Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 11498 0 пікір 31 Наурыз, 2015 сағат 11:49

30 ТОМДЫҚ ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІК ЖАРЫҚ КӨРДІ

 

26 наурыз күні Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетінің тапсырысы негізінде дайындалған 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер топтамасының тұсаукесер рәсімі өтті.

Рәсімді Комитет төрағасының орынбасары Серік Сәлемов мырза кіріспе сөз сөйлеп ашты. Сөздіктер топтамасының «ҚР Тілдерді дамыту мен қолдаудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында дайындалғанын, осы жұмысты атқару негізінде Елбасының қазақ тілінің терминологиялық қорын жасау жөніндегі тапсырмасының абыроймен орындалғанын айта келе, авторлық ұжым мүшелеріне үлкен қажырлы еңбектері үшін министрлік атынын алғыс айтты.

Алғашқы сөз осы жобаның ғылыми жетекшісі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайыновқа берілді. Ол ғылым мен техниканың, өндіріс пен мәдениеттің барлық салаларын қамтитын сөздіктер топтамасын дайындау жұмыстары Комитетпен жасалған шарт негізінде 2012-2014 жылдары жүргізілгенін, оны дайындауға 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, академияларда, министрліктер мен Парламентте, салалық мекемелерде жұмыс жасайтын 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты, жалпы 350-дей адам қатынасқанын айтты. Сала терминологиясын қалыптастырумен шұғылданып жүрген сала мамандары мен ғалымдар, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары, Республикалық терминологиялық комиссия мүшелері бірлесе отырып атқарған және жалпы жұртшылық пікірі ескеріле отырып дайындалған осындай көлемді жұмыс негізінде қазақ тілінің 250 мыңнан аса салалық терминдер қоры жасалып, қазақ тілі терминологиясының ғылыми негізде дамып, кемелдене түсуіне нақты негіз қаланғанын айтты.

Рәсімде Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Алтынбек Шәріпбаев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Бірлесбек Алияров, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің профессоры Қалыбек Қоныспай, Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинажасау институтының аға ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты Арлоп Ахметов, Қ.Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Нәсіпқали Сейітов, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры Рысбай Сәтімбеков, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің профессоры Жаубасты Ахметов авторлық ұжым мүшелерінің көп ізденіп, үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасағандарын, сөздік жасауда ортақ тұжырым (принцип) ұстанғандарын, терминдерді біріздендіру мақсатында жүргізілген ортақ талқылау жұмыстарының маңызын, терминдерді қазақ тілінде дұрыс жазуда тілші ғалымдардың жақсы жұмыс атқарғандарын айта келе, алдағы уақыттарда осы терминдерді кеңінен қолданудың маңыздылығына, әсіресе мектеп оқу әдебиетін жазатын авторлардың осы сөздіктерді басшылыққа алу қажеттігіне және сөздіктер жасаудың басқа маңызды проблемаларына ерекше тоқталып өтті.

Үш жыл бойы «Ана тілі» газетінің 23 санында «Оқырманмен ойласу» атты айдармен «Терминжасам: Ұсыныс. Пікір» деген тақырыппен мыңдаған термин жарияланған. Академия сайтына 30 том сөздік тегіс ілініп, ол туралы «Егемен Қазақстан» және «Ана тілі» газеттеріне арнайы хабарлама берілген. Сөйлеген авторлар осы жұмыстар арқылы ұсыныс-пікір айтқан тіл жанашырларына алғыс айтып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік тілді дамытуда көрегендік саясат ұстанып отырғанына ризашылық сезім білдірді.

Сөздіктерді басып шығарған ҚАЗақпарат корпорациясының президенті Қонысбек Ботпай оларды сапалы және уақтылы шығауға баспа қызметкерлерінің Академия қызметкерлерімен бірге үлкен ыждағаттықпен еңбек еткендеріне тоқталды.

Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963