Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 10865 0 пікір 30 Қаңтар, 2015 сағат 10:34

ТІЛ ТҮЙІНІ ШЕШІЛМЕЙ КЕЛЕДІ

Қазақтың қоғамдық өмірінде күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті тақырыптың бірі – тіл. Осы мәселеге арналған кезекті алқалы жиын 27 қаңтарда Алматыдағы «Достық» үйінде өтті. Ұйымдастырушы – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, ал әңгіме арқауы – «Мемлекеттік тілдің қазіргі жай-күйі мен болашағы». Дөңгелек үстелді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы жүргізді. Бас қосуға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Басқарма мүшелері, қалалық, аудандық ұйымдарының өкілдері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, тіл мамандары қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Басқосуда айтылған түйінді пікірлерді жұртшылық назарына ықшамдап ұсынып отырмыз.

Өмірзақ Айтбайұлы: Қадірлі  әріптестер, жыл басында бастарыңызды қосып отыруымыз тегін емес. Қазір әлем күрделіленіп бара жатыр. Көршілес елдерде болып жатқан оқиғалардан бәріміз де хабардармыз. Еліміздің мәдени-саяси өмірінде де біраз өзгерістер бой көрсетті. Еуразиялық экономикалық одақ шарты күшіне енді. Тілдік тұтастыққа, ұлттық бірегейленуге, экономикалық дербестікке әлі де қол жеткізе алмай келе жатқан біз үшін алаңдаушылықты туғызатын жайттар жеткілікті. Сондықтан қазақ тілін тұғыр ету арқылы арқылы елдігімізді сақтауды, мемлекеттілігімізді нығайтуды көздейтін бұқаралық ұйым ретінде біз бұл мәселелерді назардан тыс қалдыра алмаймыз.

Сондай-ақ, былтыр ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болғанына да, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына да 25 жыл толды. Алайда еліміз тарихында елеулі мәнге ие осынау кезеңді сәт өз деңгейінде атап өтілмеді. Тиісті саралау жұмыстары жүргізілмеді. 25 жыл – аз уақыт емес. Ширек ғасырлық кезеңдегі тілдік ахуалымызды саралау, бүгінгімізді бағалау және болашағымызды бағдарлау қажетті іс деп ойлаймыз.

Биыл да алдымызда үлкен жоспарлар мен жобалар тұр. Елбасы өз Жолдауында Қазақ хандығының 550 жылдығын, Жеңістің 70 жылдығын және Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығын атап өтуді тапсырды. Еліміз үшін маңызы зор осы шараларды елдігімізді нығайтатындай етіп тиімді ұйымдастыруға қатысты да ойларымызды ортаға салғанымыз жөн.

Сіздерге бағдар беру мақсатында бүгінгі жиынымыздың беталысын  таныстыру үшін алғашқы сөз Қоғамның вице-президенті, профессор Ерден Қажыбекке беріледі. Содан кейін ретімен әрқайсыларыңыз өз ойларыңызды қысқа да нұсқа етіп айтып, пікір алысуға жол ашсақ.

Ерден Қажыбек: «Қазақ тілі» қоғамын – қоғамдық ұйымдардың ішіндегі алғашқы қарлығашы деуге болады. Қоғам – еліміздің, Елбасының саясатын қолдайтын, тіліміздің жоғын жоқтайтын ұйым. Осы уақыт ішінде тұрақты бағытынан ауытқымай жұмыс атқарып келеді. Көптеген ауқымды істерге мұрындық болды.

Елбасының тек тілге қатысты үш Жарлығы шықты. Онда мемлекеттік тілді мәртебесіне сай дамытудың нақты әрекеттері көзделген. Алайда оның орындалуы көңіл көншітпейді. Елбасы Жарлығымен бекітілген тіл туралы мемлекеттік бағдарламаларда межеленген іс-әрекеттер толық атқарылмады. Мұны іске асыруға тиісті мекемелердің осыған жауапты болғанын көрмедік.

Ол тұрмақ, осы 25 жылдағы тіл саясатының нәтижелерін қорытқан мәлімет те жоқ. Үкіметте де, Қоғамда да. Ал, жоспар бойынша істелген жұмыстар сараланбаса, орындалмау себептері түсіндірілмесе, оған ешкім жауап бермесе, ойдағыдай нәтиже қайдан болсын?! Сондықтан біз осы ширек ғасырлық кезеңді бір саралап алайық.

Осыған байланысты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірнеше жобаны қолға алып отыр. Алдымыздағы 2-3 ай бойы бүкіл БАҚ беттерінде «Тілге 25 жыл» деген секілді айдарлар ашып, мақала, мәлімдеме, үндеу, т.б. түрлі форматта сараптамалық, талдамалық, проблемалық материалдарды тұрақты беріп отырсақ. Осыған отандық БАҚ басшылары, журналистер, тіл жанашырлары ат салысса деген тілегіміз бар. Бұған Қоғамның бүкіл құрылымдық бөлімшелерінің барлығы жұмылдырылатын болады.

Сонымен бірге қазір тарихқа бет бұруымыз да тегін емес. Бұл шаралардан еліміздегі өзге ұлт өкілдері де тыс қалмауы керек. Қазақстан халқы ассамблеясының кей сәтте «үй ішінен үй тіккендей» әсер қалдыратыны да жасырын емес. Дегенмен елді бірлікке, тұтастыққа ұйыстыратын ұйым ретінде Ассамблеяның маңызы зор. Соны орынды пайдалануға тырысуымыз керек.

 Ай сайын «Достық» үйінде зиялы қауым өкілдерінің, баспасөз құралдарының басын қосып, тілге, руханиятқа, елдігімізге қатысты нақты бір тақырып жөнінде алқалы жиын өткізіп отыруды ұсынамыз. Қоғамдағы толғақты мәселелерді ортаға салып, талқылай отырып, тиісті орындарға нақты ұсыныстар мен талаптарымызды қойып отыруымыз қажет.

Мысалы, алқашқы отырысты ақпан айында өткізіп, оны 25 жылдықты саралауға, наурызда – шетелдегі қазақтарға, сәуірде – Ассамблеядағы мәдени орталық ұйым жетекшілерін шақырып, мемлекеттік тілді дамыту бойынша үлкен алқа құруға арналса деген ұсынысымыз бар. Мұның барлығы да Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аясында ұйымдастырылады. Осындай «айлық отырыстардың» берері көп болады деген үмітіміз бар.

Өмірзақ Айтбайұлы: Дұрыс, осында айтылғандарға қатысты ұсыныс-пікірлеріңізді айтып отырсаңыздар. Келесі сөз Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Құсман Шалабаевқа беріледі.

Құсман Шалабаев: Қазақстан халқы ассамблеясын тіл мәселесіне тартып, бірлесе жұмыс жүргізу деген жөн. Биыл оның 20 жылдығы кең көлемде атап өтілмек. Айталық, Алматы қалалық Мәслихатында түрлі фракциялар құрылған. Солардың бірі – осы Ассамблея фракциясы. Оған жетекшілік жасау маған тапсырылған. Яғни, қалалық Ассамблея өкілдерімен келісе отырып, тілге қатысты шаруаларды атқаруға болады.

Әрине, айлық отырыстар өткізу маңызды. Оны қолдаймын. Алайда осы басқосуларға кіріспес бұрын, «Қазақ тілі» қоғамының 25 жылдығын халықаралық конференция түрінде өткізіп алғанымыз жөн деп білемін. Осы шара барысында да көптеген келелі кеңестерге жол ашылады. Бұл шараны Алматыда өткізуді ұсынамын. Оған мүмкіндігінше үлес қосуға дайынбыз.

Ерден Қажыбек: Құсман Кәрімұлының Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 25 жылдығын Алматы қаласында атап өтейік деген ұсынысы өте орынды. Өз күшімізбен де өткізуге болады. Бірақ бұл – елдік мәселе. Жалпы жұртшылықтың назарын аудартуды қажет ететін дүние. Сондықтан бұл мемлекеттің ат салысуымен, жоғары деңгейде өткені дұрыс. Ол үшін айлық отырыстарымызды өткізіп, бұқаралық ақпарат беттерінде материалдар жариялап, депутаттық сауалдар жасап, қоғамдық пікір тудыруымыз керек. Сөйтіп, Қоғамның 25 жылдығын күзге салым мемлекеттік деңгейде, лайықты дәрежеде өткізгеніміз жөн деп ойлаймын.

Өмірзақ Айтбайұлы: Ортамызда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Мырзаберген Малбақов отыр. Келесі сөздің ретін Мырзаберген мырзаға берсек.

Мырзаберген Малбақов: Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 25 жыл бойы талай мәселелерге мұрындық болып келе жатыр. Тіліміздің бірден-бір жоқшысы. Бұдан былайғы уақытта да Қоғамның атына заты сай, істері тартымды болатындай іргелі жұмыстарды атқарғаны жөн. Меніңше, Қоғамның аясына бірнеше институт сыйып кетеді. Сондықтан Қоғам жанынан ғылыми институттар, тағы да басқа құрылымдар ашқан жөн секілді.

Осы орайда «тіл тазалығы» деген мәселе – өте өзекті. Еліміз алдына зор міндеттер қойып отыр. «Қазақстан-2050» стратегиясы жарияланды. 2050 жылы 30 үздік елдің қатарына қосылсақ, сол кезде біздің тіліміз қандай жағдайда болады? Үш тілділіктің жағдайында тіл тазалығы сақтала ма? Әлде алашұбар күйге ұшырай ма? Қазіргі сөз қолданысымызға қарасақ, шұбарлап, сауатсыз сөйлеу, жазу етек алып бара жатыр. Мұның алдын алуымыз керек. Бұған бәріміз де жауаптымыз. Тіл қоғамының атқаратын маңызды істерінің бірі осы болуға тиіс деп ойлаймыз.

Өмірзақ Айтбайұлы: Сөз кезегі «Ұлт тағдыры» ҚҚ төрағасы, қоғам қайраткері Дос Көшімде.

Дос Көшім: Бүгінгі тақырып бойынша бұған дейін де талай жиын өтті. Бұл – ашық әңгіме. Қатты айтсам, ренжімеңіздер. Біз алдымен қазақ тілін қолдайтын ұйым болуымыз керек. Ал аталған мәселені әртүрлі қоғамдық ұйымдар атқаруы керек. Сондықтан қоғамдық ұйымдар өкілдері өзара кездесіп, бүкіл мәселенің басын ашып алғанымыз жөн. Сонда жұмыс тиімді болады. Қазір қоғамдық ұйымдар арасында үйлестірушілік жоқ. Осыны қолға алу керек. Осы орайда нақты бірнеше ұсынысты ортаға салғым келеді:

1) қоғамдық ұйымдар мемлекеттік ұйымдармен бірлесе отырып мәслихат жасау керек, себебі, мемлекеттік ұйымдар арқылы ортақ жобалар жасалса, сол арқылы қаржыландыру көзін де таба аламыз. Қазақ тілі бағытында жұмыс істеп жүрген кез келген ұйыммен, мекемемен кездесу бойынша арнайы бағдарлама жасалуы тиіс;

2) солтүстік облыстарда қазақ тілінде білім беретін мектептер ашу мәселесі өте өзекті. Бұл үшін бүкіл ауылды, ауданды түгел қамтып, насихаттау шараларын жүргізу қажет. Балаларын қазақ мектептеріне беруге үгіттеу ісімен айналысу қажет. Қоғам құрылымдары осыған жұмылдырылса;

3) тіл тазалығын түзеу оңай. Техника-технологияның дамыған заманында тіл тазалығын түзеудің оңай жолы – бүкіл республика көлеміндегі сайттың ашылуы. Бұл ретте тілдің тазалануын кез келген адам қатесі бар жазуды, көшедегі қате мәтіндердің суреттерін сайтқа жіберу арқылы, нақты мекеме атауын сайтта орналастыру және оның түзелгендігін қадағалау арқылы реттей аламыз. Жоба дайын тұр, алайда былтыр үкімен грант бөлмеді. Осының орындалуын қолға алу керек;

4) қазақ тілінің орфографиясы бұзылып бара жатыр.  Мысалы: «Алматы-2», «Айнабұлақ-3» деген жазулар барлық жерде жазылып тұр, алайда қазақ «2-Алматы» немесе «3-Айнабұлақ» деп атайды. Осы мәселе жөнінде А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты түйінді пікірді айтуы керек;

5) Орыстілді аудиторияға қазақ тілін насихаттау мәселесі өте маңызды. Осы кезге дейін біз облыстарда, қалаларда 80-дей кездесу өткіздік. Мұның саяси маңызы және тұрақтылыққа тікелей қатысы бар. Мұны біз былтыр Тіл комитеті бөлген 16 миллиондай қаржыға жоба ретінде атқардық. Осы бойынша әрі қарай жұмыстарды жалғастырған орынды;

6) Азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі жасалған. Жүйесінің бәрі дайын, бірақ әлі енбей отыр, бірқатар облыстар өз беттерінше енгізіп те жатыр. Сондықтан осыны БАҚ-та көтеріп, Қазтесті жаппай енгізуге ықпал етуге тырысуымыз керек;

7) Қазақстандағы телеарналардың ең кем дегенде 50%-ы қазақ тілінде жүргізілуін жеке тұлғалар емес, «Қазақ тілі» қоғамы тексеруі қажет. 50 де 50 пайыз болу керек деген заң жоқ, 99 да 1 пайыз болуы мүмкін, оның ішінде 99 пайызы қазақ тілінде немесе ең кем дегенде 50%-ы қазақ тілінде болу керек;

8) тағы бір жоба. Мысалы, Америкада бүкіл оқушы «Мен – америка азаматымын» деген шығарма жазады. Сол секілді біздің елімізде де «Менің болашағым – қазақ тілінде» деген тақырыпқа Қазақстандағы бүкіл мектепте 7-11 сынып оқушыларына (оның ішінде барлық ұлт өкілдері) жыл сайын шығарма жаздырып, жарыс ұйымдастыру керек. Ал алғашқы орын иелерін ынталандыратын сыйлық немесе Елбасымен кездесу ұйымдастырсақ, кем дегенде 2 миллиондай адам ойланады, «болашағым, тілім не болмақ?» деген ой саламыз. Бірақ шығарманы тексеріп, қорытындысын шығаратындар Қоғам тарапынын құрылған комиссия болуы тиіс. Бүкілхалықтық шығарма жазу жобасын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруына болады.

Қорыта айтқанда, қазақтың мәселесі үйде отырып шешілмейді. Атқа мініп, далаға шықпасақ, жоңғарды жеңбес едік. Сондықтан ауыл-ауылға шығып, ел аралап, насихат жұмысын атқарайық. Әсіресе, солтүстік, шығыс облыстарға бару керек. Қазақ тілі үшін қаражат сұрау дұрыс емес. Алдымен өзің бір нәрсе бермесең, ешнәрсе де болмайды. Жиналыспен алысқа бара алмаймыз. Әлгіндегі жобаларды біз бірлесіп атқаруға дайынбыз.

Қазір «тілдік дискриминация» деген сөз жиі естіледі. Бірақ оның мәнін жете түсініп жүрген адам аз. Мен орыстілді аудиториялармен кездесуде осы сұрақтан бастаймын. Сонда оны айтып жүргендердің көбі мұның мәнін дұрыс түсіндіріп бере алмайды. Осыны таратып түсіндіруіміз керек.Сонда дұрыс ұғым қалыптасады, ұғым түзелген соң тұрақтылық та болады.

Мырзаберген Малбақов: Дос Көшімнің пікіріне қосыламын. Осыған Қазақстан халқының тілді меңгеру деңгейіне қатысты бір пікір қосқым келеді. Қазтесті қолдана отырып, халықтың нақты қазақ тілін меңгеруін анықтай отырып, содан кейін әрекет етсек.

Ерден Қажыбек: Өте орынды ұсыныстар мен жобалар айтылды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мүдделі бірнеше ұйыммен бірлесе отырып, шетелдегі қазақтар мен түркі тектес халықтар шоғырлана қоныстанған елдерде қазақ тілін үйрететін орталықтар желісін ашуды қолға алып отыр. Бес жыл ішінде осындай 50 шақты осындай ашпақ ойдамыз.

Өмірзақ Айтбайұлы: «Тақиялы періште» фильмін көрмеген қазақ жоқ шығар. Ортамызда сондағы басты рөлді сомдаған ақсақалымыз – Әлімғазы Райымбеков отыр. Осы кісі бір пікір қоссам дейді.

Әлімғазы Райымбеков: Өз басым мектептерге оқушылармен кездесулерге жиі барамын. Сонда қазақ тілін, салт-дәстүрімізді насихаттап жүремін. Қарағандыда «Таза тіл» деген акция ұйымдастырылды. Осындай шараларды Қоғам жер-жерде көптеп өткізсе деген тілек бар.

Әрине, тіл болу үшін сол тілде сөйлейтін адамдар көбеюі керек. Қазақ көбеймейін деп отырған жоқ. Көбейейін десе, үйленейін десе, баспанасы жоқ. Қазақтың көп баласының бір баспана зарымен-ақ өмірі өксіп өтіп жатыр. Бүкіл өміріңді, қуатыңды, шығармашылық қабілетіңді баспана алу жолында, соның қарызын өтеу жолында жұмсау деген не сұмдық? Бай елміз дейміз, қазба байлығымыз, шикізатымыз көп дейміз. Қайда сол байлық? Кім игілігін көріп жатыр? Онда қазақ неге кедей? Осы жағын атқамінерлеріміз ойламай ма екен? Шенеуніктер ел болмаса, кімді басқарады? Қойшы қой болмаса, нені бағады? Ел ашынбай тұрғанда, осы жағын ойлану, шешу керек.

Нұртөре Жүсіп («Айқын» газетінің бас редакторы): 25 жылдағы әрекеттерді қарасақ, шашыраңқылық байқалады. Осыны үйлестіру алдағы уақытта «Қазақ тілі» қоғамы арқылы жүріп жатса, дұрыс болар еді. Дос Көшімнің оқушыларға шығарма жаздыру туралы ұсынысын қолдаймын. Тілді де, тәрбиені де қалыптастыратын аналар екенін ескерсек, шығарманы ең алдымен қыздарға жаздырса дұрыс болатын сияқты. Елімізде әліпби мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Латынға көшеміз деген сөз болып еді. Аяқсыз қалды. Енді жалпыхалықтық қаріп стандартын жасау керек.

Мамай Ахетов (Алматы қаласы Тіл басқармасының басшысы): Біздің басқарма 2010-2015 жж. ересектер арасында, мектеп оқушылары арасында қазақ тілін меңгеру бойынша мониторинг жасаған. Зерттеу нәтижелерін «Қазақ тілі» қоғамына ұсынуға дайынбыз. Балабақшаларға арналған методикалық, көрнекі құралдар мәселесі бүкіл республика деңгейінде шешілмеген. Осыны Қоғам қолына алса болады. Сол секілді телеарналардағы тіл мәселесін де «Қазақ тілі» қоғамы сияқты қоғамдар қадағаласа, қоғамдық ұйымдар арқылы тілді бұрмалап жүрген түрлі әзілкеш-сымақтарды сараптап, сүзгіден өткізсе, дұрыс болар еді. Ал КАЗТЕСТ-ті мемлекеттік қызметшілер арасында пайдаланып жүрміз. Өте қажет дүние және осыны қолға алу керек.

Нұрперзент Домбай («Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары): Ұлттық санамыз өз деңгейінде дамымай келе жатқан сияқты. Қоғамның жергілікті жерлердегі бастауыш ұйымдарын жандандыру қажет. Солардың үні шықпай жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуі әлі де дұрыс талап етілмей отыр. Осыны міндеттейтін талапты тиісті енгізу қажет. Бұл да «Қазақ тілі» қоғамының бақылауында болатын дүние.

Дос Көшім: Тағы да бір-екі пікір қосайын. Мәдениет министрлігі үкіметтік емес ұйымдарға жылда гранттар, гранттан бөлек тендерлер арқылы қаражат бөледі. Сол қаражаттың қайда кеткеніне мониторинг жасау керек. Оның екі түрлі пайдасы бар: 1) билік осы қаражаттың қайда кеткенін қадағалайтын ұйымның бар екенін білу керек; 2) «Қазақ тілі» қоғамына да үлкен бедел болады. Мына қаражат мынаған жұмсалды, мынадай кемшіліктер бар деп отыруы тиіс. Себебі үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс істеу бағытының бірі мониторинг жасау.

Екінші, өкіметтік емес ұйымдарға жергілікті облыстардан бөлінетін қаражаттың ең болмаса бір грантын мемлекеттік тілді насихаттауға (қазақтың салт-дәстүрі, ою-өрнектері сынды мәселелер емес, нақты тіл проблемаларына жұмсалуы тиіс) бөлінсе деп талап ету және оның стратегиялық бағыттарын «Қазақ тілі» қоғамы республикалық деңгейде анықтап, қадағалауы керек.

Құсман Шалабаев: Біз тіл мәселесімен бірге әлеуметтік, мәдени, т.б. мәсеклелерді де қатар алып жүргеніміз дұрыс. Өйткені, олар бір-бірімен сабақтасып жатыр. Ал оқушылар арасындағы шығарма жаздыруды Алматы қаласынан бастайық.

Осы ретте қосымша мынадай жайтқа назар аудартқым келеді.  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін қалаған академик Әбдуали Қайдар былтыр тоқсанға толды. Істеген еңбегі зор. Ғалымдығын, қайраткерлігін былай қойғанда, Отан соғысының ардагері. Сондықтан академик ақсақалымызды Алматы қаласының Құрметті азаматы атағына және республикалық басқа да марапаттарға ұсынсақ деген ұсынысым бар.

Ғарифолла Әнес (Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті): Біздің бас қосуымыз – заман талабы. Бәрімізді де алаңдататын, көңілімізді де жүрген ойлар айтылды ғой деймін. Енді сөзден іске көшу үшін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы жанынан Үйлестіру кеңесін немесе Ақылдастар алқасын құрсақ. Меніңше, оның үш тағаны болу керек: 1) тіл, 2) саяси және 3) бизнес. Осы үшеуін бірлестіре отырып, жұртшылық назар аударатын, билік құлақ асатын жағдайға жетуіміз керек.

Хакім Омар («Темірқазық» ЖШС директоры): Қазір тіл үйренемін деген азаматтар көп. Соларға қажетті оқу құралдарын, сөздіктерді, тілашарларды көптеп, сауатты шығаруды қолға алу керек. Қазір жарық көріп жатқан осындай кітаптарды Қоғам сараптап отырса. Өйткені, олардың көпшілігінде қате деген өріп жүр.

Нұрлан Асқаров (Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы): Қазір жер-жерде қазақ тіліне байланысты соттасу жиі көрініс беріп жүр. Сот отырыстарында көбінесе қазақ тілді азамататрды жығып беру фактілері кездесіп отыр. Бұған Қоғамға көмек сұрап жүгінген азаматтар куә. Сондықтан мәселе туындаған жағдайда кеңес беретін қазақ тілін жақсы білетін заңгерлер тобын құру қажет.

Заң жобалары орыс тілінде дайындалып, қазақ тіліне аударылғандықтан, оған лингвистикалық сараптау жұмыстары да орыс тілінде жүргізіледі. Бұған қыруар қаражат бөлінеді. Сондықтан заң жобаларының түпнұсқасының қазақ тілінде дайындалуын талап етуіміз қажет. Сонда оған лингвистикалық, құқықтық сараптау жұмыстары да қазақ тілінде жүргізіліп, қазақ тілді мамандарға сұраныс туындар еді.

***

Жиынды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы қорытындылап, басқосуға қатысушылар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жанынан Үйлестіру Кеңесін және әр облыстан бір-бір адамнан қатыстыра отырып, Ақылдастар алқасын құру; Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының 25 жылдығын күзде жоғары деңгейде өткізу; ай сайын белгілі бір тақырыпқа арнап тұрақты түрде басқосу өткізіп, оның қорытындысымен жұртшылықты хабардар ету; жиында аталған ұсыныстарды қорытып, оларды іске асыру жоспарын жасау; Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті президенті, академик Әбдуәли Қайдарды Алматы қаласының Құрметті азаматы атағына және Жеңістің 70 жылдығына орай басқа да марапаттарға ұсыну жөнінде ортақ байламға келді. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302