастығымызға қауып тудыра бастағандығы анық сезілгендіктен, халық қалаулары 2008 жылы 90-шы жылдары қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізбек болған-ды. Бірақ, халық қалауларының ұсынысын Конституциялық Кеңес мақұлдамады. Сол кезде биліктегі азаматтар «ЕЫҚҰ-төрағалықтан кейін бұл мәселеге қайта соғамыз» деп мәселені кейінге шегерген болатын. Міне, бір-екі айдан кейін келер жылдың табалдырығынан аттағалы отырмыз. Енді, күтетін дәнеңе де жоқ, дін туралы заңымызға өзгеріс енгізуіміз қажет деп білеміз.

 

Еліміздегі діни ахуалдың тым шиеленісе түсуіне дін туралы заңның солқылдақтығы салқынын тигізгені белгілі. Аталған заңда мемлекет мүддесі мүлде ескерілмеді деп айтудан аулақпыз. Бірақ, бұл заңда мемлекет мүддесін қорғаудың тетіктері тым әлсіз-тін. Заңның ең үлкен қателіктерінің бірі де еркіндік принциптері, яғни, діни бірлестік құруға рұқсат беру немесе діни қызмет жасауға мүмкіндік беру сипаттары басым еді. Керісінше, мемлекет мүддесін қорғау мақсатында діни бірлестіктердің қызметіне тиым салу, міндеттеу, мәжбүр ету принциптері жоқтың қасы-тын.

Дін жөніндегі заңымызға қарап отырсақ, біздің елімізде шет елден келіп діни бірлестік құрудан оңай ештеңе жоқ секілді. Себебі, шет елден келіп діни бірлестік құрамын дегендерді үкіметтік коммисия қатты тергеп-талдап жатпайды. Діни бірлестіктің шын пиғылын жасырып қалған бағдарламасы Конституцияға қайшы келмесе, елімізде тайраңдап өмір сүруге толық құқылы. 1990-2000 жылдары аралығында шет елдік діни бірлестіктердің бағдарламасына сарапатама жасайтын үкіметтік коммисияның құрамында діни бірлестіктердің сенімі мен өмір сүру қағидалары және діни бірлестіктердің тарихына талдау жасайтын  дінтанушы мамандардың болмауы, кейбір діни бірлестіктердің елімізге қауіпті  екендігін анықтай алмауымызға әкеп соқтырды.

Сонымен бірге, діни бірлестіктердің қызметін қадағалайтын мемлекеттік органның кеш құрылуы (жаңылыспасам 1999-2000 жылдары құрылды) еліміздегі діни ахуалдың алажаңқа түрге бөленуіне түрткі болды. Мемлекет тұрғысынан қадағалап, тәйт дейтін ешкім болмағаннан кейін, шет елдік діни бірлестіктер мемлекет пен қоғамға кереғар пікірлерін ашық айта бастады. Мемлекетіміз діни сенімге бостандық беру арқылы демократиялық үрдістерді  қалыптастырғысы келгенмен, діни бірлестіктерді бұлай тым еркінсітіп жіберуі, бүгінгі күні діни ағымдардың қызметін мемлекет бақылай алмайтындай дәрежеге жеткізді. Еліміздегі діни ахуалдың күннен күнге шиелінісе түсуіне, зайырлылық һәм демократияны жалау еткен дін жөніндегі заңымыздың әлсіздігі себеп болғандығын бүгінде ешкім жоққа шығармайды.

Қайта қабылдануы тиіс заң жобасы тыңғылықты әзірленуі үшін әлемдік тәжірибеде мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің қандай бағыттары  бар екендігін терең тануымыз, бұл мәселені оң шешуімізге септігін тигізетіні анық. Біз, 90-шы жылдары мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің зайырлы, яғни, мемлекет пен дін бір-бірінің ісіне араласпайтын жүйесін таңдадық. Ал, әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ,  мемлекет пен діннің арақатынасын құқықтық реттеудің көптеген бағыттары бар. Солардың негізгі дегендеріне тоқталар болсақ:

1. Діннің мемлекетті басқаруы. «Теократиялық» деп аталатын бұл жүйеде бір діннің принциптері негізінде мемлекеттің басқару формасы мен қоғамдық қатынасты реттеу заңдары анықталады. Теократиялық мемлекеттерді де былайша екіге бөліп қарастыруға болады;

а) Құдайдың мемлекетті тікелей басқаруға қатысуы. Бұған Мұхаммед (с.а.у)-ның 622-632 жылдары Мәдина қаласында Ислам мемлектін құрғанда,  Аллаһ-Тағала Жебірейіл періштемен Мұхаммед (с.а.у)-ға уаһи түсіру арқылы алғашқы Ислам мемлекетінің негізі қалануына тікелей әсер еткен кезін жатқызуға болады.

б) Құдаймен тікелей байланыс болмағанмен, Оның бекіткен заң-жоралғысымен билеушілердің мемлекетті басқаруы. Бұған тарихтағы Ислам және Христиан дінінің негізінде пайда болған Рим, Византия, Омаяттар, Аббаситтер, Фатимиттер секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Сондай-ақ, бүгінгі күнгі Иран мен Ватикан секілді мемлекеттер де осы тұрпатқа жатады.

2. Мемлекеттің дінді басқаруы немесе белгілі-бір дінді қолдауы. «Клерикальді» деп аталатын бұл жүйеде мемлекет халықтың басым көпшілігі нанатын дінге қолдау көрсетіп, бір дінге құқықтық тұрғыдан артықшылық беріп, бұл дінге қайшы келетін өзге сенімдердің насихатталуына жол бермейді. Төл тарихымыздағы «Жеті жарғы» заңында Ислам дініне ресми қолдау білдіріп, өзге діндерге өткендерді ру мүшесі мәртебесінен айыру жазасы болған. Бұл хандық дәуірде біздің еліміздің осы клерикальді сипатты ұстанғанын көрсетеді. ХІV-ХІХ ғ.ғ аралығында правословия дінін мемлекеттік тұрғыдан қолдаған Патшалық Ресей және қәзіргі кездегі христиан дініне ресми қолдау білдіретін Англия, Норвегия, сондай-ақ, ислам дінін мемлекеттік тұрғыдан қолдайтын БАӘ, Сауд Арабиясы, Пәкістан секілді мемлекеттерді клерикальді тұрпатқа жатқызуға болады. Бұл жүйені кейде «Сезаро папизм» немесе «Византизм» терминдерімен атайды.

3. Мемлекет пен діннің ортақ келісімге келуі. «Конкордато» деп аталатын бұл жүйеде билеушілер мен дін өкілдері өз мүдделерін ескере отырып, келісім негізінде мемлекетті ортақ басқарады. Зерттеушілер бұл жүйені теократиялық пен клерикальді жүйеге қарағанда зайырлыққа бір табан жақын деп біледі. Тарихта Напалеон секілді билеушілер дін өкілдерімен ортақ мәмілеге келу арқылы ел басқарды. Сондай-ақ, орта ғасырлардағы Ислам мемлекеттерінің көпшілігінде билеушілер дін өкілдеріне құрмет көрсету арқылы халықты өзіне бағындыратын. Бұлармен бірге, қәзіргі Италия мен Испания секілді мемлекеттердің басқару құрылымын да конкордато жүйесіне жатқызуға болады.

4. Мемлекеттің дінді қысымға алуы немесе жоққа шығаруы. «Атеизм» деп аталатын бұл жүйе коммунистік мемлекеттерде орын алған. Коммунизмді ұран еткен көсемдер өз шығармаларында; мемлекетті басқару ісіне дінді араластырмау керек, сондай-ақ, мемлекетте дінге қысым жасамауы тиіс деген пікірді ұстанғанымен, іс жүзінде дәл олай болған емес. Коммунистік мемлекеттердің дінге деген көзқарасын былай екіге бөліп қарастыруға болады:

а) Дін қағидаларымен өмір сүруге еркіндік бергенмен, дінді мемлекеттің уысынан шығармау. Бұған шығыстағы көршіміз ҚХР жатқызуға болады. Бірақ, Қытай билігі діни бірлестіктердің әрбір үгіт-насихатын коммунистік сүзгіден өткізіп, коммунистік саясатқа қайшы келетін пікірлердің уағыздалуына тиым салады.

ә) Дінге еркіндік беру қағидасы болғанмен, дінді ресми түрде ұдайы қаралап отыру. Коммунистік мемлекеттедің көпшілігі дінге еркіндікті тек сөз жүзінде беріп, ал іс жүзінде дін өкілдерінің өз сенімдері бойынша өмір сүруіне де жол бермеген. Бұған кешегі келмеске кеткен Кеңес үкіметінің жетпіс жылдық тарихын дәлел ретінде айтып өтсек болады.

5. Құдайдан құт дарыған киелі тұлғаның билігі. «Харизматика» деп аталатын бұл термин бойынша, жеке бір тұлғаның бойына тылсымнан құт дарығандығы айтылып, оның іс-әрекеттері бейне-бір илаһи сипатқа ие деп саналады. Тарихта көптеген билеушілер осы негізде мемлекеттер құрған. Орхон-Енесей тас жазуындағы; Көктегі Тәңір жердегілерге билігін жүргізу үшін ортада қағанды жаратты деген ұғымдар осы харизматикалық тұлғаның киелілігіне сенуді көрсетеді. Ислам тарихына көз жіберер болсақ шииттік ғулат топтардың жетекшілерінің көпшілігі «хулул» (Құдай рухының адам денесіне енуі) сенімінің негізінде діни қозғалыстар жасаған болатын. ІХ ғасырда Солтүстік Африкада өмір сүрген Фатимиттер мемлекетінің жетекшілері де өздерін «маһди» (ғайыптан пайда болатын киелі имам) деп атап, мемлекет құрған еді. Бүгінгі күні базбір диктаторлық немесе авторитарлық мемлекеттердің көсемдерінің бойына Құдайдың құты дарыған деп халық сеніп жататыны да осы түсінікке саяды.

5. Мемлекет пен діннің бір-бірінің ісіне араласпауы. «Лайцизм» деп аталатын бұл жүйеде дін саясаттан бөлініп, мемлекет дін істеріне орынсыз араласпауы тиіс, егер, дін мемлекет қауыпсіздігіне нұқсан келтірген жағдайда, мемлекет онда дін ісіне араласа алады. Бұл пікірді алғаш болып Николла Макиавелли, Мартин Лютер секілді батыс философтары айтты. Тіпті, ХІV ғасырда Томас Мюнцер секілді қайраткерлер осы пікірдің негізінде  реформациялық қозғалыстар жасады. Европада дін өкілдері мен ғылым қайраткерлерінің арасындағы бұл тартыс бірнеше ғасырларға созылды. Дін мемлекет ісіне араласпасын деген пікірді жақтаушыларды дін өкілдері билеушілер арқылы отқа (инквизиция) өртеттірді. Нәтижесінде 1776 жылы АҚШ та қабылданған «Адам құқығы» деклорациясы мен 1789 жылы Францияда қабылданған «Адам құқығы» деклорациясында сословиелік жүйе жойылып, дін мемлекет ісіне, мемлекет дін ісіне араласпайтын жаңа мемлекеттік құрылым пайда болды. Батыс Европада 1831 жылы Бельгия,  1911 жылы Португалия, 1918 жылы Германия осы жүйеге өтті. Ислам елдерінің ішінде бірінші болып бұл жүйені 1924 жылы Түркия қабылдады. Европада «лайцизм» терминінің баламасы ретінде «секуларизм» термині де қолданылады. Славиян елдері «светский» терминін қолданса, түркі тілдес елдердің көпшілігі «лайцизм» терминінің орнына «дүневий» терминін қолданады. Ал, біздің еліміз «лайцизм» терминінің орнына «зайырлы» сөзін қолданады.

Қәзіргі әлемдегі зайырлы мемлекеттердің дінге деген ұстанымын былайша жіктеуге болады:

а) Клерикальді жүйеге жақын зайырылық.

ә) Конкордато жүйесіне жақын зайырлылық.

б) Діндерге тең құқық беретін зайырлылық.

Клерикальдыға жақын зайырлы мемлекеттерге Түркия, Малайзия, Белоруссия секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Себебі, бұл мемлекеттер зайырлы мемлекет болып танылғанмен, өз терреториясы мен халқының тарихи танымында ерекше ролге ие бір дінге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетеді. Бірақ, дінді мемлекеттің саясатына араластырмайды. Егер, дін күшейіп келе жатса, оған шектеу қойып отырады.

Конкордатоға жақын зайырлы мемлекеттерге Мысыр, Ауғанстан және Ливан секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Мәселен, Мысыр зайырлы мемлекет болып табылғанмен, Ислам дінінің өкілдерімен кейбір мәселелерде санасып отырады. Тіпті, Ислам дінін оқытатын оқу орындарын мемлекеттік қазынадан қаржыландырады. Ливан мемлекеті Хезболла секілді діни ұйымның өкілдерімен санасуға мәжбүр.

Діндерге тең құқық беретін зайырлы мемлекеттерге посткеңестік елдердің көпшілігін, сондай-ақ, АҚШ, Франция, Германия, Бельгия секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Бұның ішінде біздің елімізде осы санатқа кіреді. Зайырлы мемлекет құрудың осы жүйесі мемлекеттің болашағы үшін аса қауіпты. Діндерге тең құқық беру демократиялық принцип болғанмен, діни сенімі мен ұстанымы бір-біріне қарсы келетін ағымдардың бір мемлекетте бір уақытта қатар өмір сүруі, қоғамдық бірізділікті жоғалтып, нәтижеде бұндай ырықсыз жүйе мемлекеттің іргесі сөгілуіне әкеп соқтырады. VІ-ІХ ғасырларда Солтүстік Кавказда өмір сүрген Хазария мемлекеті діндерге тең құқық беруінің нәтижесінде ішкі бірлігінен айырылып, тарих көшіне ере алмай тоз-тозы шыққан болатын.

Біздің еліміз зайырлықтың клерикальдіге жақын жүйесіне өтуге күш салуы керек. Яғни, халықтың басым көпшілігі ұстанатын белгілі-бір діндерге қолдау көрсетіп, өзге діни ағымдардың қызметіне шектеу қойғанымыз жөн. Қәзіргі қолданыстағы дін жөніндегі заңымызда зайырлықты паш ететін мынандай қағидалар бар:

1. Мемлекеттік билікке діни бірлестіктердің араласуына жол берілмейді.

2. Мемлекеттік билікші органдар діни бірлестіктердің қызметіне заңсыз араласа алмайды.

3. Діни бірлестіктерге партия ретінде құрылуына жол берілмейді.

4. Мемлекет діни бірлестіктерді қаржыландырмайды.

5. Белгілі бір дінді мемлекеттің білім бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізуге болмайды.

6. Білім беру орындарында дінтану пәндері танымдық негізде өткізілуі мүмкін.

7. Адамдардың ар-ождан бостандығы мен діни сенімі қамтамасыз етіледі.

Біз бұл қағидалардың базбірін өзгертіп, мемлекетіміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қосымша мынандай қағидаларды енгізгеніміз жөн:

Біріншіден, мемлекет мүддесімен бірге халықтың менталитетіне мүлде жат пікірдегі діни бірлестіктердің қызмет етуіне жол бермеу. Біз жоғарыда айтып өттік, еліміздегі көптеген діни бірлестіктер мемлекеттік тіркеуден өтерде өздерінің шынайы бейнесін жасырып, жалған бағдарлама түзген. Егер, иеогово куәгерлері мен баһаййе секілді ағым өкілдері қан ауыстыруға болмайды, мемлекеттік шекара деген жоқ, отан қорғау харам, мемлекеттік нышандарға құрмет көрсету дұрыс емес деген қағидаларын өз бағдарламаларында ашық көрсетсе, мемлекеттік тіркеуден өте алмаған болар еді. Ал, қәзір олардың бұндай пікірлері бар екендігін дәлелдейтін көптеген фактілер бар. Сондықтан, бұндай діни бірлестіктерді депортациялауға тиістіміз. Сонымен бірге бұл жерде мемлекетпен бірге халық менталитетін сөз етіп отырған себебіміз, қәзір елімізде ұлтымыздың тарихи танымы мен салт-дәстүрін қаралайтын діни ағымдар пайда болды. Мысалға, уаһабие секілді ағымдар қазақтың домбырасы мен қобызы және дәстүрлі әндерін, сондай-ақ, қанша ғасырлардан бері қалыптасқан мәдениетімізді жөн-жосықсыз харам деп қабылдайды. Қазақтың мәдениетін қаралау деген сөз, сайып келгенде мемлекетті жоққа шығаруға әкеп саяды. Сондықтан, халықтың менталитеті дін туралы заңымызда негізгі құндылық ретінде қарастырылуы тиіс.

Екіншіден, Қазақстан Республикасының білім бағдарламасындағы орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында міндетті дінтану танымдық пәнін енгізу. Бұны ұсынып отырған себебіміз, осы кезге дейін радикалды және экстремистік пиғылдағы діни ағымдарға отандастарымыздың көпшілігі діни танымы болмағандықтан кіріп кетіп жатты. Біз үнемі мәселенің салдарымен күресіп келеміз. Ал, мәселені тудырып отырған себептермен күрескен болсақ, көп жәйттің әу баста алдын-алған болар едік. Сондықтан, діни ағымдардың қателіктерін қалың бұқараға дұрыс жеткізсек, радикалды және эктремистік пиғылдарды жөргегінде тұншықтырып, олардың өрісін тарылтқан болар едік. Бір қуантарлығы, былтырдан бастап орта мектептерде дінтану пәні факультативті сабақ ретінде оқытылып келеді. Бірақ, қолданыстағы «Дінтану» оқулығының кемшілігі көп. Оқулықтан қай діни ағымның қауіпті екенін мектеп оқушысы аңғара алмайды. Яғни, оқулық нақтылыққа негізделмеген. Біздің айтарымыз, «Дінтану» оқулығы қазіргі Қазақстан қоғамындағы діни шиеленісті жағдайды сөз етуі тиіс. Сонда, жас жеткіншек кертартпа секталарды танып біле алады. Сондай-ақ, «Дінтану» пәні жоғары оқу орындарында оқытуды қолға алуымыз қажет.

Үшіншіден, Исламтану және правословия діндерін орта, арнаулы және жоғары оқу орындарында факультативті пән ретінде оқытылуына мүмкіндік тудыру. Дін жөніндегі заңға бұл бапты енгізген болсақ, отандастарымыздың тарихи жадын жаңғыртып, өзінің тарихи сенімімен бірге тілі мен жеріне деген сүйіспеншілігін арттырған боламыз. Мәселен, Ислам дінінде Отан мен адамның өз ұлтына құрмет көрсетуі хақында көптеген ізгі қағидалар бар. Бұл жерде айта кететін жәйт, православие дініне қолдау көрсетуіміздің саясат екенін ұққанымыз жөн. Тек, Ислам дінін ғана факультативті пән ретінде енгізсек, халықтың жиырма пайыздай сенетін православ өкілдерін ренжіткен боламыз. Бұл біржағынан мемлекеттің біртұтастығы үшін қауыпты. Сондықтан, кең ойлап, екі жақты тең ойлағынымыз жөн.

Төртіншіден, ҚМДБ мен Қазастан православие қауымына дін жөніндегі заңымызда ресми қолдау көрсету. Ислам мен христиан діні бағытындағы діни ағымдар Қазақстанда діни қызметін жүргізуі үшін аталмыш қауымдастықтардың келісімін алуы тиіс. Сонымен бірге, БАҚ-да ҚМДБ мен православие қауымдастығының үгіт-насихатын жүргізуіне жағдай жасауымыз керек. Бұның ішінде мемлекеттің тұрақтылығы үшін мемлекеттік бюджеттен ҚМДБ-ға қаржылық көмек көрсетуіміз шарт. Бұл қағида, біздің мемлекетімізді клерикальді зайырлық жүйесіне жақындатады.

Бесіншіден, шет елдік діни бірлестіктердің қаржысына мемлекеттік бақылау жасау. Қәзір, елімізде қаптап жүрген шет елдік миссионерлер өздерін қаржымен қайырымдылық қорлар қамтамасыз етеді деп көрсеткенмен, кейбір миссионерлердің қолынан Қазақстандағы шет елдік компания басшыларының визиткасын көріп жүрміз. Бұл нені білдіреді дегенде, батыстың алпауыт мемлекеттері Қазақстанды христиандандыруға өздерінің осындағы компаниялары арқылы қаржы төгеді деген сөз. Бұның діни диверсия екендігі даусыз. Сондықтан, миссионерлердің шет ел мен шет елдік инвесторлардан қаржылық көмек алуына шектеу қойғанымз жөн.

Алтыншыдан, миссионерлердің үгіт-насихат жасау барысында гипноз (дуалау)  жасауына тиым салу. Еліміздегі кейбір шет елдік миссионерлердің адамдарды дуалау арқылы өз бірлестігіне мүшелікке өткізіп жатқандығын көп естідік. Бұл жағдайды кейбір миссионрерлердің арбауына түсіп қалған қандастарымыздың өз аузынан да естіп білдік. Тіпті, кейбір ағымдар адамдарды құлшылық ету кезінде экстазға түсіріп, ақыл-есінен айыру арқылы өздерімен бір болуға ант-су ішкізеді. Бұл тиымды іске асырудың қиынға соғатын бір жері, адамдарға дуа жасалғандығын дәлелдеу мүмкін емес. Сондықтан, ұлттық қауыпсыздік мектебінде дуа ілімін анықтайтын арнайы мамандарды тәрбиелеп шығаруға тиіспіз. Бұл кейбір елдердің тәжірибесінде болып жатқан жағдай.

Жетіншіден, Қазақстандағы діни бірлестіктерді әр жыл сайын мемлекеттік тексеруден өткізу. Жалпы, мемлекет өзінің қауыпсыздігін қамтамасыз етуі үшін діни бірлестіктердің қызметін үнемі бақылауда  ұстауы тиіс. Дін - адамның жүрегін шарпыды ма, адам соның айтқанымен жүріп тұрады. Тіпті, дүниені жарып жібер десе, оны істеуден де тайынбайды. Оған қәзір әлемде әрбір күні болып жатқан жарылыстар дәлел бола алады. Сондықтан, елімізде тіркелген діни бірлестіктердің әр жылғы діни ауқымы мен мүшелері анықталып, олардың ұстанымы мен пиғылдары айқындалып отыруы тиіс.

Сегізіншіден, діни бірлестік құру үшін 1000 мүшеден кем болмауы тиіс. Қәзіргі қолданыстағы заңымыз бойынша он адам жиналып діни бірлестік құра алады. Бұл еліміздің бөлшектене түсуіне тікелей әсер ететін құқықтық норма. Ал, бұл норманы 1000-ға дейін көтресек, шет елден келіп діни бірлестік ашамын дегендерге құқықтық тосқауыл қойған болар едік.

Тоғызыншыдан, Мемлекеттік мекеме ғимараттары мен қоғамдық орындарда мешіт ашу. Бұл қоғамдық қажеттіліктен туып отырған пікір. Біз дін еркіндігін жариялағанымызбен, халықтың дін амалдарын жасауға ешқандай мүмкіндік жасап отырған жоқпыз. Әсірес, қоғамдық орындарда адамдардың кез-келген жерде намаз оқып тұрғанын көреміз. Сондықтан, мемлекеттік мекеме ғимараттары мен қоғамдық орындарда құлшылық орындарын ашуға тиістіміз.

Оныншыдан, Парламенттен ҚМДБ мен православие қауымдастығының өкілдеріне бір-бір орыннан беру. Мемлекеттің зайырлы ұстанымында дін мемлекет ісіне араласпауы тиіс. Десекте, екі депудаттың парламентті үйіріп әкетпесі белгілі. Парламентте әртүрлі заңдар талқылағанда Ислам мен православие дінінің пікірін жеткізетін өкілдердің болуы, діннің мемлекеттің саясатына ықпал еткендігін көрсетпейді. Біз еліміздегі негізгі диаспоралар атынан парламенттен орын бердік. Сол секілді еліміздегі негізгі екі дін атынан парламенттен екі орын беруіміз керек.

Онбіріншіден, қоғамдық тамақтану және өзгеде қызмет көрсету орындарын жалпы және мұсылмандық деп бөлу. Бұл да қоғамдық сұраныстан туып отырған пікір. Зайырлы ел болып табылатын біз түгілі, коммунистік Қытайдың өзінде қоғамдық тамақтану орындары жалпы және мұсылмандық болып бөлінеді. Мұсылман адамның жалпы асханадалардағы шошқа және спирттен дайындалатын тағамдармен азықтанбасы белгілі. Сондықтан, қоғамдық қызмет көрсету (монша, қонақ үй, шаштараз) орындарын мұсылмандық шарттар негізінде ашамын дегендерге рұқсат беруіміз керек.

Онекіншіден, мешіт пен шіркеуде қиылған некенің құқықтық күші бар деп тану. Мешіт пен шіркеу мемлекеттік орган емес, бірақ, халық бұл орындарды қасиетті деп білгендіктен, көбіне осында неке қию рәсімін өткізеді. Ерлі-зайыптылардың діни орындарда қидырған некесін АХАЖ органында қайта тағы қидыртқаннан көрі, ҚМДБ-ға тіркелген мешіттер мен православие шіркеулеріндегі қиылған некені ресми күші бар деп таныған жөн. Бұнда айта кететін жәйт отбасылық дауларды мешіт пен шіркеу қарамайды. Тек, олардың берген неке куәлігі заңдық күшке ие болып табылады.    

Тәуелсіздік алған он сегіз жылда еліміз талай асуларды бағындырғанмен, төрт мыңға жуық діни бірлестіктің құрылуына жол беріп, идеолгия саласының бөлшектеніп кеткенін аңдамай қалды. Бұл біздің осы ғасырдағы ең үлкен жеңілісіміз болып табылады. Биліктің кеш болса да оянғанына тәубе дейміз. Атам қазақ: «Өткенің түгенделмей, бүгінгің бүтінделмейді» дейді. Ендігі міндет өткен он жеті жылдағы жіберген қателіктеріміздің орнын толтыруға тиістіміз. Бұл игі істе Хақ-Тағаланың өзі қолдаушымыз болғай деп тілейміз.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302