ҚАЗАҚТЫ МАЛҒА ТЕҢЕГЕН ШОВИНИСТ
жазадан құтылып кете ме?
Ақпарат тарату да, айналаңмен араласу да, ашылып сөйлесу де ғаламторға байланған заман келіп, адамдар үйде де, қонақта да, көлікте де тек қолындағы алақандай телефонға (планшетке, ноутбукқа, айфонға) үңілетін болды. Жаңалық іздеу өз алдына, әлеуметтік желілер бүгінде елдің көкейде жүрген ойын ашық ақтаратын «ағынан жарылу» алаңына айналды. Айдаладағы адамның сөзіне риза болып, танымайтын кісімен ой таластырып, көлденең көк аттымен көкезу боп ұрсысып жатқандары сол. Өкінішке қарай, ұрсыспаcа болмайтын жағдайлар да кездеседі. Өйткені, қолданушылардың арасында ел ішіне іріткі салып, ұлтаралық араздықты қоздырушылар да жоқ емес. Міне, солардың бірінің ісі сотта қазір қаралып жатыр.
Фейсбукте ірі сөйлеймін деп істі болған жанның аты-жөні – Татьяна Шевцова-Валова. Ол ең кемі бір жыл бойына аталған әлеуметтік желілерде қазақ халқын кемсітіп-қорлаумен болды. «Мына жердің жалғыз қожайыны сендер емессіңдер, біздің аталарымыздың (орыстарды айтады – С.С.) бес-алты буыны осы топырақты мекендеп келеді. Яғни, Қазақстан – қазақ жері деген сөзге қарсымын!» деп бір айтты. «Біздің аталарымыз келгенде бұл жер айдала еді, сендер көшіп-қонып жүрген жабайылар едіңдер, қала тұрғызып, үй салып, теміржол жалғап, зауыт-фабрика ашып беріп, ел қатарына қосқан – бізбіз! Бізге қарыздарсыңдар!» деп және кеудесін соқты. «Орыс тілін білу арқылы қазақтардың көзі ашылды, өркениет көшіне ілесті, біз болмасақ, әлі күнге надан күйлеріңде жүрер едіңдер!» деп тағы мұрнын шүйірді. Ақырында «қазақтар мал сияқты» деді, «чурка» деді, «шошаңдай бермеңдер, әйтпесе ана Украинаны көріп отырсыңдар ма, ахуалдардың одан да жаман болады; Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресей өзіне жай референдум арқылы-ақ қосып алады, сонда көрермін кім екендеріңді! Қару алып, қарсы шықпақ түгілі, тырп ете алмай қаларсыңдар!» деді («Будете устраивать тут в КЗ такой же (…) по поводу языка и возвеличивания своей коренной нации, то с вами будет то же самое, что и с Крымом – северные, а, возможно, что и все остальные части КЗ перейдут в РФ. И не путем аннексии, как вы тут визжите на каждом углу, а путем референдума, как это произошло в Крыму, т.е. добровольным вхождением в состав РФ»). Қойшы, ақырында фейсбуктағы есі дұрыс елдің бәрімен ұрсысып тынды.
Онымен әуелі жай пікір таластырып, әуре болып көргендердің бірі – мен едім. Көп ұзамай-ақ санасына шұқылап қисын енгізер құйттай саңылау жоқ екеніне, ұлыорыстық шовинизм дертіне ұшыраған бейшара екеніне, оның қазаққа деген көзқарасының бар-жоғы осы екеніне көзім жеткен соң, достықтан сызып тастап құтылғанмын. Сөйтсем, әбден зәрезап болған әлеуметтік желі қолданушыларының біразы (11 адам) шектен шыққан «ханымның» жүрек тілгілейтін ащы сөздеріне шыдамай, ақыры сотқа арыз беріп тыныпты. Оның ішінде қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері де бар. Солардың бірі – Жанна Ильичева өз сөзінде: «Т.Шевцова-Валова ұзақ уақыт бойына әлеуметтік желілерде ел арасына іріткі салумен айналысып келеді. Оның Қазақстандағы саяси тұрақтылықты, ұлтаралық татулықты, бейбіт тіршілікті бұзуды қалайтыны анық. Мұндай озбырлық әрекеттерге біз жол бермеуіміз керек. Бұл – арандату. Мұндайларды бірден тыйып тастаған жөн. Біз арызды үш мекемеге жөнелттік. Ақырында бұл іспен Алматы ішкі істер департаменті айналысып жатыр. Тексеру барысында екі сараптама жасалды: бірінде оның (Т.Шевцова-Валованың – С.С.) ақыл-есінің дұрыс екені анықталды, екіншісінде оның айтып жүрген сөздеріндегі ұлтаралық араздықты қоздыру нышандары дәлелденді», – дейді.
Қазір Татьяна Шевцова-Валованың үстінен ҚР Қылмыстық істер Кодексінің «Әлеуметттік, ұлттық, нәсілдік немесе діни дұшпандықты қоздыру» деп аталатын 164-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысы дәлелденген жағдайда ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бірақ айыпкер қылмысын мойындамай отыр. Өйткені, кезінде өзі фейсбукте жазған әлгіндей оспадар ойларының барлығын өшіріп үлгеріпті.
– Ондай сөздерді мен жазған жоқпын. Әлдекім менің аты-жөнім мен суретімді пайдаланып, жалған аккаунт жасауы мүмкін. Іс қағазында «ол өзі жазған пікірлерді кейін өшіріп тастаған» деп жазылыпты. Яғни, шын мәнінде ондай пікірлер жоқ. Айыптауды сот филологиялық сараптама нәтижесінде жүргізіп отыр. Талапкер ұсынған скриншоттарда ұлттың ар-намысына тиді дегендей әлдебір фактілер бар-мыс. Ал сол ой-пікірлерге дәл менің қатысымның бар екендігі дәлелденген жоқ, – дейді Т.Шевцова-Валова.
Сот отырысына арыз берген 11 талапкердің төрт көзі түгел келді. Олардың төртеуі өздерін «арызданушы» қатарынан «зардап шегуші» категориясына ауыстыруын өтінді (Қазақстанның жартысын Ресейге қоса салғысы келетін шовинист әйелден әбден көресіні көргендер болса керек). Айтпақшы, айыпкерді сотқа учаскелік полицей жетектеп әкелді. Сонда ғана біз оның біраздан бері үйқамақта отырғанын білдік.
Рас, қазір әлеуметтік желі әркімнің өз ойын ашық айтатын ақиқат алаңына айналды. Бірақ бұл еркіндік шексіз болмауға тиіс. Кісінің жеке басына тиіскен, азаматтық ар-намысын аяққа таптаған адам заң жолымен жауапқа тартылады, ал бүкіл ұлтты кемсіткен, қорлаған, қала берді өзі 46 жылдан бері мекен ететін мемлекетті менсінбейтін Татьяна Шевцова-Валова неге жазасыз тайраңдап жүре беруі керек? Өшіріліп тасталған пікірлерді қайта қалпына келтіру немесе оның мазмұнын басқаша бағдарламамен оқып-білу бүгінгі дамыған технология дәуірінде нәмүмкін нәрсе емес шығар? Әлі де айыпкердің қылмысы дәлелденіп, ол өзінің лайықты жазасын алады деп үміттенеміз. Сонда бұл су ішіп жүрген құдығына түкіретін өзге шовинистерге ұмытылмас сабақ болар еді.
Алайда «NewTimes.kz» (http://newtimes.kz/obshchestvo/item/10890-sud-po-delu-shevtsovoj-valovoj-ispytyvaet-davlenie-so-storony-rossii) ақпарат агенттігінің хабарлауынша (), қылмыстық істі қарап жатқан Алатау аудандық соты... Ресей тарапынан кәдімгідей қысымға ұшырап, үрейленіп отырған көрінеді. Өз аты-жөнін айтуды қаламаған құпия дереккөздің мәлімдеуіне сенсек, «Алатау ауданының және Алматы қаласының соты мен прокуратурасы ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы ҚР азаматшасы Т.Шевцова-Валованың ісі бойынша түсініктеме беруді талап етіп отырған Ресей тарапынан қысым көруде. Істің беталысына қарағанда, айыпкер жазадан құтылып кететін сияқты, сөйтіп, Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігіне қарсы шовинистік топтар өздерінің үгіт-насихатын әрі қарай да емін-еркін жүргізе беретін түрі бар. Үйқамақта отырған Т.Шевцова-Валова бұрын КСРО-ның МҚК (КГБ) құрылымында істеген және шетелден (Ресейден?) қаржыланатын күдікті біреулермен тығыз байланыс орнатып, сот процесіне қатысушыларға қысым жасап жатыр. Алатау ауданының соттары мен прокурорлары зәресі ұшып, қорқып отыр».
"NewTimes.kz" сайтының айтуынша, айыпкер өзінің бұрынғы сөздерінен әлі де бас тартпайтын сияқты. «Ол өз қылмысын мойындаған жоқ, елден кешірім сұрамады да, сұрау былай тұрсын, куәгерлерге ашық та, астыртын да қоқан-лоққы көрсетіп отыр. Юрий Юрин деген біреу куәгерлер мен даугерлердің жеке мәліметтерін (аты-жөні, мекен-жайлары, байланыс телефондары, т.б.) ғаламторға жариялап жіберіп, оларға қысым жасауға жол беруде. Бұл аз болса, ғаламторда Шевцова-Валованың атынан қазақтардың ар-намысына тиетін сөздердің жариялануы жалғасып жатыр, тіпті «Орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе берейік!» деген ұранмен топтар құрылуда. Соттың оны үйқамаққа алғаны, ғаламтормен жұмыс істеуіне шектеу қойғаны далада қалды. Қазақстанның әділет органдары өз айтқанын орындата алмай, пұшайман боп отыр. Егер сотқа арыз жазғандар – бір-бірін сотта ғана көрген, бір-бірімен тек әлеуметтік желі арқылы ғана танысқан қарапайым адамдар болса, Шевцова-Валованың сөзін сөйлеушілер – ресейшіл бағыттағы, сепаратизмді қолдаушы ұйымдасқан үгітшілер екені анық аңғарылып тұр», – дейді "NewTims.kz" сайты. Шовинист әйелдің шашбауын көтерушілердің ішінде... ресейлік шіркеудің пасторы мен сол елдің МҚК офицері де бар екен.
Шевцова-Валованы Ресейдің өзі қолдап отырғанына қарағанда, оның ғаламтордағы ел арасына іріткі салар жұмысы әу баста жоспарланған тәрізді. Және солтүстіктегі көрші мемлекетте біреу түшкірсе, «жәрәкімалла» айтуға асығып отыратын біздің билік органдары қазақты малға теңеген шовинисті лайықты жазалай да алмай, «қазақтар, сабырға келіңдер!» деп, тағы да өзімізді тұқыртып тынатын сыңайы бар.
Сәкен СЫБАНБАЙ
Abai.kz