ТҰЛҒА РУХЫНА ТАҒЗЫМ
(Ж.А. Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойына байланысты өткен мәдени шаралар туралы)
2015 жылдың 11 маусым күні Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Изенді ауылында Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойына байланысты 5 ауылдың жастары арасында футболдан турнир өткізіліп, қайраткер тұлғаның рухына құран бағышталып, ас берілді. Бұл мәдени шараның ұйымдастырушысы және қаржылай демушісі Ж.А. Тәшеневке арнап шығарылған «Дәуір дарабозы» өлеңінің авторы, «Отқанжар» ЖШС директоры Қанат Жариясұлы Отарбаев азаматтық танытты.
Бұл Қарағанды облысының Нұра ауданында 1935 жылы Жұмабек Ахметұлы Тәшенев 20 жаста аудандық референт (хатшы) қызметін атқаруымен еңбек жолын бастаған жер еді. Сондықтан, қазақтың осы б3р тамаша өлкесінде мәдени шараның өткізіліп ас берілуі өте орынды болды.
Мәдени шара 2015 жылдың 11 маусым күні Изенді ауылының «Мәдениет үйінде» басталды. Оған Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғымбекұлы, Жазушы, тәшеневтанушы Мейрам Байғазин, Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов, ҚР Ұлттық мұражайының «Қазақстан тарихы» бөлімінің бастығы Жанар Бейсова және Жұмабек Ахметұлының келіні Фатима Сыдыққызы қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ, мәдени шараға арнайы ауданнан келіп қатысқан «Нұра» газетінің тілшісі Тазагүл ханым болды.
Мәдени шарада баяндама жасағандардан кейін, Қарағанды облысынан келген Дидар Қамиев бастаған жас айтыскер ақындар арнаулар айтып, термелер орындады. Жастар патриоттық рухтағы өлеңдер оқыды. Соңында Жұмабек Ахметұлының 100 жылдық мерейтойына арнап шығарылған «Дәуір дарабозы» өлең маршы (сөзі: Қанат Жариясұлы Отарбавтікі, әні: Амангелді Базарбайұлы Шаһарбаевтікі) орындалды. Осы маршты Амангелді Базарбаевтың өзі орындады. Барлығын халық ыстық ықыласымен қабылдап, ел жастары жігерлене түсті.
Түстен кейін ауыл жастарының ортасында футболдан жарыс ұйымдастырылып, кешке дейінгі аралықта жалғасты. Түсте Изенді ауылындағы «Ақ босаға» асханасында Жұмабек Ахметұлына арнап арнайы ауылдық имамның қатысумен құран бағышталып, ас берілді. Бұл өте сауапты іс деп айтуға болады. Себебі, тұлғаның халқына қалтықсыз қызмет етіп, көзі тірісінде аты аңызға айналғаны, еліне сіңірген еңбегі ерен еді.
Айтулы азаматтың өмір белестеріне қатысты мәліметтерді жалпы жұртшылық назарына баяндай кетсек. Ол ғұмырбаян төмендегідей:
1915 жыл 20 наурыз - Ақмола уезіндегі Ақмола болысының «Танакөл» ауылында қарапайым шаруаның отбасында Жұмабек Ахметұлы Тәшенев дүниеге келді.
1924-1929 жылдары - әкесімен бірге Бабатай, Александровка, Мартыновка селоларының, ұжымшарларының малдарын бақты.
1929-1932 жылдар - Бабатай колхозшы-шаруа мектебінде және Ақмолада мектепте оқыды.
1933-1934 жылдар - Ақмолада құрылыс техникумында екі жыл білім алды.
1934 жыл - Ақмола аудандық атқару комитетінің хатшысы.
1934-1935 жылдар - Красноармейский аудандық атқару комитетінің
(алғашқыда Солтүстік Қазақстан, кейін Көкшетау облысының ауданы - авт.) хатшысы.
1935-1936 жылдар - Нұра аудандық жоспарлау бөлімінің бастығы
1936-1938 жылдар - Вишнев ауданында аудандық атқару комитетінің хатшысы.
1938 жыл - Қарағанды облыстық атқару комитетінің референті.
1938-1939 жылдар - Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық тамақтандыру бөлімінің бастығы.
1939-1942 жылдар - Солтүстік Қазақстан облысының Бейнетқор ауданы жер бөлімінің бастығы.
1940 жыл - КОКП мүшелігіне қабылданды.
1942-1943 жылдар - Солтүстік Қазақстан облысының Полуден ауданы
жер бөлімінің бастығы.
1943-1944 жылдар - Солтүстік Қазақстан облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары.
1940 жыл - Бәтес Ыдырысқызына үйленеді.
1942 жыл - тұңғышы Саян өмірге келді.
1944 жыл - екінші баласы Саят дүниеге келді.
1946 жыл - үшінші ұлы Болат дүниеге келді.
1949 жыл - төртінші ұлы Мұрат дүниеге келді.
1951 жыл - кенже баласы, Алла өмірге келді.
1944-1947 жылдар - Облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары
1944-1947 жылдар - Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары.
1947-1948 жылдар - Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті
төрағасының бірінші орынбасары
1948-1952 жылдар - Облыстық атқару комитеті төрағасы.
1952-1955 жылдар - КОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін сырттай оқып бітірді.
1949-1962 жылдар - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі.
1952-1955 жылдар - Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы.
1956 жыл - Алматыда Үндістан Республикасының вице-президенті С. Радхакришнаны қарсы алды.
1957 жыл - КСРО делегациясы құрамында Моңғол Халық Республикасына барды.
1959 жыл - КСРО үкімет-партия делегациясының құрамында Қытай Халық Республикасының құрылғанына 10 жыл толу мерекесіне барды.
1951-1955 жылдар - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.
1955-1960 жылдар - Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы.
1958-1962 жылдары - КОКП Орталық Комитетінің мүшелігіне кандидат.
1959-1963 жылдар - КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты.
1960-1961 жыл - Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы.
1962 жыл - Мәскеуде экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады.
1974 жыл - Мәскеуде экономика ғылымдарының докторы дәрежесін қорғады. Бірақ Мәскеу билігі докторлық дәрежесін бекітпеді.
1961-1975 жылдар - Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары
1975-1978 жылдар - Денсаулығына байланысты үйінде отырды.
1978-1986 жылдар - Республикалық «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары.
1986 жыл 18 қараша - Шымкент қаласында қайтыс болды және осы қалада жерленді.
Нұра ауданы, Изенді ауылында мини футболдан өткізілген турнир.
Ортада мәдени шараны және асты ұйымдастырушы Қанат Жариясұлы Отарбаев және Астанадан келген қонақтар
Изенді ауылындағы «Ақ босаға» асханасында Жұмабек Ахметұлының рухына құран бағышталып, ас берілген сәт.
Жалпы, қазақ халқы осы бір айтулы тұлғаға арнап қандай мәдени шара өткізіп, ұйымдастырса да еш артықтығы жоқ. Өйткені, 71 жылдық ғұмырында алаш арыстарының жалғасындай болған азамат халқының мұң-мұқтажын шын түсініп, қолынан келген көмегінің бәрін жасады. Ең үлкен ерлігі: Тың өлкесіндегі 5 облысты 1960 жылы Ресейге қосқызбай елі мен жерін аман алып қалды.
Қорытындылай келгенде, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көрсетілген «Жаңа Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» үшін, елдің рухын көтеріп, тарихи санасын нығайту үшін, осындай игі шаралар өткізіліп, тарихи тұлғалар рухына тағзым етілуі қажет.
ҚАНАТӘЛІБЕКҰЛЫ ЕҢСЕНОВ,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы
институтының аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты
Abai.kz