Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 9419 0 пікір 28 Мамыр, 2015 сағат 15:45

ДОСХАННЫҢ «ҚҰНАНБАЙЫ»

Жақында Семей қаласының «Еңлік-Кебек» және «Әсем» кинотеатрларында режиссер Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» кинофильмінің тұсаукесері өтті. Мен – шалғайдағы көрермен, мамандығым мұғалім болғандықтан, кино «ұлы ұстаз» екендігіне көзім әбден жеткен қазақ ретінде қолыма қалам алып отырмын. Осы екі кинотеатрда да көрермен өрімдей жастар болғанына қатты қуандым. Иә, олардың көпшілігін мұғалімдер жетектеп келгені анық. Досхандар қала басшыларын, қаланың бас идеологтарын күткені анық еді, бірақ өкініші жоқ.

Бүгін біздің теледидар экрандарын корей, түрік, үнді фильмдерімен қатар аты да, заты да беймәлім, америкалық өмір салтына еліктегеннің жөні осы екен деген, әлгі шетелдік «мыльная опералардан» да сапасы төмен, схематизмге толы, ұлттық колориттен жұрдай, шіп-шикі дүниесымақтар басып кетті. «Өз қайғым аздай, оған мына Мәрия қаншықтың қайғысы қосылып, қабырғамды қайыстырып кеткенін қарашы!» деген екен бразилиялық сериалдың ішіне әбден кіріп алған ауылдағы бір жеңгеміз. Сол айтпақшы «біз қайда бара жатырмыз?» деп түңіліп, бұл әңгімені жауып қойған да жағдайымыз бар еді.

Біз тәуелсіздікті ұлттық идеясыз аттаған елміз. Тәуелсіздіктің туын көтергенімізге ширек ғасырдың жүзі болды, «ұлттық» деген сөзден әлі де қашқалақтайтындығымыз анық. «Мәңгілік Ел» деген идеяға жетсек бүгін жеттік. Бірақ оның да мәнін ашып, елге жеткізіп жатқан идеологтарымыз жоқтың қасы. Әлі де сол жоғары жаққа жалтақтау. Ауыл, аудан, облыстағы бас идеологтарымыз дүбара. Сондықтан олар ұлттық киноның премьерасына келе де қоймас. «А, вдруг?» деген мәселе бар емес пе?!

Досханның «Құнанбайы» нағыз ұлттық киноның бүгінгі шыңы десе болғандай! Кешегі советтік дәуірде түсірілген ұлттық кинолардың биігі «Кыз Жібек» пен «Атаманның ақырынан» соң тәуелсіздіктің бастапқы қиын жылдарында бұл сала құрқұлаққа ұшыраған болатын, «байтал түгіл, бас қайғы» болды. Ел еңсесін көтере бастаған кезде, кино өнері де барша өнермен қатар бойын тіктей бастаған сияқты. «Көшпенділер» шыққанда қуанғанымыз анық! Ол киноның ұлтжанды жастарға, әсіресе, орыс тілді жастарға ересен игі әсері болғанын жоққа шығаруға болмайды. Осындай ойды «Жаужүрек мың балаға» да бағыштаған дұрыс шығар. Ашығын айтсақ, бұл фильмдер жасөспірім балалар көретін боевик фильмдер болып шыққанын несіне жасырамыз. Бірақ бұл фильмдер ұлтты ұлықтай алмады, қазақтың тарихы мен менталитетін ашып бере алмады!

Осы арада Досханның «Біржан салы» туралы да өз пікірімді айта кетсем артық болмас деп ойлаймын. Біз көктүріктер заманынан Тәңіріден соң ақын мен бақсыны пір тұтқан елміз. Осы қасиет олардың кейінгі ұрпағы – қазақтарда ерекше сақталған болу керек. Ақын мен әнші Көк Тәңірлі халықтың қасиетінен туа салған ерекше жаратылыс. Өнерпазын әулие тұтқан қазақ сұлулыққа қастандық жасамаған. Абайды сабатқан, Біржанға қамшы үйірткен ожарлық – орыс отаршылдығымен бірге кірген сұмдық болатын. Фильм басталған бетте Біржан бастаған серілер тобы қиқулап қасқыр қуып келе жатып шекара орыс-казактарымен кездесіп қалатын жері бар. Гүрс еткен мылтық дауысы қаңқ еткен қасқырды жалпасынан түсіреді де, серілер арынын су сепкендей басады. Отаршылдықтың салтанатты қуаты, менмен, асқақ көрінісі фильмдегі серілер тұр ғой, залдағы көрерменнің де мысын басқандай. Осы ызғар фильмнің өн бойында болыс-билер тарапынан еседі де тұрады. Заманынан озып туған өнерпаз ғұмыр өзінің де, елінің де еркіндігін аңсап, надандыққа да, зұлымдыққа да қасқайып қарсы тұрады, Біржан трагедиясы -- өнерпаздың да, ұлттың да трагедиясы! «Бас-басына би болған өңшең қиқым, Мінеки, кетірді ғой елдің сыйқын. Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.» (Абай)

Иә, ырық орыста еді. Батыстың тұрпайы саясаты ел ішіндегі жандайшаптарды желіктірді. Надандар мен пысықтардың қолтығына дым бүркуші де орыстың әміршіл-әкімшіл билігі мен кіргізген сұлтандық-болыстық жүйесі, партияңыз да осы орман елінен келген жікшілдік!

Алаш аттан түсті. Хан тақтан түсті. Азаттық арман болды! Досханның «Құнанбай» фильмінің де лейтмотиві осы! Өскенбай асындағы Досхан сомдаған Құнанбай иығындағы хоунжи эполеті де осыны аңғартқандай.

Ас. Соншама кең панорамада қамтылған. Көз аясына сыймайтын кеңістік. Номадтардың салтанаты. Көшпенділердің далалық ажарлы-айшықты ғұмырының базарлы шағы. Құнанбайдың кісілік дәуренінің кемеліне келген биігі. Даланың екі алыбының («Степной геркулес», «Степной гений», А. Янушкевич) кездесуінің өзі қандай керемет! Титтей фальш жоқ, өмірдің өзінен ойып алғандай керемет динамика! Ас үстінде де, одан кейінгі бөлімдерде де бір толастамайды. Аттың шабысы, оның аяқ тастасы, тұяқ сілтесі, екі өкпесін соққан көрік кеудесінің пырылы мен ырсылы фильмнің өн бойында көрініс тауып отырады. Бұл «Біржан салдағы» көлге шомылған екі тұлпардың шарпысуындай қозғалыс-динамикалық әуенінің жалғасы іспетті Досханға ғана тән өрнек болғанмен, фильмнің ұлттық ерекшелігін күшейте түсетін элементке айналған.

Иықтас, теңдес, сонымен бірге бақталас та екі алып: Құнанбай мен Барақ сұлтанның астағы кездесуі кезінде Зере ананың (актриса Нұрсипат Салықова) да тұлғалық бейнесі жарқ етіп алдыңғы планға шығады. Ана-жер ана, Толғанай аңыз емес, кәдімгі Құнанбайдың шешесі. Тіпті, Мұхтар Әуезовтегі ертегіші, құлағы мүкіс батагөй Зере әже де емес, қайраткер, күрескер, бүкіл ел тағдырын терең ойлай алатын кемеңгер әйел. Ел жүрегіндегі Домалақ ана, Қызай ана, Мұрын ананың Құнанбай заманындағы жалғасы сияқты. Алып – анадан. Кемеңгер Зереден көсем Құнанбайдың тууы заңдылық!

Осы үш таған, үш образ, фильмнің өн бойында қамшыдай өріліп жүріп отырады...

Астағы қазақ деген халық, оның дегдарлары мен бекзаттары, самсаған қалың тектілері! Отыз екінші жылғы қазақты бірінің етін біріне жегізген ашаршылық қырғыннан кейін оларды жоғалған дегенбіз. Бар екен! Досхандай іздеушісі бар екен, тым болмаса кинофильм арқылы арттағы ұрпаққа көрсеткені қандай жақсы болды! Әйтпесе советтік кезеңде түсірілген Ақан сері туралы фильмдегі Сағынайдың асын көргенбіз. Баяғы сол социалистік реализм әдісі бойынша бай мен кедейдің таптық тартысына құрылған Ас еді! Әртістер мен режиссерда кінә жоқ, заман сондай болатын.

Мен өмір сүрген өлкенің аузы дуалы қариялары айтып отырушы еді, Мақаншының Бұғыбайында 1913 жылы Мәмбеттің Қанағат болысы (Қабанбай батырдың тікелей ұрпағы) әкесі Сүлейменге ас берді деп. Бұл қазақ-қырғыз ғана емес, орыс-қытай қатысқан ұлы дүбірлі Ас болған көрінеді. Сонда Ілияс Жансүгіров атқа шапқан бозбала екен. Атқа шапқан балада алапат күш болады, қуатты рух болады. Ілиястың эпик ақын болуына, әсіресе "Құлагер» поэмасындағы Сағынайдың асын жазуда үлкен ықпалы болды ма екен деп ойлаймын. Ал, Досханның жаңалығы, бәйге, күрес, әншілер, бишілерді былай қойғанда – «Жез бұйдалы боз інген». Бұл түрік тектес халықтардың эпостық жырларының бәрінде кездеседі. Қырғыздың «Манас» жырындағы «Көкетайдың асында» аса көркем бейнеленген. Бұның шарты – әйел адам тыржалаңаш шешініп, шашын тарқатқанда ол тобығынан төмен төгіліп, ұлы денесін тұтас жауып, алтын-күміс артылған жез бұйдалы боз інгенді тісімен шешіп алып, жетектеп кетуі керек. Досхан сақтар мен ғұндардан бастауын алатын көктүріктердің есте жоқ ескі салтын қайта жаңғыртып, өзіндік шешіммен жарқырата көрсеткеніне риза болдық.

Ендігі бір саналы жұрттың көкірегінде күдік болып жүрген түйіткілді оқиға – «Қодар-Қамқа» оқиғасы болатын. Шындығында біз, қазақтың көп оқырманы, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын өмірдегідей қаз қалпында қабылдадық. Үйткені біз де сол заманның «продукциясы» едік. Қатты сендірді, қатты сендік. Өмірді Абайша көріп, Абайша шамырқанбасқа әддіміз де қалмаған еді. Ойлансақ, бүгін ойланып жүрміз, Мұхтарға солай жазғызған заманы мен жаулары екенін түсінсек, жаңа түсіндік. Десе де, тарихи шындық және көркем шындықтың болатындығын білген артық емес деп ойлаймын. Тарихи шындық сол – Қодар мен Қамқа оқиғасы өмірде болған, және ол Абай өмірге келмей тұрып болған. Көркем шындық сол – Мұхтар оны Абайдың он үш жасына, Досхан Абайдың жеті жасына әкелді. Бұл көркем шығармалардың шырайын кетірмей, ажарын қайта аша түскені анық.

«Құнанбай» фильміндегі «билер соты» туралы жеке тоқталып өтсе артық болмас. Билер сахнасы М. Әуезовтің «Еңлік Кебегінде» ерекше еді ғой. Киноның артықшылығы да сол болса керек, әр бидің ішкі толғаныстарын да қамтуға ұмтылыс байқалады. Ұлы актер Нұрмахан Жантөрин көптеген фильмдерінде үнсіздікпен-ақ ішкі толғаныстарын көрерменіне жеткізіп келді емес пе?! Ал, Асанәлі-пауза ше?! Досхан киноның осы артықшылығын жақсы пайдаланған-ау деп ойлаймын. Әсіресе, Досханның шешім қабылдар кездегі ішкі толғанысынан, көріп отырған көрермен – өзің терлеп кетесің. Билер ішінде өңгеден иығымен озық тұрған Семейдегі Абай атындағы музыкалық драма театрының актеры, Қазақстанның халық әртісі Бекен Имаханов сомдаған образы. Ол «Еңлік Кебектегі» найманның ұрт, қыңыр биі Еспенбет емес. Дала заңын аса құрметтеп, көзінің қарашығындай сақтаған, «Қасым ханның қасқа жолынан», «Есім ханның ескі жолынан» мол хабары бар, Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» жатқа білетін көшелі би. Байсал мен Сүйіндіктің аяғын аттатпай, орынды уәжімен буып тастағанда сенбеске амалың жоқ.

Билер сотының үкімі орындалар сәтте ішің қалтырайды. Сазарған, бедірейген ішкі толғаныстағы кейіптер. Бір томырық күй, еңсені басқан ауыр сезімдер талайлардың бөрік-тымақтарын көздеріне түсіріп, Қодар қылмысын өздері жасағандай күйге түсірген сияқты.

Билер соты алдындағы және дар алдындағы Қодар бейнесін ерекше айтуымыз керек. (ТЮЗ-дың актері Жақсыбек Құрманбекұлы) Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұйяқ жоқ. Ол фильмде -- Құнанбай мойындаған батыр. Біз де мойындадық. Біз де Құнанбаймен бірге өкіне отырып жазаладық! Бұл актердің болашақтағы фильмдерде ұлттық геройларды, мәселен алаш көксілдерінің бейнесін сомдауда мүмкіндіктері аса мол-ау деген ой көңілде қалды.

Фильмдегі Барақ сұлтан бейнесі – ерекше сәтті шыққан бейне. («Біржан салда» Жанботаның рөлін ойнаған, М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектеміров) Тарихтан белгілі Солтабайдың Барағы, Аягөз окірігінің аға сұлтаны, Әбілфейіз ханның тұқымы, Адольф Янушкевичтің бейнелеуінде – «Степной Геркулес». Фильмнің өн бойында бірде ана қырымен, бірде мына қырымен көзге ұрып отыратын Барақ қайсысында болсын қалдықсыз, барымен ақтарылып, тізгінін тартпай көрінеді. Деталь – асау үйретіп жүрген Барақ! Оттай жанған қайрат пен сезімнің шарпысулары, өз уақыты өзінің иініндегі сенімділік, өмірге құштарлық тағы қандай бұлқыныстар тоғысы, бәрі-бәрі бар! Ал, Құнанбай хабарын естіген кездегі ойға қалып, сенделіп, саптамасымен су кешіп бара жатқандағы толғанысының ішінде сен де барсың! Актер Бектеміровтің Барағы көптен бері біз кинодан кездестірмеген, соныға тартқан тұлпардай бейне екен, Асанәлінің Бекежанын еске түсіреді, бірақ басқа қырынан... Бұл да елін сүген ер. Бұл да көкірегін ешкімге бастырмайтын өр. Керек жерінде құрық бермес бойлауық! Керек жерінде бойберместің нағыз өзі! Қажет болса, мақсатына жету үшін жекпе-жектен де тартынбайды! Өкпеге қиса да өлімге қимайтын қазақы мінез, бақталасы болса да Құнанбайды жауына қимаған мәрттік -- Барақ сұлтанды да бұл фильм ұлтының қаһарманына айналдырған. Хан тұқымы десе, сұлтан десе кіржиіп, тіс көрсетіп шыға келетін шолақ мінезімізден арыла бастағандаймыз.

Мен киносыншы емеспін, керек болса бұл өнердің заңдылықтарын да білмеймін. Сондықтан «сценарий мына жерде былай болса, оператор мына жерін былай түсірсе болар еді» деген «білгіштіктен» де аулақпын. Көкірегімді толтырып құсаға айналған, шерімді қозғап, шермендемді шығарған көңілімнің наласын айта алсам, сол да жетер.

Фильмнің кульминациясы, шырқау шегі – Құнанбайдың отаршыл орыс билігімен айқасы! Бар гәп осыда! Досханның кереметі сол – фильмнің қозғалыс динамикасын үзбей, өршілдікпен Құнанбайды биік шыңның басына алып шығуы...

Алаштың қанын ішкен Семейдің түрмелерінің де «бағы» жанғаны осы тұс болды! Бүгін де түрме десе қазақтың аза бойы қаза болады. Ал Құнанбай заманында көз көріп, құлақ естімеген тіпті сұмдық еді ғой! Отаршылдық қазақ даласына дәм-тұзын алып келген жоқ, мылтығын кезеп, пушкасын сүйреп, әсіресе осы түрмесін орната келді.

Шаңғыр-шұңғыр ашылып-жабылған темір есіктер, темір торлар, шалдыр-шұлдыр аяқ-қолдағы кісен, тепкіден де өткен гүрс-гүрс басқан жендет етік, міне -- жандарм Русия! Осы құбыжық-құдірет фильмде бар «салтанатымен» көрініс тапқандай. Сұрақ-жауап тергеудегі Құнанбай мойымаған, сынбаған, асқақ өр қалпында қайта биіктей, самғай түскедей, елінің алдында, арының алдында адал! Бізді алаңдатқан, несін жасырайық, Кенесарыға байланысты тұс еді, біздің пайымымыздан да артық шықты! Күлбілте жоқ, қасқайып отырып шындықты сорғалатты!

Қазақ әдебиетінің жанашыры һәм қазақ жазушыларының оқырманы ретінде өз пайымдауымша кино да әдеби-көркем туынды. Әдебиет насихатталмаған жерде ұлттық тәрбиенің бәсі төмен. Ал, Досханның «Құнанбайы» ұлы тұлғаның талайлы тағдырын екі сағаттың аясына сыйғызған бас-аяғы жұп-жұмыр көркем шығарма, ұрпақты өр рухқа тәрбиелейтін ойлы дүние!

Досхан қазір кемел шағында, қас шеберліктің шырқау шыңында! Оның саусағы қазір қимылдап кетсе өнер сорғалайын деп тұр. Мұхтар Әуезовтің Құнанбайы басқа, Ырысхан Мусин ағамыздың Құнанбайы басқа, тіпті Тұрсын Жұртбайдың да Құнанбайы емес! Досхан Жолжақсыновтың Құнанбайы – Досханның ғана Құнанбайы!

(Суреттерде "Құнанбай" фильмінен көріністер)

Құсмілия НҰРҚАСЫМ,

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5335