Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Мәйекті 8047 0 пікір 28 Ақпан, 2015 сағат 11:15

БАҚЫТТЫҢ БОЙТҰМАРЫ - «ЖИЫРМА БЕС»

Қазақтың кез келген әлемнің таңдаулы классикасынан кем емес музыка өнерін өздерін өркениетті ел санайтындарға танытқан ән атасы Әміре Қашаубаевтың ән әлеміндегі орыны ерекше екенін иісі қазақ баласы түсінуіміз керек. 1980 жылы тұңғыш рет республика бойынша Әміре Қашаубаев атындағы байқау ұйымдастырылады. Сол байқауда дүбірлі топты жарып шығып, ән орындаудағы ерекшелігімен тыңдаушысын тамсандырған Семейлік әнші қыз – Бақыт Үдербаева бірінші орынды жеңіп алады. Содан бері әншінің бойтұмарына айналған Сегіз серінің әні «Жиырма бес» болатын. Бақыт Үдербаеваның бұл жеңісін сол кездегі ақрапат құралдары сүйіншілеп жариялаған. Қазақстанның халық әртісі Байғали Досымжанов жақсы пікірін де білдірген.

Әміре Қашаубаев атында жылда өтетін әншілер байқауының тұңғыш жеңімпазы, Құрмет орденінің иегері, Семейлік әнші Бақыт Үдербаева - Тарбағатай өңірінің тумасы. ШҚО Үржар ауданы Қызылту ауылындағы қарапайым отбасы Жәкулә мен Бишанның 11 баласының жетіншісі. Ата-анасы Бақытты ер балаша тәрбиелеп, өр мінезді, өжет етіп өсірді. Домбыраға да ерте әуестенді. Анасы Бишан тойларда суырып салма ақын, әнші болса, әкесі де өз заманының серісі болған.

Алматы эстрадалық студиясының домбырамен ән айту факультетінде Ғарифолла Құрманғалиевтің класында оқыған жас талант Ғарекеңдей өнер тарланының шәкірті болғанын мақтан тұтатын. Ол кісіден көп дүние үйрендім. Әншіліктің қыр-сырына қанығып, аз уақыттың ішінде көп тағлым үйренді. Домбырамен ән айту машығын жетік меңгерген соң Семей облыстық филармониясына әншілік қызметке келді. Қазақ әндері мен халық композиторларының әндерін орындаудың хас шебері Мәдениет Ешекеевтей, белгілі әнші, әрі сазгер Болат Сыбановтай айтулы жандармен әріптес болу бақыты бұйырды. Бұл өнер қырандарымен де қанаттаса жүріп, мол тәжірибе жинаған ол, 2008 жылы Елбасының жарлығымен «Құрмет» орденінің иегері атанды.

Қазақтың маңдайына басқан аяулы қыздарының бірі – Бақыт Үдербаевамен өнер жолында сан мәрте жүздесіп, сан мәрте пікірлес болдым.

Поэзияның пірі Абай, ән атасы Әміре, данышпан Шәкәрім, ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов сияқты біртуар перзенттердің отаны Семейдің қасиетін мойындатып жүрген Толғамбай Сембаев, Берік Омаров, Гүлдана Ноғайбаева, т.б. сияқты таланттарды тізбектей отырып, дәстүрлі өнердің өзіндік бір мектебі қалыптасқан белгілі әнші, сазгер Тұрсынғазы Рахимов, кешегі марқұм болып кеткен күміс көмей әнші Санақ Әбеуов, Шәкәрім әндерінің бірден-бір насихаттаушысы болған Келденбай Өлмесековтер де өз іздерін қалдырғанын көз көрген ерекше ілтипатпен айтады. Бүгінде өнер өлкесіндегі өзімен қатарлас жүрген Санақ Әбеуов, Келденбай Өлмесеков, Болат Сыбанов, Мәдениет Ешекеев сынды тарландармен өткен әр сәтін сағына еске алып, есіне түскен сәтті тамыздықтата жөнелетін Бақыт өзі туралы да еріксіз тоқталады:

- Менің әйгілі ән жұлдыздарының қатарына қосылған тұсым, отызымда орда бұзған шағым 1980 жыл еді. Сол жылы Алматыда ән атасы Әміре Қашаубаев атындағы қазақ халық әндерін орындаушылардың республикалық байқауы өтті. Қара домбыраны серік етіп, өнер қуған, өз өлкесінде жүзден жүйрік шыққан әнші жастар еліміздің түкпір-түпкірінен әсем Алматыға бір күдік, бір үмітпен арман арқалап жеткенбіз. Семейден бақ сынауға барған бірнеше әнші едік. Шыны керек, бізді «келді-ау» деп онша елеп-ескере қоймады. Тіпті, үлкен сахнадағы соңғы дайындықта да бізге ешқандай мүмкіндік берілмеді. Сал-серілерімен сән құрған Қайрат Байбосыновтай атағы зор алматылық әншілердің көлеңкесінде қалып қойдық. Бір бұрышта өзіммен- өзім айтатын әндерімді іштей қайталап, Аллаға сыйынумен болдым. Асыға күткен байқау да басталды. Көптен күткен менің де ән айтатын кезегім келіп жетті-ау әйтеуір. Жүрексіне сахнаға шықтым. Сол сәт қақ төрде бір қабырғаны алып тұрған ән атасының суретіне көзім түсті. Суретке қас-қағымда жан біткендей, ол маған «ал, баста!» деп ишарат еткендей болды. Сол-ақ екен, бойыма әлдеқандай бір жеңілдік пайда болып, домбыраны қағып-қағып жібердім. Тегінде әншінің көпті көргенде арқасы қозып, басқа дүниені ұмытып кететін әдеті бар емес пе? Менің де арқам қозып, сахнада ән айтудан басқа дүниенің, жүрексінудің бәрін ұмыттым. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, үшінші әнді орындап бола бергенде микрофон төмен түсіп кетті. Қолма-қол көтермек болып жөндейін десем, жөндемек түгілі микрофонның басы мүлде жұлынып түсіп қалды. Аспай-саспай оны жанында тұрған рояльдің үстіне қойдым да, келесі айтатын әнді өзім хабарлап жібердім. Байқау шарты бойынша жеті халық әнін үзіліссіз орындау керек. Қалған 4 әнді микрофонсыз-ақ айтып шықтым. Жүздеген көрермен орындарынан тік көтеріліп мені сахна төрінен жібермей, ризашылықтарын білдіріп, «міне, нағыз тума талант!», «міне нағыз ән дүлдүлі», «Жаса, Бақыт!», «Жаса, Семей!» деп, ұзақ қол соғып, қошемет көрсетті. Байқауға келген әйгілі әнші Батыр Закиров дүйім жұрттың алдында сахнаға шығып, бетімнен сүйіп, қатты ризашылығын білдірді. Менің бақ жұлдызым жанған уақыт осы сәттен басталды деп толық айта аламын. Сөйтіп, Ә.Қашаубаев атындағы I республикалық байқаудың лауреаты атанып, алғашқы үлкен байқаудағы сыйлығымды шынайы өнеріммен жеңіп алдым. Бірінші Алланың арқасы, сосын осы өнердің құдіреті ғой, елге танымал болдым, халықтың еркесі болдым. Семей жұртына сыйлымын. Аллаға шүкір деймін, – дейді Бәкең қолындағы домбырасын аса құрметпен құшағына қысып.

Иә, адам тегіне тартады дейді ғой. Үлкен атасы - Үдербай 1000 ақ түйесі бар, өз заманының төресі, өте ауқатты адам болған екен. Бірақ, ол кісі ән айтқан адамдарды аса жарата қоймапты. Бірде Үдербай бай бір ауылға келсе, сол өңірдің атақтысы Сары ақын келіп, думандатып жатады. Ел Сарының шашбауын көтеріп, қайта-қайта ән салдырып, зор қошемет көрсетеді. Бұл Үдербайға аса ұнамай, «мына заржақ қоя ма, жоқ па?» дейді. Осы сөз ақынның да құлағына шалынып, Үдербайға арнайы сәлем бере келіп: «байеке, менің Сізге берер батам, балаңның баласы Үдербай деп атыңды айқайлатып, шулатып жүрсін!» деген екен. Бір ауыз сөзге тоқтаған қазақ емеспіз бе, Үдербай да осы жерде артық кеткенін мойындап, ақынға өзінің сүйікті торжорғасын сыйға тартыпты. Сөйтіп, аузы дуалы ақынның айтқаны келіп, Үдербай атасының атын шығару осы Бақыттың маңдайына жазылыпты. Өмір деген осы.

Әншінің репертуарындағы 150-ден астам әннің бәрі жаныма жақын. Әрқайсысын іштен туған перзентіңдей мәпелейді, аялайды. Солардың ішінде Бақытты ән өлкесінде танымал еткен «Жиырма бес», «Қайда едің?», «Айбозым», «Айнамкөз», «Махамбеттің термесі» тағы басқа да осы сияқты төл өнеріміздің өршілдігін көрсететін әндер бар. Бірақ, қымбатын бағаламайтын, қасиетін қадірлемейтін – дархандығы мен ақ көңілділігіне масайрап жүрген қайран халқым қазақтың дәстүрлі әндерін тыңдауға, ән орындаушылардың санаулы қалған таланттарына мойын бұруға құлықсыз. Семей жеріне келіп, қазақтың тұрмыс салтына тамсанған Семенов Тянь-Шанский «Қазаққа білім ғылым іздеудің қажеті жоқ, бар ғылым тұрмыс-салттары мен ән жырларында екен» деп бас шайқағанын қайдан білсін?! Әйтпесе қазақтың қара домбырасында тұнып тұрған тәрбие үлгісін Бақыттай арқалы әншінің көмейінен шығарып, жастарға тыңдата берсе, домбыраның да құдіреті артар еді. Кәзір құдайға шүкір неше түрлі мәдениет ошақтары бар. Қасиетті домбыраның үні де, уақыт өткен сайын тыңдармандарын іздеп, көмейіне тығылып тұншығады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген бабаларымыз осы Бақыт сияқты дара таланттардың ертең-ақ Болат, Мәдениет, Санақтардың артынан ілесіп, өкіндіріп кететінін білген. Өмірдің өзі мектеп жәй, қарапайым жандардың өкініші өзімен бірге кетеді, ел алдында жүрген дарын иелерінің өкініші артында қалады... Ұрпақтан ұрпаққа өкініш болып жалғаса береді.

Иә, ең өкініштісі сол – ортамызда жүрген біртуарлардың қадірін қас пен көздің арасында қапыда қалдырғанда ғана сан соғып жатамыз.

Біз солаймыз....

Алмахан МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ,

Абайтану ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі.

Астана қаласы

Abai. kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963