Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қоғам 7424 0 пікір 31 Наурыз, 2015 сағат 12:05

ЕО МЕН ЕАЭО СЕРІКТЕСУІ МҮМКІН

Таяу болашақта Еуро Одақ пен Еуразиялық экономикалық одақ арасында өзара ықпалдастыққа құрылған әріптесітік қарым-қатынас орнауы  мүмкін. Жамиғаттың құлағына жағымды естілетін осындай бір сөз бүгін ақпарат көздерінде айтылып қалды. Әрине, Қырымды алып, Украинаның шығыс аймағында бүлік салып жүрген сепаратистерді қолдап отырған РФ-мен Еуро Одақтың тап бүгін ертең қол алысып, қолтықтаса қоюы екіталай. Алайда, Ресейдің көгілдір отыны мен мұнайына белгілі бір деңгейде экономикалық тұрғыдан тәуелді Еуро Одақ Украинадағы саяси оқиғалар саябыр тапса, біздің солтүстіктегі көршімізбен тіл табысып, аталған қауымдастықтардың шеңберінде жұмыс істеуі әбден мүмкін. Оның үстіне, қазақ мұнайы да РФ территориясы арқылы тасымалданады. Қала берді, Батыс пен Қазақстан арасындағы сауда айналымы Ресеймен салыстырғанда жоғары. Мысалы, былтырғы жылғы Қазақстан – Еуро Одақ арасындағы тауар айналымы - 53 миллиард долларды құраса, Ресеймен алыс-берістің шегі – 28 миллиард долларға тұрақтаған. Қытаймен сауда-саттықтың көлемі тиісінше – 23 миллиард долларды көрсетіпті. Бұның сыртында, Еуро Одақпен достық рәуіштегі байланыста болуға ресми Астана, әсіресе, мүдделі болса керек. Өйткені, ҚР Президенті ЕАЭО-ны «экономикалық ұйым» деп айтқан сайын РФ Президенті оған саяси бояу жұқтырып бағуда. Аталған одаққа мүше елдердің бірі – Беларусь Республикасының Президенті Лукашенко да экономикалық одақтың саяси сипат алып кетуінен қауіптенеді. Демек, ЕАЭО-ның оқшауланып өмір сүрмеуі үшін оған ЕО елдері мен Назарбаев-Лукашенко тандемі барын салады.

Айтпақшы, Ресей қаңтар-ақпан айларында Еуропадан тасымалданатын тауарларға Кедендік Одақ пен ЕАЭО-ның регламенттеріне сүйеніп шектеулер қоюға тырысқан кезде, Қазақстан мен Беларусь тарапы ашық қарсылық білдірген болатын. Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстанға арнайы сапармен келген Француз Президенті Франсуа Олланд мырзамен кездесу барысында да Назарбаев Қазақстанның ЕО-дан қол үзгісі келмейтіндігін ашық айтқан еді. ҚР Президенті осы сөзін Германияның сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесу барысында да ескертті.

Путин қанша жармасқанымен ЕАЭО-ның кіндік әкесі – Назарбаев екені мұқым жұртқа мәлім. «Кіндік әкенің» осы бір ұйымды өмірге әкелуге қаншама уақытын сарп еткендігі де ел есінде. Оған керек десеңіз, Ельциннің дәуірі де куә бола алады. Енді «кіндік әке» өзі мұрындық болған одақты ЕО-мен серіктес етуге де ерікті. ЕО мен ЕАЭО серіктестігі. Бұл – шындыққа айналса, сөз жоқ, жақсы серіктестік болар еді.

 

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1965