Жұма, 22 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 6012 0 пікір 29 Қаңтар, 2015 сағат 11:46

АЭС: АЖАЛМЕН АЛТЫ ҚАРТА ОЙНАУ...

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген өткен ХХ ғасырдың 90-жылдарының орта кезінен-ақ Қазақстанда Атом электр стансасын салу мәселесі көтерілген еді. Алайда сол кезден бастап жұртшылық арасында екіұдай пікір пайда болды. Біреулері АЭС салу еліміз үшін арзан энергетиканың көзі десе, екіншілері ол халқымыз қайталанбас апат көзі болуы мүмкін шырылдайды. Бұл екі қөзқарас әлі күнге бір тоқтамға келген жоқ. Десек те, биліктің жұртшылықтың «жан айқайына» құлақ асар түрі жоқ. Жуырда өткен Үкімет сағатында еліміздің энергетика министрі В.Школьник мырза алдағы жылдары Қазақстанда екі бірдей АЭС салынатыны жөнінде мәлімдеді. Ал, ендеше! «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп құлағынан айырылыптының» кері.

Шынымен де АЭС құрылысының жүргізілуіне қарсы ғалымдар мен қарапайым тұрғындардың айтқан уәжінің құлаққа қонар тұстары жетіп артылады. Олар, біріншіден, елімізде АЭС салуға қажеттілік «күйдіріп» тұрған жоқ, дейді. Елімізде энергетика көздері боларлық табиғи ресурстар жеткілікті. Күн энергиясын, су, жел энергияларын барынша жеткілікті пайдаланып бұл проблеманы шешуге болады. Бұл туралы белгілі эколог Мэлс Елеусізов: «...Қандай да болсын АЭС салынатын орынның реакторды суытатын суы болу керек. Курчатовта су қоры мол емес. Ресейдің өзінің алып атом кешені бар. Мыңдаған адам жұмыс істейді. Оларға жұмыс керек. Сол себепті әр жерге өздерінің жобаларын тықпалап жатыр. Қазақстанда АЭС салуға кереметтей қажеттілік жоқ. Бізде жел бар, күн бар. «Жасыл энергетика» деген ұранмен «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі өтейін деп жатыр. АЭС-тің ғұмыры 30-40 жылға созылады. Содан кейін істен шыққан станциясын қауіпсіз ұстап тұруы үшін миллиондаған қаржы жұмсалуы керек», –дейді ол бір сұқбатында. («Общественная позиция» газеті, №23, 5 маусым 2014 жыл)

Осы арада елімізде электр энергиясын өндіретін салалар жөнінде деректер келтіре кетсек артық болмас. Қазақстанда барлық электр стансалары 20 мың МВт қуат шығарады екен. Ал, энергияның басым бөлігін жылу электр стансалары берсе, 12 пайызы су электр стансасының үлесіне жатады. Елде электр энергиясының 72 пайызы – көмірден, 12,3 пайызы – су ресурстарынан, 10,6 пайызы – газдан, 4,9 пайызы – мұнайдан өндіріліп отырса керек.

Екіншіден, адамзат баласы ХХ ғасырдағы Ресейдің Чернобыль апаты мен кейінгі жылдардағы Жапонияның Фукусимадағы жарылыстарын ұмыта қойған жоқ. Ұмытқанды айтасыз, сол кешегі Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан азаматтарымыз жасына жетпей мәңгілік сапарға аттанып жатыр. Кезінде Чернобыль апатын жоюға Қазақстаннан 34 мың адам қатысса, бүгінде соның тек 4,5 мыңы ғана қатарымызда. Тірілерінің өзі еңбекке жарамсыз, көбі мүгедектік халде. Атам қазақта «Шөлмек мың күнде сынбайды, бір күнде сынады» демей ме?! Күндердің күнінде біздегі АЭС-терде (айтқаннан жырақ) апатты жағдайлар орын алса не болмақ? Ондай болмауына кім кепілдік береді? Оның үстіне осы 2 АЭС-ті салатындардың өз АЭС-терін жарып алған ресейліктер мен жапондықтар екендігін ескерсеңіз, жаныңызды үрей билейді.

Осы орайда энергетикалық сарапшы Николай Куполаевтің: «Соңғы уақытта салынып жатқан АЭС-тар бұрынғыға қарағанда қауіпсіздеу көрінгенімен қоршаған орта мен адам денсаулығына төндіретін қаупі сол күйінде қалады. Ең бастысы, мұнда адам факторынан құтылу мүмкін емес. Чернобыль болсын, Фукусима болсын, Томскі АЭС-дағы жағдайлардың бәрі адам факторынан, адамға тән қателіктерден болды. Сондықтан АЭС жүз пайыз қауіпсіз деп ешкім айта алмайды», – дегені үрейлі ескертуі бекер болмаса керек.

Жұртшылықтың көкейінде жүрген тағы бір сұрақ, аталмыш АЭС-тер қайда салынбақ? Бұл сұраққа да министр мырза мүдірмей жауап беріпті. Оның айтуынша, үкіметтік комиссия осындай станса салуға қолайлы 2 алаңды анықтаған. Оның бірі – Курчатов қала­сының ауданы, нақтырақ айтқанда, Семей полигонының орны болса, екіншісі – Балқаш көлінің бойы, Алматы облы­сындағы Үлкен кентінің ауданы. Жоғарыда айтқанымыздай, аталмыш стансалардың құрылысын жүргізу жайлы ресейліктермен және жапондықтармен келісім жүргізіліп жатса керек.

Ал енді небары 17 млн халқы бар біздің еліміз үшін екі бірдей АЭС-тің қандай қажеттілігі бар? Бұл сауалға да: «Бұл ел экономикасының қалай өсетіндігіне, ішкі қуат тұтыну саласының қалай дамитындығына байланысты болады. Сонымен бірге оларды тұрғызу үшін алдағы уақытта біз көрші елдерге электр энергиясын қосымша экспорттау мүмкіндігін қарастыруға тиіспіз. Мұндай мүмкіндік Еуразиялық экономи­калық одақ аясында, 2019 жылы «ортақ электр энергетикасы нарығы» құрылғаннан кейін пайда болады деп күтілуде. Біз екі жобаны пысықтаудамыз: оның бірі – Қытайға, ал екіншісі Ауғанстан мен Пәкстанға қуат жеткізудің халықаралық жобасы болып табылады», – деп бөседі министр. Бұл елдер біздің атомдық энергетикамызды қаншалықты қажетсінеді? Оны зерттеген ешкім жоқ. Әншейін бір айтылған сөз... Ал энергияны Қытайға тасымалдау ақылға сыймайды.

Бұл туралы министр В.Школьниктің өзі: «...біздің энергияны ҚХР-ға тасымалдау мәселесінде тіпті ең жоғары деңгейдегі келіссөздер де өте қиын жүруде» деп ашық мойындаған. Өйткені, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы қуатпен өзін-өзі толық қамти алады. Қытайдың орталық өңірлерін электр қуатымен қамтамасыз етудің әлденеше жобасы қолдарында. Онда Қазақстан энергетикасын пайдалану мүлде қарастырылмаған. Сонда министр кімді алдағысы келеді? Оның үстіне АЭС салуға орасан қаржы керек. Ресейліктер қазірдің өзінде оның құрылысын «5 миллиард долларға бағалайтындарын» мәлімдесе, Үкімет сағатында Энергетика министрі «Әрбір блок комплектациясына, қауіпсіздігіне қарай, шамамен 3-4 миллиард доллар жұмсалады» деген уәжін күмілжітті. Қалай десек те бұл орасан қаржы. Оның үстіне В.Школьник қазаққа жаны ашитын тұлға емес. Бірқатар сарапшылар оны Қазақстан ақшасын Ресей мен шетелдік компанияларға тоғытудың шебері деп санайды. Ал тақап тұрған экономикалық дағдарыс болса – анау. Сондықтан күрделі жобаны күн тәртібінен мүлде алып тастаған дұрыс. Ең болмағанда жүзеге асыруды кейінге шегере тұрған жөн.

Серікжан ҚАЖИ,

журналист.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303