САНКЦИЯЛАРДЫҢ САЛҚЫНЫ РЕСЕЙГЕ ЕМЕС, БІЗГЕ ДЕ ТИЮДЕ
Қоғам белсендісі, журналист-заңгер Мақсат Ілиясұлының (суретте) «Ашық алаң» газетінің тілшісіне берген сұхбатын жариялап отырмыз. Сұхбат барысында Мақсат мырза болуы ықтимал Президент сайлауы туралы болжамын айтып, бесінші шақырылған Парламенттің жұмысына қатысты пікір білдіреді. «Бұл Парламент заңсыз сайланған қуыршақ орган, сондықтан оны тап қазір таратып жіберсе де ештеңе өзгермейді», - дейді. Сондай-ақ, ол биліктің коррупциямен күресінің де өтірік екендігін, биліктегі адамдар кетпей коррупциямен күрес дегеннің нәтиже бермейтіндігіне де тоқталып өтеді.
- Қазір елімізде оппозициялық партия қалған жоқ. Енді тәуелсіз пікірдегі азаматтар өз күресін қалай, қай бағытта жалғастыруы керек?
- Қазақстан Республикасындағы алғашқы билікке қарсы күш, яғни оппозиция 2001 жылдың 18 қарашасында дүниеге келген болатын. Сол күні құрылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігі шынайы және алғашқы оппозициялық ұйым болды. Бірлестік жетекшілері еліміздегі демократиялық құндылықтарды сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін, ең негізгісі билік тармақтарының теңдігі мен халыққа қызмет етуін қамтамасыз ету үшін бірлестік құрғандарын мәлімдеді және «біз халқымызға, елімізге сенеміз, демократиялық Қазақстанға сенеміз» деді. Алайда олардың сенімі ақталған жоқ, көп ұзамай бірлестік жетекшілері қудалауға ұшырады.
Бірлестік 2004 жылдың 5 мамырында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы болып тіркелді. Сол жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» мен «Қазақстан коммунистік партиясы» бірігіп «Оппозициялық халықтық коммунистік одағы және ҚДТ» (“Оппозиционный народный союз коммунистов и ДВК”) блогы құрылып, сайлауға түсті. Жаңа блок сайлауда жеңіліс тапқанымен оның болашағының зор екеніне халықтың сенімі ұялай бастады. Бірақ 2005 жылдың 6 қаңтарында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы жабылды.
Араға екі жыл салып, 2007 жылы құрылған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы оппозициялық вакуумды толтыру үшін биліктің қолдан жасаған жобасы сияқты елестейді маған. ЖСДП құрылған сәттен бастап өзін оппозициялық бағыттағы партияға жатқызғанымен, ресми дерек бойынша 140 мың мүшесі бар болғанына қарамастан билікке сөзін өткізе алатын, былайша айтқанда саяси ықпалы бар ұйым бола алмады. Ол 2007 жылғы Парламент сайлауында 4,54%, ал 2012 жылғы сайлауда 1,59% дауыс жинап, Парламентке өте алмады. Кезінде ол «Халық Кеңесі» атты қоғамдық парламент құрып та көрді. Қазір де аракідік билікті сынаған мәлімдемелер жасап, әртүрлі шаралар ұйымдастырып жатады. Құрылғалы бері саяси реформа жасап, билік жүйесін өзгерту қажет дегенді айтып келеді. Бірақ, қалай десек те ЖСДП-ның әрекетінде жасандылық бар сияқты болып көрінеді де тұрады. Бір жағынан оппозициялық, ресми тіркелген партия бар сияқты, бірақ оны іздеген билік саясатына наразы азаматтар мен ұйымдар оны таба алмай жатады.
Соңғы жылдары, әсіресе Кедендік одаққа кіріп, Еуразиялық экономикалық одаққа бет бұрғалы бері ел ішінде билікке наразы топтар, жеке тұлғалар бой көтеріп жатқаны белгілі. Алайда, әркім өз қазанында қайнап, стихиялы әрекет етуде.
Менің ойымша, 2001 жылғы ҚДТ (ДВК) бірлестігін қарапайым халық жаппай қолдай қойған жоқ. Ол кезде тәуелсіздіктің эйфориясы әлі басылмаған, халық 90-жылдардағы қиындықтан шығып, «аузы аққа енді тие» бастаған кезі еді. Бір сөзбен айтқанда оппозициялық күшке деген сұраныс, зәрулік сондай қатты емес болатын. Ал қазір Украинадағы жағдайдан кейін, Кедендік одақтың «орасан пайдасының» арқасында елдің көзі ашыла бастады. Қазақтың көзін ашуға В.Жириновский, Э.Лимонов, Г.Зюганов сияқты ресейліктер де өз үлестерін қосты.
ЕАЭО күшіне еніп, Батыстың Ресейге салған санкцияларының саны артқан сайын, оның құшағына енген Қазақстанның да экономикалық жағдайы құлдырай бермек. Олай болса, оппозициялық топтар мен азаматтардың саны да арта түсері хақ. Ол күштер бүгін бе, ертең бе бірігетіні сөзсіз. Өйткені, оппозициялық саяси күшке деген сұраныс күн сайын айқындалып, артып келеді. Ол күштің конструктивті немесе ымырасыз болуы қазіргі биліктің әрекетіне байланысты болады. Егер билік бұдан әрі де халыққа қырын қарап, қоғам өміріндегі аса маңызды шаруаларды өз бетімен шеше беретін болса, оның салдары халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлай түсуіне ықпал етсе, биліктің жағдайы мүшкіл болмақ.
- Халықтың қарсылық танытқанына қарамастан, биліктің қалауымен біз Еуразиялық одаққа кірдік. Кремльмен одақтың қатері қандай болмақ?
- Жалпы Кедендік одақ, Еуразиялық одақ сияқты ұйымдарға кіру, жерді шет елдіктерге иелікке немесе жалға беру мемлекет, қоғам алдындағы аса маңызды мәселе ретінде Парламентте кеңінен талқыланып, тіпті референдумда шешілуі керек еді. Бірақ, өкінішке қарай, олай болған жоқ. Аса маңызды мәселелерді шешуге жалпы бұқара халық түгілі Парламент депутаттарының өзі қатыса алмады. Депутаттар 159 беттен тұратын Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімді де, 864 беттен тұратын оның қосымшаларын да оқымастан қабылдай салды. Бұл мемлекет алдындағы, қоғам, халық алдындағы асқан жауапсыздық, ұлттық мүддеге, мемлекеттік қауіпсіздікке деген немқұрайлылық деп бағалауға болады.
Жалпы ЕАЭО тек экономикалық қана емес, саяси да салдары Қазақстан үшін аса қауіпті және үлкен қатерге толы деуге болады. Қазірдің өзінде, келісім күшіне енбей жатып-ақ оның экономикалық салдарын сезіне бастадық. Енді келісім күшіне енген соң нағыз экономикалық бұғау мойнымызға ілінуі мүмкін. Өйткені, қазір Ресей Федерациясы Украинаға деген озбыр саясатын өзгерткен жоқ және одан оңайлықпен бас тартпайтын да сияқты. Олай болса Ресейге салынатын санкция саны да, оның қуаты да арта түспек. Қазірдің өзінде мұнай бағасы құлдырап кетті. Президенттің өзі алдағы үш жылда ел экономикасы үлкен қиындықтарға тап болатынын мойындады.
Ол аз десеңіз, ,Астанаға ат басын тіреген Ресей мемлекеттік Думасының төрағасы Сергей Нарышкин Еуразиялық парламент құру туралы бастама көтерді. Одаққа мүше елдердің парламентінің құрылуы мүмкін екенін осыған дейін де айтқанбыз. Одақтың тілі орыс тілі болды. Ортақ валютасы рубль болуы мүмкін. Ал егер ортақ парламент болса, ондағы депутаттардың саны жағынан ресейліктер 80%, қазақстандықтар 12%, белорустықтар 8% болуы мүмкін. Бұл - мүше елдердің адам санына шаққандағы өлшемі. Онда шешім басым дауыспен қабылданса, тек Ресейдің айтқаны болады да тұрады және ол парламенттің шешімдері біздің Ата заңымыздан жоғары болады. Ал мүше елдер одақтан өз қалауы бойынша тағы шыға алмайды. Ол туралы келісімнің 13-бабында анық жазылып тұр.
Ендігі жерде Қазақстан Ресеймен қарым-қатынасты өзгертіп, Қытай мен Еуропа елдеріне бет бұруы керек шығар. Бірақ онда Ресей тарапынан қысым күшейеді. Ал егер Ресейге бұдан әрі де жақындап, тәуелді бола берсе, Батыстың бізге деген көзқарасы, қарым-қатынасы өзгереді. Бір сөзбен айтқанда біздің ел бірнеше оттың ортасына түсті. Ендігі жерде көпвекторлы саясат өз маңызын жояды. Қазақстан не Ресейді таңдап, не көрсе де аяғына дейін Ресеймен кетуі керек те, не болмаса АҚШ және Еуропа елдеріне арқа сүйей отырып, Қытаймен байланысты күшейтуі керек болады. Осы жерде Оспан батыр айтты деген бір сөз еске түседі. Жалпы мағынасында батыр бабамыз «өзіңнен күшті елмен одақ болма, қытаймен одақ болсаң көптігін жасайды, орыспен одақ болсаң озбырлығын көрсетеді, ал мұхиттың арғы жағында жатқан ел жеріңе келіп көз алартпайды» деген екен.
- Президент жасаған соңғы ауыс-түйістер жайлы не айтасыз? Жалпы, кадрдағы өзгерістерді қалай бағалайсыз? Сіздің ойыңызша, болашақта кадрлық өзгерістер қалай жалғасын таппақ?
- Билік колодасындағы адамдардың орнын ауыстырып, сапырып-сапырып қойғаннан жүйе де, саясат та өзгермейді. Белгілі бір адамдардың орын ауыстырғаннан жақсылық болады деу қиын. Ал министрліктердің санын қысқартып, агенттіктерді, комитеттерді оңтайландыру зиянын тигізбесе, пайда әкелген жоқ. Ол ауыс-түйістің болғанына бірнеше айдың жүзі болса да мемлекеттік басқару жүйесі әлі күнге сапырылысып, аударылып-төңкеріліп жатыр. Кейбір министрліктердің жұмысы әлі күнге өз арнасына түскен жоқ. Біресе мөрі жоқ, біресе қаулы шықпаған деген сияқты. Оның ішінде бүкіл энергетика саласын бір министрлікке жинап, оған Ресейге бүйрегі бұрып тұратын, сол жақтың тумасы Владbмир Школьниктің қолына ұстату үлкен қателік деп есептеймін. Энергетика министрлігінің құзіретіне экологияның берілуі тіпті санаға сыйымсыз жағдай. Бұл қасқыр мен қойды бір қораға қамап қойған сияқты нәрсе. Бұл туралы мен бірнеше мақала жазғанмын. Сол жерде энергетика саласына В.Школьниктің келуінен туындайтын мәселелерге тоқталған едім. Енді, міне, соның кейбір салдарын көріп жатырмыз. Мәселен, жылына 80 млн. тоннадан аса мұнай өндіретін Қазақстан шет елден жанармай сатып алып жатыр. Жасыл экономика деп жар салып, ЕХРО-2017 көрмесін ұйымдастырып жатқанымызға қарамастан Атом электр станциясын салмақшымыз. Оны салуды Чернобыль оқиғасын көріп отырып, Ресейге сеніп тапсырмақпыз.
Онсыз да жеке-жеке болғанда аты озбаған, басынан дау кетпейтін денсаулық сақтау мен еңбек министрлігін біріктіру де жақсылық әкелмесі хақ. Айта берсек мәселе көп.
- Сингапур басшысы Ли Куан Ю күшті мемлекет құру үшін, айналасын жемқорлықтан тазартудан бастаған болатын. Президент те шен-шекпеніне қарамай жемқорлармен күресу керектігін айтты. Кеше ғана экс-премьер Серік Ахметов үйқамаққа алынды. Бұл - Қазақстан тарихындағы алғаш тұтқындалған премьер-министр. Осы жайт туралы не айтасыз?
- Шынымды айтсам, билік немесе «Нұр Отан» партиясы жемқорлықпен күреседі десе күлкім келеді. Біздің елде, қазіргі жүйеде, бүгінгі билік басында отырғандар кетпейінше, жемқорлықпен күресу мүмкін емес екенін жақында Мәжілістің вице-спикерінің өзі мойындады. Тіпті жемқорлық бүгінгі билік бишігін ұстағандардың саяси мәдениетінің өзегіне айналып кеткенін мәлімдеді. Соған қарамастан бір бағдарламалар жасап, комиссия құрып, жемқорлықпен күресудің нышанын, қызу жұмыстың елесін көрсеткіміз келеді. Алайда оның өзі жалаң сөз, жадағай пікір, ұсақ-түйек мәселеден ары аспайды.
Жемқорлықпен шынайы күресу үшін онымен күресетін адамның қолы да, ары да таза болуы керек. Екіншіден, үлкен саяси ождан, табандылық, тіпті жанкештілік керек. Олай болмаған жағдайда бәрі сол көзбояушылық, жалған ақпар түрінде қала береді. Бүгінгі билік жүйесі өзгермей, билік буыны ауыспай, ел басына шынайы ұлттың, мемлекеттің жанашыры келмей жемқорлық індетінен арыла алмаймыз. Себебі, бұл ауру қоғамға дендеп еніп, созылмалы және қатерлі дертке айналды. Одан құтылу үшін үлкен саяси күрес, саяси ота керек.
Ал Серік Ахметовтың үстінен іс қозғалуы жемқорлықпен шынайы күресу емес, белгілі бір адамдардың, мүмкін топтардың саяси қарсыласын билік тұғырынан тайдырып, Президент жанынан аластатуға бағытталған әрекеті болса керек. Кейбір саясаттанушылар бұл оқиғаны болуы мүмкін сайлауға дайындық деп те бағалап жатыр. Жалпы, ел іші Серік Ахметовты салыстырмалы түрде таза адам деп біледі. Ал оның бауырының немесе баласының бизнес жасауға құқығы жоқ па?
Мені ойландыратын нәрсе, біздің елде қаншама жоғары лауазымды тұлғалар, министрлер, әкімдер істі болып жатыр. Алайда соның бірі де бүгінгі мемлекеттік билік жүйесінің кемшіліктері мен олқылықтарын, қоғамға тигізер зияны мен қаупі туралы жақ ашпайды. Ең қызығы, бәрі қылмысын мойындамайды, өзін кінәсізбін деп есептейді. Алайда өзінің неге істі болып отырғаны туралы халыққа жан-жақты ақпарат бермейді, сот отырыстары көп жағдайда жабық түрде өтеді. Қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ірі лауазымды тұлғаларының істі болып жатқандығы, енді, міне, экс-премьер-министрдің үстінен қылмыстық істің қозғалуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі үлкен қайшылықтар мен дағдарыстардың орын алғанының дәлелі. Демек, Президенттің айналасындағы қошқарлардың мүйізінен от шығып жатыр деген сөз.
Егер Президенттің өзі айтқандай экономикалық зор қиындыққа бет алып бара жатсақ, жау жағадан алып, кімді дос, кімді дұшпан санарымызды білмей, ел тыныштығы таразы басына түсіп тұрғанда билік ішіндегі ымырасыз тартыс жағдайды одан әрі ушықтырары анық. Бұл жағдайда жемқорлықпен күрес түгілі «байтал түгіл бас қайғы» болмай ма? Оның үстіне қазір жемқорлықпен күрес саяси қарсыласқа сілтейтін шоқпарға айналды. Бұл да қауіпті үрдіс, жақсылыққа жетелейтін беталыс емес.
- Қазір биліктегі өзгерістерден соң, елімізде президенттік сайлау сөз бола бастады. Қазақстанда президенттік сайлау болғанымен, билік өзгере қоя ма? Алдағы президенттік сайлау туралы не айтар едіңіз?
- Азуы алты қарыс саясаттанушылардың көбі таяуда сайлау болады дегенді жарыса болжауда. Бірі Парламент Мәжілісі тағы уақытынан бұрын тарайды десе, бірі Президент сайлауы болуы мүмкін дейді. Менің ойымша, Мәжілісті тағы таратудың билікке, Президентке қажеттілігі шамалы.
Ия, қазіргі 5-шақырылымдағы Мәжіліс депутаттарының қызметі заңсыз деп есептеймін. Ол туралы бірнеше рет жаздым. Сайлау кезінде Конституцияның, «Сайлау туралы» конституциялық заңның нормаларының өрескел бұзылғаны туралы айтылды. Бірақ депутаттар заң жобаларын оқымастан, көзді жұмып қойып сартылдатып қабылдап жатыр. Бүгінгі депутаттар Президенттің кез-келген ұсынысын, бастамасын бір ауыздан қолдап, мақұлдауға әзір. Олай болса, оларды таратып, бес-он депутаттың атын өзгертіп, қалғанын қайта жинаудың еш қажеттілігі жоқ.
Қысқасы, Президент сайлауы болуы мүмкін бе? Ия, мүмкін. Жағдай тым ушығып, наразылық күшеймей тұрғанда, экономикалық қиындық пен қыспақ екі бүйірді қабыстырмай тұрғанда сайлау өткізіп алған дұрыс-ақ дейік. Бұл жерде негізгі мәселе, елдің көкейінде тұрған негізгі сұрақ, қазіргі Президент қайта сайлауға түсе ма, әлде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» заңды пайдалана ма? Егер қазіргі Президент сайлауға түспесе, келесі Президент кім болмақ? Оны бір Алла, екіншіден, қазіргі Президент қана біледі.
- Қоғамда «тақ мұрагері дайын» деген пікір бар. Егер бізде Президент ауысса, ол қандай форматта жүзеге асуы мүмкін деп ойлайсыз?
- Бұл сұрағыңызға жоғарыда жауап бердім ғой деймін. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл билік тармақтары, барлық жүйе, мемлекет тағдыры, бәрі-бәрі тек бір адамның қолына шоғырланған жағдайда қандай да бір болжам айтудың өзі қиын. Кей мәселенің шешілуіне сол күнгі, сол сәттегі шексіз билік иесінің көңіл-күйі, жағдайы шешуші рөл атқаруы мүмкін.
- Қазіргі Парламенттің қызметіне қандай баға бересіз? Парламенттік сайлау туралы не айтасыз?
- Қазіргі Парламент еліміздегі саяси дамуды, алға басуды, демократиялық үрдістер мен құндылықтарды тежеуші, қуыршақ орган деп бағалаған жөн. Парламентте қандай да бір билік құзіреті, саяси шешімдерге әсер ету мүмкіндігі жоқ. Конституцияның өзінде «Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы» деп жазылып тұр. Ол билік тармағы емес, жәй ғана заң шығарушы өкілді орган. Осы жердің өзінде бүгінгі депутаттар ең жоғарғы өкілді орган ретінде жұмыс жасап жатқан жоқ. Тек заң шығарумен ғана айналысуда, оның өзінде заңды оқымастан қабылдай салады. Менің ойымша бүгін Парламентті таратып жіберсе, қыруар қаржыны үнемдеуден басқа мемлекет, қоғам өмірінде үлкен бір өзгеріс болмаған болар еді.
- Соңғы уақытта қазақ мемлекеттілігіне күмән тудырған мәлімдемелер болды. 2015 жылы қазақ мемлекетінің 550 жылдығын тойлау туралы ұсыныс білдірді президент. Осы туралы не айтасыз?
- Басында қазақ мемлекетінің 550 жылдығы деп жазғаны рас. Бұл шара Ресей Президенті Владимир Путиннің қазақтарда ешқашан мемлекет болған емес деген сөзіне жауап деп те қабылдауға болатын шығар. Бірақ тарихтан сәл хабары бар адам болса, қазақтың мемлекеттігін 1465 жылдан бастаған дұрыс емес екендігіне көз жеткізеді деп ойлаймын. Себебі, 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығын атап өттік. Ал 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығын тойлауға Президенттің өзі қатысты. Егер қазақтың осы күнге жеткен қалаларының жасы 1500-2000 жыл болса, қазақ мемлекеттігінің жасын 550 жылмен шектегеніміз дұрыс па? Сондықтан қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл деп тойлаған дұрыс сияқты. Ал қазақ мемлекеттігінің түп тамыры тереңде, тарих қойнауының түкпірінде жатыр деуге болады. Ол мәселені нақты тарихшы ғалымдар зерттеп, нақты тұжырым айтқаны дұрыс шығар.
Десек те, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толу мерекесін тойлаудың жоспарын жасап та қойыпты. Бюджеттен 550 жылдықты атап өту мен Қазақстан халықтар ассамблеясы жылына миллиардтаған қаржы бөлініпті дегенді оқып қалдық. Бірақ нақты жоспар немесе бағдарламаны көзім шалмады.
Менің ойымша, 550 жылдықты атап өту жоспары да елге таныстырылып, қоғамның, белсенділер мен қоғамдық ұйымдардың, зиялы қауымның талқысына салынуы керек еді. Біздің билік әйтеуір күлшені ұрлап жеген бала сияқты бәрін халықтан жасырып істейтін болды ғой.
- Қазір шетелдің салған санкциялары Ресейді экономикалық дағдарысқа алып келді. Ресейге жасалған қысым бізге қалай әсер етеді? Президент ұлттық қорды ашу туралы шешім қабылдады. Бұл болашаққа арналған мұра емес пе? Ұлттық қордағы ақшаны жұмсау нені көрсетеді?
- Шет елдің Ресейге қарсы салған санкциялары оның экономикасына орасан зор шығын әкеліп жатқаны анық. Осы жылдың үш тоқсанының қортындысы бойынша Ресей өндірісінің серкесі «Газпромның» таза пайдасы 13 есеге кеміген. Ал екінші алпауыт компания «Ростнефть» санкцияның салдарынан Ресейдің ұлттық әл-ауқат қорынан 1,5 трлн. рубль көмек сұрауға мәжбүр болды. Қаржы, банк саласы да құлдырау үстінде. Мұның бәрі Қазақстан экономикасына кері әсер етумен бірге ресейлік компаниялардың Қазақстанға экономикалық, қаржылық, өндірістік экспансиясының күшеюіне әкеліп соқты.
Өткен жылы Кедендік одаққа мүше елдердің компаниялары мемлекеттік сатып алуға қатысуы салдарынан отандық бірнеше фармацевтикалық компания үлкен шығынға ұшырап, көптеген жұмысшысын қысқартуға мәжбүр болды.
Ресейдің Сбербанкі Қазақстанның қаржы нарығына қарқынды еніп жатыр. Ол отандық бірнеше банкке ауыз салмақ.
Туризм саласына да ресейліктердің қысымы күшейіп барады. Ең ірі турагенттіктердің бірі саналатын «Гүлнар-турдың» аяқ астынан банкрот болуына да ресейліктердің ықпалы болды дейді сарапшылар. Бұл мәселенің тек басы ғана. Санкциялардың ауыртпалығы Ресейге батқан сайын, оның бізге қысымы да күшейе түсуі мүмкін. Ал ең қызықтың көкесі ЕАЭО-ға мүше елдердің ортақ мұнай және газ базасы жасалғанда басталуы мүмкін. Ол кезде Қазақстан өз табысының негізгі көзі саналатын шикі мұнайды одаққа мүше емес шет елге сатудағы тәуелсіздігін сақтап қала ала ма? Егер экономикалық одақтың салдарынан шикізатты экспортау мүмкіндігіміз шектелсе, қуырдақтың көкесін сол кезде көретін боламыз. Ол кезде «мәңгілік достық» та, көпвекторлы саясат та құтқармауы мүмкін.
Ұлттық қор елді экономикалық қиындық орын алған кезде қолдау үшін құрылған. Ол жердегі қаржыны ел игілігіне жұмсаған дұрыс. Оның үстіне Қазақстанның Ресеймен достығы күшейген сайын, ал шет елдің Ресейге санкцияларының саны артқан сайын сол қордағы қаржыға да қауіп төнбей ме деген күдік көкейге келетіні рас.
Ал ол қаржы баспанасыздарға үй, бос жүргендерге жұмыс, ауруға ем, ашқа тамақ болмаса оны жинаудың, сақтаудың не қажеті бар? Егер сол қаржы бізді экономикалық дағдарыстан аман алып шығуға септігін тигізсе, одан артық не керек? Тек бір қолымызбен қордан алып, екінші қолымызбен оффшорларға жөнелтіп жібермесек.
Президент соңғы жолдауында қор қаржысын, бюджетті, былайша айтқанда «Нұрлы жолға» бөлінетін қаржыны ысырапсыз, суық қолсыз жұмсауды қадағалайтын комиссия құрды. Бірақ ол топқа тек «Нұр Отанның» шенді-шекпенділері ғана кірді. Тіпті басқа қоғамдық ұйымдарды, белсенділерді айтпағанның өзінде Мәжіліс құраушы үш партияның екеуі тыс қалды. Сонда Ұлттық қордың иесі тек «Нұр Отан» ба дейсің...
Бір сөзбен түйіндесек, Қазақстанның басындағы шешілмеген мәселе шаш етектен...
- Әңгімеңізге рахмет
Сұхбаттасқан – Инга Иманбай.
Дереккөзі: «Ашық алаң» газеті