Қазақстанда ұлы болашақ қалыптасып келеді
Астанада сарапшылардың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасына арналған халықаралық дөңгелек үстелі болып өтті. «100 қадам» – Ұлт жоспары «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» халықаралық қоғамдастық тарапынан кең көлемді резонанс туғызды. Сарапшылар Ұлт жоспары Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретініне сенімді. Ал «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы тәуелсіздіктің барлық жетістіктерінің сабақтастығы мен қазақстандықтардың болашаққа ұмтылысын беркітетін тұғырнама қызметін атқаратын болады. Дөңгелек үстелдің спикері Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Бағлан Майлыбаев болды. Өздерінің пікірлерін Австрия Ұлттық қорғаныс академиясының аға ғылыми қызметкері Мартин Малек, Дж.Неру атындағы университеттің Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының төрағасы (Үндістан) Моханти Арун, саясаттанушы, Ұлттық стратегия институтының халықаралық жобалар бойынша директоры (Ресей Федерациясы) Юрий Солозобов, Жоғары геосаяси зерттеулер мен аралас ғылымдар институтының президенті (Италия) Тиберио Грациани, сондай-ақ, Ақпарат және саяси талдау орталығының президенті (АҚШ) Хуман Садри секілді белгілі ғалымдар ортаға салды. ************* Бағлан МАЙЛЫБАЕВ, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары «100 нақты қадам» – Қазақстан дамуының аса ірі әлеуетін ашып көрсететін маңдайалды міндеттерді нақпа-нақ жүзеге асыру. Бұл қалыптан тыс жоспар, онда мемлекеттің, экономика мен қоғамның кезең-кезеңімен жаңғыртылуының одан арғы бағытының негізін қалайтын 100 егжей-тегжейлі және практикалық шешімдер бар. Біздің еліміздің жаһандық деңгейдегі нақтылы артықшылықтарын жасау мен қайта жаңғырту үшін Қазақстанға бес институттық реформа ауадай қажет. Ұлт жоспары – нақтылы, дәйекті және айқын жоспар. Ол миллиондаған қазақстандықтар үшін Болашаққа баратын даңғыл жолды белгілеп берді. Президенттің Ұлт жоспарының әрбір жолынан «Біздің ел, біздің ұлт, біздің болашақ» деген жасампаз тарихи месседж онша көзге ұрмай, бірақ әжептәуір ап-айқын көрініп тұрады. Ұлт жоспарының әрбір тармағы Ақтаудағы наубайханашыға да, Көкшетаудағы фермерге де, Шымкенттегі студентке де немесе Алматыдағы стартап жоба бизнесменіне де, Тараздағы университет профессорына да, Атыраудағы мұнайшыға да немесе Қарағандыдағы шахтерге де түсінікті. «100 қадам» – Елбасының 100 нақты тапсырмасы, олар мемлекеттік даму мен қоғам өмірінің барлық қырларын реформалауды қамтиды. 15 қадам мемлекеттік аппарат кәсібилігін түбегейлі арттыруға арналған. 19 қадам – сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту жөніндегі тиімді іс-қимыл. 50 қадам – жаңа жоғары технологиялы экономикалық өсу мен адам капиталын дамытуға ынталандыратын, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға айқын бағдарланған нақты да дәл шешімдер. 6 қадам – қоғам бірлігінің жалпықазақстандық біртектілігін нығайтуды, «Мәңгілік Ел» құндылықтары жүйесін дамытуды көздейтін толыққанды шаралар. 10 қадам «Ашық Үкіметтің» жұмыс тетіктерін, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін жетілдіруді, қоғамдық бақылауды күшейту мен іске азаматтық тұрғыдан араласуды қамтамасыз етеді. Осынау нақты 100 қадам халықтың арман-аңсарын танытады. Ол қадамдар халықтың және әрбір қазақстандықтың мүддесіне сай келеді. Біздің, қазақстандықтардың әрқайсысы өзінің мамандығында, өзінің жұмыс орнында, өзінің қоғамдық өмірінде бүкіл елмен бірге осы маңызды 100 қадамды жасауға тиіс. Ұлт жоспары мемлекеттік қызметкерлерге жауапкершіліктің жаңа жүгін артады. Ендігі жерде мемлекеттік аппаратта жұмыс істейтін әрбір адам Президенттің «100 қадамын» орындауының өзіндік нақты сегментіне жеке жауап береді. Әрбір мемлекеттік қызметкер өзінің нақты жұмыс учаскесінде жеке басы не істеді деген сұраққа кез келген уақытта нақпа-нақ жауап беруге дайын тұруға тиіс. Халық пен елге талмай қызмет ету, өзінің еңбегі мен қамқорлығының арқасында Қазақстанның және қазақстандықтардың мүддесіне пайда келтіру арқылы мұндай жоғары жауапкершіліктің үлгісін бізге Елбасы көрсетуде. Осы орайда үйреншікті жайға айналған, бірақ терең мағынасы әлі де толық пайымдалмаған мына мысалды келтірейін. Астананың құрылысы біздің халқымыздың ойлау жүйесі мен практикасының тарихи тәжірибесін қайтадан таңбалап берді. Ол тұтас буындардың өмірдегі бейғамдығының ғасырлар бойғы қалыптасқан темір бұғауын күйретіп, Қазақстанның егемен халқының шығармашылығы мен жасампаздығының ауқымды әлеуетін ашты. Астана тұрғызу жаңа ұлттың инженерлік ойлау жүйесінің ғажайып мысалы дегенге кім таласа алады? Астана бүкіл Қазақстандағы адами капиталды дамытуға орасан ықпал жасауда. Біртұтас ұлттың ұлттық сана-сезімі үшін менталитеттік-психологиялық саланың түрленімі жүріп жатқаны, бүкіл халықтың өзіне және өзінің күшіне сенімі тазарып, нығая түскені өте маңызды. Қазақстан кеңістігінде халқының саны миллионға жуық мегаполистің жаңадан пайда болуы ең алдымен экосаланың, оның байланыстары мен өмір салтының өзгеруі. Астананың өркендеуі – Елбасының идеялары мен іс-қимылдарының стратегиялық тұрғыдан түзулігі мен кешендігінің жарқын мысалы. Елорданың өркендеуі тек қана алдыңғы қатарлы архитектуралық шешімдердің ғана емес, Астана маңындағы табиғи ландшафттың жоспарлы түрде өзгеруінің арқасы, онымен бірге қазақстандықтардың экологиялық ойлау жүйесі де өзгеріп келеді. Астананың «жасыл белдеуі» жасалуда. Жаңа орман бар жерде таза ауа болады, онда топырақ эрозиясы тоқтайды, жел соғуы бәсеңдейді. Ол жерде демалу орындары көбейіп, туризм өркен жаюы мүмкін. Ол жерде экологиялық санасы жетілген, сапалық тұрғыдан жаңа ұлт қалыптасады. Ұлт жоспарын ұсына отырып, Мемлекет басшысы Қазақстандағы жаңғырту үдерісінің жаңа парадигмасын орнықтыруда. Біріншіден, бұл – мәселенің тұғырнамалық тұрғыдан тыңғылықталуы және анық мақсат белгіленуі. Стратегиялық сатыластықтың ұшар шыңына елдің болашақ бейнесін айқындайтын басты екі мақсат шығарылған. Бұл мақсаттар – 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу және Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сай келуін жүзеге асыру. «100 қадамды» терең саралау және дәл есептеу ел үшін, мемлекет үшін, әрбір қазақстандық үшін жаңа мүмкіндіктер келешегін ашады. Екіншіден, бұл – үздіксіздік және инклюзивтілік. Дамушы әлемнің көптеген елдері қуып жетуші жаңғырту тұжырымдамасын ұстанғаны белгілі. Ұлт жоспарының және тұтастай алғанда, Қазақстан жолының негізіне жаңғырту үдерісінің инклюзивті сипаты алынған, ол бұл іске барлық әлеуметтік топтардың белсенді араласуын қажет етеді. Оған қоса, инклюзивтілік мемлекет пен қоғам «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру орайында қабылдап жатқан шараларды үйлестіру мен өзара келісілгендікті білдіреді. «100 қадам» – біздің ұзақ мерзімді даму стратегиямыздың табиғи түрдегі құрамдас бөлігі және Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу жөніндегі нақты бағдарлама. Осы арқылы Қазақстанның ХХІ ғасырдағы табысты дамуының сабақтастығы мен үздіксіздігі көптеген онжылдықтар бойында қамтамасыз етіледі. Үшіншіден, бұл – ең таңдаулы халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу. Біз қай кезде де барынша дамыған елдердің экономикалық реформалар жүргізудегі, мемлекет құрылысы мен әлеуметтік дамудағы озық практикасын шұқшия зерттеп, қабылдап отырғанбыз. Алайда, біздің тәжірибеміз өзгелерді сол күйінде көшіре салу дегенді білдірмейді. Біз басқа елдердің дамуындағы табысты практиканың тиімді белгілерін өзіміздің ұлттық жағдайларымызды, құндылықтарымызды және азаматтардың мүдделерін ескере отырып, табиғи түрде қолданамыз. Президенттің «100 қадам» Ұлт жоспары да осындай, ол өз бойына әлемдік практикадағы ең таңдаулының бәрін де жинаған. Төртіншіден, бұл – зияткерлік пен жаңашылдық. 5 реформаның бәрі және 100 қадамның әрқайсысы білім мен озық технологияға арқа сүйейді, олар жаңғыртылған қазақстандық қоғамның іргетасына, оның зияткерлік құрамдас бөлігіне айналады. Инклюзивті жоғары технологиялы экономиканы жаңа кәсіби кадрларды пайдалана отырып дамыту көзделуде. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды әлемдегі интеллект, білім мен біліктілік бәсекесіне бейімдеп отыр. Мұның өзі ХХІ ғасырдағы барлық табысты қоғамдардың қалыптасуы мен дамуының түбірлі факторы. Сонымен бірге, «100 қадамды» жүзеге асыру Қазақстан үшін кем қойғанда 100 жаңа дағды алып келеді, олар тың жобалар мен бастамалар тізбегінің ізашарына айналады. Ұлт жоспары – бұл таза зияткерлік бағдарлама, ол мемлекеттің, азаматтық сектор мен ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың сындарлы өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығын қажет етеді. Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия мен Халықаралық консультациялық кеңес дәл осындай мақсатпен құрылған. Міне, сондықтан да «100 қадамды» жүзеге асырудың барысын сапалы зерттеушілік пен сараптамалық-талдамалық тұрғыдан қолдау көзделуде, ол жаңа идеяларды шығару мен қазақстандық жаңғыртудың сын-қатерлеріне нақты жауап табудың бастау көзіне айналатын болады. Іске бұлай қарау барынша нәтижелілікті және Ұлт жоспарынан ұзақ уақыт бойы тиімділік көруді қамтамасыз етеді. Бесіншіден, бұл – санқырлылық. «100 қадам» – Тәуелсіздікті нығайтудың мемлекеттік бағытының іске асырылуы. Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған дәйекті инклюзивті жаңғырту жоспары біздің социум өмірінің барлық қырын – экономиканы, білімді, ғылымды, денсаулық сақтауды, мәдениетті, қоғамдық және саяси қарым-қатынастарды, мемлекеттік басқаруды, Ұлттық қауіпсіздікті және басқаларды қамтиды. Біздің қоғамның және әрбір қазақстандықтың өмірінің бірде-бір жағы атам заманғы немесе тоқырау күйінде қалмайды. Әрбір қадам – Мемлекет басшысының нақты практикалық тапсырмасы. Жаңару үдерісі дегеніміз дамудың байқалып отырған «бос аралықтарын» жүйелі түрде жою ғана емес, ол сонымен қатар, елді жаңғыртудың әрбір бағытының жаңа көпфункциялылығын құрылымдауды да білдіреді. Біріншіден, талапты қатайту және сонымен қатар мемлекеттік қызмет жүйесінде кәсіби мемлекет қалыптастыру жолындағы ахуалды жақсарту кәсіби мемлекеттік аппараттың жаңа сапасын қалыптастыруға бағытталған. Екіншіден, заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа көзқарастар сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Сот төрелігі институтына қоғамдық сенім арта түседі. Еліміздің инвестициялық тартымдылығы бірнеше есе көбейеді. Үшіншіден, ұлттық экономиканы терең реформалау стратегиялық инвесторларды дәл тарту мен ғылым жұмсалатын өндірісті көтеру арқылы жоғары технологиялы өңдеуші секторды басым дамытуды көздейді. Төртіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясы мен Баршаға ортақ еңбек қоғамы идеяларын одан әрі ілгерілету азаматтық біртектілікті күшейтеді және Болашағы Біртұтас Ұлттың бойындағы жасампаздық әлеуетті түбегейлі ашуға мүмкіндік береді. «Мәңгілік Ел» – қоғамдағы бірлік пен келісімнің атымен өзгеше моделі, ол жаһандық ауқымда танылған табысты қазақстандық тәжірибенің мәртебесіне ие. Бесіншіден, мемлекеттің ашықтығы мен есеп берушілігін кезең-кезеңімен дамыту, қоғамдық бақылаудың рөлін күшейту, азаматтық қатысуды кеңейту, мониторинг пен бағалау тетіктерін жетілдіру тұтастай алғанда мемлекет басқарудың тиімділігін арттырады. Алайда, ең бастысы, барлық бес реформа қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға, Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүше елдерде қол жеткізілген жоғары әлеуметтік стандарттарға ұмтылуға бағытталған. Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт жоспары біздің елімізде мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи деңгейіне алып шығады. Бес реформа – 5 күш векторы, олар қосыла келгенде Қазақстанның табанды түрде тек қана алға басуын айқындайды. Қазіргі таңда әлем күрделі де қарама-қайшылықты кезеңді бастан кешуде. Жаһандық экономикада мұның алдындағы жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарлары әлі де түгел еңсерілген жоқ. Анағұрлым ауқымды сілкіністердің болу қаупі әлі де әлемнің көптеген елдері мен өңірлеріне төніп тұр. Жаңа экономикалық цунамидің кіндігі қайда, қандай жағдайда және қашан шыға келуі мүмкін дегенді іс жүзінде болжап білу мүмкін емес. Негізгі әлемдік нарықтардың – көмірсутектердің, алтын және басқа металдардың, азық-түліктің, технологиялардың және басқалардың құнының құбылуы күшейе түсті. Осындай жағдайда барлық жерде дерлік тоқырауды күту бой көрсетуде. Мұндайда алдыңғы қатарға сыртқы экономикалық қиындықтарға қарсы тұрудың ұлттық стратегияларын жасау және жүзеге асыру мәселесі шығады. Бүгінде әлемдік экономиканың ірі ойыншылары өздерінің ішкі ресурстарын кеңінен пайдалануда. Көптеген елдерде гуманитарлық және фискалдық сипаттағы шаралар қабылдануда. Тарихи тәжірибе сонымен қатар, дағдарысты және дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық дамудың тиімді қозғаушы күші инфрақұрылымға салынған инвестициялар бола алатынын көрсетеді. Индустриялық әлем тарихында мұндай тәжірибе болған. Мысалы, АҚШ экономикасының «ұлы күйзелістен» шығуы ауқымды инфрақұрылымдық құрылыспен байланысты. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарында америкалықтар 1 миллион километрге жуық жаңа жолдар, 77 мың жаңа көпір салған. Мектептердің 70 пайызы мен ауруханалардың үштен бір бөлігі 1933 жыл мен 1939 жылдың аралығында тұрғызылған. Бұл 4 миллионнан астам жұмыс орындарын құруға көмектескен. 60-шы жылдарда Оңтүстік Корея ұлттық бюджеттің ширек бөлігін жылдам жүретін Гуенгбу автомобиль жолын салуға жұмсаған еді. 1982 жылы магистраль халықтың 66 пайызына қызмет көрсетіп, барлық жүктің 70 пайызын тасымалдаған. Сол жолдың бойында салынған өнеркәсіп орындары қазіргі Корея Республикасының ішкі жалпы өнімінің төрттен үш бөлігін шығарады. Тарих Фрэнсис Бэконның атақты үштағанының дұрыстығын дәлелдеумен келеді. Ол ұлтты ұлы және берекелі ететін үш нәрсе бар деген еді: құнарлы топырақ, іскер өнеркәсіп және адамдар мен тауарлардың жеңіл қозғалуы. Үшінші құрамдастың көкейкестілігін бүгінгі экономистер дәлелдеп отыр. Олардың мәліметтері бойынша, инфрақұрылымға салынған 1 доллар инвестиция экономикада 2 долларға дейінге қозғау сала алады. Сондықтан, инфрақұрылымды дамытудың маңызын ескере келіп, Президенттің тапсырмасы бойынша кең ауқымды мемлекеттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама Қазақстанның әлемдегі инфрақұрылым сапасы бойынша алда келе жатқан елдер қатарына қосылуына қол жеткізуге тиіс. Екінші бесжылдықтың міндеттерін жүзеге асыру барысында елдің алдыңғы қатарлы инфрақұрылымдық қаңқасы тұрғызылатын болады. Қазақстан – территориясы бойынша әлемдегі тоғызыншы ел. Инфрақұрылым құрылысы көп инвестицияны талап етеді, бірақ оның маңызы келер ұрпақтарға қалатын мұра ретінде ғасырларға кетеді. Алдағы 3 жылда жаңа жолдардың құрылысына, электр желілерін, коммуникация салуға 14 миллиард доллар бағытталады. Бұл қаржының үштен бір бөлігінен астамын халықаралық қаржы институттары бөледі. Астанадан өңірлерге қарай шапақ түрінде тарайтын автожолдар желісі тартылады. Бұл елдің барлық өңірлерінің теңгерімді дамуына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Экономикалық дамудағы, сондай-ақ, әлеуметтік-демографиялық тұрғыдағы сәйкессіздіктер азайтылады. Шағын және орта бизнес өндіріс шығындарын азайта алады, мұның өзін шекті деңгейден өңірлік деңгейге көтерілуге жағдай жасайды. «100 қадамды» жүзеге асыру сөреден аттанды. Осынау игілікті іске қосыла отырып, әрбір қазақстандық жаңарған мемлекетті жасаушылардың, ұлттық экономиканың тиімділігін арттырушылардың, өзінің отбасы мен бүкіл халықтың игілігін қамдаушылардың біріне айналады. Қазақстандықтарды жасампаздықтың табысты қазақстандық жолымен, ертеңге нық сеніммен қадам басып бара жатқан Біртұтас Болашақтың Ұлты деп сипаттаған Президент идеясының мәні де осында. ******************* Хуман САДРИ, Ақпарат және саяси талдау орталығының президенті (АҚШ) Бес халықтық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 толық салмақты қадам» – ол жан-жақты даму магистралі бойынша тұрақты қозғала отырып өтетін Қазақстанның нақты маршрутының арақашықтығы. «100 қадам» әлемнің ең өркендеген және дамыған отыздығына ену үшін қуатты тұғыр қалыптастырады. Бүкіл әлем Қазақстанды Нұрсұлтан Назарбаевтың Көшбасшылығымен айқын бағытпен жүріп бара жатқан қуатты және сенімді мемлекет ретінде көріп дағдыланды. Таяудағы жылдарда әлемдік жүйенің «қарайып қоюлана түскен аспанында» қазақстандық жолдың «жол көрсетуші шамшырағы» дәл осы Ұлт жоспары болмақ. Ағымдағы тарихи сатыда Қазақстан үшін бұл бағдарлама айрықша және жоғары стратегиялық құндылыққа ие. Біріншіден, Ұлт жоспары Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңғырту үдерісінің үздіксіздігі мен бөлінбестігін, мемлекет пен қоғам дамуының шынайы сабақтастығын айқындайтын басқарушылық стилін, континуумын барынша үздік түрде бейнелейді. Қазақстан Көшбасшысы мемлекеттің иммундық жүйесін тұрақты түрде нығайтып отыру керектігін айқын түсінеді. Осы тұрғыда «100 қадам» – «Қазақстан-2050» Стратегиясында және «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясында қаланған шешуші басымдықтарды жүзеге асырудың нақты жол нұсқаушы картасы. Бұл жағдайда дәл осы «Мәңгілік Ел» дамудың берік негізі және өзекті катализаторы міндетін атқарады. Қоғам бірлігінің осынау қазақстандық моделі әлемнің көптеген мемлекеттері үшін үлгі бола алады. Екіншіден, маңызды ішкі мемлекеттік міндеттердің кең ауқымды блогын бейнелеуге деген көшбасшылық шынайы көзқарас пен мазмұндық бөлігінің терең ойластырылуы оны жүзеге асырудың берік, табанды және алға басушылық сипатын айқындайды. Үшіншіден, Бұл мемлекетті операциялық басқарудағы жаңа сөз. Мемлекеттік менеджментті жетілдіру тұрғысынан алғанда бұл қарапайымдандыра қойылған міндеттер мен нақты индикаторлық жиынтықтардың жүрек соғысының үйлесімі. Іс жүзіндегі іс-қимылдарды жоспарлаудың мұндай схемасы жүзеге асырылған шаралар мен нәтижелер ауқымын өлшеуге жағдай жасайтын өзіне тән шкаланы қалыптастырады. Сонымен бірге бес халықтық реформа стратегиясының негізінде дәлме-дәл бірізділік жатыр. Көптеген жағдайда бүкіл Ұлт жоспарының тиімділігі Қазақстан Көшбасшысы алға қойған басымдықтарды жүзеге асырудың кезектілігін сақтауға байланысты. Төртіншіден, Ұлт жоспары – ол жалпыға бірдей инклюзивті қарастыратын аса зор функциялық бағдарлама. Нұрсұлтан Назарбаевтың инклюзивті жаңғыртуы – ол әлемдік реформаторлық тәжірибедегі жаңалық. Реформаны табысты орындау үшін жаппай баршаға: мемлекетке, қоғамға, әрбір қазақстандыққа жұмылуға тура келеді. Оған деген барынша қатыстылық ұлттың жауапты дамуының ішкі санасына бойлаған Көшбасшының «100 қадамының» қуатты жасампаз пайымдарымен қамтамасыз етіледі. Таяуда өткен президенттік сайлау нәтижелері оған айқын дәлел болды. Бесіншіден, бес халықтық реформаны жүзеге асыру Қазақстанның халықаралық рейтингтердің «шендер табелінде» алға жылжуына жағдай жасайды. Әрине, әрбір қадамды орындау, қалай болғанда да, топ-30-да тұрған мемлекеттің «өркениеттілік паспортын» құрайтын жаңа экономикалық және әлеуметтік биіктерді алуын қарастырады. Бұл орайда Ұлт жоспарының өзіндік мақсаты – ол тек қазақстандықтардың көкейкесті өмірлік мәселелерін жүйелі түрде шешу. Бес реформаның бәрі де ең алдымен әлеуметтік сипатқа ие. Дегенмен, ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт жоспарын алға тарта отырып XXI ғасырдағы Қазақстанның болашақ бейнесін көз алдына айқын елестете алды. Елдің таяу жылдарда не нәрсеге ұмтылуы керектігін айқын түсіндірді. Іс жүзінде президенттік реформалардың болжанған нәтижелері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне тән негіз қалаушы сипаттамалармен тікелей астасады. Бұл ғылымды қажет ететін индустриялық даму және productive economy, болашақтың біртұтас ұлты, берік орта тап, «Ашық Үкімет», заң мен әділдіктің үстемдігі. Мен 15 жылдан соң, 2030 жылы-ақ Гарвард университетіндегі XXI ғасырдағы мемлекетті жаңғыртудың табысты тәжірибесін талқылау жөніндегі өкілетті халықаралық конференцияда Қазақстаннан келген тісқаққан саясаттанушының қалай сөз сөйлеп тұрғанын толығынан көзге елестете аламын. Ол Ұлт жоспарының бастау алуының куәгері, қазақстандық реформаның бірізділікпен егжей-тегжейлі жүзеге асырылуын іс жүзінде көрген адам. Олқылықтар мен кемшіліктерді анықтауға, үдеріске түзету енгізуге атсалысқан, нұсқаулықтар қалыптастырған және Қазақстан Үкіметіне кеңестер берген беделді сарапшы. Өз сөзін түйіндей отырып, қазақстандық сарапшы 2030 жылы бес институттық реформаның жүзеге асырылуын қорытындылайды. «Қазақстан көптеген көрсеткіштер бойынша ЭЫДҰ стандарттарын жүзеге асырды. Ол тек табыс деңгейіне ғана емес, сонымен бірге азаматтар өмірінің жоғары сапасына да қатысты. Бес реформаны жүзеге асыру берік институттық негізді нығайтуға жағдай жасады. Меритократияның қатаң қағидаттарында құрылған мемлекеттік аппарат елдің кәсіби фронт-офисіне айналды. Барынша ашық сот жүйесі өзін әділетті, мөлдір әділ сот субъектісі ретінде көрсетті. Сыбайластық көріністері мейлінше төмендеді. Экономикадағы өңдеу секторының үлесі 75%-ды құрайды. Бүгінде Қазақстан ақпараттық технологияларды, жоғары технологиялы химия және биология өнеркәсіптерінің өнімдерін, медициналық жабдықтарды, роботталған ауылшаруашылық техникасын экспорттайды. Инвесторлар жер шарының әр түкпірінен біздің елімізге өз активтерін жаппай аударуда. Қазақстан – энергияның баламалы көздерін дамыту бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Орта тап үлесі елдің бүкіл халқының 70%-нан асады. Елдің әр тұрғыны діни және этностық белгілеріне қарамастан, өзін біртұтас ұлттың патриоты ретінде айқын тани отырып инфрақұрылымдар мен әлеуметтік қызметтерге тең қолжетімділікке ие. Азаматтардың жүйелі қоғамдық бақылау мен мемлекеттік органдардың есептілігін қамтамасыз ететін мемлекеттік даму бағдарламаларын жүзеге асыруға кеңінен қатысуына қолдау жасайтын тиімді институттар құрылған. Ұлт жоспарын жүзеге асыра отырып, біз әлемнің ең дамыған отыздығына ену жолында орасан зор серпіліс жасадық. Қазір екінші сатының жоспары әзірленді». Ал маған, Қазақстан табыстарын қолдайтын сарапшы ретінде 2015 жылы мен берген қазақстандық Ұлт жоспарының жиынтық күшінің саяси болжамы мен бағалаулардың жүзеге асқанын есту өте мақтанарлық болмақ. Бұл менің кәсібилігім мен сарапшылық түйсігіме берілген үздік баға. Қазақстанда менің достарым көп. Мен осындай ұлы елдің ұлы жоспарлар арқылы ұлы болашақты құрып жатқаны үшін бақыттымын. **************** Моханти АРУН, Дж.Неру атындағы университеттің Ресей мен Орталық Азияны зерттеу орталығының төрағасы (Үндістан). «100 қадам» – бұл прогреске, алға қарай серпінді қозғалысқа бағдарланған 100 нақты шешім. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің батыл реформалары мен дәл пішілген шешімдері даму қарқынын түбірінен өзгертіп, Қазақстанды күшті де қазіргі заманғы мемлекетке айналдыратынын іс жүзінде дәлелдеп отыр. Сондықтан қазақстандықтардың Ұлт жоспарын үлкен энтузиазммен және патриотизммен қабылдағаны таңғаларлық емес. Мұндай реформалардың осыншалықты жоғары мақсаттарға ұмтылған кез келген ел үшін қажет екені сөзсіз. Және бастысы, бұл шаралар қазақстандық қоғам тарапынан сұранысқа ие. Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы тамаша жеңісі мен халықтың бірауыздан жоғары деңгейде қолдауын есепке ала отырып, әр қазақстандық Ұлт жоспарының жеке өзі және елі үшін төтенше маңызды екеніне сенімді деп еш күмәнсіз айтуға болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың инклюзивті реформалары – бұл жаңғырту практикасындағы инновациялар. Бүгінде Қазақстан қай жағынан алып қарағанда да мықты шептерге ие. Алайда, «100 қадам» бір ғана нәрсені – табысты мемлекет күшейген үстіне күшейе бергенді, қуаттырақ бола түскенді қалайтынын білдіреді. Президенттің бес реформасы – бұл Қазақстанды әлемдегі аса дамыған 30 елге апаратын жаңа «мүмкіндіктер дәлізінің» бес «есігі». Бірінші «есік» – бәсекеге қабілетті орнықты экономикаға апарады. Қазақстанның жеке сектордың үлесін кеңейте отырып, еркін нарық қағидаттарын нығайтуды жалғастырып келе жатқаны анық. Егер экономикалық реформалар эволюциясын мұқият талдайтын болсақ, онда көптеген секторлардағы мемлекет меншігінен алу үдерістері бірте-бірте жүзеге асырылып келе жатқанын көруге болады. Бұл – олардың тиімділігін арттырудағы дұрыс жол. Өйткені, бәсекеге қабілетті орта инвестициялық тартымдылықты көптеген есе жоғарылатады. Шетел капиталын тартпай экспорттық инфрақұрылымды қалыптастыру мүмкін емес екені түсінікті. Сондықтан өңдеу секторында трансұлттық компаниялармен ынтымақтастықты тереңдетудің алар орны ерекше. Қазақстан қуатты кластерлер құра және ең озық инвесторларды іске қоса отырып, серпінді нүктелерді іздеу үстінде. Бұған мүмкіндіктер жеткілікті. Оңтайлы іскерлік белсенділік пен бизнес-ахуалдың жұмсақтығы нәтижесінде Қазақстан халықаралық рейтингтерде көшбасшылардың бірі болып табылады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік ортаның құқықтарын қорғау жүйесін нығайту жағы жолға қойылған. Мұндай қадам нақты жемісін беріп отыр. Бүгінде 400 мүлдем жаңа өнім түрлері игерілсе, 250 түрден астамы әлемнің 111 еліне экспортталады. Осы табыс факторларының бірі өз саласындағы халықаралық көшбасшылармен бірлескен кәсіпорындар құру болғанын айтқан жөн. Ғылыми қамтымды өндіріске нақты бағдар ұстану бұдан да маңызды. Экономиканың инновациялық пішімі ғылым мен бизнестің үйлесімділігі, технопарктер құру және жаңа шетелдік технологиялар тарту арқылы дамиды. ЭКСПО-2017-ні өткізу айтарлықтай серпін қосады ғой деп ойлаймын. Тұтастай алғанда, Қазақстан құрып жатқан экономиканы мынадай сызбамен сипаттауға болады: «инвестициялар – жаңа технологиялар – толық циклді өндіріс – жоғары қосымша құн». Екінші «есік» – өмірдің жаңа сапасы кеңістігіне ашылатын «есік». Мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі бірінші кезекте денсаулық сақтау, білім беру деңгейімен және азаматтардың тұтастай алғандағы игіліктерімен айқындалады. Нақ адам капиталы даму базисі ретінде көрінеді. Осы мәнде алғанда, барлық бес халықтық реформаның таза әлеуметтік сипатқа ие екені өте маңызды. Барлығы әлеуметтік салаларды: білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық сектор және т.б. жүйелерді әлемдік стандарттарға интенсивті жақындата отырып сапалық тұрғыдан жақсартуға бағытталған. Бұл жердегі басты мәселе, әрбір қазақстандық үшін өзінің әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндіктер ашылады. Үшінші «есік» – жауапкершілікті және тиімді мемлекеттік басқаруға қадам. Экономикалық бағдарламаларды табысты жүзеге асыру үшін жоғары кәсіби мемлекеттік аппарат қажет екені сөзсіз. Нұрсұлтан Назарбаев бес реформасында мемлекет тиімділігі мен табыстылығы әр қызметкердің іс-әрекетіне тәуелді біртұтас корпорация болуы тиіс екенін нақты белгілеп берді. Бұл тетіктің авангарды мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Олар ағымдағы күнделікті міндеттерді шешу үшін де жұмыс істеулері керек. Нақ сондықтан оларды іріктеуге талапты жоғарылатып, сонымен бір мезгілде жұмыс істеулері үшін толыққанды және лайықты жағдайлар жасау өте маңызды. Қазақстан аса озық сингапурлік дәстүрлер негізінде мемлекеттік қызметшілердің интеллектуалды «армиясын» қалыптастыруға бағыт ұстанып отыр. Төртінші «есік» – аса жоғары тәртіптегі ашық және құқықтық қоғамға ұмтылыс. Мұндай жол қалыптасқан құндылықтар жүйесі арқауында өсіп-өнеді. Қазақстан халқы бұған тәуелсіздік жылдарындағы тәжірибесі арқылы қол жеткізе алды. Ел транспарентті азаматтық қоғамға, заңның мызғымастай үстемдігі мен ашық үкіметке қарай нық қадам басып келеді. Қазақстан Президенті белгілеп берген қадамдар технологиялық кезеңділік пен дер кезінділік өзін өзі ақтайтынын айғақтайтыны туралы айтады. Ұлт жоспары тұрғысынан келгенде, осы бағыттағы әрі қарайғы өзгерістер нақты қалыптастырылған. Дамудың көкейкесті мемлекетішілік міндеттерін шешу бойынша кең көлемді қоғамдық үнқатысуға бастамашылықта үлкен мән бар. Азаматтардың қатысуы артып келеді. Билікті қоғамдық бақылаудың рөлі жоғарылауда. Қоғамның мемлекеттік аппарат жұмысы туралы кең көлемді құлағдарлығы даму бағдарламаларын жүзеге асырудың тиімділігін әлденеше есе арттырады. Бұл – кері байланыс тетігін қалыптастырудың тура жолы. Яғни, адамдар нақты нәтижелерді көре әрі іс барысы туралы барлық ақпаратқа иелік ете отырып, реформалардың табыстылығына мониторинг пен бағалауды өздері жүзеге асыра алады. Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық танытқан «Ашық Үкіметті» дамыту билік пен қоғам арасындағы тиімді өзара іс-қимылды айтарлықтай арттыратыны айтпаса да түсінікті. Қазақстан орнықты дамудың ажырамас шарты ретінде күшті құқықтық орта қалыптастыруда маңызды қадам жасауда. Сот жүйесін жаңғырту нарықтық институттарды дамыту мен елдің инвестициялық тартымдылығын жоғарылатуға оң ықпал ететін болады. Іс жүзінде судьялар корпусы барынша ашық болады, сапалық іріктеу жүйесі жақсарады. Бесінші «есік» – тұрақтылықты нығайту жолында. Назарбаев моделінде екі жағдай – «даму» түсінігін толық көлемінде ашатын «тұрақтылық» пен «өзгерістер» қатар өрілген және қосақтаса жүруде. Ол екі терең үрдістен көрінеді. Біріншіден, бұл – бірлік, бейбітшілік пен келісім құндылықтары сабақтастығының тұғыры мен тетігі. Екіншіден, бұл – инновацияларды тұрақты ілгерілету, оң өзгерістерге ұмтылыс. Мұндай стратегияның болашақтың біртұтас ұлтын қалыптастыруға септігін тигізетіні сөзсіз. Тұтастай алғанда, ол ілгерілетілген бес институттық реформаның табысты жүзеге асырылуын айқындайды. Нақ осы тұрғыдан Қазақстанның қазірдің өзінде эволюциялық реформалаудың арқасында осыншалықты жоғары нәтижелерге жеткен дамыған елдер қатарына жататынын айтуға болады. Бұл ішкі дамудың секірмелілігі ыдырауларға, төңкерістер мен революцияларға алып келген кейбір «үшінші әлем» елдеріндегі жаңғыртулардың қате стратегиялары фонында аса анық байқалады. Қазақстан әлемдегі көптеген елдерге қарағанда берік базиске ие. «Мәңгілік Ел» – таза отандық құндылықтар жалпыадамзаттық құндылықтармен үйлесім тапқан ұлттық идеяның эталоны. «Мәңгілік Ел» – бұл жеті құндылық: азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық пен білім беру культі, толеранттылық, берілгендік пен патриотизм құндылықтары бойынша қисынды аяқталған реформалар. Қазақстанның реформаторлық парадигмасы нақты өлшеп-пішілген. Аса ауқымды және нақты міндет – 10-15 жыл ішінде халықтың 70%-ын құрайтын орта тап қалыптастыру міндеті қойылып отыр. Мұны, түйіп айтқанда, ел тұрақтылығының кепілі деп түсінген абзал. Осылайша, қойылған міндеттердің кең ауқымдылығы мен қолдағы берік іргетасты бағамдай отырып, Қазақстанның алдында оның әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылу бағытындағы серпінді жолында кез келген «есіктер» айқара ашылады деп батыл түрде сөз саптауға болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың Көшбасшылығымен Қазақстан халқы бағындырмайтын асу жоқ деп толық сеніммен айтуға болады деген ой қылаң беретіні анық. ********************* Мартинг МАЛЕК, Австрия ұлттық қорғаныс академиясының аға ғылыми қызметкері «100 қадам» – қазақстандық сәтті сапардың жаңа шақырымдары. Ұлт жоспарының қабылдануымен Қазақстанның алдынан дамудың кезекті жауапты кезеңі, жаңа биіктіктерді алу үрдісі ашылды. Бір белестен екінші белестерді ала отырып, дамудың нақты бағдарлары және айқын да салмақты стратегиясы бар бұл жас мемлекет барған сайын күшейе түсуде. Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің құрамына кіру жөніндегі алға қойған мақсаты қандай да болсын терең құрметке лайық. Сонымен бірге, мұндай ұмтылысты жақыннан пайда болатын «Асқаралы асулар» қиындата түседі. Бүгінде бұл тұрақсыз әлемдік экономика және жаһандық дамудың барған сайын артып отырған болжамсыз факторлары. Алайда, қандай жағдай таң-тамаша қалдырады? Қазақстан Көшбасшысының әрқашан өз рецепті, өзінің батыл стратегиялық шешімдері бар. Ол әлемдік жүйедегі қиындықтарды және тәуекелдерді өзінің пайдасына шешеді. Оларды дамудың жаңа идеялары, жаңа жобаларды іздеу және одан әрі тұрақты даму үшін қуатты уәждегіш ретінде пайдаланады. Ағымдағы тарихи жағдайда Ұлт жоспарын өмірге әкелуді осымен түсіндіруге болады. Бес реформаны жүзеге асыру шеңберіндегі қамтылған мәселелердің ауқымдылығы да ескеруге тұрарлық. Бұл жан-жақты даму Қазақстанды өмірдің жоғары стандарттарына жақындатады. Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңғырту Стратегиясы әлемде ерекше қызығушылық туғызуда. «100 қадам» – жаңғыртудың жан-жақты инклюзивтік жолы. Бұл – мемлекеттік құрылыстағы жаңа сөз. Еуропалық Одақ үшін сіздердің елдеріңіз Орталық-азиялық аймақтағы негізгі серіктес болып табылады. ЕО-ға мүше мемлекеттің саясаттанушысы ретінде мен Қазақстанды дамытудың тұжырымдамалық бағдарламалары: Стратегия – 2050, «Нұрлы Жол», «Ұлт жоспарын» жан-жақты зерттеп келемін. Осы орайда ең қызығы – қазақстандық жаңғыру секірісі ерекше формуламен, мен айтар едім, дамудың үш негізгі парадигмалық базасында жатқан «инклюзивті тұрақтылықпен» ерекшеленеді. Бірінші парадигма – экономикалық және әлеуметтік өркендеу арқылы жеткен тұрақтылық. Қоғамның ішкі келісімі мен көңіл-күйін нақ осы тұрақты экономикалық реформалардағы жетістіктер, серпінді даму және әлеуметтік өркендеу айқындайды. Ұлт және Көшбасшы бір арнаға – өркендеу және тұрақты эволюциялық даму арнасына жұмылғандығы өте маңызды. Бұл аса бағалы жетістік. Ол ол ма, индустрияландырудың, өнеркәсіпті, инфрақұрылымды жедел дамытудың әлеуметтік сипатта болуына басымдық беруде толық түсінік бар. Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық моделінің барлық мәні де осында. Бүгінде бұл бағытта айқын бірізділік байқалуда. Экономиканы әртараптандыруға бағытталған Ұлт жоспары қазақстандық қоғамның алдында тұрған бес ауқымды ішкі міндеттердің бірі ретінде әлеуетті орта тапты қалыптастыруды жариялайды. Қазақстан Тәуелсіздігінің барлық жылдарында осы жолмен үздіксіз жүріп келеді. Жас мемлекет үшін цифрлар және өсім өте таңдандырады. Осы жылдар ішінде қазақстандықтардың табысы 16 еседен артық өсті, жұмыссыздық екі есе қысқарды, кедейшілік деңгейі 9 есе төмендеді. Әлеуметтік жағынан қорғалған және жақсы тұрмыс жағдайында өмір сүретін адамдар бүгінде біз тек жаңа тәуелсіз мемлекеттер ғана емес, сонымен бірге, бұрынғы демократиялық мемлекеттер мысалынан да көріп отырған, тұрақсыздыққа бастайтын көріністердің бәріне қарсы шығады. Олар үшін тұрақтылықтың қасиетті де киелі маңызы бар. Осы жерде Австрияның тәжірибесін еске сала кеткім келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін біздің елімізде демократиялық құрылыстың тірегі ретінде орта тапты дамыту және көбейту үшін шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде, Австрияда салыстырмалы түрде өте бай адамдар да, өте кедей адамдар да аз, оның есесіне саяси және әлеуметтік толғаныстар кезінде жоғалтатыны бар орта таптың саны көп. Бүгінде Австрия жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы әлеуметтік серіктестіктің арқасында Еуропа және әлем елдерінің ішіндегі өте тұрақты елдердің бірінен саналады. Екінші парадигма – Ұлт бірлігін нығайту арқасында жеткен тұрақтылық. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстандағы полиэтникалық және поликонфеционалдық жағдайды сарапшылар қауымдастығы үздіксіз болатын жанжалдардың көзі және тәуекелі деп бағалады. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаев феноменді түрде көптеген этностар және конфессиялар келісім мен бірлік рухы белең алған ортаның толық құқылы субъектілері болып саналатын бірегей модель жасай алды. Өзара сыйластық және толеранттық қатынастар қазақстандықтарға жаһандық экономикалық дауылдарды және қаржылық құйындарды жеңуге көмектесті. Қазақстанды бүгінгідей табысты елге айналдырды. Бірлік және тұрақтылық жасампаздықтың берік негізін қалады. Алайда, бұл тұрақты түрде «күтуді, жылуды және қамқорлықты» қажет ететін «киелі гүл». Міне сондықтан да, бес реформаның ішінде Болашағы Біртұтар Ұлтты қалыптастыру жүйе жасау бағыты болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде, саясаттанушы ретінде азаматтық біртектілікті нығайту жолында «Мәңгілік Ел» идеясы әмбебап екендігін атап көрсеткім келеді. Үшінші парадигма – тұрақтылық сыртқы серіктестердің сенім факторы. Қазақстанның экономикалық жетістіктері үлкен шетелдік инвестициялар тасқынымен қатар дамығандығы баршаға белгілі. Тәуелсіздік жылдары ішінде ол 200 миллиард доллардан асты. Бұл ғажайып жетістік! Осы ретте инвесторларды әрқашан ішкі саяси тұрақтылық қызықтырды және қызықтырады. Халықаралық бизнестің ең белгілі және ірі өкілдері Қазақстанда өздерін жайлы сезінеді. Олар өздерінің салған қаржысы үшін ешбір тәуекел жоқтығын түсінеді. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы нақты 100 қадамы» Ұлт жоспары халықаралық инвесторлар мен серіктестердің Қазақстанға деген сенімін одан әрі нығайтатындығына сенімдімін. Іс жүзінде оларға Қазақстандағы серіктестік әлеуеті кеңейтілетіндігі, ал жағдай жақсаратындығы жөнінде белгі берілді. Дубай моделі сипатындағы Астана қаржылық орталығын құру туралы Президент Жарлығы – инвесторлар үшін үздік жаңалық және шын мәніндегі сенсация. Инвесторлардың құқығын қорғауды күшейту бөлігінде маңызды қадамдар белгіленген. Сот жүйесін жаңғырту шеңберінде инвестициялық сот төрелігі институтын және халықаралық арбитраж орталығын енгізу жоспарланғаны белгілі. Қазақстандағы болашағы үлкен инвестициялық бағыттардың бірі туристік сала болып табылатындығы сөзсіз. Қазақстан Президенті экономиканы дамытудың қуатты драйвері ретінде туристік кластерді қалыптастырудың маңызын өте айқын түсінеді. Әлемдегі ең дамыған отыз мемлекет дегеніміз – бұл әлемдік туризмнің туұстары. Осы бағытта қазақстандық-австриялық ынтымақтастық дами алады деп ойлаймын. Австрия жазғы, сондай-ақ, қысқы туризм саласында бай тәжірибе жинақтаған. Әсіресе, осы сала үшін мамандар даярлау мақсатында Қазақстанмен бай тәжірибесін бөлісетіндігі сөзсіз. Астанада «Болашақтың энергиясы» – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты елеулі инвестициялық серпіліс болатындығын күтуге болады. Ол бүкіл Қазақстанның экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша серпін береді. Сол сияқты бұл қазақстандық туристік сала алдынан үлкен мүмкіндіктер ашады. Мен екі жылдан кейін осы шараға қатысатындығымды жасырмаймын. Қазақстанның перспективаларына баға бере келіп, ең алдымен аса көрнекті стратег-реформатор ретінде Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген жаңғыртудың жоғары деңгейі туралы айту керек. Сонымен бірге, қазірдің өзінде белгіленген даму артықшылықтары Қазақстанның әлемнің дамыған отыз мемлекетінің құрамына кіру жөніндегі ниетінің ақиқаттығын айқындайды. Белгіленген бес реформа Қазақстанның ең дамыған қоғамдардың элиталық сапында болатындығының айқын бағдарларына толық жауап береді. Қазақстанның жеңімпаз күндерінің әлі де көптеген жоғары баға және таңданыс туғызатындығына күмәнім жоқ. ********************** Тиберио ГРАЦИАНИ, Жоғары геосаяси зерттеулер және аралас ғылымдар институтының президенті (Италия) «100 нақты қадам» – ол Қазақстан Президенті белгілеген 100 міндетті іс-қимыл, ол XXI ғасырдағы тиімді реформалардың орасан зор бағдарламасы. Мұндай реформалар тек Қазақстанға ғана қажет емес, оған сын үстіндегі жүз жылдықта әлемнің бүкіл елдері мұқтаж. Қазақстан егеменді даму жылдарында мемлекеттік құрылыста аса зор табыстарға қол жеткізді. Жас елдің жолы оның шеңберінде қазірдің өзінде кешенді экономикалық және саяси реформалар жүзеге асырылған үзіліссіз жаңғырту үдерістерінен тұрады. Бұл жаңғыртулар өз ауқымы жағынан тарихтағы ең бір өршіл және ұлы реформаларға тең. Бүгінде жаңғырту теориясында осыншалық маңызды түбегейлі реформаларды жүзеге асырған мемлекет пен Көшбасшының жаңа табысты үлгісінің пайда болғанын сеніммен айтуға болады. «100 қадам» инклюзивті жаңғырту моделі ретінде – ол жаңғырту үдерістері тәжірибесіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың ноу-хауы. Қазақстан Президенті ұсынған Ұлт жоспары бұл мәтінде елді дамытудың стратегиялық желісін одан әрі жалғастырады. Бұл «100 қадам» дәл өз уақытында жасалған шара. Қазақстан жүргізіп жатқан реформаларды тереңдетуді және ұлғайтуды қажет ететін өзінің жаңғыртушылық дамуының кезекті фазасына аяқ басты. Сонымен бірге, «шақыру-жауап» дихитомиясын басшылыққа ала отырып Ұлт жоспарының Қазақстанның әлемде ұлғайып келе жатқан теріс үдерістерге қарсы өзіне тән жауабы екенін атап айтуға болады. Өйткені, халықаралық саяси күн тәртібі аласапыранды және қиын болжамды бола түсті. Әлемдік экономика ауыр уақыттарды бастан өткеруде. Қазір жаһандық экономикалық жүйенің терең жүйелік дағдарыс белгілері айқын көріне бастады. Сөз орайында айтсақ, Қазақстан Көшбасшысы сонау 2009 жылы-ақ өзінің «Дағдарыстан шығу кілті» атты бағдарламалық мақаласында экономикалық және қаржылық сауықтыру бойынша нақты рецепттер ұсынған болатын. Өркениеттік қарама-қарсылықтар шиеленісуде, дәстүрлі құндылықтар дағдарысы байқалуда, қоғамдық қарым-қатынастардың жаңа атомданған құрылымын қалыптастыру жүруде. Ұлт жоспары бұл ретте егжей-тегжейлі ойластырылған механизм ретінде көрініс табады, оны жүзеге асыру Қазақстанның жаңғыртудың айта беретін «тұзақтарын» айналып өтуіне, тұрақтылық пен ұлт бірлігін нығайтуға, одан әрі өркендеуін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Бес институттық реформаның мәтіні мен мазмұндық компонентін қарастыра отырып, Ұлт жоспарына қатысты көкейкесті міндеттерді шешудегі стратегиялық жол нұсқаушы және қадамдық навигатор ретінде ұғым қалыптастыратын бірқатар ерекшеліктерді бөліп көрсету қажет. Бірінші – қатаң қисындылық. Бірі келесіден туындайды, екінші біріншіге ілеседі т.с.с. Қазақстандық Көшбасшы қоғам айтарлықтай ықтималдықпен жол ортасында тұрып қалған лифтінің жағдайына түсерліктей түрлі әлеуметтік-экономикалық сынақтардан бас тартады. Сондықтан да Қазақстанда эволюциялық, сатылай даму қағидаты істің басына қойылған. Екінші – бастамашылықтан туындаған реформалар құнарлы «топыраққа» барып түседі. Елде қоғамдық-саяси институттардың тұрақты жүйесі қалыптасқан, экономика ырғақты дамуда, халықтың тұрмыс деңгейі айтарлықтай өсті. Бейнелей айтқанда, «топырақ жылынды», «отырғызылған тұқымның өсіп шығуы үшін» қажетті «ылғалдылық деңгейі» бар. Оның үстіне «күтетін – уақытында суаратын, арамшөпті жұлатын» адамдар бар. Үшінші – реформалар қоғамдық және экономикалық жаңғырулармен біртұтас байланыста жүруде. Мемлекеттік қызмет моделін жетілдірмейінше, сот жүйесін жаңғыртпайынша, «ашық үкімет» жұмыс істемейінше белгіленген экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл жерде «алдымен – экономика, одан кейін – саясат» деген Назарбаев парадигмасының эволюциясы нақты сезіледі. Төртінші – «100 қадамда» «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың шешуші бағыттары қоса қамтылған. Бұл Астананың экономикалық саясатты ұлттық өндірісті әртараптандыру және өсімнің жаңа кезеңі үшін қайта бағдарлауға деген таңдауын айғақтайды. Экспорттық, транзиттік, туристік әлеуетті дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру есебінен халықтың ұзақ мерзімді жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету Қазақстанның өзін жаһандық экономикалық субъект ретінде бекіту үдерісінде басты факторлар болып табылады. Көлік, логистика, өнеркәсіп және энергетика секторы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы инфрақұрылымдық жобалардың кең ауқымын жүзеге асыру Ұлт жоспарының орталық элементі болып табылады. Бұл тұрғыда мемлекеттің ұлттық экономика өсуінің және түптеп келгенде азаматтардың әл-ауқатын арттырудың жаңа нүктелерін қамтамасыз етіп отырғаны айдан анық. Бұл жерде мен Нұрсұлтан Назарбаевтың елді «ресурстық қақпаннан» алыс әкету үшін қажетті шаралар мен қадамдарды мақсатты және шешімді түрде қабылдап отырғанына баса назар аударар едім. Бұл оның болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілігін айғақтайды, Н.Ә.Назарбаев көшбасшылығының кемеңгерлігі мен ауқымын бейнелейді. Мемлекеттің елеулі ресурстарға ие бола отырып оларды ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз ету үшін қажетті мөлшерде пайдалана алмауының көптеген мысалдары әлемдік тарихқа мәлім. Бесінші – Ұлт жоспары Қазақстан үшін қоғамдағы тепе-теңдікті, оның жасампаздық әлеуетін сақтаудың, бірлікті нығайтудың маңызды екенін кезекті рет паш етеді. Этносаралық және конфессияаралық өзара байланыстардың қазақстандық моделі елдегі оң өзгерістердің қайнар көзі болып табылатын қоғамдық бітімнің теңдесі жоқ үлгісі болып табылады. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы бүкіл әлем үшін ерекше құбылыс. Ол қоғамда бірлік орнату мен нығайтудың үлгісі. Алтыншы – Ұлт жоспары «Қазақстан-2050» Стратегиясының ажырамас бөлігіне айналды. Ол неғұрлым кең көлемді бағдарламалық құжаттың егжей-тегжейленген нұсқасы ретінде көрініс береді, мемлекеттік бағыттың сабақтастығын паш етеді. Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген бес реформаны жоспарлы түрде жүзеге асыру Қазақстанның өз дамуында жаңа сапалы серпіліс жасауына, әлемнің табысты мемлекеттерінің отыздығына енуіне жағдай жасайды. Осылайша, Қазақстанды жаңғырту стратегиясының маңызды белесі ретіндегі дәуірлік ауқымдағы міндеттердің жаңа көкжиегі айқындалды. Ол болашаққа сеніммен қарайтын қалыптасқан табысты мемлекет. Біз XVIII-XX ғасырлардағы елеулі жаңғыртушылық жобаларды білеміз. Бұл ретте Назарбаев моделінің елдің прогрессивті ырғақты дамуының және ХХІ ғасырдағы тиімді мемлекеттік менеджменттің эталоны болуға шынайы мүмкіндігі бар. Ол орасан зор жасампаз әлеуетке, қажетті орнықты және бейімділік тәжірибесіне ие, ал ол тез өзгеріп жатқан әлем жағдайында мейлінше маңызды. **************** Юрий СОЛОЗОБОВ, Ұлттық стратегиялар институтының халықаралық бағдарламалар бойынша директоры (Ресей) 100 нақты қадам, бес президенттік реформа – бұл бүкіл мемлекеттік аппарат, бүкіл қоғам, әрбір азамат үшін жұмыс майданы. Мұндай қадамның өміршеңдігі Қазақстанды жаңғырту табыстылығының бөлінбейтін факторы болып табылады. Қуатты мемлекеттің басты бір ерекшелігі, оның өз дамуының әрбір кезекті кезеңіне әрдайым айқын мақсат және нақты бағдарламамен көшетіндігінде жатыр. Бұл тұрғыдан алғанда нығайып және қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның жолы болуда. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаевтың көрнекті идеялары, терең ойластырылған тұжырымдамалары мен бағдарламалары ыңғайында дамып келеді. Көшбасшының президенттік сайлаудағы бұлтартпайтын жарқын жеңісін біртектес қазақстандық ұлттың әлемдегі ең дамыған отыздыққа кіруге жасаған мәлімдемесі деп те есептеуге болады. 100 миллионнан артық біреу. Бұл теңсіздік дұрыс, өйткені, бір адамның интеллектуалдық және идеялық ұлылығы миллиондардың өзін көмескілендіре алады. Қазақстандық көшбасшының ойлау ауқымы уақыт пен оқиғалар жүрісін артқа тастап, даму үшін мүмкіндіктер кеңістігін кеңейте түсуде. Бүгінгі күні Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында барлық әріптестер Қазақстанмен 100 миллион адамы бар ұлттай диалог жүргізуде. Назарбаевтың көшбасшылығы дәл бір линза секілді әлеуметтік топтардың қуатын жалпыға ортақ жасампаздық жолында жинақтауға мүмкіндік беруде. Қазақстан Президенті ұлттың күшін Ұлт жоспары – «100 қадам» секілді стратегиялық бағдарламаларға барынша тиімді пайдалануда. Мұндағы ең маңыздысы: қазақстандықтар нақты көріністегі Болашақ бейнесі мен дамудың жалпы мақсаттарына біріктірілген. Бұл әлеуметтік іргетас өте берік. Мұндай топтасу ұзақ мерзімдік. Бұдан да асырып айтсақ, стратегиялық ойлаудың тапшылық кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттік құрылыстың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарын алға тартты, осының аясында бес халықтық реформа жүзеге асырылатын болады. Бұл – дамудың барлық маңызды қырларын қамтитын шаралар кешені. «100 қадам» авторы Қазақстан көшбасшысы болып табылатын әлемдік тәжірибедегі инклюзивті жаңғыртудың сәтті мысалы. Қазақстан басшысы өз елін жаңа биіктерге жүйелі түрде бастап келеді. Бұл ұмтылыс ең жоғары бағаға әбден лайық. Ұлт жоспарын асыру арқылы Қазақстан ұзақ мерзімдік дамудың әмбебап қағидаттарын қалыптастыратын және бекітетін болады. Ал олар елдің ХХІ ғасырдағы жаңғыру үдерістерінің сипатын айқындайды. Олар бес реформаның нәтижелері ретінде ғана әрекет етіп қоймай, сонымен қатар, бүкіл мемлекеттік жүйенің институттық негіздерін бекітуде іргетастық маңызға ие болатын болады. Бірінші – кең ауқымды түсіністікті бойына жинақтаған ашықтық. Қазақстанның бүкіл әлем үшін сауда және инвестициялық саясаттағы инновацияларды енгізудегі ашықтығы. Бұл қағидаттың мәні көлік инфрақұрылымдарының және транзиттік ағымдардың қазіргі замандық кешенін құруға деген ұмтылыс арқылы барынша ашыла түседі және жаңа өндірістік қуаттар мен ұлттық экономиканы әртараптандыруға қоғамды жұмылдырады. Қазақстан ашықтығы оның интеграциялық күш-жігерімен және халықаралық сауда жүйесіне жан-жақты кірігуімен дәлелденеді. Бұл Еуразиялық экономикалық одақты дамытуға, Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге, Еуроодақпен экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылысқа да қатысты. Әлемдік экономикаға интеграциялану – бұл аса ауқымды табысқа жетудегі маңызды баспалдақ. Әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті – бұл аса ірі халықаралық экономикалық бірлестіктің белсенді субъектілері екендігі бәрімізге белгілі. Олар әлемдік ІЖӨ-нің үлкен бөлігін қалыптастырады. Сонымен қатар, Ұлт жоспары контексінде қарастырғанда жоғарыдағы қағидат «ашық үкіметті» енгізу арқылы ашыла түседі. Мұндай жағдайда үкімет жұмысы мейлінше мөлдір, ал мемлекеттік қызметтер әр азамат үшін барынша қолжетімді болмақ. Екінші – бәсекеге қабілеттілік. Ол өңдеуші секторды дамытуға және жоғары технологиялық өнімдер экспортын арттыруға бағытталатын ғылымды қажет етуші экономиканы құруды білдіреді. Сонымен бірге, қазақстандық компаниялар арасындағы бәсекелестікті ынталандыру маңызды бағыт болып табылады. Өйткені, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін өз чемпиондарын күшейту ғана Қазақстанға «легионерлермен» тең дәрежеде жарысқа түсу мүмкіндігін береді. Оның үстіне барлық бес реформа бәсекеге қабілеттілік қағидаты бойынша іске асырылатындығын атап өтуіміз қажет. Үшінші – сенімділік және әріптестік. Жаңғырту болашағы Қазақстан экономикасына стратегиялық инвесторларды белсенді тартуға байланысты болатындығы туралы нақты түсінік бар. Міне, нақ осыдан да сот жүйесін реформалауда бизнес қауымдастықтың құқығын қорғау мен сақтауға айтарлықтай назар аударылған. Ұлт жоспарында инвестициялық сот және халықаралық арбитраждық орталық құруға екпін берілген. Бұл ірі инвесторлар тарапынан сенімділікті күшейтетін болады. Төртінші – тиімділік. Экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру және олардың ортақ нәтижелілігі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасына да көбірек байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру бірінші реформа ретінде белгіленген. Бұл дегеніңіз мемлекеттік қызметтегі біліктілік талаптарын күшейту және жаңа ынталануға себептілікті арттыру мен жұмыс істеу жағдайын жақсарту деген сөз. Ең бастысы – бұл ең талантты және ең қабілетті кадрларды іздеу мен таңдауға бағыт ұстау болып табылады. Енді «Назарбаевтың жаһандық құрамасында» меритократияның неғұрлым қатаң рухы басты рөл ойнайтын болады. Бұл өте маңызды мәселе. Оған ұлтына қарамастан тек үздік ойлайтын ақылдылар ғана кіре алады. Мұндай әдіс пен іске деген көзқарас Н.Назарбаевтың саяси философиясымен тиімді жұмыс істей алатын және әлемнің кез келген елінде қолдану үшін оңтайлы етеді. Бесінші – азаматтық біртектілікті нығайтатын және Бір Болашақ Ұлтын құруды қамтамасыз ететін тұрақтылық. Мұнда кең көлемді орта тап ядро құрайтын болады. Бұл жағдай – Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы іспетті. Ұлт жоспарын жүзеге асырудың табыстылығы да осынау маңызды бағытқа байланысты болады. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы бұл ретте тәуелсіздіктің барлық жетістіктерін бекіте түсетін және қазақстандықтардың болашаққа ұмтылысын нығайтатын платформа ретінде әрекет етеді. «Мәңгілік Ел» – бірлік пен келісім жағдайында өмір сүруші гүлденген қоғамның «сапа стандартының белгісі». Бұл бүкіл әлем ұмтылуға тиіс стандарт болып табылады. XXI ғасырда дүние жүзінің ешбір елінде барлық азаматтар үшін жайлы болып табылатын жалпыұлттық идеялар формуласы ойластырылмаған. Мұндай формула тек Қазақстанда ғана бар. «Мәңгілік Ел» – қалыптасқан Бір Болашақ Ұлты. «Мәңгілік Ел» – Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көрнекті дүниетанушылық және саясаттанушылық жаңалығы. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы ұлтаралық және дінаралық тартылыстың мәңгілік заңы секілді жұмыс істейтін болады.Ол барлық қазақстандықтарды біріктіреді. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың интелектуалдық мұрасындағы жарқыраған тәж. Алтыншы – есеп берушілік. Демократияландыру жолында әмбебап схема жоқ екендігін бәріміз білеміз. Қазақстанда бұл жағынан да дамудың нақты жағдайларына және қоғамның құндылықтар тамырына негізделген өзіндік ерекше жолы ойластырылған. Мына бір маңызды сәтті атап көрсету қажет. Ұлт жоспары мемлекеттік басқаруды жетілдіру және азаматтық қоғамды дамыту қырларын нақтыландыра түскен. Олардың басына есеп берушілік қағидаты қойылған. Бұл қоғамдық бақылау рөлінің түбегейлі мәнге ие болып, күшейе түсетіндігін білдіреді. Енді Үкімет пен жергілікті атқару органдарының белсенді азаматтық қоғам алдындағы жауапкершілігі осы арқылы бекітіледі. Өз кезегінде бұл даму бағдарламасының тиімділігін арттырады. Өйткені, мониторинг пен бағалаудың қағидатты жаңа тетіктері құрылады. Жетінші – инклюзивтілік, яғни халықтың неғұрлым кең ауқымын даму бағдарламасына тартушылық. Бұл қағидат «Ұлт жоспарының» өз атауында бекітілген. Сөйтіп, Ұлт жоспарын шынайы өмірге ұластыру Қазақстанға дамушы елдер арасында чемпиондықты жеңіп алу мүмкіндігін береді, дамыған елдердің жоғары стандарттарына жетуді қамтамасыз етеді. Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) клубына енуге дайын тұруының символдық мәні болып табылады. Мен бұл нақты және тереңнен ойластырылып жасалынған 100 шара әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге ұмтылыс танытып отырған Қазақстанның көрсеткіштерін көтеріп қана қоймай, оның әрбір азаматының өмір деңгейін сапалық тұрғыда арттыратындығына сенімдімін.
Abai.kz