«БАЛЫҚ СОРПАЛАРЫНЫҢ АУРУЫ»
«Атырық» пен «жатырыққа» өкпелеп жүрген менде де түк ми жоқ екен, әй! Кеше аурудың жаңа түрін естіп талып қала жаздадым: «Балық сорпаларының ауруы». Бір салмақты ағамыздың медакадемияда оқитын баласының айтуынша, осындай да «ауру түрі» бар екен. Балықтың сорпасын қатты жақсы көретін мен сияқтыларды аямай ма, бұл жазғандар, а?! Кәдімгі оқулықта тайға таңба басқандай жазулы тұр дейді әлгі «ауру түрі». Сөйтсе, «Болезнь средного уха» дегенді, бір ішің өткір, «Балық сорпаларының ауруы» деп «бәсіп» жіберген ғой...
...Баяғыда тазылардан қашып келе жатқан екі түлкі ақылдасыпты дейді: «Мыналардың құтқаратын түрі жоқ, не де болса бөлініп қашайық, мүмкін, сытылармыз». «Қайда кездесеміз?» — депті жастауы. Сонда артына жалтақ-жалтақ қараған кәрісі: «Тазылардың мына қарқынымен базардағы құлақшын базарында кездесерміз...» — депті дейді. Қайран қазақ тілі, мына «дамуыңмен» сен де бір күні...
Астапыралла, беті аулақ, не деп кеттім. Тфу, тфу...
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.