Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6410 0 пікір 9 Маусым, 2015 сағат 13:05

ЧЕХИЯ, СЕНІ ҚАЛАЙ МАҚТАЙЫН?

(Әзіл-шыны аралас)

 Чехияның "Ақордасы". 

Бішкектен өзге шетел көрмеген қу басым Еуропаға «терезе» ашқандарды жақтыра бермейтін. Әсіресе, ауыздарынан суы ағып, көргенін, жегенін, сезгенін, кигенін, сатып алғандарын тоқтамай мақтайтындарға ішімнен «түк көрмеген байқұс-ай» деп жаным ашып тұратын еді. Сәті келіп, дәм бұйырып, Чехияға ұшып бара жатқанымда көк аспанда өзіме соншалықты бір аянышпен қарағанымды жасырмаймын. «Құдай-ай, елге оралғанда менде солар секілді өзгенің қызығына сұқтанып, көңілімді бұзам ба?» деп таусылған едім. Бірақ, оным бекер екен. Еуропадағы қоңыр тірлікті Чехиядан көңілім әбден қалды. Екі апта жүріп суынып, жеріндім десем де болады. Сол әсердің лебімен кімге бағытталғанын өзім де түсінбеген осы «жолдауымды» жазып отырмын. Оқимын десеңіз, мархабат.

Сүйелдей көзге бірден түскені бұл елдің тұрғындары бір біріне өте салқын. Тілдерін жұтып қойғандай аялдамада ашылып сөйлеспейді. Жөн сұраспайды. Оның себебін өздері білмейтін де шығар. . Ал мен тауып алдым. Бар пәле – кестеде. Төрт минуттан кейін метро вагоны, алты минуттан кейін трамвай, 10 минуттан кейін автобус жүреді. Бір секундқа кешікпей жүретінін айтсаңшы. Мұндай жағдайда адамдарда қандай эмоция болсын? Бір бірімен қалайша сөйлессін? Ал бізде рахат. 15 минут автобус күтіп тұрасың. Сосын қасыңдағыдан «пәленше автобус өтіп кеткен жоқ па?» деп сұрайсың. Ол жарты сағаттан бері дәл соны тосып тұрғанын ерекше боқтап айтады. Ооо, міне, шынайы көңіл! Ары қарай бірге боқтасып, сөйлесіп кетесің. Автобусың келгенше оның руын, ауылын, туған-туықсанын түк қалдырмай түгендеп, кетер кезде құда-жекжат болып қоштасасың. Қандай керемет аа! Ойламаған жерде сыр айтатын бір таныс тауып аласың. Содан да болар келесі жолы аялдамаға бір сағат бұрын ерте шығасың. Еуропа мұны түсінбейді. Адам құндылығы дегеніміз түптің түбіне келгенде бір бірімен жылы шыраймен араласып тұру емес пе! Бізде бұған барлық жағдай жасалған. Ал Прагада бәрі керісінше. Аялдама толған ақпараттық тақта.Соқыр болмаған соң бір жерге қалай бару керектігін сұрауға ұяласың. 
Метросына, трамвайына мінсең, кондуктор таппай ит боласың. Кондукторсыз қоғамдық көлік – нағыз масқаралық! Кондуктор бар жерде ешкімнің билетсіз жүрмесіне жүз пайыз сенесің. Ал ана жақта бәрі керісінше, метросының есігі ашық-шашық, қасыңдағы жолаушыға «мынау билетсіз, тегін жүрген қу ғой» деп күдікпен қараааап тұрасың. «Проездной» сатып алсаң, ішің ашыйды. «Мен де бар» деп көрсетейін десең, тексеруші алдыңнан шықпайды. Содан, бекер сатып алдым ба, бәрібір ешкім тексермеді деп жүйкең жұқара бастайды. Ал біздің елде мұндай жүйке ауруына тосқауыл қойылған. Қайта жүйкесі нашарларды кондуктордың айғайы, өзімізге ғана ұнайтын дөрекілігі тегін емдейді!!! Сосын, автобусқа кептеліп мінген қандай, ааа! Алдыңдағы, артыңдағы, екі жаныңдағы адамдардың ыстық лебі, аузынан шыққан иісі, сепкен әтірі бұрқырап тұрғанда өзіңді арасы ажырамас бір тұтас халықтың өкілі екеніңді бек сезінесің. Еуропа әсіресе, Прага халқы оны түсінбейді. Айтып түсіндіре алмайсың да. Егер сізге олар мәдениеттің төріне шығып, елдің бәрінен озып кеткен, өркениеттің алдында десе, сенбеңіз. Онысы қып-қызыл өтірік. Бір ғана мысал айтайын, біздің байлар дүкеннен азық-түлік тасыйтын "ландкрузер" сияқты джиптерді Прага көшесіннен өлсеңіз де кезіктірмейсіз. Чехияның ауылын айтпағанда астанасында(!) туып өскен балалар кәдімгі "хамерді", "рендже роверді" тірідей көрмеген. 
Сізге өтірік, маған шын бір министрдің қызметтік көлігін кезіктірдім. Енді, сүліктей қара, удай қымбат мерседес емес, өздері шығаратын ортан қол, атын атауға тұрмайтын бірдеңке деген машина. Біздің аудандағы қара табан жолпұл (жолполиция) қызметкерлері мінбейді ананы. Көлікті қойшы, жүргізушілері тіпті дамымай қалған. Қазақстандағы кез-келген жүргізуші машина рулін ұстап келе жатып, бір телефонмен сөйлесіп, екінші телефонда фейсбукқа сурет салып, «коммент» жазып немесе инстрагамда тос айтып, соның ортасында екі қолымен рульді кезек-кезек ұстап, қала көшесінде құйындатып жүре береді ғой. Ал, өзім көрген Праганың жүргізушілері қоян жүрек қорқақ. «Бізде осылай» деп айтсаң, фантастикалық әңгіме тыңдағандай әсерге бөленеді. Олар тіпті рульде келе жатып, смартфонда смс жазуға болады дегенге сенбейді. Өздерінің осыншалықты дамымай артта қалғандарына қарамастан, «көше пробка» деп жылайтындарын айтсаңызшы. Мен сол кептелектерін іздеп-іздеп таппай қойдым. Бір жарым миллион халқы бар Праганың бір басынан орталығына жиырма минутта тұштаңдап жетіп аласың. Түк қызық емес. Кәдімгі шап шағын ауылда жүрген сияқтысың. Кептелекте тұрып, алдыңдағыға бақыртып «сигнал» басып, қасыңдағыны ащы тілмен боқтап, біреуден жұлқи озып дегендей іштегі «парыңды» шығара алмайсың.
Сосын, чехтардың жалқаулығында шек жоқ. Олардың қасында қазақтың еті әлде қайда тірі. Кәсіпкер қазақ таңнан кешке дейін еңбек етеді. Сенбі, жексенбіні демалыс деп білмейді. Біздегі көптеген мемлекеттік қызметкерлер мемлекетке жанымен берілгені соншалық, түннің ортасына дейін жан басын һәм жамбасын аямай қызмет қылады. Ал, мен көрген аз ғана мемлекеттің ішінде мына чехтар еріншек, нағыз жалқау халық. Мемлекеттік қызметкер, кәсіпкер, сатушы, даяшы болсын, кешкі бесте алды-артына қарамай үйлеріне таяды. Қоғамдық дерт сондай. Артық ақша табуға талпынбайды. Жанын аяайды. Жалпы, біз осыдан сақтануымыз керек. Еуропаның бұл дертін бойымызға шалдықтырмауымыз қажет. Менің көптеген таныстарым жұмыстан үйлеріне түнгі 12-ден кейін барады. Ол кезде әлбетте бала-шағасы ұйықтап жатады. Олар оянбай жатып, таң ертең отағасы жұмысқа кетеді. Егер осындай ер азаматтарды кешкі бесте үйіне жіберсек, Құдай сақтасын, көбі депрессияға ұшырайды. Себебі, балалары әкелерін жақсы танымайды. Сөйлесіп көрмегендері де бар. Содан жүйкелері жазылмастай жұқарады. Оның соңы ажырасуға дейін, отбасы құндылығының бұзылуына алып барады. Себебі, үйде отырған еркектің қадірі болған емес!!! Еуропадағы біржыныстылардың шатасуы әрбірден кейін осыған келіп тіреледі. Сондықтан, біз «жұмыс кешке бесте аяқталсын, одан кейінгі уақытты отбасыға арнайық» деген жалаң ұраннан сақтануымыз керек.

Чех ақшасындағы қолдардың суреті

Жалқау екендеріне және бір мысал. Біздегі белсенділер Еуразия экономика одағы құрылмай тұрып, ортақ ақшаға өту туралы сөзді бастап та кетіп еді ғой. Ал, мына чехтар Еуроодаққа мүше болса да, еуропаның төрінде отырса да, ескішілдіктен кете алмай, төл «теңгелерін» әлі ұстап отыр. Әлгі крондарына қарасаңыз, ұлттық тұлғаларының суреттері де әлі күнге дейін тұр. Ұят та болса айтайық, біздің теңге де бастапқыда ұлттық тұлғалармен безендірілген. Дегенмен, алтын басты басшыларымыз «адам суретін ақшаға басу ескішілдіктің сарыны екен» деп әйтеуір оларды алып тастап, кемшілікті түзеткен. Ал, чехтар осы күнге дейін жаңашылдыққа өтуге ерініп, ескіліктен арыла алмай отыр.

Сосын, бар-жоғы он миллионнан астам халқы бар Чехияға жыл сайын 12 миллиондай турист келеді екен. Бірақ, соған қарамастан, бұлар қонақ күтуді үйренбеген. Қонақжайлық деген атауымен жоқ. Бетіңе қарайды да тек чех тілінде сөйлейді. Орысша сөйлесең, абориген көргендей таңырқап қалады. Ағылшынша сөйлесең, аздап қана ынта қояды. Одан өзгесі жоқ. Олардың кемшілігі, Чехиядан өзге жерде чех тілінде ешкім сөйлемейтінін білмейді! Білсе, турист қаптап жүретін Праганың ортасында анықтамаларды тек чех тілінде ғана жазып қоймас еді. Олармен салыстырғанда біз әлде қайда дамып кеткенбіз. Үштұғырлы тіліміз бар. Қонақжайлығымызды әлемге мойындатқанбыз! Қазақша білмейтін туристі өмірі ұялтып, қызыртқан емеспіз!!! Олай болуы мүмкін де емес!!!

Чехияда ақылмен түсініп болмайтын бір мәселе ол білім беру жүйесі. Әлбетте, бала туыла салғанда балабақша кезегіне тұрып, балаң мектепке барғанда балабақша кезегіне қолың жететіні немесе мектепке орналастыру хикаясын чехтар, оооо бетім-аааай, білмейді. Бірақ біздің айтарымыз басқа, мәселен, чех тілін кім біледі, сол мектепті де, жоғарғы оқу орнын да тегін (!) оқиды. Парадокс! Қазақ болсаң да, жапон болсаң да, Африка елінің ұлы болсаң да, бәрібір. Чех тілінен емтихан тапсырсаң болды, оқу тегін. Қаншауын қаласаң да оқи бер. Сонда бұлар өзгенің балаларын тегін оқытып, салық төлеушілердің ақшасын босқа шашып жатыр ғой! Бізде мұндай жағдай болса, айналайын халқым, басы істемейтін үкіметті баяғыда артынан теуіп, төңкеріп тастар еді. Сол себепті, яғни, қадағалануы күмәнді бюдежетті ортайтпас үшін бізде шетелдіктерді айтпағанда, қазақ тілін білетін өзіміздің ұл-қыздарымыз ақша төлеп оқиды! Чехтардың мұндай жүйені құруға ақылы жетпейді.

Жалпы, чехтардың билігінде қадір-қасиет қалмағандай. Мәселен, президент отыратын ақордасының алдын шорты киіп, тәпішкесін суреткен қаңғыбас туристер аямай таптап жүр. Парламент, сенат үйіне демалыс кезінде кім көрінген кіріп шыға береді. Күзетіп тұрған полиция жоқ. Сосын, Праганы алты айналып шығып, Чехияның қайда бара жатқанын түсінбедім. Әңгіме жоқ, дыбыссыз жүретін трамвай, біздің елдің байлары менсінбейтін ортан қол машина, ауылшаруашылығына қажетті шағын ұшақтар, аяқ-киім тағысын тағы дегендерді өздері шығарады екен. Бірақ, сонда да мемлекет ретінде қайда бара жатқандарын түсінбейді, білмейді. «Мәңгілік ел», «Чехия-2050» немесе «Отыздықтан ондыққа өту» деген сияқты бағдарлама жазуға бастары жетпепті. Ұят та болсын айтайын, он төрт күн жүріп, сол елдің президентін де, премьер-министрін де танымай кеттім. Сірә, екеуі де біздің Мәсімов секілді көрінбес болса керек, көшелерінде бірде бір бильборды жоқ. Әлемге мемлекетін танытып, өзгеге өздерін мойындатып жатқан жетекшісі, көшбасшысы, чехбасшысы жоқ жетім ел сияқты. Ал, мұндай мемлекет туралы қалай ғана тамсанып бірдеңке айтуға болады?

 Руслан Ербота.

(Жазба автордың фейсбуктегі парақшасынан алынды).

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377