Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Көршінің көлеңкесі 8019 11 пікір 28 Наурыз, 2017 сағат 12:43

Таразда жемқорлыққа қарсы митинг өтті

 

Кешелі бері Еуразиялық одақ елдерінде дүрбелең басталды. Әуелі орыс оппозициясының жетекшісі Алексей Навальный бастап, миллиондаған ресейлік ереуілге шықты. Мұнан соң Ресейдің ірілі-ұсақты жүздеген қаласында толқулар болды. Коррупцияға қарсы шеру Белоруссия мен Қырғызстанда да өтті. «Liter.kz» сайтының жазуынша, кеше Тараз жұрты да коррупцияға қарсы акция өткізіп, көшеге шығыпты.

 

Алайда біздің шеру – басқа шеру. Бейбіт шеру. Акцияның негізгі мақсаты – Елбасы жолдауындағы «жемқорлыққа қарсы күресті күшейту керек» деген міндеттің орындалуын талап ету екен.

 

Тараздағы акция Тұңғыш Президент саябағында өткен. Оған жергілікті белсенділер, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлер һәм студент жастар қатысқан.

 

Шеру демекші, Мәскеуде миллионды жиған Навальный да кісенделді. Осымен «орыс көктемі» көктей солғанға ұқсайды. Дмитрий Медьведев Ресейдің Премьер-министрі дегенмен, ол бірінші кезекте  Путиннің досы.

«Медьведев миллиондап жепті» деп шуласқан орыстардың бірнешеуі қамалды. Ал оған Медьведовтың қылшығы да қисайған жоқ. Ол – қолбала. Оны Путиннің қолбаласы деп Белоруссия президенті Александр Лукашенко айтқан болатын.

 

Өзімізге оралайық. Антикоррупциялық акция көші Қазақстанға жетуі мүмкін бе? Мүмкін. Өйткені біз жмқорлық жайлаған елдердің алдыңғы сапындамыз. Оған дәлел – Қазақстан 2016-2017 жылдар бойынша Коррупция жайлаған елдер рейтингісінде 131-орынға жайғасқан. Ал бұл тізімде – 176 мемлекет бар.

 

Оның үстіне өткен жылы әлемді дүрліктірген «Panama Papers» тізімінде қазақстандық саясаткерлердің бірнешеуі жүрді. Айтпақшы, «Panama Papers» тізімінде Ресей Президенті Путиннің де есім-сойы көрініп қалған-ды.

 

Қысқасы, коррупцияға қарсы акциялар Қазақстанда да жалғасуы мүмкін. Мысалы,  «365info.kz» сайтына сұхбат берген саясаттанушы Замир Қаражанов былай дейді:

 

-Ресей секілді патриархалды мемлекеттің өзінде жұрт көшеге шығып, қарсылықтарын көрсетіп жатыр. Мұндай толқулар Қазақстанда да болуы ықтимал. «Араб көктемін» ұмытпайық. Ол кезде де осындай дүрбелең бір елден басталып, тұтас аймақта  жалғасып кеткен еді.

Ал саясаттанушы Әзімбай Ғали Путинді Гаага соты күтіп тұрғанын айтады. «Ресейге көктем келді деп көрегендер айтып жатыр: орыстың көп қалаласында, Мәскеуден Владивостокқа дейін коррупцияға қарсы шеру жүріп жатыр. Бұл шерулер көкек айында тыныс алып мамырда жалғасын табады-мыс. Ұйымдастырушысы Алексей Навальный. Батыс елдері басшылары Путинге қарсы шерушілерді жазалағаны үшін тағы да санкцияларды салады. Ресейдің Батысқа қарсы Қырғи қабақ соғысы, Қырымды Украинадан тартып алуы, халықтың қолдауын емес, ызасын тудырды. Путинге қарсы шеру оның орыс арасында сүйкімінің азайғанын көрсетеді. Ресейдің Империяшыл саясаты ұтылыс табатын сияқты. Путинді енді Гаага соты күтіп отыр», - дейді саясаттанушы.

 

Саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстанда Жер дауынан кейін халықтың күдігі әлі басылмағанын айтады. «Кешегі Ресейде болған жайт бір жыл бұрынғы Алматыны еске түсіреді. Схемасы қатты ұқсас. Ресейде Навальныйды қамады. Ол оппозицияның лидеріне айналды. Ал Ресейді Президенттік сайлау мен девальвация күтіп тұр. Ендігі мәселе бізде. Біздің биліктің реакциясы қандай болмақ? Жер дауынан кейін халықтың күдігі әлі басылмады», - дейді Айдос Сарым.

 

Түйін: Ресейде Навальный жиған халық билікке қарсы митингке шықты. Белоруссияда Президентке қарсы наразылық акциялары жалғасуда. Қырғызстанда Президенттік сайлау қарсаңындағы қарсылық, талас-тартыс тағы да жұртты алаңға жинауда. Бізде ше? Бізде Елбасының жолдауда айтқанын қолдап Тараз жұрты бейбіт акция ұйымдастырды. Міне, сізге демократия... Дейтұрғанменде бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде басталған коррупцияға қарсы халықтық қозғалыстардың алдын алуға ұмтылған әрекет болса керек.

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

 

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1971