АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ УРА-НЫ "АЛАШ" ДЕП АУДАРҒАН
Естімеген елде көп. Білім иелері, сұлу тілдеріміздің талай әдемі сөзін естіп жүрміз ғой. Сингармонизм шығып, көменес «күмән» бола жаздап барып қалды. «Интернационал» би бауырмал, бауырсыз болып барып қалды. Сингармонизмнің «е» әрпі басымызды қатырып «кемесер», «кемет», «кеперетіп», «кеменес» деген өңшең «ке»-лерден сүрініп жығылуға айналдық. «Қадіс те осылай депті» деген молдалардың жұмбағы сықылды, сингармонизмнің жұмбағына түсіп, күні бүгінге шейін тіліміз сына жаздап жүр. Оның бәрінің оқасы жоқ еді. Неге десеңіз, ол «термин» де. Қолақпандай білім комиссиясының шығарған «заңы» да.
Заң – заң ғой. Бірақ заңның да заңы бар. Сингармонизм деуге тіл сынса, терминдеріміз бара-бара жүректі сындыруға айналды. Сеніп тізгін берген білім комиссиясы ауыздықты тісімен жалғыз-ақ омырып, шадыр аттай басымен сүзді. Заңның жөні осы деп «ура»-зақтың ұраны-ақ болсыншы. Әйткенмен, соңғы кезде «алаш» қазақтың байының ұраны болған жоқ па еді?!
Партия осы күні мамандарды сыйлайды. Сеніп іс береді, сеніп істетеді, сеніп советский ақша береді. Партия ұраны – міндетті ұран. Оны орындау – әрбір коммунистің міндеті. Сондықтан маманға іс істетпеймін деп көлденеңдеген коммунистікі қияңқылық екені рас. Коммунист маманға жол беру керек. Бірақ маман алған ақшасын адал етіп, адал дастарқанға арам тигізбеу керек. Сонда ғана шын маман бола алады.
«Біздің Ақаң» (Ақмет Байтұрсынұлы) – тіліміздің маманы. Ақаңды «Ақа» дегеннен басқа жазығымыз жоқ еді. Тілімізді уыстап қолына беріп қойдық. Ақаң – білім комиссиясының мүшесі. Олай болса, кеңес білімін білім сықылды білім қылып, жалпы бұқараның алдына ұсынуы керек еді. Олай етудің Ақаңа түк обалы жоқ еді. Бірақ Ақаң мамандығын дұрыс атқармады. Неге? дейсіздер ғой. Былай: «Әскерлік атаулары» деген кітап шықты. Кітаптың сыртына: «Бұл кітап білім комиссиясының қаулысымен алынды» деп Ақаң мен Нұрым ұлының мүбәрак қойған қолдары бар. «Ура»-ның «Алаш» болуы осы кітаптың ішінде. Ақаң алашты жақсы көретін шығар ғой. Аузы дағдыланып кеткен сөзі-ақ шығар. Әйткенмен, советский ақшаны алып отырып, советский кітаптың ішіне «ура»-ны «алаш» деп аударуға Ақаң үйренген дағдысын қолданбай-ақ қоюы керек еді. Үйткені кітап Алаш орданікі емес, советский ғой. Ғаббас Нұрымұлы – Алаш орданың сенімді жасының біреуі. Ол – жас жігіт, жас жігітте қызулық, албырттық болмай қоя ма? Ғаббастікі жастығы, қызулығы болсын. Ал 60-қа тақалып, байсалды кісі болған Ақаң «ақсақалдікі» не? Ақаңның Алаш орданы сүйетінін кім білмейді? Бірақ оны өзге жерде-ақ ретін тауып еткізіп, советский ақша беріп отырған советский кітапқа енгізбей-ақ қоюы керек еді. Қасқырға: «қойды неге жейсің» деп түлкі сұрау бергенде, «жемейін десем де, көзім қызығып кетеді», – деген екен деседі. Бұл сықылды, Ақаңның әлде көзі қызығып кетті ме екен?
«Бір сөзде сонша байланатын не тұр?» дейтіндер болар. Бұл сөз біреу болса да, бірегей сөз. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Ертең соғыс бола қалып, Алаш орда бас көтерсе, біз Алашордамен соғыссақ, шабуылға барғанда, Ақаңша «ура»-ның орнына «Алаш» деп шабамыз дағы. Алда, масқара-ай, ұят-ай!
«Әскерлік атауларында» оңған термин шамалы. Соның ішінде оңбағанның былай тұрсын, төңкеріске қарсылық (контреволюция) иісі аңқып тұрған – осы «Алаш».
Сәбит МҰҚАНОВ
(«ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» атты жинақтан алынды. – Алматы, «Қазығұрт» баспасы, 2013. – 640 бет. Дайындаған: Кенесова Арайлым)
Дерек көзі: http://www.tilortalyq.kz/